«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы


Поэзия жанрларының аудармасы



бет32/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
Байланысты:
Аударма алеми

Поэзия жанрларының аудармасы

Поэзия материалы — сөз. Адам даналығының ұлы жетістігі, адам ойларының тереңдігі, таңданарлық көрегендігі, сезімінің сұлулығы, тілінің тұнып тұрған байлығы ақындардың өлең-жырларында бейнеленген ғажайып сөздермен кестеленген.


«Тек поэзияның қарымы мол болғанда ғана бір ауыз өлеңмен шағын романдық өмірді беруге болады» деп І.Омаров әдемі айтқан. Өлең – шағын туынды болғанымен, сөз сұлулығы сараланған нағыз керемет өнер.
«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деген кемеңгер Абайдың ғажайып пайымдауынша, поэзия – адамзат өміріндегі биік өнер, әрі сөз өнерінің асылы. Ағылшын ақыны Перси Биши Шелли: «Нағыз поэзия жасырынып тұрған дүние сұлулығының шымылдығын ысырып тастайды» деген тұжырымында өлең өнерінің эстетикалық тағылымын биіктетеді.
Поэзия аудармасында ең алдымен көзделетіні — сөз, содан кейін поэтикалық мазмұн. Поэзия аудармашысы сөздің мән-мағынасын, дыбысталуын, образдылықты, синтаксистік және стилистикалық құрылымын (элементтерін) дұрыс жүйелеп, саралай білуі арқылы түпнұсқаның көркемділігіне, ырғақтық-әуездік сөз үйлесімділігіне, мағыналық толық қуатына жеткізуге ұмтылады. Нағыз классикалық өлең дәрежесіне жеткізу – аудармашы талантының шыңы.
В.Г.Белинский «Поэзия - өнердің жоғарғы тегі... Поэзия өзіне басқа өнердің элементтерін тоғыстырады» деген тұжырым айтса, «Поэзия қоғамға қызмет етуі тиіс адамның адамгершілік сипатта дамуын қамтамасыз етуі керек. Ондағы шындық пен қайырымдылықты терең сезініп, одан өмір сұлулығын таба білу, оны керемет және айқын образдарда көрсету көзделсе, мұны тек қана ақын ғана жасауы мүмкін» —деп Н.Добролюбов тереңдете түседі.
С.Мәуленов «Поэзия – халқымыздың жан-күйінің жарқылы, сезімінің сырлы шектерінің пернесі, оның эстетикалық арманының айнасы» деген.
Поэзия аз ғана сөздің аясына көп мағына сыйғызып, қысқа да шағын шығармада бір елдің тіршілік-тынысымен, мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрпымен терең таныстырады. Бірнеше шумақта адамның жандүниесін, сезімін баурайтын ойлар тұнады. Поэзия – ұлттық тіл болмысының жоғарғы түрі. Поэтикалық шығармашылықта халықтың рухы, өзіндік тарихи ерекшелігі, мәдени дамуы, тілінің байлығы сезіледі. Басқа халықтың поэзиясын түсіну – халықтың мінез-қылығын, басқа мәдениеттің сезімдік әлемін тану деген сөз. Өлең тілі лексиканың өзіндік үлгісі ретінде сипатталады. Өлеңдегі сөз саптау тәсілі түрдің (форманың) талап етуіне байланысты. Өлең сөздері шағын да қысқа, сұлу да сыршыл, бейнелі, екпінді, ырғақты болып келсе, поэтикалық мәтіндегі ой тұжырымды да тиянақты, көркем де мазмұнды түрде оны ажарлайды.
Өлеңдегі ұйқастың өзіндік мән-мағынасы бар. Ұйқас — өлең шумақтарындағы ойды өзара мағыналық жағынан байланыстыра келе, ойды түйіндеп, қорытындылайды. Жыр жолдарындағы ақын ойын тұжырымды жеткізуде өзара дыбыстық жағынан жақын, үйлесімді үлгідегі сөздер ретінде ұйқас — поэзияның құрылымдық негізгі бөлігі. Өлең сөзді ой, мағына жағынан құрау, қиыстыру бар да, оларды шебер ұйқастыру бар. Өлеңдегі ұйқас сөз мағыналарын үйлестіру, топтастыру, жинақтау қызметін атқарады.
Түпнұсқа тілін меңгеріп, поэзияны терең түсіну — өлеңнің рухын, мәнін, әсерін жеткізу негізі. Ақындық сезімталдық, түйсік, талант, өлеңге сүйіспеншілік — аударма табысы. Ақын өлеңінің сезімдік әсері аудармада еш әлсіремеуі тиіс.
Гете поэзиялық шығармаларды аударуды үш түрге бөлді. Біріншісі – поэтикалық шығармалардың прозалық аудармасы. Мұның нәтижесінде оқырмандар басқа ел поэзиясының шындығымен өз түсініктерінде таныса алады. Екіншісі аудармашылардың елдің болмыс-бітімінің сипатымен жеткізу мүмкіндігі. Олар басқа автор рухын, басқа мәдениет рухын меңгеріп алып, оны өз мәдениетінің рухында жеткізе алады. Аударманың үшінші жоғарғы түрі аударма мәтінінің түпнұсқамен барынша тепе-теңдікте жеткізу. В.Т.Белинский екі аудармаға қарсы поэтикалық аударманың өзіндік үшінші түрі көркем аударманы ұсынады. Ал оның екі бөлімдік құрылымында поэтикалық (еркін) аударма жасалса, көркем аударма ешқандай қосып алуға, ешқандай өзгертуге жол бермейді. Егер кемшіліктер болса, оларды да солай жеткізу қажет. Проза мен поэзияда аудармашы ой мен сезім сипатталатын тілге ерекше мән береді. Поэзияға көркем образды ойлау, салыстыру, теңеу, дыбыстық үндестік, ырғақ үйлесімділігі, тиянақты тұжырым жасау тән. А.Блок «Поэзия ойдан басталады» — дейді. Аудармада ақынның ішкі сезімін, тұспалдаған астарлы ойын бере білу — шеберлік белгісі.
С.Маршак пайымдауынша «Аударма ережеге сай жүретін шығармашылық». Өлең аудармасында ұлттық өлең өлшемі, ұйқас көп жағдай да өзгеріп тұрады. Француздың парнасшылары айтуынша поэзияның да музыка мен бейнелеу өнері тәрізді арнайы тілі бар және де өлеңнің өзі де айрықша сұлулыққа ие. Немістің классик ақыны Ф.Шиллер «Мен аударатын шығармалардан түпнұсқалық тіл емес, даналық тілі өмір сүргенін талап етемін» деп тұжырым жасаған.
Поэзияны аудару оңайға соқпайды. Әр ақынның өлең құрастыру тәсілі (прасодиясы) өзгеше. Сондықтан аудармашы ақынның поэтикалық әлемін барынша зерттеп, өлеңдегі қолданған тәсілін, поэзияның түрін жетік меңгергені жөн.
Өзіндік тілдік ерекшелігіне орай француз әдебиеті басқа елдің ақындарының поэзиясын өлең түрінде, өлең тілінде аудармайды. Бұған екпіннің жылжымауы, инверсия (сөйлемдегі сөздерді орналастыру тәртібі) жасау қиындығы шет елдің поэзиялық ырғағын сол негізде жеткізуге кедергі келтіреді. Француз аударма тәжірибесінде өлеңді көбінесе прозамен аударады.
Алайда проза аудармасының өз қиындығы бар. Мұнда мағыналық көлем мен сөздің стилистикалық бейнелілігінің түрлі тілдер оралымында сәйкеспеуі қиыншылық келтіреді. Сондықтан басқаша синтаксистік құрылым жасауға ырақтық шешім іздестіріледі. Әйтсе де сөз – проза жанрының басты элементі. Өйткені ол мағына мен стилистикалық әуезді жеткізеді.
Прозада да поэзия араласып отырады. Әсіресе бұл ақындар шығармашылығы, өмірі туралы жазылған туындыларда орын алады. Мұндай кезде автордың өзі ақындық қабілеті болмаса, онда өлеңді немесе үзінділерін аудармасынан алуына болады. Егерде аударма автор ойынан шықпай жатса, онда өзіндік нұсқасын жасауға тура келеді. Мәселен ағылшынның классик жазушысы Ч.Диккенстің «Екі қала туралы повесін» ағылшын тіліне аударған 4 аудармашы да, оның бірінші тармағында прозалық өлең жолдары бар екенін байқамаған. Кейбір көркем туындыларда ақ өлең үлгілері де кездеседі, мұны қалайда ескеру қажет.
Прозада сөз өлеңнің ырғақтық қатарынан орын алады да, оның сапасына өзгеріс жасайды. Поэзия тілі бейнелілікке, метафораға, теңеуге құрылады. Прозада ол жиі қолданыла бермейді. Француздық париастықтар поэзияда музыка мен бейнелеу өнері (живопись) сияқты арнайы тіл бар, ол өзіндік сұлулығымен ерекшеленеді деген ойға негізделеді.
Поэзиялық аударма қалың көпшілікке арналған, оның тұжырымы да мүлдем басқаша, сондай-ақ мақсаты да басқаша, оқырмандарды өлең өнерімен, талантты ақындармен таныстыру. Бұл үшін аудармашылар түрлі тәсілге барады. Прозалық туындыны поэзиялық тілмен аудару да өзіндік шығармашылық тәсіл болып қалыптасты. Яғни, шығарма поэтикалық тілмен, өлең ұйқасы, ырғағы, әуезімен жеткізілмейді, оның мазмұны ғана сипатталады. Оқырман ақын өлеңінен не поэмасынан түсінік алғанымен, жалпылама не айтылғанын білгенімен, ондағы ақындық шеберлік, көркемдік мазмұн қуаты, поэтикалық мәнер, образдылық сипат, эмоционалдық реңк, эстетикалық сұлулық, ұлттық колорит, тілдік бояу тәрізді басты ерекшеліктерімен таныса алмайды. Мысалы, Гомердің әйгілі «Илиада» және «Одиссей» поэмаларын балалар түсінігіне арнап, проза тілімен В.Тудоровская жинақтап орысша аударып шықты. Мұндай тәсіл қазақ көркем аударма тәжірибесінде де бар.
Француздың көрнекті әдебиетшісі, эстеті Поль Валери тұжырымдауынша: «Поэзия үш өлшемнен бағаланады. Біріншіден, мен ноталар ретіндегідей әуезін тыңдаймын, сонан соң оның сөздерінен рахаттанамын, ең соңында, егер бар болса идеясына ауысамын». Поэмаларды аудару ақын-аудармашының тәжірибелілігі мен шеберлігіне сын, эпикалық қарымдағы сан алуан сюжетті, түрлі өлең өлшеміндегі дастандар тәжімалауда озық әдіс-тәсілдерге сүйену артық болмайды.
Лириканың өзі шағын, орта, үлкен болып үш түрге бөлінеді. Шағын түрге эпиграмма, мадригаль, орта түрге ода, сатира, эллегия, үлкеніне лирикалық поэма, жалпы поэма түрлері енеді, сондай-ақ әрбір елде ронда, сонет, триолета, газел (орта шығыс елдері лирикасы) т.б. өлең үлгілері бар.
Лирика аудармасы өте сезімталдықты, терең түсінікті, шығармашылық батылдықты, аса жауапкершілікті талап етеді. Шағын жырдағы шымырланған әдемі ойларды шашыратпай аудару — шын шеберлік. Лирикалық жырлар аудармасында мағыналық өріс, интонация, әуез ырғақ сақталуы өзі алдына, ең негізгісі ақынның лирикалық-сезімдік көңіл-күйін, жандүниелік ой- толғанысын сыршылдықпен, әсерлілікпен аудару айрықша.
В.Г.Белинскийше тұжырымдасақ, «Өлең тілі проза тілі тәрізді дәл өзінің рухына сай еркін түйінді, астарлы кітаби оралымдардан жат болуы тиіс». Дегенмен, поэзия тілі дәлдігімен, жинақылығымен, ықшамдылығымен, әсерлілігімен прозадан ерекшеленеді. Бұл – белгілі заңдылық. Поэзия тілі – мәнерлі де қысқа, мағыналы да нысаналы, айқын да айшықты.
Поэзия прозаға қарағанда сыртқы дүниені басқаша бейнелейді. Шағын шығарма ауқымды жинақтаудан өткен образдарды айшықтайды. Көлемі кішігірім лирикалық өлеңде махаббат пен зұлымдық, өмір мен өлім, достық пен дұшпандық, арман мен мұң т. б. алуан- алуан адам өмірінің сипаттары жырланады. Олар детальдық жағынан толық сипатталып, барлық сыртқы қасиеттері, характерлері ішкі тартыстарымен, бар болмыс-бітімімен бейнеленеді. Мәселен табиғаттың бір көрінісін немесе мезгілдің бір сәтін суреттеу үшін прозада бірнеше беттер жазылады. Ал поэзияда ол бірнеше шумақтармен сезім әлемін сиқырлайды.
Прозада кейде табиғат бір-екі сөйлеммен, әдемі де әрлі детальмен кескінделуі мүмкін. Бірақ бұл сирек жағдай. Оны нағыз талант, сөз өнерінде шыңдалған шебер ғана жасай алады.
Американдық талантты ақын Р. Фрост «Поэзия дегеніміз — аудармада жоғалып кететін дүние» деген сыңаржақ пікір білдірген. Мұны С.Маршак, К.Чуковский тағы басқа аудармашылар теріске шығарды. Аудармашыларды жансыз академиялық кітап тілінен сақтандыра келе, С.Маршак «Аудара отырып, тек қағазға ғана емес, терезеге де қараңдар» деп ескертеді. Бұл поэзияның табиғи тынысын жеткізу деген сөз.
Аударма егерде толық көркемдік деңгейінде жасалған жағдайда, біріншіден, оқырманның, халықтың кәделі қазынасына айналса, екіншіден күмәнсіз әдеби зерттеу негізі болып табылады. Ақынның біліміділігі, дүниетанымының кеңдігі, тіл байлығының молдығы, тәжірибелігі аударманы еркін сезінтеді. Түпнұсқаны толық жан-жақты меңгеру шығарманы көсіліп еркін аударуға жол ашады.
Поэтикалық синтаксис кәдімгі сөйлеу тілі тәрізді көркем проза синтаксисінен аса ерекшеленеді. Ондағы ерекшелікте сөздердің орын тәртібі, қатары жиі бұзылады, бұл оған тән заңдылық саналады. Поэтикалық аударманың прозамен салыстырғандағы негізгі сипаты-мейлінше еркін болмыс-бітімінде, қатаң композициясы мен поэтикалық сөзінің проза аудармасына қарағанда үлкен өлшемдегі шарттылығы. Сондықтан да дәл сәйкестігін жасауға мүмкіндік бермейтіндігі. Сонымен бірге поэзияны басқа жанрлардан даралайтын бір ерекшелігі – ұйқасқа құрылатындығы.
Поэзияда ұйқас мазмұн мен түрдің негізгі композициялық диалектикалық бірлігі ретінде танылады. В.И.Михайловская ұйғарымынша: “Ұйқас бір мезгілде синтаксистік және мағыналық құрылым бірлігінің қызметін атқарады”. Өлең мәтіндеріне басқа тілде соған үйлесімді баламалықпен, мағыналылық жақындықта сәйкесетін көркем аударма жасау – қиынның қиыны. Сөзді қиыстырып, ұйқастыру үлкен шеберлік. Аудармада өлең ұйқасы дәл түпнұсқадағыдай қайталанбайды. Бұлай болуы мүмкін емес. Алайда ұйқасқа құрылған өлең өз қасиетін сақтауы керек. Аудармада ұйқас басқаша жасалғанымен, ішкі өлең ырғағы, әуезі, интонациясы мағыналық әсерімен, қуатымен мүмкіндігінше толық айшықталуы тиіс.
“Романда мейлінше ұқыпты болмауға да болады. Ал әңгімеде өзінің негізі жағынан өлеңге жақындау болғандықтан, әрбір сөз шексіз дәл болуы тиіс. Әңгімеге басы артық ештеңе қоса алмайсың. Поэзияда болса, тіпті бірде бір дәл келмейтін сөз болмауы керек. Ол барынша мінсіз, мүлтіксіз болуы қажет”. Фолькнер әр жанрдың өзіне тән сөз саптау ерекшелігін осылай пайымдайды. Мұның өзі Абайдың өлеңге қатысты анықтамасында айқын айшықтаған: «Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» - деген тұжырымын еске түсіреді. Классик ақын поэзия таза, мінсіз, сараланған, бейнелі, көркем сөздерден құралатынын дәлелдеп айтқан, өлеңдерінде де өнегелеп көрсеткен.
Бұрындары поэзия аударылмайды деген түсінік туған. Бұл көзқарасты алғаш қалыптастырған италияндық классик ақын Данте болатын. Ол «Думан» атты еңбегінде Гомердің шығармалары мен Псалтир өлеңдерінің грек тілінен латын тіліне, еврей тілінен грек тіліне аударылу жайын талдай келе, поэзия аударылғанда бар тартымдылығы мен үйлесімділігін жоғалтады деген пікірге тиянақталған.
— Өлеңді қалай аударамыз? – деген сауалға орыс ақыны В.Солоухин: «Мен өлеңді аударғанда қолданатын бір ғана өлшемім бар — әттең мына өлеңді өзім жазбаған екенмін деп өкінгенде ғана және өз тіліме көшіру мүмкіндігі туғанда ғана әлгі өлеңді өз поэзиямның фактісі етіп аударамын» — деп жауап беріпті.
В. Инбер 1957 жылғы қарашада Римде сөйлеген сөзінде «Поэзияны жалпы аударуға болмайды деген сөздер естілуде Мен мұны онша дұрыс көрмеймін. Поэзияны аударуға болады және аудару қажетте» деп батыл ой айта келе, кейбір аудармаларда түпнұсқадан ештеңе қалмайтынын, түбірімен өзгертінін ескертіп, сондай нашар аудармадан сақтандырады.
Көрнекті армян ақыны О. Туманян «Тіпті поэтикалық шығарманың жақсы аудармасының өзін, әйнек астындағы раушан гүлі деп айтады. Раушан көрініп тұр, алайда оның жұпарын сезіне алмайсың» деген ой білдіреді. Мұның өзі де поэзия аудармасын қаншалықты дәрежеде көркем, дәл жеткізе білу үшін нағыз таланты ақын-аудармашы болуды айқындайды. Талантты ақынның бәрі тәржімаға бара бермейді. Ақындық талантпен тепе-тең түсер аудармашылық талант болмаса, онда аударма жасаудың қажеті шамалы. Көп ақындар өзі ойлап тапқан, бейнелі тіркестерін, теңеулерін әдемі жолдарын басқаның шығармаларына қиғысы келмейді. Автор талантына сүйіспеншілік құрмет таныту, туындысын төл шығармасындай қадірлеп, өз ұлтының игілігіне ұсыну жолында жанқиярлыққа баратындар ғана поэтика аудармашысы бола алады. Басқаның шығармасын аударуда ақындық шабытын, шығармашылық құштарлығын, рухани күш-жігерін арнай отырып, ол діттеген ойына жетеді. Түпнұсқалық шығармаға аудармашы, білімін, ізденісін, талантын, шеберлігін аямай жұмсағанда ғана жақсы поэтикалық аударма жасалады. Орыс поэтикалық аудармашылары Илья Сельвинский, Лев Пеньковский Татьяна Спендиярова, Вера Звягинцева, Андрей Глоба, Марк Тарловский, Яков Козловский, Владимир Державин, Владимир Луговской, Петр Антокольский, Николай Асеев, Маргарита Алигер, Илья Эренбург, Наум Гребнев, т.б. арқылы шығыс әсіресе Кавказ халықтарының өлең-жырлары басқа елдерге жақсы танылды. Владимир Луговской- өзбек, азербайжан, татар поэзиясын аударудың танымал шебері. Біразы қазақ поэзиясын аударуға да араласты. Бірақ дәл кавказдық ақындарды аударғандай белсенді бола алмады.
Татар өлеңдерінің орыс тіліне аударылу сапасына байланысты өткір де батыл ойлар айтып, ұлттық поэзияны немқұрайды аударуға батыл қарсы шыққан белгілі ақын Камиль Мустафин: «Аударма дәл, бірақ шығарманың поэтикалығы аудармада жоғалып кетеді, сөйтіп мәтін түпнұсқалық тіл жүйесінде ¸ëñiðåп, басқа тілдік және мәдениеттік жүйеде солғындайды, басқа елдің оқырманын қызықтырмауы мүмкін. Көптеген аударма кітаптарын оқи отырып, оны құрастырған кезде оқырман қызығушылығы ескерілмегенін байқайсың. Аударма жинақтарына кейде бар мағынасынан айырылған өлеңдер де еніп кетеді, сөйтіп поэзияның қанаты қырқылады, ұлттық болмыс-бітім формальды атрибутқа айналады» — деп талғамсыз, сапасыз немқұрайды аударылған поэтикалық шығармаларға жанашырлық білдіреді.
Поэзиялық аудармадағы автор дербестігін, поэтикалық өзгешелігін, сөз саптау даралығын танып, білу аударманы да сол дәрежеге жеткізуді міндеттейді. Осыған байланысты Я.Кросс: “Аудармашы ең алдымен аударылатын материалдың ұлттық характерін, негізін сезінуге бойлауы керек. Аудармашының алдында тұрған міндет — ақынның шығармадағы ішкі дербестігі, ерекшелігін табу” деп біледі.
Расында да, поэзия аудармасының жоғары көркемдік-эстетикалық, поэтикалық сапасына жетуде аудармашының өз «мені» түпнұсқадағы ақынның «менімен» ортақ тіл табуы тиіс. Аудармашы қанша талантты, шебер, танымал болғанымен, ақын шығармашылығына ар-ұятпен, жауапкершілікпен, адалдықпен қарағаны жөн. Нағыз ұлы поэзия туындысының, құндылық қасиетін аудармада толығымен жеткізе білу жолында жан аямай еңбектенуі қажет. Тіпті кейде өз шығармашылығына жұмсалатын ізденіс пен тапқырлық тәржімада да тоғысуы – оның биік дәрежеде жасалуының негізі. Ақынның шабытты, тебіреністі, тамаша туындысы табиғи болмысымен оқырманға жетпесе, ондай поэзияның кімге қажеті бар?!
Көркемділігі мен образдылығы, шабыттылығы мен сезімділігі, тартымдылығы мен сұлулығы сақталмаған поэзия аудармасы авторының талантын, атақ-абыройын аласартады, жақсы өлең, дастанның басқа ел әдебиетінің алдындағы беделін төмендетеді. Сондықтан автор жан-дүниесіне, өлең рухына, ондағы сұлу сөздер мен астарлы ойларының сырына тереңдей енумен поэзия әлемінің әдемілігі мен асқақтығын басқа ұлт тілінде бедерлеу – үлкен таланттылықтың белгісі. Аудармашы ақын П.Антокольский «түпнұсқаның әр жолына зер сала отырып, талантты аудармашы шынайы картинаны, образдарды және бәрінен бұрын ақынның өзін көре алады, оның сезімі мен толқу-тебіренісі өзінікіндей болып қалыптасады» — дейді. Көптеген поэзия аудармашыларына жетіспейтіні де осы. Көп жағдайда: «Ой, аударсам болды, қалай шыққанын кім біліп жатыр?» деп жауапкершіліксіз, немқұрайды қараудан қарабайыр, нашар аударма туады. Екіншіден, аударманың ойдағыдай болып шықпауы, ақындық талант болғанымен, аудармашылық таланттың жеткіліксіздігінен, шеберлік, тәжірибенің жоқтығынан. Нашар, қабілеті төмен аудармашы жақсы аударма жасай алмайды. Сондықтанда «Қандай да бір ақынды толық түсіну үшін оның барлық тілге аударылған шығармасын оқып шығу керек» — деп Н.Гумилев айқын айтқан. Ұлы талант поэзиясының жасампаздығы оның аудармасының сапалы, көркемдік, поэтикалық сәйкестікте, бар бейнелілігімен, эстеттикалық сұлулығымен, әсерлі де әдемі тілімен, өлеңдік биік рухымен жасалуында.

1. Поэзия өнері және аударылу сипаты.


2. Поэзияның басты элеметтері және аудармадағы жеткізілу мүмкіндігі.
3. Поэзияны аудару қиындығы мен күрделілігі неліктен?
4. Проза, поэзия шығармаларының өзгешелігі және аударылу сипаттары.
5. Поэзия жанрларын аудару тәсілдері. Аудармада сақталатын басты элементтер.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет