Аударма құндылығы, көркемдік сапасы
Аудармашы мақсаты – түпнұсқаның көркемдік элементін, толығымен ұлттық тіл байлығымен жеткізу, бар құрылымдық негізінде түпнұсқаны жасап шығу. Сондықтан аудармашы түпнұсқадан ауытқып, басқа сипаттағы шығарма жасауға құқылы емес. Аударма ісі кезінде бір тілдің материалы екінші тілге ауыстырылады. Чех аударма зерттеушісі Иржи Левый «тіл саласы бойынша аударма нағыз түпнұсқалық шығарма, әрі көркемдік репродукция, көркемдік қабылдау. Аударма сондай-ақ орындаушылық шығармашылық пен түпнұсқалық шығармашылық арасындағы аралық категория» деп анықтама береді.
Қалай айтылса да, түпнұсқа мен аударма нұсқасы арасында тепе-теңдік сақталуы тиіс. Бұл тепе-теңдік негізінен алғанда шығарманың тұтастай көркемдік құрылымындағы барлық элементтерімен аудармада көрініс табуына байланысты, яғни, композиция, сюжет, идея, кейіпкерлер сомдау жүйесі, баяндау тәсілдері, портрет, пейзаж, диалог, монолог т.б. аударма мәтінінде тұтастай қамтылуы қажет.
Аударма эстетикасы мен сыны негізінде кез-келген өнерге тән сапа мәселесі айрықша орын алады. И. Левый ұйғаруынша “Қайта жасап шығу өнерінде екі норма қалыптасады: бірі қайта жасап шығу нормасы (бұл дегеніміз дәлдік өлшемі) және көркемдік нормасы (әдемілік өлшемі)”.
Аударма сапасы неғұрлым жоғары болған сайын оның мазмұны жеңіл әрі толық қабылданады. Сапалы аударма түпнұсқалық туындыға оқырман қызығушылығын арттырады. Сөйтіп оны халықпен рухани жақындастыра түседі. Осы тұрғыдан келгенде, аударма сапасы дегеніміз жасалынған аударманы бағалау көрсеткіші. Яғни аударма зерттеушісі, сыншысы аударылған шығарма мәтінінің дәлдігі, айқындылығы, әдемілігі, көркемдігі, тілдік бейнелеу құралының байлығы тұрғысынан талдау жасап, оған өзіндік көзқарасын білдіреді. Көркем аудармада оның сапасы мәтіндерінің эмоциональды-экспрессивтілігі және көркемдік бейнеленуі тұрғысынан анықталады.
Аударманың сапасы аудармашы талантына, тәжірибесіне тікелей қатысты. Яғни түпнұсқаны құрайтын барлық құрылымдық негізін толық тұтастылықта және жекелеген детальдарымен көркемдік құндылықта, стилдік сәйкестілігінде, түрі мен мазмұнының бірлігінде, оны еркін де дәл, әсерлі жеткізе білу. Сапалы аударма мазмұндылығымен де, тілінің жеңіл, әдемілігімен де, семантикалық-стильдік үйлесімділігімен де бірден байқалады. Сапалы аударма – аудармашылық өнердің жарқын жетістігі, шеберлік пен ізденістін биік үлгісі. Ондай аударманы оқу да рахат!
Аудармашылық дәстүр үздіксіз дамып, жетілуі барысында аударма өнерінің сапасын жаңа биікке көтереді. Түпнұсқамен тең дәрежеде, барлық көркемдік құндылықтарын толық қамтып, ұлттық сөздік қордың бай үлгісімен жеткен аударма – сапалы аударма. Мұндай аудармалар дәуірлік немесе классикалық аудармалар саналады.
Аудармашы шығарманың композициясын, мазмұнын, стилін тұтастай жеткізумен бірге, ең қиыны автордың мәтінде аңғарыла бермейтін астарлы ойларын түсініп, түпнегізін жеткізуі тиіс. Мәтін мағынасын дәл, дұрыс аударғанымен де, кейде автордың мәтіндегі астарлы ойын дөп басып табу оңай емес. «Аудармада бәрін аудару мүмкін емес. Аударма үрдісі кезінде бір нәрсе кеміп қалады, алайда соған сәйкес келетін балама қарастырылады» деп Д.Самойлов автор ойының дәл аударылуын басты ерекшелік санайды. Аударманың сапалылық дәрежесі көркемділігімен бағаланады. Аудармашы түпнұсқаның барлық құрылымын, рухын жеткізуге талантын, күш-жігерін, ой-түйсігін, білім, шеберлігін сарқа жұмсайды. Ондағы мақсат – толық құндылыққа жету. «Аударманың толық құндылығы түпнұсқаның барлық мағыналық мазмұнын толығымен және оған тұтастай тепе-теңдіктегі функционалдық стилистикалық сәйкестігімен жеткізу» деген анықтама жасайды А. Федоров (с. 12). Толыққұндылық оның айтуынша аударманың бүкіл құрылымындағы түпнұсқаға сөзбе-сөз, жақындықтың бірдей дәрежесін талап етпеуі де мүмкін. Көркем аударма шығармашылық жемісі болып табылғандықтан, өзінде аудармашының дербестік элементін сақтайды. Көркем аудармадағы «шығармашылық рух» мәселесін қозғай келе, ғалым аударманың толық құндылыққа жетуінің үздік қасиеті өміршеңдігінде деп пайымдайды. Мұндай аудармалар қатарында Жуковский, Пушкин, Лермонтов еңбектерін атап өтеді. Ол көркем аударманы жалпы лингвистикалық құбылыстың жанрлық көрінісінің бір бөлігі деп есептейді.
Орыс аудармашысы В. Рождественский «Аударма басқа жердің гүлін өз топырағына алып келу ғана емес, ол дегеніміз сондай-ақ оның тұтастай қайта гүлденуі» деп поэтикалық, эстетикалық пайымдау жасайды. Көркем аударманың толық құндылықта, әдемі де әрлі, мәнерлі де мәнді жасалып шығуы да оның түпнұсқалық құрылымымен стилистикалық-семантикалық жағынан дәл, сәйкес, шынайы айқын, баламалы, үйлесімді қайталануы болса керек.
Аударманың табысты жасалуынан Ш. Руставели, Низами, Науаи және басқа шығыс классиктерінің әдеби мұралары, эпостары тосын да тамаша сұлулығымен, бар даналық тереңдігімен украин халқының құтты қазынасына қосылған. Сондықтан О. Кундзич: “Аударма шығармасы халық арасында түпнұсқадай өмір сүруі керек. Бұл айғақсыз ереже, критерий” деп аударманың толық құндылықта жасалу ерекшелігін айқындайды. Марк Твен көркем аудармаға мынадай көзқарас білдіреді: “Аударма әрқашанда шығарманы өзгертеді және оны қандай да бір мүлдем жаңақырына ығыстырады, аударманың құндылығы осындай үлгімен арта түседі де, сөйтіп біз бір шығарманың орнына екі шығармаға кезігеміз”. Классик суреткер пайымдауында аударманың құндылығы – басқа тілде сапалы көркемдік мазмұндалуында.
Көркем аудармада түпнұсқаның эстетикалық құндылығына жету – басты мәселе. Бұған негізгі өлшем аударманың көркемділігі мен түпнұсқаның көркемділігінің сәйкес келуі, ал тілдік сәйкестігі тек қана көркемдікке қызмет етеді. Аударманың толық құндылықта жасалуы – оның мазмұны мен түрі, стилі, көркемдік тілінің айқын әрі түсінікті сипатта, түпнұсқамен тең дәрежеде берілуі.
1. Түпнұсқа мен тәржіма тепе-теңдігінің сақтау ұстанымы.
2. Аударма сапасына тән талап-шарттар.
3. Аударманың көркемдік сапасын жетілдіру мүмкіндіктері.
4. Аударманың сеиантикалық, эстетикалық, көркемдік құндылығы.
Достарыңызбен бөлісу: |