«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы



бет7/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   32
Байланысты:
Аударма алеми

Аударма шынайылығы

Аударма теориясында аударма шынайылығы (реализм перевода) деген ұғым бар. Атақты ағылшын ақыны У. Уордсворт “Жақсы аударманың өзі – жаңғырық” деп ерекшелеген. Яғни, аударманың сәттілігі, жоғары көркемдік деңгейі, стильдік сәйкестігі, табиғи жақындылығы т.б. қырларының сақталуы айтылса керек. Аудармашы түпнұсқадағы бар көркемдік элементтерді, композициялық құрылымымен тұтастай мазмұндап бергенімен, алайда тәжірибесіз, талантсыз тәржімашылар сөз немесе сөйлем мағынасын түсінбей, өзінше өзгертеді, бұрмалайды, сөз қосып түрлендіреді, кейде орынсыз қысқартып та жібереді. Осының салдарынан жақсы шығарма мазмұндық, идеялық құндылығын кемітеді, сюжетіне, эпизодына нұқсан келеді, мәтін мағынасы түсініксіз болып қалады. Оқырман шығарманы оқып отырып мәтінде не айтылғанын ұғына алмайды, сөйтіп аудармаға күмән туады. Бұл аударманың шынайылық негізін түбірімен өзгерту болып табылады.


Аудармашы Виктор Голышев: «Мен ойлаймын, аудармашы өзі – бұл күмәнді іс, ал басқа дәуір адамының аудармасы – бұл екі есе күмәнді. Кітапты тез оқып шыққаннан-ақ күшті әсер аласың, сюжет, кейіпкер мінез қылығы ықпал етеді. Аударған кезде мұның бәрі ұмыт қалатын тәрізді, өйткені автордың ұзақ сөйлемін өзіне ұқсатып жасағың келгенімен, тура солай шықпай әурелейді. Бұл өте маңызды, әйтпесе сарыны өзгереді. Аудармаға 10 пайыздық қалыпты қосымша жасау – басы артық дүние – осының өзі-ақ құртады» – деген тәжірибелік тұжырымын білдіреді. Демек, аударманың шынайылығына жету – аудармашының табанды, ұқыпты еңбектенуі деген сөз.
«Аударма шынайылығы дегеніміз – түпнұсқада бейнеленген шынайы болмысты, баяндалған ақиқат жайларды аударма шығармасында шындық түрінде қайталап жеткізу. Шынайы түрде аударма жасау дегеніміз - өз тіліңнің құралдарымен автордың түпнұсқада айтқан ойларын, мәтіндегі сезім, таным-түсінігін дұрыс жеткізу. Аударманың көркем шығарма аталуы да осыдан» – деген анықтама береді украиндық зерттеуші Олексий Кундзич.
Аударма шынайылығына жету деген сөз – барлық талапқа сай жоғарғы көркемдікте жасалуы. Мәселен орыс поэтикалық тілін терең меңгерген И. Бунин американ классигі Г. Лонгфеллоның «Гайавата туралы жырына» соны мазмұндық сипат, жаңа леп әкелді. Сондықтан ол бірден оқырманның сүйікті шығармасына айналды. Аударманың мұндай дәрежеге көтерілуі – айрықша талант, жоғарғы шеберлік нәтижесі. Нағыз тамаша аударылған поэзия мен прозалық шығарма ұлт әдебиеті мен аударма авторының өміріндегі айтулы кезең, маңызды құбылыс саналады.
Аудармадағы реализм – түпнұсқада бейнеленген шынайы болмысты шындығымен жеткізу. Түпнұсқадағы автор ой-сезімін, дүниетанымымен, талантымен бейнеленген көркемдік элементтерді, ұлттық колоритті аударылатын тілдің құралдар мүмкіндігімен шынайы тәржімалау көзделінеді. Мұның өзі аудармашының суреткерлік қабілет-танымымен түпнұсқадан қабылдап, түсініп, сезінген көркемдік, эстетикалық, философиялық мағынадағы мәтіндік құрылымын, шынайы болмысын мейлінше дәл, адал, ұқыпты жеткізуі деген сөз. Аударма осылайша көркемдік шығармашылық қасиетін, шынайылық негізін сақтай алады.
Аудармашы – ақын-жазушы, әрі суреткер, ғалым-зерттеуші, сыншы. «Сегіз қырлы, бір сырлы» талантты жазушы әрбір шығармасындағы әр сөз, сөйлем, мазмұны, тілі үшін оқырмандар алдында жауапты болса, аудармашы осы негізде еселенген жауапкершілікке ие. Өйткені, ол өзге халық әдебиетінің абыройын арттырумен бірге, өз ұлтына жаңа автор қосады, жаңа әдеби ағым, шығармашылық жаңалық енгізеді. Шығарма жасаудың тың әдіс-тәсілдерін жеткізеді. Сондықтан да аудармашының аударылатын шығарманы дұрыс таңдап алуы аса маңызды.
Аудармашы міндеті жазушыға қарағанда анағұрлым үлкен. Мұны аударма зерттеушісі, әдебиетші ғалым Альфред Курелла үш түрге бөліп, қарастырған: «Біріншіден, аудармашы әртүрлі жазушыларды аударады, бұл дегеніміз түрлі мазмұн, түрлі материал, түрлі дәуірлер, түрлі дүниетанымдар, түрлі стильдер. Екіншіден, аудармашы – әртүрлі мәдениет аралығындағы дәнекер. Үшіншіден, аудармашы мен жазушы арасындағы айырмашылық мынада, жазушы өзінің түйсік-танымы мен шабытына сүйеніп, бүкіл шығармашылық еңбекті орындайды, ал аудармашыға бір мезгілде талдап әрі біріктіріп, жүйелеу аса қажет, сөйтіп ол бір өзі әрі ғалым әрі суреткер міндетін тоғыстырады. Аударма үдерісінің сипаты бір мезгілде талдамалы және біріктіруші, ғылыми әрі көркем». Сондықтан аудармашы қанша күрделі болса да шығармадағы ұлттық ерекшелікті, көркемдік мазмұнды түпнұсқамен тең дәрежеде аудармада көрсете білуі тиіс. Ол өзі аударатын ақын-жазушының шығармашылығына құштарлық сезімімен бойлап, толық дербестікке ие болғанда, жақсы, сәтті аударма жасай алады.

Аударманың көркемдік сапасы мәселесі әлі де бізде күрделі күйінде қалуда. Өйткені, аударманы зерттеу, оны сынау, бағалау болмаған жағдайда, ол биік көркемдік дәрежеге көтеріле алмайды. Осы негізде көрнекті жазушы ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Т. Әбдікұлы 29 қазан 2005 жылы “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында мынайда ой білдірді: “Қазір көркемдік сапа мәселесі бірінші орында тұр. Мәселен, Джойстың “Улисс” атты романын көркемдік сапасын сақтай отырып аудармаса, оны әйгілі “Улисс” деп айтуға да болмайды. Онда оның қазақша аудармасын оқыған бүкіл ұрпақ “Улисстің” қандай шығарма екенін білмей өседі. Олай болса, оны аудардың не, аудармадың не?

Оның сыртында әлем әдебиетінен әлі аударылмаған қалың ормандай қаптаған шығармалар тұр. Томас Манның, Герман Гессенің, Уильям Фолькнердің, Кнут Гамсуннің, Марсель Прусттың, Франц Кафканың романдары мен әңгіме-повестері т.б. Құранның да мағыналық аудармасы болғанмен, түрнұсқадағы ішкі ырғаққа құрылған көркем аудармасы әлі жоқ. Христиан дініндегі орыстардың өзінде Құранның бес бірдей аудармасы бар. Басқа да әлем діндері мен мифологиясына байланысты қыруар әдебиеттер жатыр.

Тындырар шаруа өте үлкен. Аудармашыларға қойылар талап та өте биік.
Кеңес өкіметі тұсындағы аудармалардың көбі (қайсыбір әлемдік классика мен ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетін есептемегенде) тақырыптық, мазмұндық жағынан тым саясаттандырылған, идеологияландырылған туындылар болатын. Негізінен кеңестік әдебиет еді. Оның үстіне аудармалардың көбісінің көркемдік сапасы жоғары дәрежеде болмады”. Бұған себеп аударманың сапалылығына, құндылығына, басқа да көркемдік ерекшеліктеріне немесе семантикалық – стилистикалық кемшіліктеріне зерттеу жасалмады.
Шығарма рухына, мазмұнына жандүниесімен бойлап, аударманың жауапкершілігін терең сезініп, құштарлықпен беріліп, ықыласпен орындаған аударма шынайы да көркем, құнды да, қызықты. Талант пен зор білім, шыңдалған шеберлік пен толысқан тәжірибе аудармашылық еңбекте айқын жұмсалғанда ғана табысқа жеткізеді, сөйтіп аударма толық құндылықта жасалады.
Аударманың жоғары көркемдік құндылығын, шынайы рухын жеткізудің тағы бір шарты – А. Федоров ұғымынша: «аудармашы тек қана әдебиетін, тарихын білуі тиіс емес, сонымен бірге автордың шығармашылық болмысының да даму тарихын білуі тиіс». Расында да, классик жазушының шығармашылығымен толық танысып, терең меңгерумен бірге, таланттың шығармашылық бар құпиясын, шеберлік қырларын, кейіпкер сомдау жүйесін, стильдік-тілдік қолданыс ерекшелігін, композициялық құрылым жасау тәсілдерін, қысқасы автордың бүкіл болмысын бағалауға көмектеседі. Ол туралы зерттеу, ғылыми еңбектермен танысу да пайдалы.
Әр дәуірдің өзіне тән аударма жөніндегі ой-тұжырымдары, әдіс-тәсілдері бар. Аударма мәселесі – үнемі зерттелініп, дамып, толысып отыратын динамикалы үдеріс. Неміс философы Лессинг: «Егерде түпнұсқа мағынасын бұрмаласа, аудармашының түпнұсқаға деген сенімділігі опасыздыққа айналып кетеді» – депті кезінде. Аудармашы итальян тілінде «сатқын, опасыз» деген ұғым береді. Мұның өзі кез-келген аударманың басқа тілде өзгеріп, бұрмаланып кететіндігіне қатысты айтылса керек. Сондықтан да австралиялық ақын Г. Гугю: «Аудармашы болу, нағыз аудармашы болу – жазушы болу деген сөз» десе, бұл ойды әдебиетші Лессинг «Жақсы кітапты жақсы аудармашы аударуы керек» деп нақтылай түседі. Аударманың көркемдік-эстетикалық шынайылық дәрежесі аса маңызды түпнұсқамен тең дәрежедегі сәйкестікте жасалған аударма қашанда бағалы. Аударманың жоғарғы дәрежеде жасалуы түпнұсқаны қаншалықты дәл, қаншалықты көркемдік құндылығымен аудару сипатынан байқалады. Шынайы аударма жасау – ұлт әдебиетінің үлкен жетістігі. Аудармашының шынайылыққа жетуі түпнұсқа тілінде бейнеленген өмірді өзінің ұлттық тілінде шынайы тәржімалап, толық көркемдік құндылығын бере білуінде.
Ақын-аудармашы Н. Заболоцкий, Ш. Руставеллидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасын алғаш Ұлы Отан соғысы басталар алдында аударған. Аударманың сапасына көңілі толмаған ол кейіннен бейбіт кезеңде аударма шығармасын қайта қолға алған, кемшілігін түзеген, сапасын жақсартқан. Сөйтіп мамандар тарапынан жоғары бағаланған, жақсы аударма дүниеге келген. Тәржіма тарланы Қ. Шаңғытбаев та Пушкиннің «Евгений Онегин» романын екі мәрте аударған.
Көркем аударма екі халықтың мәдениетінің жақындасуына, дамуына қызмет етумен бірге, ұлттың болмысымен, тарихымен, әдет-ғұрпымен, басқа да ерекшеліктерімен таныстырады.
Көрнекті орыс аудармашысы М.Л. Михайлов «Басқа халықтардың классик жазушыларымен жақын танысу ұлттың ой-өрісін кеңейтеді, тіл мен ойлау жүйесіне соны элементтер енгізеді. Бұл – халықаралық қатынаста адамзатты өрлеу жолына алып баратын толығымен іске қосылған двигателдердің бірі» деген тұжырым жасайды.
Аудармашы егерде мәтінді аударумен ғана шектелмей, туынды жасаушы ретінде сезінгенде, автордың өз уақытында көрген, білгеніне елеспен тереңдеп енгенде ғана түпнұсқа барлық көркемдік қырынан айқын ашылады. Сондықтан да автордың өмірде көріп түйгенін шығармада қалай бейнелеп, жеткізгенін байыптап байқай келе, аудармашы оны түпнұсқадан өзгертпей аудармада соған сәйкес көрсетуге ұмтылады.
Көркемдік шындыққа жетудің басты көзі мәтін құрылымындағы әр сөздің қыр-сырын, сөз астарындағы ойды айқын аңғара білуде. Аудармашы авторлық қабылдау арқылы нағыз өмірдің шығармада шынайы бейнелеуіне көз жеткізе келе, сол көркем мазмұнды аударма нұсқасында дәл, дұрыс жасауы қажет. Түпнұсқаны басқаша түсініп, басқаша аударма жасауға, яғни авторлық түпнұсқаны негізге алып өзіндік жаңа туынды жасауға құқылы емес. Міне, осыдан барып аудармашының түпнұсқаға шынайы қатынасы қалыптасады. Нағыз аудармашы шынайы өнер заңдарына сүйене отырып, төл туындының мазмұны мен түрін өзара бірлікте қайта жасап шығады. Түпнұсқаның көркем шындығын дәл, баламалы сөзбен немесе дұрыс стилистикалық сәйкестікте бейнелейді. Көркем шындықты өзінің еркіндігімен өзгертуге, түрлендіруге де болмайды. Көркем шындықтың құрылымдық негізін дұрыс әрі толық қалпында жеткізе білу – аударма шынайылығына жету кепілі. Аудармашы дүниетанымына сәйкес аударуға таңдап алған шығарманың мазмұн мен түр бірлігінде көркемдік шындығын ұлт тілінде шынайы сипаттайды. Егерде түпнұсқа көркем шындық негізі болып табылса, ал аударма осы көркемдік шындықтың басқа халық тілінің байлығымен, сөздік қорымен бейнеленуі немесе қайта жасалуы саналады.
Аудармашы автор дүниетанымына, стильдік ерекшелігіне, бейнелеу, баяндау мәнеріне, шығармашылық дербестігіне, көркемдік шеберлігіне тереңдеп мән беру арқылы ұлттық тілдің құралдарымен шығарманың көркемдік шындығын айқын бедерлей алады. Көркем аударма – басқа тілде жаңа көркемдік құндылық жасай алатын шығармашылық іс, мұнда автордың шығармашылық дербестігін жеткізе білу – басты міндет.
Аудармаға деген үш талапты И. Левый мынадай бөлікке бөледі:
а) түптұсқаның деңгейіне жету,
ә) түпнұсқаны талдап түсіндіріп беру (интерпретациялау),
б) түпнұсқаны қайталап жеткізу (с. 59).
Аударманың сапалы орындалуының да басты сипаттары да осыған негізделген. Басқа тілде қайта жасалса да түпнұсқаның бар құндылығын сақтаған жағдайда аударма дәрежесі биік.
Аудармашы мәтін аударуда оған мағыналық жақындықтағы балама іздейді, ең қиыны – аудармада образдарды (бейнелілікті) аударып жеткізу мәселесі. Ол сөзді аударудан бұрын, мәтіндегі ойдың, мағынаның құпия-астарына бойлап, түсінуді көздейді. Образдарды сөз байлығымен қайта жасап шығуға ұмтылады. Әрине, түпнұсқа образдары аудармада үнемі толық мағынасында жете бермеуі мүмкін. Мұндай жағдайда аудармашының таным-түйсігі, шеберлік шешімі көмекке келеді. Мүмкіндігінше түпнұсқамен деңгейлесетін, мағыналық тепе-теңдікке, толық сәйкестік дәрежесіне жеткен де ғана аударма шынайы сипатымен көрініс табады. Аударма кей жағдайда түпнұсқаға тепе-тең келе бермейді. Сәйкестік табуы сирек. Бірақ, қалайда, дәл төлнұсқадағыдай көркемдік-идеялық, эстетикалық қуатымен оқырманға ықпал етуі тиіс. Осындай жағдайда ол құндылығын арттыра түседі. И. Левый: «Аудармашыға мәтіннің формальды емес сипаттарын сақтаудан гөрі оның эстетикалық және мағыналық қасиетін сондай тілдік құралдармен өз оқырмандарына жеткізуі қажет. Шынайы аударма тұжырымы да осыдан тұрады» деген пікір білдіреді (с. 96).
Образдарды соған сәйкес образбен басқа тілді бейнелеп шығу түпнұсқаның көркемдік қуатын сақтауға мүмкіндік туғызады. Алайда, сөйлеу тіліндегі образдар (идиома, тұрақты сөз тіркестері, мақал-мәтелдер, қаратпа сөздер т.б.) халық тілінің байлығы, ғасырлық тамыры терең таралған философиялық тұжырымдар тәрізді ұлттық ой-таным, ерекшеліктерін басқа тілде аудару барысында сөз қосып, түрлендіріп тәржімалау оның мағыналық тұтастығын бұзады, тиянақты ойға құрылған даналық қағиданы бұрмалайды.
Сондықтан аудармашыға сезімталдық қабілеті аса қажет. Ұлттық болмыс ерекшелігін, түпнұсқа стилін сақтаған мұндай образдардың аударма тілінде бастапқы ұлттық құндылығын жоғалтпау жағын мықтап ескерген дұрыс.
“Реалистік тәсіл аудармада толық құндылықтағыдан гөрі жинақтау ұғымындағы айқындалған анықтама. Реалистік тәсілмен аудару – шығарманың стилін дұрыс жеткізу. Реализм өмірдегі бар нәрсені бейнелеу. Аудармаға реалистік қадам түпнұсқаның идеялық-мағыналық жүйесін дұрыс жеткізу оның шығармашылық құрылымын, көркемдік және ұлттық ерекшелігін жеткізу болып табылады”, дейді И. Кашкин. Тек шығарма мәтінін, сөздерін дұрыс дәл аударып жеткізіп қоймау керек, аударма мәтініндегі бар көркемдік құндылықты, оны барлық мағыналық және образдық байлығымен дәл бере білу қажет. Аудармашы автордың өмір шындығын көркем шындықпен қалай жинақтап үйлестіргенін, қабылдағанын айқын аңғарып, шындыққа терең бойлауы тиіс. Мұның өзі шығарманың композициясын, сюжетін, басқа да көркемдік элементтерден бөлек, тілін сол көркемдік, эстетикалық-эмоциялық қуатта жеткізуімен де тығыз байланысты. И. Кашкин тұжырымы мынадай: “Правда в художественном переводе – это некрохоборческое, мнимое правдоподобие внешней похожести на оригинал, это не просто воспроизведение всех маловажных частностей, но и осмысление их, это правда, обоснованный внутренней логикой образа, и прежде всего это верность перевода определяющей сути подлинника” (с. 270). Зерттеуші тұжырымынша аударма шынайылығы – көркем шығарманы барлық бүтіні мен бөлшегіне дейін тұтастай дәл, дұрыс аударып шығу. Әдеби туындының көркемдік элементтерінің біреуін өзгерту – көркем шындықты бұзу.
Жалпы, қандай жанрдағы көркем шығарманың бірнеше аудармалық нұсқасы болуы заңды. Аудармашылық бәсекелестіктен авторға пайда келмесе, зиян келмейді. Өйткені әр аударма түпнұсқамен салыстыру барысында бір-бірін толықтырады, жетілдіреді, біреуі жақсы оқылса, екіншісі көңілден шықпай жатады, түптің түбінде олардың арасынан жақсысы іріктеліп шығады. Бұл – аударманың көркемдік-стильдік шынайылығында жасалғандығы. Өзара салыстырып талдау нәтижесінде қай аудармашының қаншалықты дәл, дөп жасағаны, кімнің бұрмалағаны, немқұрайды аударғаны анықталады.
П. Мовчан: “Аудармашы – куәгер және оның куәгерлігі бәрінен бұрын шынайы болуы тиіс. Ол шығарма шынайылығының куәгері және ол өзінің дәлелдеген шынайылығы үшін жауап береді. Егерде дүниенің шынайылық жағдайы оның бұрмалануымен берілсе, бұл онда жалған куәгерлік болғаны. Аудармашының шығармашылығы жоғары болған сайын соғұрлым шынайылықтың жоғары нәтижесі жасалады. Аудармашылық істе ең бастысы – трансформациялауға негізделген эмоциональдық сенімділік. Сенімділік – бұл құштарлық жүректің қатысуы – міне аудармашының басты қасиеті осы” – дейді (с. 514). Қандайда бір жалған аударма жасау, түпнұсқаның астарлы сырын, құпиясын білмей, мазмұнына терең бойламай, атүсті қарау. “Тисе терекке, тимесе бұтаққа” дегендей, асығыс шешім қабылдау, шындықты бүркемелеп, жалған бейнелеу жасау, болмаса авторда жоқ нәрсені ойдан қоса салу, т.б. кереғар жайлар көркем шығарманың мазмұнын, идеясын, стилін, тілін өзгертеді, бұрмалайды, оқырман сенімсіздігін туғызады. Бұл –шығармаға, авторға қиянат.
Аударманы жүрекпен сезіну, қабылдау аудармаға жүректің сәулесін төгу – жоғары сапалылыққа, шынайылыққа жеткізеді. Абайша айтқанда “жүректен қозғау” қажет. Әрбір аударма шынайылыққа негізделеді және де тең дәрежелігіне, пара-парлыққа сәйкестеледі. Аударманың түпнұсқаға баламалы, сәйкес, барлық қырынан үйлесімді, үндестікте жасалуы – табыстылығы, сапалылық сипаты. Аударма мен түпнұсқа бәйгеге түскен тұлпардың қатар келуіндей тепе-тең жағдайда болуы маңызды. Озып шықса (ол сирек жағдай!), кереметтілігі, тепе-тең түссе жетістігі, ал ілесе алмай қалып қойса – кемістігі. Аударма түпнұсқаға тек қана синтаксистік құрылымымен ғана емес, сондай-ақ сезімдік сипатынын айқындылығымен де жақындауы тиіс.
Аударма шығармасы оқырманның ой-өресін жетілдіреді, оны рухани байытады. Өйткені нағыз көркем шығарма жандүниені жетілдіруде өзінің түпкі мақсатына ие болады. Түпнұсқа шындығы – аудармада сол шындықты сақтауды, бұзбауды талап етеді. “Поэзия жоғалған сөзді қайтаруға, немесе бастапқы болмысқа, нысаналыққа, тереңділікке, бейнелілігіне жетуге ұмтылыс жасайды” деп түйіндейді ойын П. Мовчан.
Әрбір шығарманың түпнұсқасы, композициясы – ғимараттық әсем сыртқы көркі болса, ішкі сәнділігі мен сәулеттілігі – көркемдік және психологиялық элементтері, оны құрайтын жекелеген сөздер, мәтіндер, болып табылады. Сыртқы сәні мен ішкі сұлулығы үйлеспесе, яғни мазмұны мен түрі, құрылымы мен бөліктері өзара қабыспаса, байланыспаса, онда ол аударма шым-шытырық дүние болып қалады. Аударма шынайылығы – аудармашының жауапкершілігі мен шеберлігін, авторға құрмет сезімі мен адалдығын, талантын айқын көрсету деген сөз.
Г. Гачечиладзе сөзімен пайымдасақ: “...тілдің жағдайындағы заң бойынша қайта жасап, төлнұсқаның көркемдік шынайылығын қайта қалпына келтіру”. Аударманың шынайылығы, қорыта келгенде түпнұсқаның көркемдік мазмұны мен түрі, композициясынан бастап, барлық көркемдік элементтері мен психологиялық талдау үлгілерінің негізін тұтастай сақтау, автор стилін бейнелеу үлгілерін ұлттық тіл байлығымен дәл, шынайы, дұрыс жеткізе білу.

1. Аударма шынайылығы және оның түнұсқаға қатынасы.


2. Аударма шынайылығы туралы О. Кундзиу пайымдауы.
3. Түпнұсқа реализмі мен аударма реализмнің сабақтастығы.
4. Аударманың шынайылығына жетудегі аудармашыға қажетті қасиеттер.
5. И.Левыйдың аудармаға қойған 3 талабы.
6. Аудармадағы реалистік тәсіл құндылығы неде?


Көркем шығарма тақырыбының аудармасы




Эпикалық жанрдағы шығармалардың, проза, драматургия, поэзиялық шығармалардың тақырыбының берілуі аудармада өзіндік ерекшелікке ие. Прозалық шығарманың бас тақырыбы, атаулар, арнау, эпиграф, пролог (алғысөз), эпилог (соңғы сөз), азат жол, тарау, тарауша, бөлімі, кітап, том, фрагмент, визуалдық және кескіндемелік қосымша енгізілген жүйеден құралады.


Кітаптың жақсы атауы – шығарманың шырайы. У. Фолкнер пайымдауы: “Барлық сәтті тақырып – жарқ еткен сауле”. Тақырып – көркем шығарманың мазмұндық жағынан түйінделген атауы. Тақырып – кітаптың кілті. Көркем де келісті, тапқыр да талғамға сай, таланттылықты айқын танытатын атау – кітаптың мазмұнын ажарлай түседі, оқырманға шығармада не айтылғаны жайында бірден түсінік береді. Л.С. Выготский: «Шығарманың атауы өзіне мәтіндерді жоғары қорытындыланған тұтастылығын дарытады» – дейді. Әр автордың өзіне тән тақырып қою мәнері, өзінің эстетикалық талғамына сай тақырып табу тәсілдері бар. Жақсы атау – кітаптың мазмұнын ашады, идеясын айқындап тұрады. Жазушылардың шығарма атауларын қоюда үйреншікті тәсілдері де бар. Мәселен, А.П.Чехов әңгімелерінің атаулары адамның түр-тұлғасының ерекшеліктеріне байланысты қойылған. Мысалы: «Ионыч», «Душечка», «Попрыгунья», «Толстый и тонкий». Ал, А.С.Пушкин кейіпкерінің есіміне, кәсібіне және әлеуметтік мәртебесіне қатысты атауларға құмартқан. «Евгений Онегин», «Дубровский», «Кавказ тұтқыны», «Капитан қызы». Н. Гончаров шығармаларын зерттеушілер оның көбінесе кітап атауын әріптік жүйеге құрайтынын байқаған. Жазушының роман атауларын «о» әрпімен байланыстыруы өзіндік шығармашылық ішкі құпиясы болса керек. Мысалы: «Обыкновенная история», «Обломов», «Обрыв». Классикалық әдебиетке келсек, Шекспир драмаларының басым көпшілігі тарихи тұлғалар атауы мен басты кейіпкерлер есімімен қойылған. «Юлий Цезарь», «Король Лир», «Антоний және Клеопатра», «Ромео мен Джульетта», «Отелло», «Тит Андронник», «Гамлет» т.б.
Ч. Диккенс болса, «Оливер Твистің басынан кешкендері», Николас Никльбидің басынан кешкендері. «Титімдей Доррит» т.б. деп кейіпкерінің тағдырынан хабар береді.
Көркем шығармашылықта В.В. Савельева талдауы бойынша мынадай тақырып түрлері бар:
1) Адам есімі, фамилиясы, кәсібі, айналысатын ісіне қатысты. «Анна Каренина», «Роб Рой», «Бірінші Петр», «Мастер и Маргарита», «Ұлпан», «Абай жолы», «Душечка», «Каштанка».
2) Іс-әрекет орны мен уақыты: «Орманда», «Тауда», «Аңшының жазбалары», «Аң аулау драмасы» («Драма на охоте»), «После бала» - («Тойтарқар»), «Көп жыл өткен соң».
3) Шығарманың негізгі атауында қандай да бір мәселе көтеріледі. «Әкелер мен балалар» («Отцы и дети»), «Соғыс және бейбітшілік», «Герой нашего времени», «Балалық шаққа саяхат», «Тимур және оның командасы».
4) Сұрақ үлгісінде: Кім жазықты? «Қайдасың, адам?».
5) Шығарма тақырыпқа, идеясына, мазмұнына авторлық бағалау жасау – «Обыкновенная история», «Скупая история», «Өскен өркен», «Оянған өлке».
6) Шығарманың көркемдік мазмұнына сәйкес мәтінін ішіндегі мағыналық жағынан ерекше айқындалатын тіркес не жекелеген сөз «Уайым», «Спать, хочеться».
7) Тақырыпқа пейзаждық, портреттік қандай да бір деталь енеді. «Дауылдан кейін», «Дала», «Красная шапочка», «Дама с собачкой», «Көкмұнар», «Боранды бекет», “Теңіз жағалаған тарғыл төбет”.
8) Шығарманың атауы өзінің жанрлық түрімен аталады. «Аңшы жазбалары», «Нағыз адам туралы повесть»,
9) Тақырып қосарласып келуі мүмкін немесе тараушамен берілуі мүмкін. «Двойник или мои вечера в Малороссий», «Белые ночи», «Сентиментальный роман» (Из воспоминаний мечтателя). “Дон Кихот” және т.б.
10) Тақырыпта оқиға және жағдай көрсетіледі: «Жекпе жек», «Дұға», «Қатерлі өткел», «Айқас», «Жанталас», «Қан мен тер», «Елең-алаң», «Сарғабан сазындағы оқиға», «Түнгі патруль» т.б.
11) Тақырып ерекшелігі ретінде мақал-мәтелдер, нақыл сөздер алынады.
12) Тақырыптар бұрынғы тақырыптарды нұсқалық жағынан қайталауы мүмкін. «Леди Макбет Мщенского уезда», «Созақтан шыққан Гамлет».
13) Тақырыптың ерекше түрі: астарлы мағынада қойылған тақырыптар: «Дарабоз», «Өмірзақ», «Новь», «Молох», «Воскресение», «Дермене», «Тар жол, тайғақ кешу».
14) Комикалық (күлкілі сипаттағы және тұспалдау үлгісіндегі және жай ғана мағынасы түсініксіз түрдегі қойылған тақырыптар.) «Лощадинная фамилия». «Понедельник начинается в субботту», «Нақұрыс» т.б.
Кітаптың атауын тікелей жеткізетін, қаншалықты ережеге сәйкестенетіндей, басты кейіпкер есімімен немесе жанр атауын көрсетумен сипаттамалық, таза ақпараттық тақырыптар кездеседі. Символикалық, қысқартылған тақырыптар шығарманың атауын, ондағы көтерілген мәселелерді қысқа, жинақталған түрде жеткізеді. Лессинг: “Тақырып мәзір тәрізді болуы тиіс, мазмұнды неғұрлым астарлап білдірген сайын соншалықты ол жақсы көрінеді” дейді. Қазіргі кітап тақырыптары көбінесе қысқа, тұжырымды, бір-екі сөзден ғана тұрады. Әйтседе оқырмандарды тарту тұрғысында детектив, бестселлер тақырыптары көзге бірден түседі. Мұның өзі қазіргі заманның болмысына да тән ерекшелік. Өйткені қоғамда түрлі табиғи апаттар, лаңкестік оқиғалар, қылмыстар мен қатыгездіктер болып жатқаны мәлім.
Жалпы тақырыптан бөлек көркем шығармада ішкі мәтіндік тақырыптар, тараулар болады. Тақырыпты аудару қиын емес деген аудармашы қателеседі. Аударылмайтын тақырып бар. Мысалы, кісі есімдері, жер атауларына байланысты қойылған атаулар. Алайда, түпнұсқадан қалайда өзгертуді қажетсінетін тақырыптар да бар. Тақырыпты дәл, дұрыс, әдемі қоя білу үшін аудармашы әңгімеден бастап үлкен романға дейін композициясын, көркем мазмұнын жақсы меңгеру қажет. Көптеген әдеби шығармаларда тақырыптан кейін эпиграф тұрады. Мұны аударма кезінде тастап кетуге мүлде болмайды. Ол роман тарауының немесе әңгіме, новелланың композициясы, сюжетінің нені айтпақ болғанының бастапқы нысаны. Эпиграф – автор белгілеген шығарма мәтінінің алдындағы немесе оның бөлімінің алдындағы қанатты сөз (цитата) негізіндегі қысқа мәтін. А. Л. Бэл “Эпиграф – тақырыпқа автордың білдірген емеуріні” дейді. Б. Баймақанов Э. Поның әңгіме, новеллаларының тақырыбымен қоса, эпиграфын сәтті аударған.
Шығарма мазмұны туралы толық түсініп алмай, тақырыпты түпнұсқамен сәтті үйлестіру мүмкін емес. Тақырыпты аудармада қайталауда түпнұсқаға негізделетіні де, негізделмейтіні де болады. Бірақ тақырып тіркестен ғана емес, бірнеше сөзден құралса, онда түпнұсқадағы мазмұнды айқындап тұратын басты сөзді, элементті алып, қалғанын өзгертуге болады. Мысалы ағылшын классигі В.Скоттың «Айвенго» романын аударған Ә. Атығаев тақырыпты «Айбынды батыр Айвенго» деп көркемдеп, мәнерлеп берген. «Айвенго» кейіпкер атына қойылғанымен, негізінен жер атауы. Аудармашы оған «айбынды батыр» деп эпитет қосу арқылы тақырыптың тарихилық сипатын арттырып, оны экспрессивтілік мәнде күшейтіп берген. Мұның тағы бір ерекшелігі, оқырман шығарманың не жайлы қамтылғанын бірден ұғына қояды. Қызыға оқып шығуға ұмтылады. Ағылшын детективті жанрындағы көшбасшылардың бірі У. Коллинздің «Лунный камень» романын талантты аудармашы Б. Баймақанов тіпті тамаша тәржімалаған. Қазақшаланған кітаптың атауы – «Ай сәулелі асыл тас». Поэтикалық мәнердегі әдемі тақырып. Кітаптың атауы да көпшілікті қызықтырып әкетеді. Американ тарихи роман жанрының негізін қалаушы Ф. Купердің «Последний из Могикана» кітабының атауын Т. Жанұзақов тапқыр аударған. Егер басқа бір аудармашы болса мүлдем басқаша ұғымда берер еді. «Могиканның соңғы тұяғы» – ержүрек батыр, жас Ункастың ерлік өліміне ғана емес, үндістердің жоғалған ұрпағын еске алып тұрғандай әсер қалдырады.
Драма аудармаларында тақырыптың сәтті қойылуы аса маңызды. Тапқыр да шебер қойылған тақырып театрдың жарнамалық рөлін де атқарады. Мысалы, Шекспирдің «Укрощение строптивой» комедиясын М. Әуезов қандай тамаша аударған «Асауға тұсау» деген қазақша атауы кезінде де, бүгінгі таңда да көрермендерді қызықтырады, оқырманды шығармамен танысуға құлшындырады. 1960 жылы Мәскеуде мемлекеттік баспадан шыққан Джорд Дю Морьенің «Марсиандық» («Марсианин») романы жайлы айтылған. Алайда соңғы сөзді жазған баспа редакторы роман жайында ештеңе білмеген, әйтпесе ағылшын тіліндегі «Tihe Мatian» атауы «Марсианка» болып аталуы қажет еді. Тақырыптарды өрескел бұрмалап, аудару әркез күлкілі жайға қалдырады. “Шығарманың тақырыбы дұрыс болмаса, онда сөздің де еркіндігі болмайды” – деген қытай мақалында. Аударма зерттеушісі И. Кашкин Роберт Бернстің атақты жыры Aild Lang Syne (Old. Long Since) яғни «Давние прошедшие времена» «Бұрын өткен уақыттарды» «Домовязый старикан Сайн» деп аударған. Шебер аудармашы С. Маршак бұл жырдың тақырыбын «Застольная» деп аударып, өлеңнің «нақылдық» мәнін кемітіп жіберген. Н. Гнедич Шекспирдің “Король Лир” трагедиясын француз тілінен “Леар” деп аударған. Ағылшын әдебиетінің орыс аудармасындағы тақырып мәселесі туралы зерттеу жасаған В. Рогов У.С. Моэмнің «The Constant Wite» пьесасының тақырыбын («Постоянная жена»), «Тұрақты әйел» деп өте өрескел аударғанын атаған. Автор «Басқа сөзбен айтқанда Англияда Чио-Чио-Сан мәнерінде тұрақты әрі уақытша әйел болады деген ұғым туған жоқ па?» – деп оны аудармашының пьеса мазмұнына зер салмай, тақырыптағы сын есімге мән бермей, нәтижесінде сөздіктегі бірінші мағынасы бойынша “Сенімді әйел” ұғымында көрсетуі керектігін еске салады. Мұндай қателіктердің балалар әдебиетінен де кеткенін автор анықтаған. 1960 жылдары ағылшын тілін үйренуге арналған балалар кітабындағы “Красная Шапочка” (Қызыл телпек) – (Red Cap) деп аталған. Red Cap АҚШ-тағы вокзалда жүк таситындардың көпшілікке танымал атауы екен, яғни мұндай жұмысты атқаратын негрлер өзгелердің көзіне оңай түсу үшін цилиндр үлгісіндегі қызыл фуражка киген.
В.Жуковский, Б.Бюргердің “Леноро” шығармасы “Людмила” деп аудара келе, түпнұқсқадағы тарихи 1741 – 48 жылдардағы австро – прусс соғысын ХVІ-ХVІІ ғасырдағы Ливон соғысымен алмастырып, кесек халық тілін орыс сентиментализміндегі поэзия фразеологиясымен ауыстырған. Л.Толстой Мопассанның «Порт» новелласын «Франсуаза» деп жаңа тақырып қоюмен қатар мәтінді аударуда дәлдік сақтамады.
Аудармашы кез-келген сөзді қолданардан бұрын, оның синонимдерін, немесе бір сөздің көп мағыналы атауын міндетті түрде білуі тиіс. Алайда ағылшын аудармашылары да өрескел жаңсақтыққа ұрынатын жайлар аз емес. Мәселен, Н.К. Тренева мақала авторы В. Роговқа бірде әкесі К. Треневтің «Любовь Яровая» пьесасының тақырыбын ағылшын тілінде «Harvest Cove» – «Любовь во время сбора урожая» яғни «Астық жинау кезіндегі махаббат» деп күлкілі түрде аударғанын айтқан. А.Н. Островскийдің ағылшындық анықтамалық басылымда «Доходное место» («Пайдалы орын») пьесасы («A Well-Paid Job») «Хорошо оплачиваемая работа», «Жақсы төленетін жұмыс» деп мүлде басқаша өзгертілген. Ал, пьесада бұл жақсы жалақы төлейтін орын емес, қызметте отырған адамның параны қалай көп алатыны жайлы айтылған. Тағы бір анықтамалықта А. Островскийдің «Гроза» («Найзағай») пьесасы («Страх») «Қорқыныш» деп аударылған. Найзағай мен қорқыныштың мағынасы екі басқа, оның үстіне бұл Афиногеновтің пьесасы екені айқын. Афиногеновтің «Қорқыныш» пьесасын аударған әйгілі классик жазушымыз М. Әуезов. А. Островскийдің “Свои собаки грызутся– чужая не приставая” деген бейнелі түрдегі тақырыбы чех тіліне “Чтобы тебя не жжет – того не чаен” деп тәржімалаған. Мәселен ағылшын классигі У. Теккерейдің «Vanity Fair» романы орысша «Ярмарка тщеславия» деген тақырыппен аударылуы мағыналық жағынан да, стилистикалық қатынас жағынан да қате. Зерттеуші айтуынша «Vanity» зат есімі «суета» және «тщеславие» деген екі ұғым береді. Теккерей қоршаған шындықтың күйбең тірлігін, асығыс сәттерін әшкерелейді. Оның шығармасының сарыны да осыған саяды. Тіпті сол күйбең тірлікке, асығыстыққа арналған «Vanitas Vanitatun» атты өлеңі де бар. Ал Теккерей туындыларын тұңғыш тәржімалаған И.Введенский осынау «кейіпкерсіз роман» аталып кеткен шығарманы «Тіршілік күйбеңінің базары» («Базар житейской суеты») деп дәлме-дәл аударған. Қазақ аудармасында – “Күйкі тірліктің жәрмеңкесі” (аударған Б. Қожабекұлы). Жәрмеңке орыс тілінде қандайда бір жарқын, мерекелі, көңілді ортаны еске салса, базар – берекесіздікті, қысым-қиянатты, қаталдықты, айқай-шуды елестетері анық.
Зерттеуші В. Рогов аударма тақырыбында кеткен қателікті түзетуге болатынын айта келіп, Теккерейдің қайта басылатын шығармалар жинағында роман атауын дәл мағынасында беру оқырманға қиянат емес, қайта оқырман жаңа атауға қызыға қарайды, 30-40 жылдан кейінгі шыққан роман библиографиялық сирек кітапқа айналады деген пікір білдіреді. Лопе де Веганың «Шөп қорыған ит» комедиясы ХІХ ғасырда орыс аудармасында қысқартылып, бұрмаланып, қысқасы жұлымы-жұлымы шығып аударылумен бірге, тақырыбы: «Собака садовника» («Бақшашының иті») деп берілсе, тамаша аудармашы М. Лозинский бұл дәстүрді бұзып «Собака на сене», яғни «Шөп қорыған ит» деп өзгертіп, түпнұсқалық мазмұнға үйлестірген. Мысалы француз аудармашылары А.С. Пушкиннің “Бақшасарай фонтаны” шығармасын “Фонтанның көз жасы” деп аударған. Сөз жоқ, бұрмаланған, қате аударма. 1966 жылғы Мәскеудегі “Тетради переводчика” басылымындағы мына бір мысал тақырып таңдау тапқырлығын таразылайды. Американ жазушысы Джэром Д. Сэлинджердің “Над пропастью во ржи” романын орыс тіліне Р. Райт-Ковалева аударған. Зертеуші М. Файнның мәлімдеуінше Сэлинджер романы орыс тілінен басқа 16 тілге аударылған. Бірақ тақырыбы әрқилы тәржімаланған. Мысалы: жапонша: “Опасный возраст”, итальянша: “Жизнь человека”, екінші бір нұсқасы: “Юный Колден”, дат тілінде: “Проклятая юность”, шведше: “Спаситель в годину бед”, французша: “Ловец сердец”. Серб-хорватша: “Ловец во ржи”, немісше және финше: “Человек во ржи”, Г. Белл аудармасында “Ловец во ржи”, голландша: “Одинокое странствие”, “Отрок”, корейше: “Пропасть”, испанша: “Прячущийся ловец”, норвегше: “Каждый берет свое, почему мы, другие, ничего?” т.б.
Тақырып аудармасы түпнұсқалық негізді үнемі сақтай бермейді. Аудармашылар шығарма мазмұнына байланысты өзгертіп отырады. Кейбір тақырыптар ұлттық ерекшелікке сай беріледі. Тақырып түпнұсқаның құрылымына негізделіп, өзіндік атауын қатаң сақтағаны дұрыс.

1. Көркем әдебиет жанрларындағы тақырып маңыздылығы.


2. Тақырып туралы В.В.Савелеева жіктеуі.
3. Тақырыпты аудару сипаты.
4. Тақырып аудармасындағы қателіктердің орын алуы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет