«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы


Түпнұсқа мәтіні мен стилінің аудармадағы логикалық негізі



бет18/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   32
Байланысты:
Аударма алеми

Түпнұсқа мәтіні мен стилінің аудармадағы логикалық негізі

Психолог М.А.Тулов тұжырымдауынша «Әрбір тілдің ерекше логикасы бар, тілдің құбылысы жалпы адамзаттың ойлау логикасы емес, сол тілдің дербес логикасымен түсіндіріледі».


Логика – бұл қорытынды білім туралы ғылым. Ол сенімді, дәлелді қорытынды жасау шарттарын үйретеді, ол қалай ой түйіндеу, тұжырымдау қажеттігін меңгертеді. Логикалық ойлау - белгілі бір заңдылыққа, ережелерге, тұжырымға сүйенген ойлау жүйесі.
Араб граматиктерінің пайымдауынша кез келген дыбыс, сөз және сөйлем дамыған ақыл-ойдың нәтижесі ретінде әрбір жекеленген жағдайда логикалық дұрыстықта, дәлдікте болуы тиіс. Ойының дәлдігімен, мазмұндылығымен, айқындылығымен сөздердің жүйелі байланысын қатаң сақтап құрылған мәтін түсінуге қиындық тудырмайды. Ойлау қабілетінің төмендігінен, білімнің жеткілісіздігінен жасалған сөйлемдер мағыналық жағынан шұбалаңқы, сөздердің ретсіз, жүйесіз қайталануына әкеп соғады. Оны оқып түсіну де қиын. Автордың ойын аңғаруда оңайға соқпайды. Аударма мәтіні түпнұсқа мәтінімен стилистикалық, семантикалық, лексикалық, синтаксистік құрылымымен сәйкес келуімен бірге, ең бастысы логикалық жүйелілігін еш бұзбауы тиіс. Көп жағдайда аударма мәтіндері аудармашының түпнұсқа тілін түсінбеуінен мүлде өзгеріске түседі. Түпнұқсқада мүлде жоқ мәтін пайда болады. «Ұзақ сонар сөздер діңкеңді қатыратын нәрсе оларға құлақ қояатындар да аз-ақ», деп Ф.Бэкон айтқандай, ұзақ, шұбатылған сөйлемдерді түсіну қиын, ойға тоқу ауыр, өйткені ол мағыналық жүйесінен ғана емес, логикалық негізінен айырылған.
Көркем әдеби шығармадағы және аударма туындыларындағы логикалық ерекшелік – сөздердің мағыналық үйлесімділігі және грамматикалық құрылымының дұрыстығы. Аударма тілінің мәдениетінде жалпы алғанда, тіл мәдениетінде, бірінші кезекте тіл нормасын дұрыс орындау талап етіледі. Ол негізінен мағыналық жағынан логикамен, ой қисындылығымен ажырамас байланыста.
Әрбір айтылған ой сөз, сөз тіркестері және сөйлемдер т.б. мағыналық байланыс заңдылығына сәйкес логикалық тұрғыда өзара жалғастықта және айқын, түсінікті болуы тиіс. Әр сөйленген сөз ойлау қызметінің нәтижесіне бағытталады. Ойлау логикасы сөз және тіл логикасымен тығыз байланысты. Сөздегі логиканың бұзылуы ойды мазмұндауда қателікке ұрындырады, сөйлемнің дұрыс құрылмауына әкеп соғады, оқырманға түсініксіздік туғызады. Аудармадағы басты қателіктердің бірі – оның тіл мәдениетіне сәйкес келмеуі, логика заңының бұзылуымен байланысты. Автор ойының аудармада логикалық тұрғыдан бұзылуы түпнұсқа мәтіндерінің дәл жеткізілмеуіне, семантикалық-стилистикалық тұрғыдан өзгеріске түсуіне апарады.
Көркем аудармада түпнұсқадағы авторлық ойды дұрыс түсінбеу салдарынан мәтінді бұрмалап мүлде басқа ұғымда аудару жиі кездеседі. Мұның өзі сөздің, сөйлемнің мағыналық реңкінің сезімдік-әсерлілік мәнінің әлсіреуіне әкеліп соғады. Кейде аудармашылар түпнұсқа мәтінін өзінің таным-түсінігіне сай өзгертеді. Аудармада қиындық туғызатын тіркестер мен сөйлемдерді аударуда аудармашы түсінігі мен тәжірибесі жетіспегендіктен, тәржіма сапасыз, жалған жасалады. Мағынасы айқын, жүйелі ойға құрылған мәтін көмескіленіп кетеді, кейде әдемі, әрлі сөйлемдер бояуы солғындап, әсерлілігінен айырылады. Ойдың дұрыс мазмұндалмауынан сөйлем басқаша құралады, тіпті түпнұсқаға мүлде сәйкеспеуі де мүмкін. Осыдан барып ой қисындылығынан айырылған мәтін көркем шығарманың мазмұнын өзгертеді, сөйлем мағыналық қуатынан айырылады. Осыны болдырмау үшін аудармашы да, әдеби өңдеуші де мәтіннің әр сөзіне мұқият зер салғаны жөн. Редакциялау кезінде логикалық жағынан дұрыс аударылмаған сөйлемді түзету өз алдына, оны түпнұсқаға сәйкестіріп, жаңа нұсқада беру қажеттілігі туады. «Логикалық сөз эмоциялық бояуға ие болуы мүмкін, ал эмоциялық сөз қатаң түрде логикалық құрылымға ие болуы мүмкін» – дейді зерттеуші Н. Разикина.
Аударма шығармаларындағы көптеген қателіктердің орын алу себебі – түпнұсқадағы тілдік құралдардың мән-мағынасы мен стилистикалық қызметін аудармашының жеткілікті түсінбеуі. Кейде аудармашылар оқырмандарға түпнұсқа мәтіндерінің өзіндік семантикалық-стилистикалық, мазмұнын, жүйесін жеткізу үшін ондағы қолданған бейнелеу құралдарын мүмкіндігінше сақтауға тырысады. Аудармаға деген мұндай қатынас тек қана түпнұсқадағы көркемдік және ұлттық колоритті сақтаумен бірге, аударма тілінің жаңа сөздермен қорлануына мүмкіндік береді. Көркем аударма аясында әдетте бір тілдегі шығарманы басқа тілге толық және мінсіз деңгейде көркемдік қатынас жағынан жеткізу басты мұрат саналады. Қажетті сөзді, тіркесті аудармай қалдырып кету салдарынан сөйлем мағыналық жағынан әлсірейді, көркемдік-эстетикалық қуатын кемітеді, мазмұндық сипатының бұзылуына әкеп соғады.
Әдетте жақсы, қызықты жазылған кітаптың тартымды аудармасы оқырман талғамын қажет етпейді. Ол түпнұсқалық шығарма ма, әлде, аударма ма, оқырман оны көркем шығармашылықтың нәтижесі деп қабылдап, одан эстетикалық ләззат алуға ұмтылады. Кез-келген асығыстық, немқұрайдылықтан аудармадағы көркемдік деңгейге сай келмейтін нашар құрылған, ойы бұлдыр сөйлем шығармадан алатын рухани әсерді, эстетикалық ләззатты кемітеді. Ал аударма шығармасы өз тілінде жазылғандай қабылдана қоймағанымен, егерде ұғымға жеңіл, әдемі де бай тілмен шебер аударылған жағдайда төл туындыдай қабылданары айқын. А. Федоровша айтқанда: «Аударма шығармасы басқа тілдегі түпнұсқалық шығарма болып қабылданғанымен, бәрібір аударма күйінде қала береді» (с. 12). Кез келген саладағы аударма мәтіні түпнұсқа мәтіні мағынасын, ойын, идеясын нақты, айқын, дөп жеткізуімен бірге логикалық дамуын әрі негізділігін сақтауы тиіс.
Қалай дегенде де, аударма шығармалары талапқа сай, шебер аударылған кезде ол бәрібір келесі жаңа нұсқасы дүниеге келгенге дейін өзінің көркемдік құндылығымен бір ұлттың төл туындысынан екінші ұлттың өзіндік әдеби шығармасына айналады. Халық сүйіп оқитын шығарма санатына қосылады. Сондықтан С. Маршактың мына бір сөзі ойымызды тұжырымдаса керек: «Аудармашы жұмысы – бұл ұлы халықаралық байланыс қызметі. Ол қалайда мінсіз болсын. Аударманың идеялық және көркемдік сапасында ешқандай да еркіндіктен шығып кету, не кеміту болмауы тиіс. Аударылатын кітапты таңдау қатаң әрі нақты түрде болуы керек».

1. Логика және көркем әдебиет аудармасы.


2. Аудармадағы логикалық ой жүйесінің сақталуы.
3. Аудармадағы логикалық қателіктердің орын алу себептері.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет