1.2 Ағза және тіршілік ортасы
Экология - биология ғылымының бір саласы ретінде қалыптасып дамыған. Экологиялық зерттеулер өткен ғасырда Чарльз Дарвин еңбектерінде сипат алғанымен, "Экология" терминін ғылымға алғаш енгізген Э. Геккель (1866). Экология термині гректің ойкос - үй, тұрақ, мекен және логос - ғылым деген сөзінен шыққан, тұрақ, мекен туралы ғылым - деген мағынаны білдіреді. Яғни, тірі организмдердің бір-бірімен қарым-қатынасын, байланысын айнала қоршаған ортасымен, тұрағы немесе мекенімен байланыстыра отырып зерттейтін ғылым.
Э. Геккельдің экология ғылымына берген анықтамасынан кейіннен көптеген толықтырулар енгізіле отырып өзінің зерттеу аясын, мазмұны мен мақсат-міндеттерін кеңейте түсті. Алғашқыда тек тірі организмдерге қатысты бағыт алған экология ғылымы қазір өзінің зерттеу аумағын дамыта отырып адамзат, қоғам, табиғат ортасындағы қарым-қатынастарды және биосфера шегіндегі ғаламдық өзгерістерді адамның іс-әрекетімен байланыстыра отырып зерттейтін кешенді ғылымға айналады. Экология ғылымдардың ғылыми деңгейіне көтеріледі.
Экология ғылымының қазіргі кездегі мазмұны өте күрделі. Дара организм (особь) мен орта, бейімделу, популяциялар арасындағы қарым-қатынастар, биоценоз, биоценологиялық зерттеулер биология ғылымымен ұштасып жатса, табиғи ортаның өзгерістері, географиялық орналасу заңдылығына, топырақ құрамы, абиотикалық факторларға байланысты организмдердің бейімделуі географиялық зерттеулерге ұласады. Ал, антропогендік факторлар, экожүйелердің өзгерісі, биосфера шегіндегі климаттық ауытқулар ғаламдық экологиялық зерттеулерге итермелесе, адам, қоғам, табиғат арасындағы қарым-қатынастарды зерттеу, бақылау және баға беру, оның айнала қоршаған ортамен байланысын зерттеу адам экологиясының үлесіне тимек. Бұдан біз экология ғылымының қазіргі заманғы мазмұнының күрделі әрі ауқымды екеніне көз жеткіземіз.
Экология - организмдердің арасында болатын (особтар, түр, түраралық, популяцияаралық, биоценоз, биогеоценозды) қарым-қатынастарды айнала қоршаған табиғи ортамен байланыстыра отырып зерттеумен қатар табиғаттағы өзгерістерді, құбылыстарды, табиғи заңдылықтарды, биосфера шегіндегі ғаламдық ауытқуларды адамның іс-әрекетімен үйлестіре отырып зерттейтін кешенді ғылымдар жиынтығы. Ал, экология ғылымының ең басты мақсаты - биосфера шегіндегі ғаламдық проблемаларды бақылай отырып ондағы тіршіліктің тұрақтылығын сақтау. Адам, қоғам, табиғат арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіре отырып, табиғат ресурстарын тиімді пайдалануды адамый-нооэкологиялық тұрғыдан негіздеу.
Экология ғылымының зерттеу нысаны - биологиялық және географиялық микро және макро-экожүйелер (түр, популяция, биоценоз, экожүйелер, т.б.) мен оның уақыт пен кеңістікке қатысты тіршілік ырғағы (динамикасы).
Экология гылымының негізгі зерттейтін мәселелері:
- организмдердің бір-бірімен қарым-қатынастары мен қоршаған табиғи ортасы;
- биоценоз, экожүйелердегі уақыт пен кеңістікке байланысты туындайтын өзгерістер;
- табиғат ресурстары, оны тиімді пайдалану және қорғаудың ғылыми-теориялық негіздері;
- адам, қоғам, табиғат арасындағы гормониялық байланыстарды реттеу;
- биосфера шегіндегі географиялық заңдылықтардың тұрақтылығын сақтауды қамсыздандыру;
- биосферадағы тіршілікті қалыпты сақтауды ғаламдық нооэкологиялық деңгейге көтеру;
- көпшілікке үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беру және экологиялық мәдениетін, әдет-ғұрпын қалыптастыру;
- экологиялық қауіпсіздікті сақтау болып табылады.
Экология - биология ғылымының негізінде XIX ғасырдың орта шенінде айқындала бастағанымен, оның өз деңгейіне көтерілуі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басы болып саналады. Десе де, алғашқы экологиялық зерттеулердің элементтерін біз көне дәуір оқымыстылары Эмпедокд, Гиппократ, Аристотель, Теафраст еңбектерінен көреміз. Табиғат құбылыстарын зерттеушілер өсімдіктер мен жануарлар тіршілігіндегі морфологиялық, физиологиялық бейімделушіліктерді оның қоршаған табиғи ортасына тәуелділік шеңберінде экологиялық тұрғыдан қарастырады.
Экология ғылымының қалыптасуын негізгі 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |