Қазақ жерінде көне дәуір ескерткіштерін зерттеу тарихы ХІХ ғасыр орта тұсынан басталады. Оған дейінгі ғасырларда да көне дәуір ескерткіштері жайлы ақпараттар легі мәлім болған. Одан бергі өткен уақыт ішінде еліміздің аумағында көптеген археологиялық экспедициялар жұмыс істеп, жүздеген көне дәуірі ескерткіштері анықталды. Қазіргі таңда археологтардың қажырлы еңбектерінің арқасында аталған дәуірлерге байланысты қомақты деректік қор жинақталып отыр. Жалпы алғанда, тас ғасыры ескерткіштері, одан кейінгі қола және ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеу ісінде патшалық Ресей тұсында Түркістан археология әуесқойларының үйірмесі, Орынбор мұрағат комиссиясы, Ресей Географиялық Қоғамы секілді бірлестіктер мүшелері біршама еңбек сіңірді. Кеңестік дәуірде жекелеген ғалымдар (М. Грязнов, М. Комарова, П. Черняховский, С. Руденко, М. Лентовский, П. Драверт, А. Соседко, П.Рыков, Б.Граков, Н.Валукунский, А. Формозов, Б. Петрунь, т.б.) да көне замандардағы ескерткіштерді зерделеуге өз үлестерін қосты. Мұның барлығы отандық тарихнамада толымды түрде қарастырылған.
Кеңестік заманда қола дәуірі ескерткіштері біршама жоғары деңгейде қарастырылды. Ол 1926-1928 жылдардағы Батыс Қазақстандағы М. Грязнов пен Оңтүстік Оралдағы Б. Граков ізденістерінен бастау алады. Бұған 1925-1927 жылдардағы саратовтық археолог П. Рыковтың Орал мен оның сағаларын (Дерқұл, Шаған) зерттеген далалық ізденістерін де қосуға болады. Сайып келгенде, 1920- 1940 жылдар Қазақстанда археология ғылымы қарқынды түрде дамыды. Республикада археологиялық ғылыми ізденістердің дамуына одақтың ғылыми мекемелері мен орталықтары, жергілікті ғылыми-өлкетану орталықтары, үйірмелер, музейлер ат салысты. Осы кездері ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштер де қазыла бастады. С. Черников, А.Бернштам, т.б. мамандар басқа мәдени-тарихи
кезеңдердің ескерткіштерімен бірге ішінара ерте темір дәуірінің де нысандарын есепке алып, қаза бастаған болатын.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан соң Қазақстанда 1946 жылы 31 мамырда КСРО ҒА-ның Қазақ бөлімшесі құрылады. Онда алғашқы кезде 16 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Солардың қатарында Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институты да болды. Бұл институттың археология секторының қызметкерлері Қазақстандағы археологиялық ізденістерді өз қолдарына шоғырландыра бастағанымен, одақтас ғылыми мекемелердің археологиялық экспедициялары бұрынғысынша зерттеулерін жалғастыра берді. Қазақстанның батысында И. Синицын, В. Сорокин, оңтүстігінде С. Толстов, А. Бернштам, Қостанайда О. Кривцова-Гракова, шығыс аймақта С. Черников сынды көптеген ғалымдар басқарған археологиялық экспедициялар 1950-1960 жылдары жұмыс істеуінің нәтижесінде далалық ізденістер біршама жүйелі түрде дами бастаған еді.
Отандық археологияның дамуына зор ықпалын тигізген игі шара 1946 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының жанынан Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының құрылуы еді. Оны құрып, ұзақ жыл (1976 жылға дейін) басқарған, ел тарихын көне заманнан бастап түзген, қазақтың сарабдал ғалымы, Қазақ КСР ҒА-ның академигі Әлкей Хақанұлы Марғұлан еді. Онымен бірге ғылымға талантты қазақ археологтары да (К.А. Ақышев, Ә.М. Оразбаев, М.Қ. Қадырбаев, т.б.) осы кездері келген еді. Көне дәуірді зерттеуге басқа мамандар да (Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич, А.Г. Максимова, т.б.) мол үлес қосқан еді. Одақтық деңгейдегі археологиялық экспедициялардың республика аумағында жұмыс істеуі нәтижесінде бірқатар археологиялық мәдениеттер ғылыми айналымға енді.
Кеңестік дәуірдегі Қазақстан археологиясының, оның ішінде тас, қола және ерте темір дәуірлерін зерттеудің дамуы республикада бірнеше ғылыми ошақтардың, мектептердің қалыптасуына жағдай жасады. Әсіресе, Орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Торғай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан секілді археологиялық экспедициялардың құрылуы ежелгі Қазақстан проблемаларын жаңа қырынан қарастыруға мол мүмкіндіктер туғызды. Нәтижесінде Қазақстан археологиясы толыққанды қалыптасып, мамандар (Ж.Қ. Құрманқұлов, З.С. Самашев, А.С. Ермолаева, т.б.) саны арта түсті. Көне замандардағы тарихи даму белестері анықталды. Бұл археологиялық экспедициялардың зерттеулерінің нәтижесінде археологиялық ізденістер бір жүйеге түсіріліп, белгілі бір аудандардың аумағы кешенді түрде зерделенуімен ерекшеленді. Бірнеше жылдарға арналған
ғылыми жобалардың іске асырылуы ежелгі Қазақстан көне дәуірін зерттеуді жаңа белеске көтерді.
Ал тәуелсіздік тұсында ежелгі Қазақстан ескерткіштерін зерттеу біршама жолға қойылды. Бұрын зерттелген кейбір археологиялық нысандар материалдары ұзақ жылдардан кейін ғылыми талдаудан өтіп, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл кездері Қазақстанның барлық аймақтарында ежелгі дәуір ескерткіштері зерттелінген болатын. Нәтижесінде ғылыми мұра көлемі ұлғая түсті. Айта кететін тағы бір жайт, «Мәдени мұра» Стратегиялық Ұлттық Жобасы тас, палеометалл және ерте темір ескерткіштерін зерттеуге тың қарқын берді. Алынған соны мағлұматтар мәдени мұраны игерудің әрдайым өміршең идеология болып қала беретіндігін нақты айғақтайды.
Академик К. М. Байпақов Қазақстанда археологияның дамуын мынадай кезеңдерге бөледі:
ХІХ ғасыр ортасынан 1917 жылға дейін;
ХХ ғасырдың 20-40 жылдары; 3. 1946-1960 жылдар;
4. 1960-1970 жылдар;
5. 1980-1991 жылдар;
6. 1991 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан Республикасының кезеңдері: 6.1. 1991-2003 жылдар;
6.2. 2004-2016 жылдар;
6.3. 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындаға істер негізге алдынды.
Соңғы кезеңді 1991-2003 жылдар мен одан кейінгі «Мәдени мұра» Стратегиялық Ұлттық Жобасымен астасып жатқан кез сынды үш кезеңге бөлуге болады. Археология дамуына табиғи байлықтарды зерттеу, одақтық құрылыстар, тың және тыңайған жерлерді игеру секілді іс-шаралар да өзіндік әсерін тигізіп отырғандығын да айта кеткен жөн. 2004-2006, 2007-2008, 2009-2011 жылдарға және жақын арадағы жылдарға ұзақмерзімді бағдарлама енгізілген. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: тарих және археология ескерткіштерін жүйелендіру, сақтау және қалпына келтіру. Елімізде 25 мыңнан астам ескерткіш, 2 миллионнан астам құнды мәдени заттар бар деп есептелуде,
Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі мен Тамғалы шатқалының петроглифтер кешені Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілген, ендігі кезекте ЮНЕСКО тізіміне ескі Отырар қалашығын қосу болып табылады. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздегі ескерткіштерді толық түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша республикада тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімі құрастырылып, оған республикалық маңыздағы 218 объект және жергілікті маңыздағы 11,5 мың объект кірді.
Жалпы тәуелсіздік жариялаған уақыттан бергі кезеңге отандық археология тарихнамасы жаңа сатыға, жаңа белеске көтерілді. Идеологиялық қыспақтарсыз көне тарихымызды жазуға мол мүмкіндік туды. Көне заман тарихын зерттеген кезде археологиялық материалдар мен жазба дерек көздері өзара үйлесімділік те тауып келеді. Бұл бағдарламалар аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандары жаңғыртылды.
Ал 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындаға істер негізге алынды.
Достарыңызбен бөлісу: |