«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы



бет2/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
Байланысты:
Аударма алеми
Аударма алеми
Көркем аударма сипаты

Көркем аударма – көркем әдебиет жанрын басқа тілде баяндайтын аударма түрі. Әлемді мәдени түрде меңгерудің көркемдік құралы. Адамзаттың ой-санасының, білім-танымының дамуындағы мәдениеттер байланысының өркендеуіндегі қызметі өлшеусіз. Оның теориялық негізі тарихи, әдеби міндеттерді шешуге бағытталған аударматану мен әдебиеттану теориясына негізделген. Көркем шығарма аудармасы дегеніміз түпнұсқалық шығарманың көркемдік рухын басқа тілде дәл, сәйкес, шынайы, сапалы жасап шығу. Оны аударылатын ұлт тілінде жазылған туындыдай, соның көркемдік-ой дәрежесіндей жеткізе білу керек.


Әрбір аударма оқырмандарына төлнұсқаның құндылығына сай әсер дарытуы тиіс. Көркем аудармада мүмкіндігінше сөздерді, тіркестерді, сөйлемдерді қалдырып кету немесе қосу, аудармашы тарапынан өзгертуге болмайды. Егерде шығармада кемшілік, түрлендіру кездессе, оларды дәл сол қалпында аударып көрсеткен дұрыс. Көркем шығарма аудармашысының тәжірибесі, еңбексүйгіштігі, қабілеттілігі мейлінше төмен деңгейде болса аудармада соншалықты қарабайыр, жалған түрде жасалады да, толық көркемдік құндылыққа, жоғары сапалылық дәрежесіне жете алмайды. Тәжірибелі аудармашы өзінің шығармашылық таланты мен шеберлігін, алғырлығы мен адалдығын түпнұсқаның дәлдігін, шынайылығын сақтап жеткізу мүмкіндігінде көрсете алады. Қабілетсіз, тәжірибесіз аудармашы өзінің ыңғайына бейімдейді, өйткені ол аударманың қадір-қасиетін, мән-мағынасын түсінбейді. Жақсы аудармашы автор шығармасының бар құндылығын жеткізуді көзейді. Көркем әдебиет шығармаларының аудармасында түпнұсқаның дербес өзіндік бітім-болмысын, ерекшелігін жасау кезінде оны эстетикалық қабылдау мәні ерекше. Аудармашы шығарманың көркем мазмұнының бар ерекшелігін сақтаумен бірге, образдық жүйесін, семантикалық, стилистикалық баяндау мәнері және бейнелеу сипаттары мен мүмкіндіктерін ана тілдегідей аударма тілінде де жеткізуге ұмтылады.
Көркем аударма – коммуникативтік қызметтің айрықша түрі. Көркем мәтін аудармасын жүзеге асыру кезінде аудармашы тек бір жақты аударма ауқымында қалып қоймауы тиіс. Ұлттық рухани мұра аясында мәдениетаралық, мәдени-этникалық және көркемдік коммуникациясының айрықша түрі ретінде қарастырылуы жөн. Осы тұрғыдан келгенде теңдессіз құндылығы, маңызды, мағыналық сипаты және көркемдік бейнелеу мен қабылдаудың заты ретінде мәтіннің рөлі айқын. (Бұл арнайы сөз болады. – Ә.Т.).
Көркем аударма мақсаты – шет тілін білмейтін оқырманды сол халықтың шығармаларымен әлем әдебиетінің озық үлгілерімен, классикалық туындылармен таныстыру. Шығарманың көркемдік ерекшелігін, дербес құрылымдық сипатын, ұлттық колоритін сақтау – аудармашының табысқа жетуінің басты кепілі. Мұндай жетістікке жету үшін аудармашы бірінші кезекте түпнұсқаның көркемдік мазмұнымен бірге, философиялық рухын, әлемін терең сезінуі тиіс, бұл үшін талантты аудармашы болу аз, нағыз әдебиетші, энциклопедияшы, ғалым болуы қажет. Мысалы, грузин аударма теоретигі, аударма ғылымының докторы, профессор Г.Р. Гачечиладзе – үлкен әдебиетші ғалым әрі талантты аудармашы да. Классик суреткер М. Әуезов –сөз өнерінің асқан шебері, фольклор, публицистика, поэзия, драматургия, әдеби жанрлардың барлық түріне терең талдаулар, зерттеулер жасай отырып, ұлттық аударма өнерін дамытуға, шет елдер әдебиетімен байытуға баға жеткізгісіз үлес қосқан сан қырлы талант. М. Әуезовтың аударма туралы пайымдаулары әлемдік аударма ғылымында лайықты орын алады.
Тәжірибелі, талантты проза аудармашылары әркез түрнұсқаның рухын, идеялық-көркемдік ерекшелігін, образдық жүйесін, стильдік даралығын сақтауды басты парыз деп біледі. Аударма шығармашылығында ең қиыны – түпнұсқаның барлық ерекшеліктерін, бейнелеу элементтерін, көркемдік-эстетикалық құндылықтарын, стилін сақтап, дәл де айқын жеткізу. “Аудару екі түрлі. Бір түрі – жеңіл сөйлемдерді аударғанда негізіне жақынырақ аудару. Екінші – көркемшілік жағын көздеу” (189-б.) деп пайымдайды К. Кемеңгерұлы. Мәтін көркемділігі – аударма үрдісінің басты сипатының бірі. П. Антокольский, М. Әуезов, М. Рыльский тұжырымы: “Көркем аударма шығармасы сонымен бірге көркем шығарма болып қалуы қажет”.
Көрнекті неміс филологы, философиялық лингвистиканың ірі өкілі Вильгелм Гумбольдт 1796 жылы 26 шілдеде А. Шлегельге жазған хатында аудармашы қалайда түпнұсқадағы дәлдікті нақты, өз халқының тілі мен талғамына негіздеуі тиіс екенін ұсынды. Ағылшын ғалымы Тайтлер 1791 жылы Эдинбург академиясында жасаған “Аударма тұжырымдары” баяндамасында аударманың басты ерекшеліктері: “оқырман түпнұсқаны қандай әсермен қабылдап сезінсе, онда аударманы да солай сезінуі тиіс. Бұл үшін үш жағдай керек: аударма түпнұсқа идеясын толығымен жеткізуі тиіс, аударманың стилі мен мәнері де түпнұсқадағыдай сипатқа ие болуы тиіс, ең алдымен аударма түпнұсқада айтылғандарды мейлінше жеңілдікпен баяндауы тиіс” – дейді. Ал француз ағартушысы Д. Дидро ағылшын философы Шэфебери кітаптарын аударуда “алғашында түпнұсқаны екі рет оқып шықтым, оның рухына бойладым, содан кейін кітапты жан-тәніммен аударуға кірістім” деп тәжірибесін бөліседі. Бұл айтылған тұжырым – көркем әдебиет аудармасына да қатысты. Көркем әдебиет аудармашысын “Жат баланы жан мейіріміне бөлеуші, бауырына басушы, өз халқына рухани қазына сыйлаушы” – депті М. Әлімбаев (252-б.). Шынында да, жақсы аударма аудармашының табиғи таланты, үлкен тәжірибесімен ғана емес, жандүниесінің жылылығына, елге, авторға, шығармаға деген ықылас-ниетінің нұрына, жанашырлық пен жауапкершіліктің қарымына бөленген жағдайда жасалады. Оқырман да мейірлене, рахаттана оқиды. Т. Ахтанов тұжырымдағандай: “көркем аударма өнеріне, үлкен жан күші, ыстық жүрек керек” (312-б.).
Неміс романтигі Август Шлегель аудармаға мынадай анықтама берген: “Көркем аударма – бұл жан берер жекпе-жек, нәтижесінде кім оны аударатын болса немесе кімнен ол аударма жасайтын болса түпкілікті жеңіліске ұшырайды”. В. Леонович: “Көркем аударма – түпнұсқа өмірі” дейді. Расында да, жақсы шебер жасалған аударма қандай да бір ұлттың игілігі ретінде басқа елдегі екінші өмірін бастайды. Бір елге атақ-абырой әкелген шығарма екінші бір ел тіліне аударылғанда да сол биігінен аласармауы керек. Аударма зерттеушісі А. Кашкин: “Көркем аударма – бұл сұлулыққа саяхат шегудің бір түрі” – деп айрықша бағалайды. Бұл дегеніміз көркем әдебиет шығармаларының аудармада көркемдік-эстетикалық негізімен әсерлі жетуі деген сөз. Көркем аударма мәтінін дәл, шынайы, әдемі қалпында оқырманның қабылдауы – аударманың сапалылығы мен жетістігі. Өйткені, сөз – сұлулық әлемінің мағыналы бөлшегі. Көркем сөз – эстетикалық, эмоциялық, рухани қуатымен күшті. Сондықтан, ол көркем әдебиеттің сұлулығының негізі ғана емес, аудармада да әдемілік әлемімен сақталуының сипаты. Әдетте аударманың негізгі құндылығы – мазмұнының, яғни көркемдік қасиетінің, ойының дәл берілуі. Н. В. Гоголь “аудармада бәрінен көбірек ойға жүгіну керек те, бәрінен шамалы сөзге зер салу керек” – деген ұйғарымын ұсынады.
Кейде аударма мәтінін көркем, әсерлі, шынайы жеткізу қажеттілігінен кейбір сөздер пайдаланылмай қалады. Сондықтан көркем аудармада сөздің саны түгелденбейді, көркемдік, сезімдік, экспрессиялық қуаты алға шығады. М. Әлімбаев: “Түпнұсқадағымен салыстырғанда сөз санының кем соғуынан ой ойсырамайды, бояуының нәрі кетпейді” дегендей, тәржіма тәжірибесі тұжырымдағандай көркемділіктің сақталуы үшін түпнұсқалық мәтіндегі сөздер түгел қолданылмайды. Бірақ мағына, ой қуаты түпнұсқадағыдан еш кемімеуі тиіс.
Роджер Бэкон (ХІІІ ғ.) тілдің әр елге тән күрделілігімен, өзіндік ерекшелігімен “бәрін аудару мүмкін” емес деп санайды. Сервантестің “Дон Кихотын” француз тіліне аударған Флорион “Құлша бейнеттенген дәлдік бұл – күнә... Роман немесе сол тектес дүниелерді тәржімалағанда, ең нағыз сүйкімді аударма дегеніміз әрине, ең дәлі” - деп санайды. “Құлша құлшынған аударма”- бұл сөзбе-сөз аудару тұжырымы ХVІІ ғасырда қатты сыналды.
О. Холмская Ресейде декабристердің көркем аударма тәжірибесі мен теориясына енгізген мынадай шарттарын атайды. Мәтінге жақындау, ойдан қосу мен толықтырулардың қатыспауы, қысқалылығы, драмалылығы және қуаттылығы, жай сөздерді кеңінен қолдануы түпнұсқаның пресодиялық (сәйкестік) түрін жеткізу...
Көркемділігі жоғары аударма – үлгілі аударма. Түпнұсқаның көркемділігін аударма арқылы жеткізу – маңызы зор мәселе. Түпнұсқа тұтастай бар көркемділік құндылығымен аудармада қайталанғанда ғана биігіне жеткен. Түпнұсқаның композициясы, сюжеттері, бейнелеу элементтері, стилі, интонациясы, әуезділігі, ырғағы, эстетикалық-көркемдік құндылықтары тұтастай аударылған жағдайда ол нағыз шығармалық рухын сақтай алады. Түпнұсқаның тынық-мазмұндық ағынына бойлай жүзу, үйірілген ой иіріміне тереңдей ену, әуездік-ырғақтық нәзік толқындық тербелісін аңғара білу – аудармашылық алғырлық, көрегендік Шынайы, сапалы, биік көркем аударма – көркем әдебиеттің жарқын жетістігі.
Н. А. Некрасов аударманың қиындығы әдебиеттің ұлттық-көркемдік түрлі жүйелілігі мен тілдің лингвистикалық түрлі жүйелілігінен деп біледі. Ол рухы жағынан жақын тілдерді аудару тіпті қиын, бәлкім бұл түпнұсқаға бойламаудан айқынырақ сезілетін болар деп ұйғарады. Алайда, көркем аудармада да туыс тілдер аудармасында да қателіктер жиі орын алуы, кейде мағыналас сөздердің әр тілде өзіндік дербес ұғымы барын аңғармаудан туындайды. Кеңестік кезеңде Орта Азия халықтарының көркем шығармалары қазақшаға көбінесе сол ұлттың тілінен емес, орыс тілінен аударылды. Мұның өзі де сатылы аударма жүйесінде болғандықтан да, небір таңдаулы туындыларды биік көркемдік дәрежесінде жеткізуге мүмкіндік бермеді. Алайда тікелей сол ұлт тілінен жасалған аудармалар бар. Мысалы, белгілі тәжік аудармашысы Э. Нұралиев: “Тәжік әдебиеті қазақ қаламгерлеріне риза. Қазақ әдебиеті де тәжік қаламгерлеріне риза шығар. Өткен ғасырда, әдебиеттер туыстастығы ұлт саясатының үлкен бір арнасы ретінде қаралған кезде тәжікшеден қазақшаға, қазақшадан тәжікшеге аударылған кітаптар көп болған. Садриддин Айнидің “Құлдар” романын Асқар Тоқмағамбетов пен Қалтай Мұхамеджанов аударған сонау елуінші жылдардан бері қарай бұл шаруа жүйелі жолға қойылған” деп бағалаған.
“Тіпті соншама дәл аударманың сөзі барлық қырынан түпнұсқамен үйлесе бермеуі, “шексіз дәл” болып шықпауы мүмкін. Аударма толығымен түпнұсқаны қайталауы да қажет емес, қайталау өнерге кереғар” (с. 16). В. Левик осындай тұжырымға келген. Аударма түпнұсқадан әлдебір жағынан кем түскенімен, бәрібір іс-жүзінде түпнұсқаны ауыстыратынын, керек болса түпнұсқа өміріне ықпал ететіндігін ерекшелейді. Сондықтан аудармашы автор шығармасын көшіруші емес, оны қайта жасап шығушы екенін естен шығармауы керек. Аудармашы өзін автор санатында сезінуі тиіс. Автор талантын бағалап, қадірлеу, оның шығармасына сүйіспеншілік танытумен ұштасады. Сонда ғана аударма сәтті, көркем, көрнекті, көңілдегідей шығады. Мария Петровых бірде армян аударма зерттеушісі А. Мкртчянға өлеңді аудармас бұрын, қолөнер шебері балшықты алақанымен қыздырып алған тәрізді, оны өз деміңмен жылытуың керек депті. Бұл дегеніміз, өлеңді сезіну, ақын жандүниесін түсініп, білу. С. Маршактың “Аударма – сүйіспеншілік перзенті” дегеніндей, өлеңге, ақынға сүйіспеншілік, құштарлық бар да – аударма да бір тыныспен жасалады. Талантты, оның шығармасын қадірлеу, құрметтеу сезімі барда шығармашылық шабыт, ынта-ықылас артады. Бұл сүйіспеншілік түпнұсқа тұтастығын сақтаудан бастап, көркемдік элементтерін толық қамтумен, шығарманы шынайылықта, шебер аударумен қарымды.
Шығармалардағы кейіпкерлердің әралуан болмысынан жазушылардың көзқарасындағы, психологиясындағы бейнеленіп отырған дүниеге ұлттық қатынасын айқындап алу – аудармашының айрықша бір қасиеті. Кейіпкер бойындағы ұлттық мінез-қылықты жеткізудегі жазушының көркемдік ізденісін, сөз саптауын, стилін, бейнелеу, сипаттау элементтерін қолдану тәсілін жете білуден аудармашы ұтылмайды. Л. Гинзбург “Бір сөзге сол сәтте тек аударма тағдыры ғана қатысты емес, сондай-ақ аудармашының шығармашылық тағдыры да қатысты” дегендей (с. 12), аударманың көркем де келісті, әдемі де мәнерлі жасалуы аудармашының суреткерлік талантының, тіл шеберлігінің жаңа қырынан жарқырауы.
“Аудармашы сағат сайын әрі минут сайын қандай да бір деңгейде көркемдік құндылықты жасаушы іспетті немесе нағыз автор, кез келген орындаушы пианист немесе актер тәрізді саналатынын ұмытпауы тиіс” дейді В. Левик (с43). Өнер туындысын орындаушы оны шабыттана, жандүниесімен сезіне орындайды, оған бар болмысын, ақыл-ой, білім, ізденісін аянбай арнайды. Соның рухына беріледі, бағынады. Аудармашы да тура сондай. Басқа автор туындысын өз туындысындай сезініп, түсінгенде ғана аударма сүйіспеншілікпен, шынайылықпен жасалады. Мұндай аударма басқа тілдің байлығымен, таланттын қуатымен жасалған көркемдік кереметі!
Аударма шығармасына аудармашы бар өмірін, талантын, жандүниесін, шығармашылық құштарлық пен қызығушылығын арнағанда ғана, ол бар табиғатымен, тұтастылығымен, құрылымдық элементтерімен тегіс танылады. Автордың ой-сезімін, дүниетанымын, стильдік дербестігін, көркемдік әлемін терең түсіну, айқын сезіну – аударма сәттілігінің негізі. В. Ганиев пайымдауынша, “Аудармашылық өнердің өзегі – шығармашылық қайта түрлендіру. Бұл маңызды мәселені зерттеу, оның әртүрлі қырын аңғару – бұл дегеніміз аударманың құрылымдық өзгешелігінен шығып, оның терең негізін түсіну”. Кезінде П. Антонкольский қайта түрлендіру өзгешелігін аударма өнерінің феномені деп атапты. Бұл – өз туындысына автор қандай шебер болса, аударма шығармаларына да сондай талантты болу міндеттілігі. А.С. Пушкин, Абай осындай дара тұлғалар. Аудармашының сөздік қорының байлығы, тіл шеберлігі, әсіресе синонимдер мен тұрақты сөз тіркестерін мол білу – аударма сапалылығының негізі. Ұлттық тіл байлығын жете меңгеру, терең білу тәржімеде өз нәтижесін береді. Екі тілдің сөздік қорын, әдеби тілін молынан игеру көркем аударманың жоғары құндылығының кепілі. Солардың қатарында аударма зерттеушісі Ә. Сатыбалдиевтің өзбек көркем шығармаларын ұлт тілінен аудару тәжірибесі назар аудартады.

Қожанасыр туралы парсы аңыз-әңгімелерінің бірінде оған біреулер сұрақ қойса керек.


– Қожа, араб тіліне “суық күйінде тамақ жегенді” қалай аударады? Қожа араб тілін білмейтін еді, білмесе де үндемей қалуға әдеттенбеген ол: – Арабтар тамақтың суып қалуына ешқашан жол бермейтін көрінеді – деген екен. Мұны айтқанда, кейбір аудармашылардың қабілет, білім деңгейіне қарамай, аударманың қай түріне болса да мұрын сұққысы келетіні еске түседі.
Көркем әдебиет аудармасын жасаудың қажеттілігі әдебиеттің рөлін, қоғамдағы орнын, мәдени ықпалын сезінуден туындайды. Осы орайда А. М. Левидовтың: “Әдебиет – бұл адамдар тағдыры, бұл адамдардың өзара қарым-қатынасының күрделілігі, бұл шынайылық және оның қарама-қайшылықтары, бұл кейіпкерлер психологиясының нәзіктігі мен тереңдігі, бұл оқырмандардың жауап шығармашылығын талап ететін жазушылар шығармашылығы” деген тұжырымы аудармашының мақсат-міндетін ерекшелей түседі. Сондықтан аудармашы – ақын-жазушы мен өз ұлтының оқырманы арасындағы шығармашылық қатынасты қалыптастырушы, мәдениетті жалғастырушы ықпалды тұлға. Кітаптың тағдыры ғана емес, бүкіл көркемдік-идеялық мазмұны мен стильдік жүйесінің, тілінің, бейнелеу құралдарының барлық элементін сәтті жеткізу аса маңызды. Көркем әдебиет шығармаларының оқырман талғамынан табылып, жақсы оқылуы, тез таралуы, сұранысқа ие болуы да аударманың жоғары деңгейде жасалу нәтижесі.
Аудармада автордың шығармада нені мазмұндағанын, қандай мақсат көздегенін, нені басты мәселе етіп көтергенін немесе неге басым көңіл аударғанын білу – сыншыға, әдебиетшіге, аудармашыға тікелей қатысты болса, мәтіндегі автор ойын, сөз астарындағы құпия сырды дәл аңғарып, ұғыну аудармашылық сезімталдық пен түйсіктілікті талап етеді. Шығармалардағы автор ұстанымы, мұраты, ой-танымы неге бағытталғанын білу маңызды. Сондықтан көркем туындыны қайталап, асықпай, жайлап түйсініп оқу аудармаға пайдасын тигізеді. Ғ. Мүсірепов “Сөз қасиеті – көркемділігінде, ой қасиеті – шындығында” депті. Бір жағынан бұл тұжырым көркем аудармаға автор стилінің, мазмұн көркемділігінің сақталуы, автордың мәтіндегі ойының шынайылығының шымыр қалпында жетуі де қатысты.
Аудармаға да талғам, таңдау қажет. Оқырманның талап-тілегімен санасу, қандай әдеби туындыға қызығатынын білу өз алдына, аударылатын көркем шығарманың ұлт өміріне, мәдениетіне тигізер ықпалын, рухани жақындығын, әдебиетке енгізер жаңалығының маңыздылығын, тигізер пайдасын, тәрбиелік-тағылымдық сипатын, эстетикалық құндылығын ажыратып алу қалайда қажет. Осы мәселелерді жете біліп, дәл таразылап, салмақтап барып аударма жасауға кіріскен дұрыс. Мұның жарқын үлгісін кезінде Ж. Аймауытов көрнекті татар жазушысы Ғ. Ибрагимовтың “Қазақ қызы” романына талдауында көрсеткен. Ол романның жақсы жақтары мен кемшіліктерін нақты көрсетіп, қазақ өмірінің шындығын қалай бейнелегендігін сараптап шыққан. Тіпті кейіпкерлердің ұлттық болмыста қаншалықты бейнеленуіне дейін көңіл бөлген. Ұлттық әдет-ғұрыпты, тұрмысты қалай жеткізгендігін де ұмыт қалдырмаған. “Бұл роман қазақшаға аударылса жарар еді. Керекті нәрсе екен” деген қорытынды түйген. Қазіргі көркем әдебиет аудармасына да осындай талап, талғам жетіспей жатыр. Кімнің қандай шығармасын аудару керек? Оның ұлтқа, ұлт әдебиетіне беретін қандай ықпалы бар? Осы жағы бізде әлі кемшін.
Аудару үшін аударманың ең алғашқы, негізгі заңы түсіну болса, автор ойын айқын қабылдау – тағы бір маңызды қыры. “Шығармада образды, көрсетілген жағдайды, өмірді ойға тоқи білу керек. Әйтпесе аударма тілі ойлардың тікелей шынайылығына жете алмайды, тіл де бола алмайды, тек қана аталған сөйлем, жағдай, образды түсіну негізін міндетті түрде қажет етпейтін сөздердің механикалық тізілімінің нәтижесі болады да шығады” деп О. Кундзич өз ойын білдіреді (с. 25).
М. Новиков: “Әдебиетті өзара байытудың шынайы факторы тек қана көркемдік жаңалықтағы аударма ғана құбылыс бола алады. Бір күндік аудармалар – әдебиеттің қисық айнасы” дегенде нені меңзеп отыр? Зерттеуші көркемдік жағынан жоғары дәрежеде жасалған аударманың ұлт әдебиетіндегі соны жаңалық, тың құбылыс саналатынын атап көрсетеді. Бір күндік аударма дегені – шалағай, жалған, сапасыз, нашар тәржімалар. Мұндай дүниелер кітап сөресінде ұзақ уақыт шаң қауып қала береді. Барлық жағынан келісті, нағыз көркем аударма – әдебиеттің ашылымы. Мұндай аудармалар ұзақ жасайды, қайталанып басылып шығады. Олар аудармашының абыройы, мәртебесі, аудармашы талантының жемісі.
Д. Белоус “шығармашылық табыс дегеніміз түпнұсқаны көшіруге ұмтылу емес, аударылатын автор рухында аудармашының өз бейнесін батыл жасап шығуы” деп түсіндіреді (с. 163). Аудармашы түпнұсқа көлеңкесінде қалып қоймай, оны шабыт шуағымен, жандүниесінің жылуымен жарқыратуы қажет. Аудармашы түпнұсқаға бағдарлана отырып, оны соншалықты дәл жасаудың жолдарын үнемі ізденуі керек. Бірақ сөзбе-сөздікке соқтықпауы абзал.
Туыстас тілдер туындысын тәржімалау оңай болып көрінгенімен, кездесер қиындықтар да жеткілікті. Яғни белгілі бір ұқсас сөздердің әр басқа мағынаны білдіруі аудармашыға опық жегізуі мүмкін. Көркем аудармадағы екі кедергінің бірі – сөзбе-сөздік, екіншісі – ойдан қосу, өз бетінше түрлендіру. Түпнұсқадағы сөздерді санамалап, саудыратып тізіп шыққанмен, аударма өз деңгейіне жете адмайды. Ондағы сөзді емес, ойлар мен сезімдерді аудару, мәтін мағынасын шығарма жазылған тілдегі көркемдік деңгейінде жеткізу қажеттілігі зор. Аударма шығармашылығының кілті – тілді жетік меңгеруде. Аудармада көркемдік мазмұн мен түрді, түр болғанда ұлттық түрді сақтап жеткізу – үлкен іс. И.С. Лисевич түсіндіруінше: “Сөзбе-сөз аударма соншалықты әдемі емес, ол оқырманға мәтіннің архитектоникасын көрсетуге мүмкіндік береді”, яғни мәтіннің жалпы құрылымын, сөздердің орын тәртібі сақталына бермейді (с. 115).
К. Кемеңгерұлы – оқулық аудармаларын, көркем әдебиет аудармаларын жасаған қайраткер тұлға. “Жат тілін оқыту әдісі” мақаласында мектепте оқушыларға “көркем әдебиетті” оқыту мәселесін алға қойып, бірінші кезекте “тіл үйрету үшін жазу– үлкен құрал” деп жазуға бейімделу, үйрену қажеттілігімен бірге көркем аудармаға талпыныс жасау қажеттілігін атап көрсеткен. Көркем аударманы мектепте оқыту – шұғыл қолға алар іс. Аударманың не екенін, қандай қиындықпен жасалатынын ұғынған жеткіншек көркем әдебиетке деген құштарлығын арттырады. Өзі де аудармаға құлшыныс жасайды. Әрине, қазақ әдебиеті оқулығында аударма мәселесі қозғалса, тіпті оқулыққа енгізілсе, аударматану туралы сабақ өткізілсе ізгілікті қадам болар еді. Оқушыларды балалар әдебиетінен шағын үзінді, мәтін аудартудан бастап, аудармаға тарту ісі қолға алынса ұтарымыз мол. М.Ю. Лермонтов пен украин классик ақыны, талантты аудармашысы Л. Украинка алғашқы аудармасын 14 жасында жасапты. Осыдан-ақ аудармаға дағдылануды, құлшынуды ерте бастан жолға қою аңғарылады.



  1. Көркем шығарма аудармасының жасау жолдары.

  2. Көркем аударма мақсаты нені көздейді?

  3. Көркем аударманың қиындығы неде?

  4. Аудармашыға қажетті кәсіби қасиеттер қандай?

  5. Көркем аударманың жасалуы жөніндегі ой-тұжырымдар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет