«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы


Поэзия аудармасы: ақындық талант, дәлдік, көркемдік



бет10/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32
Байланысты:
Аударма алеми

Поэзия аудармасы: ақындық талант, дәлдік, көркемдік

Поэтика аудармасында шығарманың толық құндылығына жету асқан шеберлікті қажет етеді. Туындыны басқа тілде қайтадан поэзиямен мазмұндап беру - өте қиын іс. Поэзия аудармасында, сөз тіркесін, сөйлемді (өлең жолдарын) бастапқы мағынасын сақтау негізінде түрлі тәсілдермен аударуға болады. Поэзия жалпы адамзат тілінде сөйлейді. Сондықтан да оқырманға айқын түсінікті тілде жеткізілуі тиіс. Поэтикалық шығарма өзегі – философиялық ой тереңдігі, қайталанбас көркем бейнелілік, халықтың сұлу тілінің байлығы, ақындық дүниетаным мен эстетикалық сезімнің ұштасуы. Аудармада бұлар мүмкіндігінше сақталуы тиіс. Зерттеуші П.Вейнбергтің аудармашы ақынға талантты болу міндетті емес деген пікірі ұшқары айтылған. Ақындық талант болмаса поэзияны аудару қиын. Қанша шебер, тәжірибелі аудармашы болғанымен, ақындық талант орны басқа. Ақынша елестету, ақынша ойлау, образды айқын ұғынудың орны бөлек. Поэзия мазмұны бұл тек өлең сюжеті ғана емес, бұл ақынның көзқарасы, дүниетанымы, жан сыры, өмірге, қоғамға, табиғатқа қатынасы. Поэзияда сипатталған құбылыс, оқиға, басқа да жайлар ақын жандүниесіне, сезіміне әсер етуден туындайды.


Белгілі француз зерттеушісі Жорж Мунен «Поэзия төлнұсқасын дәл бере білу қажет. Ал оны дәл жеткізе білу үшін, оны тек қана сезініп қоймау керек, ақынның ойына терең бойлап әрі оның бар бейнелеу құралдарын толығымен меңгеру керек» дейді. Бұл нағыз талантты ақын аудармашының ғана қолынан келетін іс. Аудармашының бәрі өлеңді оқып, түсінгенімен, ақынның өлеңдегі көздеген мақсатын, ой әлемін, құпиясын, сырын жете аңғара білмеуі мүмкін. Осы орайда сондау ХІV ғасырдағы (1509-1546) алғашқы аударма зерттеушілерінің бірі Этен Доленің пайымдауынша: «Аудармашының алғашқы ережесі аударылатын автор ойы мен материясының түпнегізіне дейін түсіне білу болып табылса, поэзия аудармашысы бірінші кезекте оның өзі өлең жаза ма, әлде жазбай ма, ал жазған жағдайда жариялай ма, жарияламай ма, оған еш қатыссыз, ақын болуы тиіс». Поэзияны ақыннан артық түсінетін шығармашылық тұлға жоқ. Шекспир «Поэзия шарада (сөзжұмбақ түрі) емес. Сондықтан аудармашы ақын тәрізді іс-әрекет жасау мүмкіндігіне ие болғаны жөн. Аудармашы оқырманды да ойына алғаны дұрыс» дейді. Поэзияда ақынның болмыс-бітімі бейнеленеді. Ол өз туындысының лирикалық кейіпкеріне айналады.
Аудармашы поэтикалық туындыдағы бүтін мен оны құрайтын бөлшектерін, көркемдігін, бейнелеу элементтерін немесе оның түрі мен мазмұнындағы бірлігін, жекелеген жолдарының арасындағы мағыналық, логикалық байланысты түсінуі қажет. Әр сөздің салмағы, мән-мағынасы бар. Шағын өлеңде шалқар ой салтанат құрады, таңдандырып таңдай қақтырар сұлулық әлемі тұна қалады. Өлең құрылымы таным мен қабылдау құралдарының бірінен ғана құралмайды, өлең мазмұны ақынның жандүниесіндегі толғаныс-тебіреніске, сыр-сезімге толы. Сөз — өлең арқауы, материалы, бейнелілігі, түрі және мазмұны, эмоциясы – өлеңнің жалпы негізі. Аударма мақсаты өлеңдегі көркемдікті, ақын ойын, ішкі жандүниесін, сезімін, түпнұсқадағыдай дәл де бейнелі, әсерлі де әдемі жеткізе білу. Аудармашыдағы шеберлік пен таланттылықтың тоғысуы – ақынның астарлы ойын, сезім дүниесін, түсінік, пайымдауларын ұғыну.
Н.А.Добролюбов: «Бәрінен бұрын ол (ақын) аудармашы болуы тиіс. Ол осындай айырықша ақындық сезімталдыққа ие болуы керек. Ұлы шығарманың сұлулығын байқап, түсінуі тиіс, елестету арқылы ақын бейнелеген бұрынғы көріністерді қайта жасап шығуы қажет, оның жұмбақ, жасырын ойларын түсіне білуі керек, өзінің шабытында нені сезінгеніндей сезінуі тиіс. Оның рухына бойлап, өзінің өлмес өлеңінде мейлінше жақсы бейнеленген айтарлықтай орын алған өмірін сүре білуі тиіс» деп тұжырымдайды. Демек, ақын шығармаларын аудармас бұрын, аудармашы өзінің талант-қабілетіне, мүмкіндігіне сай, оның шығармашылығының қыр-сырын айқын меңгергенде, өмір жолы мен қоғамдық ортасын жақсы білгенде ғана нағыз поэзиялық туынды жасалады. «Жазушылардың біреуі ақын, біреуі драматург, біреуі новелист, біреуі романист болатын сияқты аудармашылық та солай бейімделуді тілейді, үзбей жаттығып, ұзақ тәжірибе көру арқылы өзіне лайық дарынның ашылуын керек етеді» — дейді аудармашы, зерттеуші Ә.Сатыбалдиев.
1961 жылы Нобель сыйлығының лауреаты Иво Андрич аудармашыны оқырманды қолынан жетектеп, Данте, Рабле, Сервентес, Шекспир немесе Толстоймен бірге белгісіз дәуір мен әлемнің көрінісін көрсетуге батылдықпен бара алатын саяхатшыға теңеген. Аудармашыға тілді жақсы білу, терең түйсік, жоғарғы эстетикалық сезімнің болуы жеткіліксіз. Аудармашыда шығармашылық елестету, ақындық қиял, шабыт, жан-жақты ойлау жүйесі, тілдік құралдарды талдау талғамы, құштарлық-қабілетінен бөлек, ол тілдік, стилистикалық, мәдени, тарихи, әдеби-көркемдік саладан, әр ғылымнан хабардар болуы тиіс. Ақынның поэтикалық бейнелеу құралдарымен, халық тілінің байлығымен, терең толғаныспен, сұлу сезіммен, шалқар, шабытпен дүниеге әкелген поэзиясын аудару үлкен таланттылықты ғана емес, күш-қуат, төзімді сарқа жұмсайтын шығармашылық іс. Аудармашы өлеңдегі нәзіктік пен толғаныс-тебіреністі, ақынның көңіл-күйіндегі алуан психологиялық жағдайларды, яғни поэзияның бар ерекшелігін дәл түсіне алғанда ғана мақсатына жеткені. Көрнекті болгар ақыны Христо Радевский лирикалық жырларды аударушыны музыкалық шығармаларды орындаушыға теңейді. Мысалы өзіміздегі күй тарту сайысы да — орындаушылық шеберлік пен таланттылықты айқындау үлгісі. Музыкалық шығарманы әуез, ырғағымен, дыбыстық, үйлесімділігімен, көркемділік эстетикалық ерекшелігімен жеткізе білу орындаушылық талантты талап етеді. Аудармашы еңбегі де осындай. Бидай қауызынан дәнін ажырата алғандай, ақын өлеңіндегі, поэтикалық жолдарындағы көркем шындықтың, астарлы ойдың сырын ашып, басқа тілдің байлығымен жасап шығу кез келген аудармашының қолынан келмейді. «Өлең жазатын адамның тірлі құстың қанаты, суретшінің бояуы тәрізді» дейді орыс ақыны К.Батюшков. Аудармашылық талант ақын жырларының бағын жандырады, мәңгілік мұрасын басқа ұлттың құнды қазынасына қосады. Ақын бір халықтың талантты немесе ардақты азаматы ғана емес, адамзаттың асыл тұлғасына айналады. Аудармашы өзге тілдерге шығарманы аудару кезінде сол тілдің заңдылықтарымен, лингвистикалық, стилистикалық, өлең өлшеміндегі ерекшеліктерімен бетпе-бет келеді.
Аудармашының кейінгі тәжірибесі көрсеткендей, аудармашы аударылатын тілдің үлкен маманы, филолог болуы тиіс. Мысалы, қазіргі орыс поэзия аудармасында Г.Букина монгол тілінің, О.Шестинский болгар тілінің, Е.Солонович итальян тілінің маманы т.б. Ақынның поэзиядағы терең ойлы толғаныс-тебіреністерін, оның нәзік сезіммен, кейде мейілінше құпиялап, астарлап, меңзеп, тұспалдап айтатын бейнелі, көркем философиялық ойларын айқындап, ұғынып, жеткізе білуде ақындық талант айрықша қажет. В.Г.Белинский «Ол ақын бәрінен бұрын және де ең бастысы ақын болып қалды» деп В.А.Жуковскийдің аудармашылығын ерекшелеуі де осыдан. Испандық әдебиетші Х.Э.Сунвига: «Аудармашы бөгде тілдегі ақын жандүниесін түсінуге көмектеседі» -десе, болгар ақыны П.Яворов «менің жандүнием туралы айту ұлы құпия» -деп үн қосады. Ұлы Абай да: «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» дегенде өз тағдырын, шығармаларының мән-мақсатын ғана емес, поэзиясының болашақ аудармашыларына да меңзеп айтып тұрғандай. Сондықтан поэзиядағы ақын жандүниесінің тереңдігіне үңіле отырып, ақындық сезімталдықпен өлеңін көркем де әсерлі жеткізуде аудармашыдағы ақындық талант мәні зор. Болгар ақыны Веселина Андреева «Поэзияны қабылдаудың өзі шығарманың ерекше түрі» деп атаған. Олай болса, поэзияны қабылдап, түсініп, мән-мағынасын, мазмұнын көркемдік әлемімен тәржімалау қайта сипаттап айрықша сезімталдықпен сараланады.
Аударманың өзіне тән қатал заңы бар. Оған кез келген қаламгер бара бермейді. Аудармашылыққа әбден қалыптасып, соның жолына құштарлықпен берілген талант қана тауқыметіне төзеді. Мұны кезінде А.С.Пушкин де жақсы түсінген. Ол — Конрад Валленгродты тікелей поляк тілінен өте дәл аударуға ұмтылған болатын. Шығарманың ұғымға ауыр көнерген сөздерден тұратынына көзі жетісімен, аударуға ықыластанбаған. Аудара алмаймын деген. Кейіннен ол антикалық ақындар мен А.Мицкеевичтің өлеңдерін ойдағыдай аударып шықты.
Әр ақын аудармашының өзіндік тәсіл, амалы бар. Бірі өлеңдегі көркемділікті, бейнелілікті басты орынға қойса, екінші біреулері оның тіліне, мағыналық астарына, поэтикасына көңіл бөледі. Осы тұрғыда келгенде біреулері баламалыққа, сәйкестікке, дәлдікке жетуге ұмтылады, екінші біреулері өлеңнің мазмұны мен түрін ғана сақтап, еркін аудармаға ұмтылады. Көрнекті орыс ақыны Е.Евтушенко Никарагуа ақындарын аудара келіп: «Мен бұл өлеңдерді еркін аудардым, әйтседе түпнұсқаның нағыз рухын сақтап қалуға тырысып, қалай дегенде де соншалықты еркін аудардым» — депті.
Өлең мәтіні мағынасына, мазмұнына сай аудармада барлық тұтастығымен, дәлдігімен, көркемдігімен қайталанғанда ғана толық баламалылыққа жетеді. Өлең аудармасы оқырманға түпнұсқадағыдай әсер етіп, эстетикалық құндылығы жағынан тең дәрежеде жасалуымен өміршең. Ойы мөлдіреп, сөзі айқын айшықталған аударма түпнұсқаның деңгейінде қабылданады. Ақын поэтикасындағы образдылықты шынайы жеткізу аударманы әсерлендіреді, әрлендіреді. Мұның растығына үздік аудармаларды салыстыру барысында көз жеткізе аламыз. Түпнұсқаға неғұрлым жақын аударма – сәтті әдеби табыс. Аудармашы авторды жан-жақты біліп-танып, оны зерттеген сайын аударма дұрыс шығады, әрі рухына сай келеді. «Поэтикалық дәлдік терең әрі дүниені құштарлықпен білуге негізделген тек қана батыл елестетумен жетеді» дейді аударма шебері С.Маршак. Поэзия аудармасындағы дәлдікті сақтау шебердің шеберлігіне ғана тән. Бұған дәлел Гете өлеңін М.Лермонтовпен аудармашылық бәсекелестікте керемет аударған Абайдың аудармашылық таланттылығы.
Сумароков 1748 жылы «Эпистол шығармашылығында»; «Посем скажу, какой похвален перевод; Имеет в слоге всяк различи народ» деп жырлаған. Бұл әр халықтың поэзиялық сипатына тән өзіндік стилі, сөз саптауы бар дегенді аңғартады. Аудармашы өз елінің мәдениеті мен тұрмысын түпнегізіне дейін білетіні тәрізді, поэзиясы аударылатын халықтың тіршілік-тынысын жетік біліп, аударылатын шығарманың құрылымдық негізіне тереңдеп енгенде ғана нағыз көркем аударма жасай алады. Талант, білім, ізденістен, түйсіктен бөлек, дұрыс стратегия мен тиімді тактика ұстана білу керек.
Поэтикалық шығармалар аудармасын зерттеуші Е.Эткинд: «Өлең аудармасы саласында жұмыс істейтін ақын филология ғылымдарынсыз бұл ұғымды кең мағынасында алғанда лингвистиканы, эстетиканы, қоғам тарихы мен әдебиетті, поэтиканы да қоса меңгермейінше, оны айналып өте алмайды» деп дәл айтқан. Сондықтан аудармашы тек сөз суреткері ғана емес, тарихшы, өнертанушы, сыншы, этнограф, филолог, лингвист болуы керек. Н Добролюбов: «Аудармада төлтуындыдағы жоғарғы поэтикалық бар сұлулықты қайта сипаттап беру үшін бәрінен бұрын аудармашының өзі ақын болуы тиіс» деп нақты пайымдайлы.
Чех ғалымы Ф.Мико: «Аудармашы ақын болуы тиіс, поэтикалық сөз бен елестету шебер болғанда ғана ол басқа тілдегі шығарманы өз тіліне көп немесе аз шығын жұмсауымен жеткізе алады» деп түйін жасайды.
Аударылатын шығармадағы халықтың дәстүрі тілі мен мәдениетіне тереңдеп енген сайын, ол ақын поэзиясының құпияларын аша түседі. Ең қиын әрі құрметті міндеттің бірі- поэтикалық көркемдікті жеткізу.
Аудармашының бірінші міндеті: өлеңдегі дәл стильді, интонацияны, сақтауы. Сөзбе-сөз аудармада алдымен интонация, соңынан түпнұсқаның тура мағынасы жоғалады.
Поэзия аудармашысына аса қажет тағы бір ерекшеліктер: аударатын ақынмен белгілі дәрежеде ішкі жақындық, автормен шығармашылық туыстық. Сөздердің барынша дәлдігі, ой дәлдігі, көркемдік таным мен суреттеу, бейнелеулердің нақты берілуі үшін бұл өте маңызды.
Ақын мен аудармашы жалпы — аудармашылық істе тең құқықтағы тұлға. Басты талап дәлдік болғанымен, ол сөзбе-сөздікке ауысып кетпеуі керек. Поэтикалық ойлар мен көркемдік танымның, бейнелердің дәлдігін жеткізу мұрат. Дәлдік – аударылатын шығарманың көркемдік арқауына сәйкесіп, оған ешқашан зиян тигізбеуімен ерекшеленеді. Сөздің лирикалық реңкін, дыбыстық бояуын, бейнелілігін сақтау, аударылатын шығарманың негізгі ойын, образы мен суреттеу әдемілігін жеткізуге көмектеседі. Француз романтигі Шатобриан кезінде аудармадағы жаңа ағымның көшбасшысына айналды. Ол ағылшын ақыны Дж. Мильтонның «Жоғалған ұжмақ» кітабының аудармасында мейлінше мағыналық дәлдікке ұмтылып, өлеңнің түрін елеусіз қалдырған.
Талантты аудармашы шығарманың көркемдік құндылығын жан-жүрегімен ұғынып, түпнұсқаның түрі мен мазмұнының бірлігін әрі тілдік ерекшелігі мен заңдарын сақтап биік дәрежесінде жеткізуге күш салады. Әзербайжан аударма зерттеушісі Ф.Уалиханова: «Қалайда әрі тілді әрі ұлттық өлең құрылысының ерекшелігін әрі сол ортада өскен ақын шығармашылығын білетін болса қалауындағы жетістікке жетпеуі мүмкін емес! Көптеген аудармашы ақындар тіпті тілді білмесе де, ұлттық поэзияның үлгілерін орыс топырағына тамаша алып шығады. Шынайы суреткер төлтуындының астарлы тынысын сезіне білумен бірге, оны сол мәнерде өзі тілінің поэтикалық заңдылықтарына сәйкес жеткізе біледі. Классикалық поэзия аудармашысы болу үшін, сонымен бірге ғалым да болу керек» деген тұжырымы ақын аудармашының екі қыры – талантты ақын мен талантты ғалымнан тұратындығын дәлелдейді. Мұны орыс аударма өнерінде А.Пушкин, В.Жуковский, К.Брюсов, К.Чуковский, С.Маршак, Н.Холодковский, М.Лозинский, қазақ аударма шығармаларында Абай, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, М.Әлімбаев еңбектері айғақтайды. Мәселен, Г.Гачечиладзе, Н.Озеров, М.Лозинский, т.б. әрі поэзия аудармашысы, әрі ғалым. М.Лозинский аудармашыға түпнұсқаға барынша жақындау қажеттілігін айта келіп, «аударма тілі түпнұсқаны көмескілемейтін, шытынамаған мөлдір терезеге ұқсауы керек» деп жазған. 1936 жылғы «Өлең өнерінің аудармасы» атты мақаласында «аударма неғұрлым нысаналы (объективті) болған сайын соншалықты құнды. Ақын-аудармашысының дербестігі оның шеберлігінен танылады» деп поэтика аудармасындағы ақындық талантты атап көрсетті.
Атақты кинорежиссер С.Герасимов “Поэтикалық шығарманы бір тілден екінші тілге аудару шығынсыз болмайды. Мұнан бөлек, авторға деген сенімділікті сақтау үшін үлкен талант керек” деп айқындаған.
Аудармашы тілді қанша жетік, жақсы меңгергенімен, ақындық талант болмаса, бәрібір өлең аудармасында биік табысқа жете алмайды. Ұлы ақын талантына тең дарын иесі немесе оның шығармасын толық зерттеп, зерделеп, сүйіспеншілікпен, сезімталдықпен терең түсінетін ақын-аудармашы ғана керемет дүниені сондай көркем дәрежеде тәржімалай алады. Н.Добролюбовтың аудармашының ақын немесе айырықша ақындық сезімге ие болу керектігін ойға құюы да осыдан. Мұқағалидың «Ақынды ақын аямаса болмайды, ақынды ақын таяқтаса ол қайғы» деуі де аудармашы ақынға да арнап айтылғандай. Ақын шығармасына жанашырлықпен қарау — аудармашының басты парызы. Өлеңңің рухын, тынысын, көркемдігін, ой тереңдігін, сезімдік сыршылдығын,әсерін түсінбей аударып, ондағы көркемдік сипатты көмескілеп не үзіп- жұлып жеткізу аудармашының ақынға жасаған қиянаты. Бұл – мәдениет, әдебиет, поэзия әлеміндегі ешқашан кешірілмейтін қылмыс. Өкінішке орай, поэтика аудармасында да мұндай жағдай аз емес. Ақын талантты болған сайын аудармашының эстетикалық әлеміне соншалықты күшті ықпал етеді. Мәселен Р. Ғамзатов пен Қ.Кулиевтің өзіндік болмыстағы ұлттық ақын дәрежесіне көтерілуі — Н.Гребнев, Я.Козловский, Ю.Заболоцкий т.б. ақындардың аудармашылық талантының нәтижесі. Аталған ақындар поэзиясының көптеген ұлттық оқырмандарына жақындасуына аудармашылар зор мүмкіндік жасады. Расул Ғамзатов мұны өзі де мойындаған! «Кейде жұрттың менің сыртымнан: Ол, әрине, қабілетті адам, бірақ онша емес. Ол үшін көп еңбек еткен Москваның аудармашылары ғой» - дейтінін мен білем. Ал мен мұны жасырмаймын да. Шынында егер аудармашылар болмаса, мен де болмас едім”
Кейде аудармашы аударма теориясын жеткілікті білгенімен, шеберлігі мен тәжірибесі ұштаспаса, айтарлықтай табысқа жете алмауы мүмкін. Ақындық қабілеті орташа аудармашылар аударматанумен жеткілікті таныс болмасада, үлкен жетістікке жетеді. Аудармада осындай кереғар жайлар ұшырасады.
Р.Ғамзатов: “Аудармашы да, ақын, жазушы, сөз шебері болуы керек... Ол да өзін өз халқының перзентімін деп білуі керек” деп жақсы айтқан. Мұны поэтикалық аударма тәжірибесінен көз жеткізу қиын емес. Мәселен көрнекті поэзия аудармашысы М.Л.Гаспаров Аристотель, Эзоп, Федр, , Диоген Лаэртцкий, Цицерон, Тит Ливий, Плутарх, Пиндар шығармаларын, римдік «алтын ғасыр» ақындары Катулла, Гораций, Овидий мұраларын, Ариоста, Петрарка, Эзра Паунд, Рильке поэзиясын жақсы тәржімалаған. Ол классик ақындарды оқумен бірге, француз, итальян, ағылшын, неміс, грек, поляк, испан тілдерін терең меңгеру нәтижесінде әдемі аудармалар жасады. Көп тіл білуінің арқасында ешқандай жолма-жол аудармаға барған жоқ. Пушкин, Брюсов, Анненский, Маршактың орыс тілінен шет тіліне жасаған аудармаларын, М.Цветаева поэзиясының француз тіліндегі автоаудармасын, Тютчев өлеңдерінің немісше аударылу тәжірибесін талдап, зерттеп, мақалалар жазды. Қысқасы, поэтикалық аудармашылық тәжірибесін зерттеушілік қабілетімен теорияға негіздеумен ұштастырды.
Поляк зерттеушісі Артур Сандауэр «Поэзия аудармашысының міндеті сөзді ғана аудару емес, керек болса түпнұсқаның көркемдік құндылығын қайта жасап шығу да емес, аударманы түпнұсқа тәрізді әсер беретін деңгейге жеткізу саналады. Автор сияқты сезіндіре, ойланта, әсерлендіре білу керек. Кітаптағы сұлулықты толық жеткізе алмаса да, сол сұлулыққа сүйсіндіретіндей аударма жасауы тиіс. Бір өлеңде жыр сұлулығын талғамды ұйқастар құраса, екіншісінде тебірентерлік ырғақ, үшіншісінде айқын бейнелілік (образдылық) құрайды. Өлеңді мейлінше тығыз болмыстық жай-күйімен және реалийлерімен жеткізу үшін аудармашы жауапкершіліктің барынша дәл және ұқыпты сезімімен жұмыс істеуі керек” деген тұжырымға негізделеді.
Поэзиядағы дәуірдің болмыс-бітіміне бойлап, ұлттық және әлеуметтік ерекшелікті, автордың шығармашылық дербестігін, жанр сипатын, шығарманың мазмұны мен түрінің бірлігін, поэтикалық рухын, эстетикалық, философиялық әлемін түсініп, соны жете меңгеріп аудару — басты мәні.
Басқа көркем аудармалардан поэтикалық аударманың ерекшелігі, ол өте үлкен талғаммен, жан-жақты білімділікпен, ақындық талантпен, мінезбен, сезіммен жасалып, көпшіліктің талап-тілегімен сәйкесуі тиіс. Өлеңнің бір тілден екінші тілге аударылуының маңызы зор. Бір мәдениеттен екінші мәдениетке ауысатын поэтикалық шығарма қаншама елде қанша рет қайталанып аударылса да, поэтикалық шығарма күйінде қала береді. Яғни өлең-жыр поэзиялық өрнегін, қуатын сақтайды. Поэтикалық шығарманың аудармалық түрі әлеуметтік қатынастың айырықша көрінісі, ол бір халықтан екінші халықтың рухани құндылығына айналуында, бір ұлттың жүрегінен екінші ұлттың жүрегіне ұялауымен қымбат. Сондықтан аудармашының асқақ міндеті ақынның жырында берілетін жүрек дүрсілін тыңдау, бұл жүрек соғысын өз халқының тілінде сөйлете білу. Яғни, поэзияны бір халықтың тілінен екінші халықтың тіліне бар көркемдік, поэтикалық құндылығымен аудару.
Көркем аударма қаншалықты қиын шығармашылық өнер саналғанымен, поэтикалық аударма жасау ауыр іс. Айырықша азаппен, нағыз таланттың, шебердің шеберінің қолынан келетін ғана киелі өнер. Дегенмен “поэзияны бір тілден екінші тілге аударып қана қоймау керек, бір поэтикалық тілден екінші бір поэтикалық тілге аудару қажет” деген аудармашы Г.Русаков сөзі поэзия аудармасының ерекшелігін көрсетеді.
Поэзия аудармасында ең бастысы өлеңнің мазмұнын, рухын, өлшемін, бейнелілігін, эстетикалық, философиялық мәнін жеткізу қажет. Аудармада аудармашы өзінің таланты мен шеберлігін көрсетумен шектеліп қалмайды, ол аударманы түпнұсқамен барлық құрылымдық, көркемдік, поэтикалық жағынан тепе-тең дәрежеде сәйкестіруге күш салады. Аудармашы өлең тынысын, рухын жеткізумен бірге, өлең мәдениетіне, эстетикасына, философиялық мағынасына да жауап береді. Өлең аудармасында бір нәрсе жаңарады, бір нәрсе жоғалады. Аз нәрсе жоғалтып, олжа тапқан оңды.
Оқырманды әсерлендірмеген, оған ләззат дарытпаған, оны жігерлендірмеген, рухтандырмаған, жандүниесін, сезімін оятпаған поэтикалық аударма түпнұсқалық сипатынан айырылып, аудармашының өзіндік шалағай шығармасы санатында ғана қалады. Нағыз көркем, құнды поэзиялық аударма халықтың төлтуындысына қосылумен бірге, кейде сол ұлт тіліндегі басқа бір жанрға да кірігіп кетеді. Мәселен, Шекспирдің бір ғана «Гамлеті» орыс тіліне 40 рет аударылса, соның бірінде, яғни Н.Полевой тәржімасында халыққа түсінікті жеткізілгені сондай, Офелияның сөзі халық әні болып жатталып кеткен. Абай аударған Пушкиннің «Евгении Онегин» роман-поэмасындағы Татьянаның сөзі қайталанбас ғажайып сөздерімен бірге, сұлу да сыршыл жүрек тебірентерлік әуезді әнге айналғаны белгілі:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет