Пішініне қарай бактериялар негізгі 3 топқа бөлінеді: 1.шар тәрізді (коккалар)
2.таяқша тәрізді (бактериялар, бациллалар және клостридиялар)
3.ирекше тәрізді (вибриондар, спириллалар, спирохеталар)
Шар тәрізді бактериялардың пішіні дөңгелек, элипс, ланцет және бұршақ тәрізді болуы мүмкін. Шар тәрізділер (коккалар) орналасуына байланысты мынадай топтарға бөлінеді:
Микрококкалар – пішіні дұрыс дөңгелек тәрізді, бір –бірінен ретсіз орналасады.
Диплококкалар – екі-екіден, қосақталып орналасады және пішіні бұршақ тәрізді болуы мүмкін. Диплококкалардың патогенді өкілдері: пневмококк (пішіні ланцет тәрізді), менингококк және гонококк (пішіні бұршақ тәрізді).
Стрептококкалар – өзара тіркескен, тізбек тәрізді.
Стафилококкалар – жүзім тәрізді топтасып орналасады.
Тетракоккалар – төрт-төрттен орналасады.
Сарциналар – сегіз-сегізден орналасады.
Коккалар спора, капсула түзбейді (пневмококкадан басқалары). Грам бойынша боялады, тек менингококк және гонококк боялмайды. Коккалардың адамда ауру қоздыратын өкілдері стафилококкалар, стрептококкалар, менингококкалар, гонококкалар және басқалары сиректеу.
Таяқща тәрізді бактериялар (бациллалар, клостридиялар) пішіні таяқша тәрізді, олардың мөлшері (ұзындығы, қалыңдығы) және шеттерінің пішіні әр түрлі болады. Көлеміне қарай олар келесі топтарға бөлінеді: ұсақ-бруцеллалар, туляремия таяқшасы; орташа-ішек тобының бактериялары; ірі-түйнеме таяқшасы, сіреспе таяқшасы. Шеттерінің конфигурациясына (пішіні) қарай келесі топтарға бөлінеді: Дөңгелектенген-ішек таяқшасы. Ұшталған-(сүйір) оба қоздырғышы, қалыңдау-күл қоздырғышы.
Таяқша тәрізді микробтардың арасында Грам – оң (күл, туберкулез таяқшалары) және Грам-теріс (ішек тобының бактерялары) түрлері кездеседі. Таяқша тәрізді бактериялардың көпшілігі спора түзбейді (ішек, дизентерия, іш сүзегі, туберкулез таяқшалары). Спора түзетін таяқшалар Грам әдісімен оң боялады.
Ирекше тәрізділерге – вибриондар, спириллалар, спирохеталар кіреді. Вибриондар үтір тәрізді болады. Олардың басты өкілі – тырысқақ вибрионы. Спириллаларда бір немесе бірнеше ирек болады. Спирохеталардың пішіні штопор тәрізді, иректерінің саны әртүрлі болады. Ирекше тәрізділер Грам әдісімен теріс боялады. Олардың тинкторияльдық қасиетін анықтау үшін Романовский – Гимза бояу әдісін қолданады.