Әңгімелесу (сұхбат) – күн тәртібіне өмірдің өзі ұсынып отырған қоғамдық мәні бар мәселе жөнінде журналист белгілі бір адамның ой-пікірін біледі немесе сол мәселе жөнініде одан түсініктеме алады, онымен сөйлеседі. Оларды әдеби өңдеп, қорытып жазады, міне, осы талаптарға сай жазылған материал. Тауман Салықбайұлы репортажды төмендегідей топтарға жіктейді:
Талдамалы жанрлар корреспонденция, мақала, баспасөзге шолу, рецензия болып жіктеледі.
Талдамалы (аналитикалық) жанрлар – фактілерді жинақтап, оны қорытындылау әдісімен жазылады. Талдамалы жанрлар талдаудың негізінде ғана жазылады да, ол талдау заңдылығына сүйенеді. Осы заңдылыққа сүйене отырып, журналист шығарма жазу процесінде жинақтау әдісі арқылы жалпыдан жалқыға қарай немесе жалқыдан жалпыға қарай бағдарлайды. Талдамалы жанрларды жазу үстінде журналистің мақсаты тек фактіні хабарлаумен ғана бітпейді. Құбылыстың мәнін неғұрлым жан-жақты аша түсу керек, ал оны тереңірек және кеңірек талдамай оқырманды оған сендіру мүмкін емес.
Талдамалы жанрлардың басты «өкіліне» мақала мен корреспонденция жатады. Бұл жанрларға келесі бөлімде толығырақ тоқталатындықтан, ендігі назарды талдамалы жанрлардың және бір түрі рецензияға аударсақ.
Рецензия – оқиғалар мен құбылыстардың қалың бұқараның сана-сезіміне, жан-дүниесіне, көңіл-күйіне тигізерлік әсерлері жөнінде белгілі бір формада ашық пікір біліру, кемістік жағын сынап-мінеу, ал жақсы жағына тиісті баға беру. Рецензияны ғалым әдеби рецензия, мақала рецензия және шығын рецензия деп 3-ке бөледі.
Ал, баспасөзге шолуға профессор – «мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған рецензия жазудың бір формасы» деп баға береді.
Жалпы, «баспасөзге шолуды – газеттеріміз бен журналдарымыздағы бастаманы, ондағы материалдардың жаңа бір сипатын іліп алып, жұртшылық қауымына тарату ісінде публицистиканың ебедейлі жанры болып табылатындығын, белгілі бір газет пен журналдың мазмұнын талдап, оның жанрларының сипаты мен ерекшеліктеріне баға берілетіндігін, күнделікті баспасөздің талап-тілектерінен туып, бүгінгі уақыттағы көкейтесті мәселелерді көтеріп отыратындығын» ескерсек, автордың жоғарыдағы пікірімен әбден келісуге болады.
Бұдан түйеріміз: «Баспасөзге шолу – газеттеріміз бен журналдарымыздағы бастаманы, ондағы материалдардың жаңа бір сипатын іліп алып, жұртшылық қауымына тарату ісінде публицистиканың ебедейлі жанры болып табылады» [2].
Тақырыптық шолу атында айтып тұрғандай, белгілі бір тақырыпқа арналса, жалпы шолу қандай да бір тақырыптарды алып, қандай мәселені өзіне өзек етсе де, газеттің күделікті ісіндегі елеулі жағын көрсетуге тиіс.
Жалпы шолу екі түрлі жазылуы мүмкін. Бірінші жағдайда газеттің жалпы жақсы істері мен қол жеткен табыстарының әдістері үлгі етіледі де, ал екінші жағдайда, газет қызметінде орын алған кемшіліктер, оның себеп-салдары талданады. Ол кемшіліктерді жоюдың жолдары көрсетіледі.
Көркем-публицистикалық жанрдың құрамына фельетон, памфлет, очерк, жалпы көркем публицистика енеді.
Осы көркем публицистикалық жанрлардың ішіндегі ең шоқтықтысы ретінде очеркті таңдап алып, профессор Амандосовтың және журналистиканың дамуына үлес қосып жүрген өзге де ғалымдардың пікірімен салыстыра отырып талдайтын боламыз. Сонымен, Тауман Салықбайұлының пікірінше, очерк – үгіт пен насихаттың жауынгер де әсерлі формаларының бірі. Ол өмір шындығының құбылыстары мен оқиғаларын батыл да терең талдап, тартымды тілмен шағын «сурет» салып береді. Бір құбылысты, бір мәселені әр түрлі жанрлар түрінде салыстырып қарағанда, очерк адамның ішкі жан дүниесін суреттеп, оның еңбек сүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін аша түседі екен. Яғни, Горкийдің сөзімен айтар болсақ, очерк дегеніміз – адамтану жанры. Сондай-ақ, Горкий: «очерктің өзі «очерчивать» деген сөзден шыққан» деп түйін жасайды. Алайда, бұл пікір жанрлық тұрғыдан келгенде, очерктің болмысына онша келіңкіремейтіндіктен, көсемсөз жанрларын зерттеуші Кәкен Қамзин очерк сөзін «очи» , яғни қазақша баламасы «көзкөрген» деген мағынадан шыққан деп ой түйеді. Біздіңше де соңғы пікір очерктің табиғатын толық ашып тұр деп айтуға толықтай негіз бар.
Жоғарыда кесте арқылы көрсетіп кеткеніміздей, очеркті төрт түрге бөлеміз. Соның ішіндегі соңғы жол-сапар очеркін профессор Амандосов өз еңбегінде жөл-жөнекей очерк деп атап көрсетсе, очерктің осы түрін Колосов дейтін ғалым одан әрі жандандырып, газет және журнал очеркі деп екіге бөліп қарастырады. Жалпы, жол-жөнекей очерктің жол-сапар очерктен өзгешелігі – жол-сапар очерктер әдетте журналдарда жарияланса, жол-жөнекей очерктері көбінесе газет беттерінде беріледі.
Ал енді портреттік очерктерге келер болсақ, Б.В.Стрельцов дейтін белорус ғалымы: «Портреттік очеркте деректерге сүйене отырып замандас образы жасалады, ішкі жан дүниесі суреттеледі, жалпы очерктің бұл түрінде тип пен характер синтезделеді» деген пікірді алға тартса, А.А.Тертычныйдың пікірінше, портреттік очерктің нысаны – тұлға (личность) болғандықтан да, бұл жанрда кейіпкердің характері күрделі жағдайда көзге көрінеді.
Түйіндей келе айтарымыз – очеркте жалпылық пен жалқылық біте қайнасады.
Жанрлардың осындай өзіндік ерекшеліктерін зерттеп, ескере отырып, Тауман ағамыз: «Баспасөз жанрлары белгілі бір оқиғаларды, құбылыстарды нақты деректер мен мәліметтерге сүйене отырып баяндайды. Әр жанрдың өзіне тән ерекшеліктері мен сипаты әрі бәріне ортақ белгілері бар. Ақпаратты жанрлар күнделікті оқиғаларды жедел де шынайы түрде хабарлап, жаңалықтар мен өзгерістерді оқырман қауымға қаз-қалпында жеткізуге тырысады. Талдамалы жанрларға оқиғаларды салыстыра зерттеу, деректер мен мәліметтерді тарата талдап, солардың төңірегінде ой қорыту, бағалау тәсілі тән. Ал, көркем-публицистикалық жанрлар типтік деректерді талдау, суреттеу әдісімен жазылады; әр қилы әдеби тәсілдер (даралау, образ жасау, мінез-құлық қақтығысы, оқиға шиеленісі, т.б.) арқылы әлдебір деректі құбылыстың ішкі мән-мазмұны мен идеялық сипатын көркем-публицистикалық деңгейде ашып көрсетеді. Сатиралық жанрлар әлеуметтік тұрмыстағы келеңсіз құбылыстар мен кертартпа қылықтарды юморлық не сатиралық пішіммен әшкерелейді, кемшіліктерді жоюға шақырады. Баспасөз Жанрларының негізгі, басты міндеті — өмірдегі нақты оқиғалар мен құбылыстардың күнделікті тізбегін жазу арқылы белгілі бір кезеңнің тарихи шежіресін жасау. Ол үшін журналистің білімі терең, ой-өрісі кең, жазу қабілеті мол болуы, сонымен қатар баспасөз жанрларының қыр-сырын жетік меңгеруі шарт. Баспасөз жанрларын тиянақты меңгеру — журналистің кәсіби шығармашылық шеберлігін жетілдірудің, баспасөз материалдарының сапалық деңгейін арттырудың кепілі» -деген қорытындыға келеді[5].
ІІ тарау. Т.С. Амандосовтың ғылыми-педагогикалық үлгісі
2.1 Педагог-ғалымның корреспонденция мен мақала жанрының зерттеудегі өзіндік қолтаңбасы
«Публицистиканың талдамалы жанрлары фактілерді жинақтап, оны қорытындылау әдісімен жазылады. Бұл жанр – талдаудың негізінде ғана жазылады да, ол талдау заңдылығына сүйенеді. Белгілі бір заңдылыққа сүйене отырып публицист шығарма жазу процесінде жинақтау (синтез) әдісі арқылы жалпыдан жалқыға қарай немесе жалқыдан жалпыға қарай бағдарлайды. Публицист фактілерді талдау үстінде белгілі бір салдардан бастауы мүмкін немесе құбылыстың, істің салдарын анықтауға бағдарлауы ықтимал»[5].
Публицистиканың басты негізгі жанрларына – мақала мен корреспонденция жатады. Профессор Т.С. Амандосовтың, әсіресе, корреспонденция жанрының зерттелуіне баса назар аударғандығын байқау қиын емес. Аталмыш қос жанрдың екеуіне де өмір шындығының елеулі құбылыстары мен оқиғалары, фактілері өзек болады. Бұл екі жанрдың іштей өзара ерекшеліктерін Амандосовша талдап көрсек, корреспонденцияда оқиға (ситуация) уақыт пен орынға байланысты талданса, мақалада белгілі бір оқиға үлкен бір құбылыстың бөлшегі ретінде қарастырылады. Осыдан келіп бір-біріне ұқсас оқиғаларды талдаудың нәтижесінде мақалада орнықты байыптаулар пайда болады. «Публицистиканың басты жанрлары - мақала мен корреспонденцияда әлеуметтік оқиғаларды неғұрлым тереңірек зерттей түсу, салыстырулар мен байптауларға шеберлене түсу негізгі мақсат». [4, 70 б]
Корреспонденцияның мақсат-міндеті – «жаратылыс, қоғам тіршілігіндегі жаңа құрылыстарды, соны деп табылған құбылыстарды көпшілік назарына ұсыну. Корреспонденция – хабарлама жанрларына қарағанда көлемдірек жазылады және жазылып отырған құбылыстар мен оқиғаларға қорытынды жасап баға береді».
Кореспонденция француз тілінде «респондент» - «жауап беру» деген мағынаны береді. Профессор Т.Қожакеев корреспонденцияны толғаныс деп атайды. Сондай-ақ, ол кісінің пікірінше, корреспонденцияда оқиға жалқыдан жалпыға қарай дамиды. Оның белгілі бір қамту ауқымы болады. Оның қамту ауқымы негізінен бір мекеме, аудан көлеміндегі оқиғаларды тілге тиек етеді. Корреспонденцияда оқиғаны, фактіні баяндаудан гөрі мәселе көтеру, кемшілікті талдау басымырақ болып, фактілер бірсарынды баяндалмай, терең саралануы керек[6].
Корреспонденция үнемі жаңғыртылып, жаңа леппен жазылуы тиіс. Бірқалыптылық, бірізділік оған жат көрініс. Керісінше, бұл жанрдың тіліне мақал-мәтел, қанатты сөздер, эпитет, теңеу, келісті көкемдеулер тән.
Корреспонденция - нақты фактінің жанры. Оны жазуға негізгі арқау – факті. Бұл жөнінде профессор Т.Амандосов: « Факті - корреспонденцияның құрылыс материалдары тәрізді» дей келе, аталмыш жанрдың негізгі ерекшелігін: «ол кез келген фактіге сүйенбейді, жазғалы отырған объекті мен құбылыстың типтік фактілеріне сүйенеді» - деп тұжырым жасайды. [3]
М.Горкийдің дәл айтқанындай, факт – белгілі бір шығарманың желісі, желі болғанда да корреспонденцияның желісі.
Сонымен, «корреспонденция – жағдай мен уақытқа байланысты өмір оқиғалары мен құбылыстарын белгілі бір объектіде зерттеп, адам еңбегін өзінің желісі ете отырып, типті фактілерді талдау мен қорытудың негізінде туатын публицистикалық шығарма» [3]. . Корреспонденцияның тілі нәрлі, көркем, ұғымды болып, публицистикалық стильде жазылуы керек. Т.Амандосов корреспонденцияны 3-ке бөліп қарастырады:
Достарыңызбен бөлісу: |