Көркем аудармадағы мазмұн мен түр үйлесімділігі
Кез-келген көркем туынды мазмұн мен түр (пішін) бірлігінен құралады, осы ерекшелігінің көркем аудармада толық көрініс табуы оның нақты баламалылық (эквиваленттік) жетістігінің негізі. “Жақсы аударма жаңа болуы тиіс, басқа тілдегі түпнұсқаның екінші сыңары болуы керек” дейді аударма зерттеушісі И. Кашкин (с. 440).
Аударма шығармасының мазмұны мен түрі әркез зерттеушілер өткір көтерген мәселе. ХІХ ғасырдың ІІ-жартысында “Шетел поэзиясын неміс тіліне аудару өнері” кітабында Тихо Момзен “Аударманың екі түрі бар: бірі – түпнұсқаның мағынасын береді де, бірақ пішінін сақтамайды, екіншісі – автор стилін сақтау арқылы түпнұсқаны өз бетінше өңдеп шығады, негізінен мазмұнына сүйенеді де, түпнұсқаның түрін сақтайды” – деген пікір айтады. Аударманың осы екі түріне қарсы Момзен үшінші түрі қатаң аударманы қарсы қояды. Мақсат бөгде тілдегі түпнұсқаның мазмұны мен пішініне (түріне) ешқандай нұқсан келтірмей, барынша дәлдікпен аудару.
“Аудармада мазмұн мен түр бірлігінң толық бейнеленуі аудармашыдан тілді ғана емес, терең теориялық білімді талап етеді. Өйткені, тілдік құбылыстардың негізін, түпнұсқа тілінің өзіндік құрылымы мен кейбір заңдылықтарын білмейінше, аудармада шығарманың рухын беру мүмкін емес. Сонымен бірге, автордың дербес шығармашылық стиліне терең ену қажет” дейді зерттеуші Қ. Мұсаев (с. 68).
Көркем шығарманың кез-келген жанры мен түрін аудару кезінде аудармашы бір ғана мақсатты аудармада толық баламалылыққа жетуді көздейді. Жоғарыда айтылған анықтаманы ескерген жағдайда, аудармашы еңбегінің жақсы нәтижесіне жете алады. “Көркем әдебиет аудармашысы шығармасы аударылатын авторды барынша жетік білуі керек, оның дүниетанымын, эстетикалық көзқарасы мен талғамын, әдеби ағымын, шығармашылық тәсілін, аталған көркемдік туындыда баяндалған дәуірді, жағдайды, қоғам өмірінің шарттарын, оның мәдени, рухани мәдениетін және т.б. білуі тиіс” дейді А. С. Бархударов (с. 36, 37).
Мұның өзі аударылатын шығарманың толық көркемдік құндылығын баламалы түрде жеткізудің басты көзі. Әдетте, осы талап аударма әдебиетті шығарушы жауапты редакторға да қатысты. Өйткені, аударма шығарманы түсінбей, жалпы аудармашылық өнерді жетік меңгермей, барлық тілдік заңдылықтарды үйренбей – әдеби аударманы талдап, пікір айту, стильдік қателіктерін түзетуге кірісу қиын.
Голландиялық тіл маманы Э. М. Уленбек: “Аударылатын шығармадағы тіл негізін білу жеткіліксіз, сондай-ақ аудармашы сол тілде сөйлейтін халықтардың мәдениетін білуі тиіс” деген тұжырым айтады (с. 38). Көркем аудармада көркем шығарманың түрі мен мазмұнына қатысты барлық сыңарларының мән-мағынасы мен қызметі тұтастай бейнеленуі тиіс. Сондай-ақ стилистикалық түрлі тәсілдер, бейнелеу-мәнерлеу құралдары, белгілі тілдік түрге қатысты түпнұсқадағы синтаксис (көп мөлшерде прозада) т.б. аудармада өзіндік жүйеде орын алады. Проза шығармаларын аударуда аудармашы, ал редакциялау барысында редактор бірінші кезекте түр мен мазмұн үйлесімділігіне ерекше мән береді. Әрине, түпнұсқаның мазмұнын жеткізу кезінде кейде әлдеқандай қалдырып кеткен бөлімдер, азат жолдарға мән беріліп, не себептен аударылмағандығы сарапталады. Кез-келген пейзаж, баяндау, сипаттау, диалог, монолог, деталь көркем шығарманы іске қосып тұрған тұтас бір механизмнің үлкен де шағын да бөлшегі екенін естен шығаруға болмайды. Және де аудармашы тарапынан түпнұсқаға қатыссыз қосылған сөздер, мәтіндер анықталып, оның түпнұсқа мәтінімен қаншалықты сәйкестігіне немесе үйлесімділігіне зер салынады. Аударма шығармасына кездейсоқ қосылған кез-келген сөз тіркесі, сөйлем оны әрлеп, әдемілемейді, керсінше стильді бұзады, оның ырғақ, интонациясын өзгертеді, тіпті мәтін басқаша мағынада берілуі мүмкін. Жазушы әдетте өзіне тән шығармашылық мәнерде, стильдік дербестікте туындыдағы ойларын көркем де бейнелі жеткізуге ұмтылады. Бұл – жазушыға тән ерекшелік. Егерде аудармашы түпнұсқада шығарманың мазмұнынан басқа мәтіндегі мазмұн мен ерекшелігін байқап, әр сөздің қолданылу сипатына, қыр-сырына үңілмесе, онда аударма сәйкестікке, баламалылыққа жете алмайды.
Аударма шығармаларында түпнұсқа мен аударма тілінің ішкі заңдылықтарын сақтау қандай маңызды болса, оның түрін (формасын) жеткізу мүмкіндігіне орай көркемдік, бейнелеу құралдарының толық қамтылуы ерекше. Әдебиет түрі оның мазмұнымен бірге дамитындықтан да, түр ондағы шындықтың дамуына тікелей негізделеді. Шығарма түрін дәл беру мазмұнды да дәл жеткізу саналады. Ең бастысы екі тілді қолдану өз алдына, мазмұнды құрайтын бірлігін, оның автор ойымен сәйкестігін жете сезіну қажет. Шығармаға тән ұлттық сипат аудармада жоғалмауы жөн. М.Заверин “Шынайылық – әдебиет заты, ал мазмұн мен түр – өзара бірге аталатын кез келген шығарманың екі қыры. Ұлттық форма дегеніміз көркемдік бейнелеу құралдарының үнемі өзгеріп тұратын жиынтығы” деп тұжырымдайды. Және олардың әркез өзгеріп, жаңарып, бірінің орнына бірі келетінінін дәлелдейді.
Ұлттық әдеби шығарма ұлттық түр мен мазмұн бірлігінен тұрады. Ұлттық сипаттау даралығы ұлттық түрге тарихилық ұстанымды сақтау қажеттілігін ұсынады. Ұлттық түр бір дәуірге, бір кезеңге тән емес. Қоғамның динамикалық дамуына сай үздіксіз қозғалыста, шындықтың, көркемдік тәжірибенің белгілі дамуына сәйкес үнемі өзгеріп тұрады. Мысалы, Т. Шевченко кейбір шығармасын орыс тілінде жазғанымен, бәрібір украин әдебиетінің классигі О. Сүлейменов өлеңдері түгелдей орыс тілінде жазылғанымен қазақтың ұлттық ақыны ретінде танымал. Ш. Айтматов шығармалары қырғыз, орыс тілінде жазылуы өз алдына, талай туындысы қазақ өміріне арналған, қаншама қазақ кейіпкерлер сомдалған. Бәрібір қырғыз әдебиетінің классигі, ұлттық жазушы. Мұндай мысалдар әдебиет әлемінде жетерлік. “Аудармашы үшін алтыншы сезім “болжай білу” басқаның жүрегі мен ақыл-ойынан жасалған шығарманың негізі мен мазмұнына бойлау поэтикалық сөздің техникасын үздік меңгеру ғана емес, сонымен бірге сирек ұшырасатын түрді меңгеру, тұтастай және жекелей үйлесімділігін тап басу қабілеті болмаса, нағыз суреткерді онсыз ойға алу қиын” дейді зерттеуші М. Заверин (с. 19).
“Мазмұн – бұл шығарманың мәнерлі құрылымы, ал стиль, ырғақ болса даралығының жанды тынысы. Өзінің стилінен айырылған мазмұнда тыныс болмайды” – деп М.С. Панич көркем әдебиеттің құрылымдық элементтерінің қызметін айқындап көрсетеді. Мазмұнды ажарлап, айнадай жарқыратып тұратын да стиль. Ырғақ оған жаңа леп береді. Аудармада осы бірліктерді бұлжытпай сақтау көзделінеді. Г. Ломизде “Единство в многообразие” кітабында “ұлттық түрдің бірінші элементі тіл” деп атайды. М. Горький тілді “әдебиеттің бірінші элементі” деп ерекшелейді.
Мазмұн мен түрдің бірлігі диалектикалық бірлікті құрайды. Көркем шығарма көркемдік элементтерден, жекелеген сөздер мен детальдардан, тұрақты сөз тіркестерінен, сөйлемдер мен азат жолдардан тұрады. Аудармашы осы элементтерді шығарманы аудару барысында дәл, шынайы көрсетуі қажет. Мәселен, шығыс ақындары өлеңдерінің өзіне тән аруз атты өлеңдік өлшемін сақтап аударған жөн. В. Маяковский поэзиясын аударуда өлеңнің өзгеше ырғақтық құрылымнан бөлек, ақ өлең түріндегі ерекшелігін түсініп білмей, дәлдікке жету мүмкін емес.
Поэтикалық шығарма түр (пішін) мен мазмұнның бірлігін өзімен бірге сақтайды, аударма кезінде түрдің негізгі бөлігі– тіл жалпыға бірдей өзгереді, сонымен бірге, мазмұн да өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Шекспир сонеттерін сонетке тән барлық сипаттарын, өлшем-құрылымын сақтап аудару арқылы С. Маршак классикалық құндылығына жетті. Орыс тілінен аударса да М. Мақатаев У. Уйтменді американның ұлы ақыны екендігіне оқырманның көзін жеткізсе, Қ. Шаңғытбаев Омар Һайямды орыс тілінен шығыс шайырларына тән философиялық ой тереңдігімен және сыршыл, сұлу сипатымен тәржімалады. Сол сияқты Рудаки, Ә. Жәми, Хафиз, Р. Бернс, Гете, Гейне, Абай, Науаи, Петрарка, А.С. Пушкин, М. Лермонтов, С. Есенин т.б. әлемдік даңққа бөленген талантты тұлғалардың туындыларындағы өзіндік ұлттық және өзіндік сипаттағы дербес түрді аңдамай аудару ағаттыққа апарады. Шығарма мазмұны мен түріндегі өзіндік ерешелікті елемеу, ескермеу – үлкен қателік. Сондықтан аудармашы бұған айрықша ықыласпен қарап, сақ болуы қажет.
Тургенев Флобердің повестерін аударуда өзіне рухы жақын автор ретінде көркемдік құралдар жүйесін таңдаумен нағыз Флобер шығармаларына ұқсас тәржімалады. Ал Ф.Достоевский Бальзактың “Евгения Гранде” романына кейіпкерлер сөзін өзінің дербес кейіпкерлерінің интонациясы, лексикасымен ауыстырылып тәржімалады. Л.Толстой Мопассанның «Порт» новелласын «Франсуаза» деп жаңа тақырып қоюмен қатар мәтінді аударуда дәлдік сақтамады.
Қ. Мұсаев М. Шолоховтың “Тынық Донындағы” Пантелей Прокофьевичтің “Попадается добрый человек, и выдать можно” деген сөзін өзбек аудармашысы “Тенги чиқса, текин бер” (қазақша “Теңін тапса, тегін бер” дегендей) орысша “если встретится ровня, отдай даром” деп дұрыс аударылмағанын, түр мен мазмұн бірлігін бұзуға әкеп соққанын атап көрсетеді. Мұндай мысалдар кез-келген ұлт аудармасынан табылады. Осы орайда француз аудармашысы әрі зерттеушісі П-Ф Кайе пікірі орынды. “Аудармашы мәтінге еліктеп, соның ізімен жүруі тиіс. Тіпті қажетті өзгешелігін меңгерген күнде де жақсы аударма жасау үшін, бізде, Францияда құштарлықпен айтып жүргеніндей, басқаның терісіне еніп кету керек. Ал бұл дегенің әркез оңайға түспейді” (“Иностранная литература”, №4, 1979.).
“Белгілі бір көркем шығарманы жеткізуде ұлттық түр (форма) тілді бұрмалаумен немесе бұл тілді басқа грамматикалық нормалармен орайластырумен жеткізілмейді, ұлттық түр халықтың ұлттық және әлеуметтік өзгешелігінің ең негізіне тереңдей енуімен жеткізіледі” (И. Кашкин). Бұл жағынан тіл ұлттық болмыстың, ұлттық түр мен мәдениетінің бөлінбес бөлшегі саналады. Бір тілдің грамматикалық құрылысы мен сөздік құрамынан тұтастай ерекшеленеді. Ұлттық түр өлең құрастыруда да маңызды элемент саналады. Өйткені, ұлттық түр (форма) тілмен, оның сөздік құрамының ерекшеліктерімен тығыз байланысты.
Аудармада мазмұн мен түр бірлігін тұтастылығымен жеткізу – талантты аудармашыға тән қасиет. Мұның өзі қалыптасқан шеберлік пен ірі әдеби қабілеттің шығармашылық сипатта ұштасуы.
Академик Н. И. Конрад қытайдың классик жазушысы Ляо Чжайдың таңдамалы әңгімелерінің В. М. Алексеев жасаған орысша аудармасына қатысты жазған рецензиясында: “Ляо Чжайдың кез-келген повесін аударғысы келетіндер ең алдымен қытай тілін тілмаштан немесе сөздік мағынасын тек қана жай ғана сөздік деңгейде білетін дәрежеде болмауы тиіс, ғалым ретінде оның бар тұтастылығына құлаш сермеуі және терең, тарихи перспективасына бойлауы керек. Кең психикалық сипат, оның дүниетанымын іштей сезіну арқылы өзінің дербес ой-өрісі мен сезімін динамикалы стихияға айналдыруы тиіс” деп жазушының шығармашылығына сәйкес орыс сөздері табыла бермейтінін, сондықтан дәл балама табу қажеттілігін ұсынады. Шығарманың түрі туралы мәселе қатаң заңға құрылатындықтан, оны негізсіз өзгертуден сақтандырады.
Аудармада түр мен мазмұнның бірлігін сақтау үшін ең бастысы түпнұсқа құралдарын қызметтік жағынан сәйкесетін тілдік құралдарды таңдай білудің маңызы зор. Аудармашы түпнұсқа түрінің ықпалында қалып қоймай, көркем шығарманың ұлт игілігіне айналуына аударма тілінің бар мүмкіндігін аянбай жұмсауы керек. Аудармашы-редактор – аударылған шығарманың мазмұны мен түріндегі үйлесімдікті айқындап, оның түпнұсқаға сай көркемдік тұтастыққа жетуіне жауапты.
Академик В. С. Виноградов айтқан қағида – мұның іс жүзіндегі жарқын үлгісі: “Түпнұсқа мен аударманың арасында толық тепе-теңдікке жетуге болмайды. Үлкен жазушының түпнұсқасы сөз тіркестерінің дербес шығармашылығымен ұлттық сөз өнері бөлігінің бірден-бір және қайталанбайтын материалдық нәтижесі болып қалады. Аударма мазмұндық және эстетикалық жақындығы дәрежесі бойынша түпнұсқамен салыстырмалы бір деңгейде болуы мүмкін, алайда еш уақытта онымен ортақтаспайды, себебі, аудармада өзінің жасаушысы, өзінің тілдік материалын өзінің тіршілігін, аударманың ортасынан ерекшелейтін тілдік, әдеби және әлеуметтік ортасы бар” (с. 26).
Көркем шығарманың сыртқы сымбаты, яғни көркем мазмұны қандай сұлу, тартымды болса, ішкі сипаты, түрі, көркемдік құрылымдық элементтері соған сәйкесуі тиіс. Мазмұн сұлулығы шығарманың әдемі түрімен келісті болуы – басты ерекшелігі.
Аудармадағы мазмұны мен түр бірлігін сақтау маңыздылығы.
Мазмұн мен түрдің бірлігі неге қатысты?
Мазмұн мен түрге сипаттама жасау.
Мазмұн мен түрдің аудармада өгеру себептері.
Достарыңызбен бөлісу: |