Конспектісі мамандығы: «5B011700 Қазақ тілі және әдебиет»


дәріс. Тәрбие процесінде тұлғаны қалыптастыру-2 сағат



бет5/8
Дата30.10.2019
өлшемі200,16 Kb.
#50857
түріКонспект
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
лекция бакалавриат


10 дәріс. Тәрбие процесінде тұлғаны қалыптастыру-2 сағат.

Мақсаты: студенттерге жеке тұлға қалыптасуының тәрбие процесінде іске асуы туралы түсіндіру және оларды жоғары мәдениеттілікке тәрбиелеу, тәрбие бағыттарын айқындау

Жоспары:

1. Маманның –базалық мәдениеті -жоғары мәдениеттілікке тәрбиелеу негізі.

2. Тәрбиенің негізгі бағыттары.

Негізгі ұғымдар: базалық мәдениет, жоғары мәдениеттілік, тәрбие бағыттары

10.1. Маманның –базалық мәдениеті -жоғары мәдениеттілікке тәрбиелеу негізі.

Тұлғаның базалық мәдениетін қалыптастырудың қозғаушы күштері ретінде педагог-психолог мамандар мына жағдайларды қалыптастырады:



  • жаңа мүдделер, талаптар, мазмұндар, ұмтылыстар мен тұлғаның даму мүмкіншілігінің жеткен деңгейі арасындағы;

  • жаңа танымдық практикалық міндеттер мен бұрын қалыптасқан ойлау тәсілдері арасындағы;

  • тұлғаның дамуындағы жеткен деңгей мен оның өмір сүру қалпы, қоғамдық қатынастар жүйесіндегі оның алатын орны, істейтін қызметтер арасындағы,

  • жақсы жетістіктерге ұмтылыс пен қиындықтарды жеңіп шығудағы қорқыныш;

  • дербестікке ұмтылушылық пен жеке тәжірибенің жеткіліксіздігі арасындағы қайшылықтар жиынтығы.

Педагогикалық процесте оқушы тұлғасының базалық мәдениетін қалыптастыруда педагогикалық әсер ету құралы ретінде философияның маңызы зор, яғни ол біртұтас педагогикалық процесс теориясының методологиялық негізін құрайды.

Білім беруді адамның әлеуметтік тұрғыдан есеюі және өзіндік даму процесі ретінде қарастырар болсақ, алдымен адамның әлеуметтенуі, сонан кейін студенттерге әсер етудің арнайы ұйымдастырылған жүйесі.

Жастардың көпшілігінің тәрбие деңгейінің төмендігі, олардың жеке басының өзімшілдігі, рухани жұтаңдығы, саясаттан алшақтығы қоғам бейнесінен көрініс береді.

Тәрбие барысында жоғарғы оқу орындарының студенттернің жоғары мәдениетінің қалыптасуына және болашақ мамандардың әлеуметтік және мәдени біліктілігінің дамуына, олардың маман, азамат ретінде қалыптасуына әсер ететін ортаны құрастыру көзделеді.

Жоғары білімді азаматтардың мәдениеті дегеніміз әрбір жеке тұлғаның оңтайлы, жоба құруға бағытталған ақыл-ойның жетілуі, жағымды қарым-қатынасы, азматтық жауапкершілігі, адамгершілік құндылық қасиеттерінің маман тұлғасынан көрініс беруі.

Жоғары мәдениеттің құрамдас бөліктеріне:



  • адамның рухани-дүниеге көзқарастық бағыттары: қажеттіліктері, қызығушылықтары, әрекет себептері, құндылық бағдарларының жоғары шығармашылық еңбекке бағытталуы;

  • Қазақстанда әлемдік қауымдастықта өз әлеуеті негізінде экономикалық даму мен басымдылық жағдайға тұлғаны бағыттайтын ұлттық қасиет, патриотизм;

  • рухани-адамгершілік және материалдық мәдениет құндылықтарын меңгеру : іргелі ғылымдар саласындағы танымдық мәдениет; экономикалық, азаматтық, саяси, құқықтық, дене, экологиялық мәдениет және негізгі өнерлерін жатқызуға болады.

10. 2. Тәрбиенің негізгі бағыттары.

Білім беру мекемелерінде тәрбие жұмысының бағыттары : рухани-адамгершілік, қоғамдық-саяси және құқықтық, патриоттық және ұлтаралық, мәдени-эстеттикалық және этномәдениеттік , парасаттылық, ақыл-ой, ғылыми зерттеушілік,экологиялық, экономикалық, салауатты өмірсалты тұрғысында іске асырылады. Оларды қысқаша қарастырып көрелік.



Рухани адамгершілік. Рухани-адамгершілік мәдениеті, оның жеке тұлға ретіндегі табысты түрде өз іс-әрекеттерінде іске асырылатын әлеуметтік мәні бар қасиеттер жүйесінің жетілуі және дамуынан көрінеді. Мысалы, ЖОО осы бағытта мақсатты, жоспарлы тұрғыдан мамандардың адамгершілік бейнесі мен дүниеге көзқарасын қалыптастырады.

Қоғамдық-саяси және құқықтық. Қоғамдық-саяси және құқықтық мәдениеті оқушылардың өмірге белсенді көзқарасы, идеялық саяси көзқарастары мен сенімдерін, Қазақстан Республикасының заңдары мен заңдық актілерін білуімен сипатталады. Осы мақсатта оқушылармен қоғамдық өмір туралы, оның дамуы туралы, қазіргі заманның күрделі мәселелерін түсіндіру, саяси мәдениет қалыптастыруға бағытталған ісшаралар (дәрістер, әңгімелер, кештер және т.б.)жүргізілуі тиіс.

Патриоттық және ұлтаралық. Қазақстан Республикасының азаматтарының жалпыұлттық санасын қалыптастыру, отанға сүйіспеншілігін, мемлекеттік рәмізді, тілді құрметтеуге, толеранттыққа тәрбиелеу көзеделеді. Тұлғаны тәрбиелеу мен білімдендіруде маңызды роль атқаратын- құқықтық тәрбие мен білім. Яғни, қоғамның әрбір азаматының ҚР заңдарын білу және оны сақтауға тәрбиеленуі аса қажет. Көптеген жеке адамдар өз құқықтары мен заңды білмегендіктен тығырыққа тірелетіні де шындық. Сол үшінде жастардың бүгінгі күні құқықтық санасын тәрбиелеу өзекті мәселелер қатарынан орын алуда. В.А. Сухомлинский «қандай да бір құқықтық тәрбие болмасын, егер ол белгілі бір мақсатпен ұйымдастырылып, жеке адамнаң мұқтаждығына негізделсе, екіншіден, ұжымдық жұмыстарға шығармашылықпен қатысса, солғұрлым алдыңғы буын ағалардың әлеуметтік-құқықтық жетістіктерін, тәжірибелерін қабылдап, өз мінез-құлықтарына қалыптастырады»- деген ойын айтқан.

Құқық-қоғамдағы ең негізгі және маңызды қатынастарды реттейтін, қоғамға пайдалы, қажетті қатынастардың дамуына жол ашып, қорғап, ал қоғамға зиянды қатынастарды шектеп, тыйым салатын құрал. Сонымен қатар, ол азаматтардың бостандығын, қоғам алдындағы міндеттерін жариялап, оларды жүзеге асыруға заң жүзінде кепілдік береді.

Құқық нормалары мен ережелері адамдардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарының қоғамдық мүддеге, белгіленген ережеге, қабылданған заңдарға сай болуын талап етеді. Сол талаптарға сай өмір сүру үшін, ең алдымен оларды білу қажет. Бұдан құқықтық тәрбиенің мақсаты туындайды, яғни ол жас ұрпақты қоғамның заңдары мен нормаларын бұлжытпай орындау мен сыйлауға, елін, жерін, оның байлығын қорғауға тәрбиелеу. Ол үшін:


  • жастарға мемлекет, оның құрылымы, құқық және құқықтық нормалар туралы білімдерді меңгерту;

  • мемлекет рәміздерін, заңдарын сыйлау мен қорғауға тәрбиелеу;

  • өмір сүру дағдыларын заң, ережелерге сай құрастыруларын дағдыландыру;

  • адам және оның құқын, таңдауын құрметтеуге үйрету қажет.

Әсіресе, болашақ заңгер мамандарды тәрбиелеуде құқықтық тәрбиенің маңызы зор. Ертеңгі заң қорғаушылардың адамгершілік құндылық қасиеттерінің қалыптасуы да алдымен тәрбиеге байланысты. Осы тұрғыдан алғанда құқықтық білім беруді адамгершілік тәрбиемен ұштастырып, байланыстырып отырған дұрыс. Яғни, ұлттық, құқықтық, адамгершілік сананы қалыптастыру қажет, ол қоғамдық сананың ерекше түрі.

Бүгінде әлемдік деңгейде адамдардың құқығын қорғайтын «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» бар. Бұл, өзіндік тұрғыдан бүкіл әлем азаматтарының құқын қорғайтын бірден-бір құжат болып табылады. Сондай –ақ құқықтық тәрбие мен білімді халық тағлымдары арқылы да берген дұрыс деп ойлаймыз. Этнограф ғалым Ш.Уалиханов қазақ халқы, «есігінде құлпысы, жерінде абақтысы болмаған халық»- деп сипаттауында философиялық үлкен мән бар. Сонымен қатар құқықтық мәселелерді педагогикалық тұрғыдан қарастырып, шешуге тырысып көру керек.



Мәдени-эстетикалық және этномәдениеттік. Бұл бағытта жеке тұлға бойында қажетті мәдени құндылықтар ақпарат жүйелері, кітапханалар, жетекші мамандар, барлық саладағы оқытушылар арқылы сіңіріледі. Сондай-ақ маңызды іс-әрекетті оқушылардың оқудан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастырыуы арқылы жүзеге асырылады.

Парасаттылық. Бұл тәрбиенің мазмұнына адамның бүкіл танымдық қызметтерін дамыту арқылы парасатты дамыту енеді: түйсік, қабылдау, ес, ойлау, қиял, сөйлеу сияқты психикалық процестер; тәрбиешілердің жеке парасаттылық қабілеттерін және танымдық мүмкіндіктерін дамыту; оқушылардың санасын оның шығармашылық әлеуетін қалыптастыру.

Ақыл-ой тәрбиесі. Білім алу мен оқыту арқылы іске асырылады. (пікір сайыс, ойын, дебат және т.б.)



Ғылыми-зерттеушілік. Алдымен оқушылар теориялық білімдерін практикада қолдануға машықтанады. Оқу барысында олар ғылыми зерттеу жұмыстарын іске асырады. Оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу арқылы ғылыми-зерттеу мәдениетінің қалыптасуына жағдай жасалуы тиіс.

Экологиялық. Экологиялық тәрбие саласында жалпы ақпараттандыру мен оқушылардың техникалық білім алуымен қатар қоршаған ортаны қорғауды басқару мен экологиялық саясатты жасау мен оған белсене қатысу саласындағы түрлі оқуларды іске асыруға баса көңіл аударылады.

Экономикалық. Экономикалық тәрбие жүйесі оқушылардың екінші кезектегі жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесуі

Экономикалық білім мен тәрбие беру барысында оқушылар қоғамның экономикалық саясатын, өндіріс, айырбас, бөлісу және тұтыну ауқымындағы негізгі ұғымдарды меңгерулері тиіс. Экономикалық білімдер теориясы қоғам өмірінің материалдық негізін түсіндіреді, адам және оның экономикалық қатынастарын реттейді. Ал, экономикалық тәрбиенің мақсаты-қоғам сұранысын қанағаттандыратын экономикалық сана қалыптастыру. Яғни, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы адамның шешуші ролін ұғынулары, қоғам және тұлғаның мүддесіне сай қоғамдық өндіріс пен еңбекке жаңаша қатынастарды қалыптастыруды үйренулері тиіс. Экономикалық тәрбиеде жастар ұлттық кіріс, қаржы, еңбекақы, өзіндік құн, пайда, ақша және т.б. ұғымдардың мәнін түсіне отырып, өзіндік тұрғыдан іс-әрекет жасауға даяр болулары көзделеді. Әсіресе, ақша қатынасын жақсы білулері шарт. Бұл мәселеде А.С. Макаренко «Ержетіп өмірге аяқ басқан адамның өзіндік қаржы қоры туралы тәжірибесі болу және ақшаны жұмсай білуі керек»,-деп өзіндік тұрғыдан қаражат тауып, оны жоспарлы жұмсай білудің қажеттігіне мән берген.



Салауаттық өмір салты. Жастардың денсаулығының кепілі де салауаттық өмір салтын ұстануларынан басталады. Қоғамда дені сау адамды тәрбиелеуде бұл тәрбиенің орны ерекше. Ол белгілі орындарда, яғни спорт алаңдарында, сауықтыру орындарында іске асырылады.

Адамгершілік тәрбиесі. Жастарды адамгершілікке тәрбиелеу дегеніміз олардың бойында болуға қажетті ізгі қасиеттерді сіңіру. Бұл ұғымға педагогикалық энциклопедияда: “Адамгершілік-мінез-құлық дағдылары мен әдеттерді қалыптастыру, адамгершілік сезімдерді дамыту, моральдық сананы мақсатты бағытталған түрде қалыптастыру” немесе мінез-құлық дағдылары мен әдеттерді, мінез білімдерін, моральдық қасиеттерді қалыптастыру процесі” деп анықтама берілген болса, Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігінде: “Адамгершілік тәрбиесі-мақсатқа негізделген көзқарасты, сенімді, парасатты мінез-құлық дағдылары мен әдеттерді қалыптастыруға және адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, қарым-қатынасты дамытуға, жалпы адамзаттық тәрбиенің құрамдас бөлігі”-деген анықтама беріледі. Яғни адамгершілік тәрбиесі тәлім-тәрбиенің ықпалды әсерімен моральдық сананы қалыптастырудың этикалық білімділікті, адамгершілік сезімді дамытудың сара жолы болады деген қортынды жасауға болады. Негізінен алғанда адамгершілік тәрбиесін үш түрлі функционалдық-әлеуметтік, теориялық және практикалық-салада қарастырған дұрыс. Адамгершілік тәрбиенің әлеуметтік қызметі болашақ ұрпаққа жинақталған тәжірибені жеткізу болса, теориялық аспектісі білім саласын теориялық жағынан дамытуды қамтамасыз ету болып табылады. Ал оның практикалық қызметіне адамгершілік тәрбиесі бойынша жұмыс мазмұны мен әдістемесін жетілдіруді жатқызуға болады.

Философиялық сөздікте: адамгершілік-адамдар оқиғаларға баға береді, өзінің мінез-құлық бағытын таңдайтын, моральдық ұғымдарға, әр түрлі құбылыстарға байланысты, олардың бастан кешіретін мақұлдау немесе айыптау сезімі негіз болады деген тұжырым жасалған. Қазақ Ұлттық энциклопедиясында: “адамгершілік-адам бойындағы гуманисттік құндылық әдеп ұғымы (кісілік, ізгілік, имандылық тәрізді ұғымдармен мәндес.) деген түсінік беріледі. Қазақ тілінің сөздігінде: “адамгершілік тәрбиесі-ізгілікке, инабаттылыққа баулудың жолы” деп түсіндіреді.



Имандылық тәрбиесі. Имандылық тәрбиесi бүгiнгi таңда қоғам қажеттiлiгiнен туындап, өзектi мәселелердiң құрамына енуде. Имандылық ұғымы ерте кезден бастап қолданыста болған оны көне жазба мұраларға көз жiберту арқылы дәлелдеуге болады. Анығырақ айтар болсақ, халқымыздың халық болып қалыптасу кезеңiнен бастау алады. Бұл ұғым көпшiлiк түсiнiгiнде дiни ұғыммен суреттеледi. Бiрақ имандылық ұғымы таза дiни ұғымды бiлдiрмейдi. Тұрмыстық өмiрде иманжүздi, иманды т.б. ұғымдар пайдаланылған және әлi де пайдалануда. Ендi жеке-жеке талдап көрсек иманжүздi деп, бойында адамгершiлiк қасиеттер, кеңпейiлдiлiк, жанашырлық, инабаттылық, iзеттiлiк т.б. да қасиеттерi бар адамдарды жатқызсақ, иманды адам деп те осы қасиеттердi бойына сiңiрген және оны сенiммен ұштастыра бiлетiн адамдар тобы жатқызылады. Бұл қасиеттердiң бiрi де таза дiни ұғымға жатпаса керек. ßғни бұдан имандылық адам бойындағы iзгi қасиеттердiң жиынтығы деген ой түйiндеуге болады. Бiз әрқашанда болашақ ұрпақты өзiнiң тарихын, халқын, жерiн бiр сөзбен айтқанда рухани құндылықтарын сүþге, қорғауға, сақтауға, бағалауға үйретуiмiз қажет екенi дәлелдеудi керек етпейтiн қағида.

Ыбырай Алтынсарин ислам дiнiне оның қажеттiлiктерiн көрсету сияқты мұсылманшылдықты айыптайтын әрекеттер жасаған жоқ. Ол бүкiл әлемдi, табиғатты жаратушының болғанына шек келтiрген де емес. Бiрақ, ол ислам дiнiн уағыздаушы, насихаттаушы, таратушы адамдардың арасында дүмше молдаларға, сауаты жоқ солақай дiндарларға ашық қарсы шықты. Ыбырай ғылым, бiлiммен бiрге дiннiң ғылыми негiзiн, тарихын жақсы бiлген. Алтынсаринның “Мұсылманшылықтың тұтқасы” кiтабының кiрiспесiнде “Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ…

Абай иманды этикалық, адамгершiлiк мәселесiмен ұштастырып, “…иман дегенiмiз ар мен ұят. “Ұят кiмде болса – иман сонда”, “кiмнiң ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ” /1.169/, деп түйдi. Иман туралы Абайдың бұл ойлары Хадистерде айтылған насихаттармен үндесiп жатады. Ұлы ойшыл Абай көкiрекке сәуле, көңiлге сенiм керек, дей отырып ұрпағымызды сенiмдiлiкке шақырады

Ал, Шәкәрiм Құдайбердиев өзiне дейiнгi ойшыл ғұламалар, ағартушылар бағыттарына талдау жасайды. Шәкәрiмнiң “Иманым” деген үлкен тақырыпты қамтитын циклды өлеңдерi Шығыс үлгiсiнде жазылған философиялық еңбек. Онда ол: “… адам бойындағы асыл қасиеттер деп ержүректiк, қайтпас қайсарлық, ақыл мен күш, ептiлiк, елге, жерге от басына мейiрлiк – шапағаты аталады” – деген ой түйiндейдi.

Ш. Құдайбердiұлы … Ұждан қатыспаған жерде адамдар өздерi үйренген ғылыммен түрлi қару жасап, улы газдар тауып, басқа адамдарды аң есебiнде атып, әлсiздi қолданып, жердiң бетiн адам қанымен бояғаннан басқа iс бiтiрмейдi” /2.-288/ деп ұжданы жоқ адамдар имансыз, зұлым адамдар екенiн айтады.

Имандылық адамдық ізгі қасиеттердің жиынтығын құрайды және адамның адамшылық іс-әрекетіне қайшы келмейтiн, өз елiнiң мақсатын көздей отырып, ел арасында толеранттық сыйласымдықты сақтау барысында жеке тұлға бойында рухани-адамгершiлiк мәдениеттi қалыптастыруға зор ықпал етіп, үлесін қосары анық. Яғни, имандылық адамның сана-сезiмiн оятып, iс-әрекеттердiң себеп-салдарын анықтай отырып, соған байланысты әрекеттердi реттеуге, оның нәтижелiлiгiне үлес қосады. Сондықтан да имандылық адам мен оның қажеттiлiгiнiң қоршаған ортамен байланыстырушы құндылық дүниесі ретiнде ролü атқарады. Олай болса, адамға қатысты және оған пайда әкелетiн, адам қоғамының дұрыс бағытта дамуы мен жеке тұлғаның толық жетiлуiне байланысты iс-әрекеттердiң, қасиеттердiң бәрi –имандылықтың мазмұнын анықтайды, ал ол, құндылықтар дүниесінің құрамын толықтырады.


11 дәріс. Қазіргі педагогикадағы тәрбие әдістері, құралдары және формалары-1 сағат.

Мақсаты: студенттерге қазіргі кездегі тәрбиенің формалары, құралдары, әдістері туралы білімді игерту және олардың мазмұнын сипаттау

Жоспары:

1. Тәрбие әдістеріне түсінік

2. Тәрбие әдістерінің жіктемесі

3. Тәрбие құралдары мен формалары



Негізгі ұғымдары: әдіс, тәрбие әдісі, тәрбие құралдары, тәрбие формалары

11.1. Тәрбие әдістеріне түсінік

Педагогикалық процестегі тәрбиенің қозғаушы күші ретінде формалар мен әдістердің сыныпта және сыныптан тыс уақытта қолданылуына байланысты өз ерекшеліктері бар.



Тәрбие әдістері, әсіресе ынталандыру әдістері, сыныптан тыс жұмыспен қоса оқу-танымдық іс-әрекетті үйымдастыруда да кеңінен қолданылады (әртүрлі мадақтаулар, жарыстар). Олар оқушылардың танымдық тілек-қалаулары мен қажеттіліктерінің дамуына әсер етеді. Тәрбие әдістері мен тәсілдері әрдайым бірін-бірі алмастырып отырады: кей жағдайларда әдіс тәсілге айналады.

Тәрбие әдістері дегеніміз, тәрбие мақсатына және нәтиже алуға жетуге байланысы қолданылатын тәсілдер. Мақсатқа әртүрлі жолмен жетуге болады. Тәрбиенің нәтижелілігі таңдаған әдіске тікелей байланысты. Тәрбие әдістері жалпы түрде қарастырылады. Өйткені, барлық адамдармен (оқушылармен, студенттермен, үлкендермен т.б.) тәрбие жұмысы жүргізіледі; барлық бағыттағы (адамгершілік, дене, еңбек, ақыл-ой т.б.)тәрбие мәселелерін шешуге қолданылады; бірнеше міндеттерді іске асыруда пайдаланылады. Тәжірибеде қолданып жүрген тәрбие әдістерінің:



  • сендіру;

  • жаттықтыру;

  • мадақтау;

  • жазалау;

  • үлгі көрсету түрлері әдістерді классификациялаудың базалық негізі бола алады.

Сендіру әдісінің негізгі қаруы – сөз, ақпараттандыру, адам санасына әсер ету.

Жаттықтыру әдісі – іс-әрекеттің көп рет қайталану арқылы, қалыпты әдеп қалыптастыру.

Мадақтау әдісі- жағымды іс-әрекетін бағалау арқылы, жеке адамды белсендендіру. Ол, мақтау, сый көрсету, жақтау, алғыс білдіру сипатта іске асырылады.

Жазалау әдісі- адамның қатесін түсіндіруге, жауапкершілігін арттыруға бағытталады. Қоғам талабын орындау керектігін үйретеді. Әрине жазалау әдісіне педагогикалық тұрғыдан денеге зақым келтіру, яғни ұрып-соғу, балағаттау жатпайды.

Үлгі көрсету- сөзбен істің бірлігі. Адам тек сөзімен ғана емес, ісімен тәрбиеленушіге үлгі-өнеге көрсетуі тиіс.

11.2 Тәрбие әдістерінің жіктелуі.

Педагогикалық әдебиеттер мен тәжірибеде тәрбие әдістерінің көптеген түрлерінің сипаттамасын кездестіруге болады. Тәжірибеде мақсат пен нақты жағдайларға сай әдістерді таңдап алу қиын. Сондықтан оларды ретке келтіру, яғни жіктеу қажет.

Жіктеу — арнайы белгілері арқылы құрастырылған жүйе. Әдістерді жіктеу олардың жалпы және өзіне тән, маңызды және кездейсоқ, теориялық, тәжірибелік жақтарын анықтауға көмектесіп, оларды дұрыс таңдап, нәтижелі қолдануға әсер етеді.

Жіктеуге сүйене отырып, мүғалім әдістер жүйесін түсініп қана қоймай, әртүрлі әдістер мен олардың түрлерінің қызметі мен өзіне тән ерекшеліктерін де жете түсінеді.

Көптеген зерттеушілер әдістерді жіктеуде мына қағидаларға сүйенеді:



-жеке тұлға іс-әрекет нәтижесінде дамып, калыптасады;

-оқушыларды тәрбиелеу процесі - өте күрделі іс-әрекет, оның негізі—өзіндік санасы, сезімдері, дүниеге, адамдарға, өз-өзіне қатынасы, күрделі ішкі дүниесі (мотивтері, тілек-талаптары, ынтасы), өзінің ұйымдасқан және ұйымдаспаған тәжірибесі бар даму үстіндегі адам;

-жеке тұлғаның қалыптасып келе жатқан қасиеттері құрылысы жағынан күрделі. Ол адамгершілік, эстетикалық және басқа қасиеттерден, сезімдерден, санадан (түсінік), сенімдерден, әдеттерден тұрады.

Осы қағидалар бойынша кейбір әдістер, көп жағдайда, мотивтерге, мақсаттарға, қатынастарға, мағлұматтарға, түсініктерге, пікірлерге әсер етеді, ал енді кейбіреулері мінез-құлықгың қандай да бір түрін қалыптастыратын әдеттерге ықпал етеді, ал басқалары балалардың мінез-құлқын реттейді. Қазіргі уақытта тәрбие әдістері мінез-кұлыққа негізделген, мотивтік-мақсатты жақтарын біріктіретін бағыттылық-интегративтік сипаттамасы негізінде жіктеу объективті және ең ыңғайлысы болып есептеледі (Т.И. Щукина). Осы сипаттамаға сәйкес тәрбие әдістері үш топқа бөлінеді:

-жеке түлғаның санасын қалыптастыру әдістері;

-іс-әрекетті ұйымдастыру мен қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру әдістері;

-мінез-қүлық пен іс-әрекетті ынталандыру әдістері.



11.3. Тәрбие құралдары мен формалары

Ал тәрбие құралына келер болсақ, ол әлеуметтік тәжірибе жиынтығы. Мақсатты шешу барысында тәрбиеленушіге әсер ететін нәрсенің барлығы тәрбие құралы бола алады. Бірақ, тәрбие құралдары нақты тазалық, эстетикалық, экономикалық, этикалық, құқықтық талаптарға жауап беруі тиіс. Әдістер мен құралдардың жиынтығы тәрбие формасын анықтайды. Қазіргі кездегі энциклопедиялар мен сөздіктерде «форма» ұғымының бірнеше мағынасын береді: ол- тәрбие процесінің ішкі көрінісі; тәрбие жұмыстарының ішкі көріністерін сипаттайтын тәрбие құралдары мен ұйымдастыру тәсілдерінің жиынтығы; тәрбиеленушінің жеке және ұжымдық іс-әрекетінің ұйымдастырылуы. Сонымен форма дегеніміз, тәрбиелеу процесіндегі тәрбиеші мен тәрбиеленушінің қарым-қатынас бейнесі.

Тәрбие жұмыстарының формасы төмендегідей қызметтерді атқарады:


  • ұйымдастырушылық;

  • реттеушілік;

  • ақпараттандырушылық.

Тәрбие жұмысының формасы, уақыт мерзіміне, тәрбиеленушінің іс-әрекет түріне (оқу,еңбек, спорт, көркем сурет), педагог ықпалына, ұйымдастырушы субъектілерге (оқытушы, тәрбиелеуші, ата-ана), нәтижеге, қатысушылардың санына байланысты сипатталады және басқа формадан ажыратылады. Мысалға, санына байланысты: жеке, топтық, ұжымдық болып бөлінеді. Тәрбие жұмыстарының мазмұнына сай тәрбие формасы таңдалады және жүргізіледі.

Бақылау сұрақтары
12 дәріс. Дүниеге көзқарас – қалыптасушы тұлғаның негізі -1 сағат.

Мақсаты: Дүниеге көзқарас негізінде жеке тұлғаның құндылық бағдарын айқындау, сонымен қатар студенттерді адамгершілік және имандалық тәрбиесінің теориялық негізімен және жеке адам қалыптастырудағы маңызымен таныстыру

Жоспары:

1. Жалпы адамзаттық құндылықтар- дүниеге көзқарас негізі .

2. Жеке тұлға және оның құндылық бағдары.
Негізгі ұғымдар: құндылық,құндылық бағдар, имандылық, иман, ізгі қасиеттер, рухани жазба мұралар, экономикалық тәрбие, құқықтық тәрбие

12.1 Жалпы адамзаттық құндылықтар- дүниеге көзқарас негізі.

Жалпы адамзаттық құндылық бағыттар адамның мiнез-құлқының ең маңызды қозғаушы күші болып табылады және оның іс-әрекетiнiң себеп-салдарын анықтайды. Құндылық бағыттары субъектiнiң іс-әрекетiнiң мотивін анықтайтын болғандықтан, олар сол іс-әрекеттi таңдау мен оның жүзеге асу барысына да әсер етедi. Осылайша құндылық бағыттары адам, оның қажеттiлiктерi мен қоршаған ортасы арасындағы байланыстырушы буын ретінде сипатталады. Яғни, жеке тұлғаның құндылық бағыттарының әлеуметтiк-этикалық мазмұнын қамтамасыз ететiн іс-әрекеттiң алуан түрлерiнiң интеграциясы, факторы болып табылады.

Дүниетаным ұғымының түбірі дүние. “Дүние” араб тілінен аударғанда өмір, тіршілік сөздерінің мәнін береді. Ал жалпы алғанда оны қоршаған орта, табиғат, әлем ретінде қабылдауға болады. Дүниетанымның екінші құрамы “таным” ұғымы. “Таным” философиялық ұғым, ол қоршаған ортадағы материалдық шындықтың адам санасында бейнеленуін көрсетеді. “Дүниетаным – философия және сол сияқты ол да бүтiнге, жан-жақтыға, соңғыға, ақырғыға қарай бет алады, ол тек космос туралы бiлiмдерден ғана емес, сонымен қатар бағалаудан, субординацияға ұшыраған құндылықтардан, өмiр формаларынан тұрады” (Г. Мейер). Философияның өзi де – дүниетаным, яғни бүтiндей дүниеге, адамның осы дүниеге қатынасына деген көзқарастар жиынтығы.

Көптеген ғалымдар (В.Т.Афанасьев, Л.П.Буева, В.В.Журавлев, А.Н.Леонтьев, В.П.Тугаринов, Ә.Нысанбаев, Ж.Әбділдин, М.Орынбеков, т.б.) дүниетаным мәселесін әртүрлі аспектіде қарастырып, оны қоғамдық сананы саралау тұрғысынан зерттеу қажеттілігін ескерткен. Дүниетанымға қысқаша энциклопедияда - жеке адам және оның қоғамдағы орны, сана-сезімдік қалпы туралы ұғымдардың жиынтығы-деген анықтама берілген. Яғни, ол сана ядросы ретінде сипат алады. Дүниетаным адамдардың іс-әрекетiнiң ерекшелiгiн анықтайтын өмiр принциптерiнен тұрады және болмысты тану әдiсi ретінде қабылданады. Дүниетаным ұғымына кеңірек тоқталар болсақ, ол – дүниеге нақты-тарихи маңызы бар көзқарастың, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарына, өмiрдiң әлеуметтiк-экономикалық құрылысына, адамның белсендi өмiр көзқарастарын анықтайтын қоғамдық-саяси қатынастар жүйесiне қатысты ғылыми негiзделген сенiмдердiң органикалық бiрлiгi, тұтастығы. Ал, ғылыми дүниетаным – қоғамдық сананың ең жалпы және жоғарғы формасы. Дүниетаным негiзiнде дүниеге көзқарас, демек дүние туралы белгiлi бiр бiлiмдердiң жиынтығы топтастырылған. Дүниетаным түрлi бiлiмдердi игеру процесiнiң және күнделікті көзқарастарды меңгеру нәтижесiнде қалыптасады сонымен қатар қоғамның жаңаруы, қоғамдық білім және жаратылыстану ғылымдарының дамуы нәтижесінде жетiледi. Жаңа ғылыми фактiлер, қоғамдық білім және жаратылыстану ғылымдарының жаңалықтары, өмiрдi жаңартудың жаңа қоғамдық тәжiрибесi қалыптасқан көзқарастар мен ойлау стереотиптерiн толықтырып, нақтылайды және өзгеріске ұшаратады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет