«Қазақ әдебиетін аудару ерекшеліктері» пәні
Балалар әдебиетінің аудармасы
Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті саяси, тәрбиелік, тағылымдық-танымдық және фантастикалық-ғылыми сипатта жазылады. Педагогикалық көзқарас тұрғысынан қарағанда, балалар әдебиеті тәрбиелік-тәлімдік мәнімен, эстетикалық-көркемдік ықпалымен, жеңіл мазмұнымен, ойға қонымды стилімен ерекшеленеді. Балалардың көркем шығармадағы мәтінді қабылдауы – күрделі құбылыс. Бірі түсінген кітапты екіншісі түсінбейді. Бірақ жақсы туынды тартымды сюжетімен, қызықты оқиғасымен ғана емес, мәнерлі, ойда ұзақ сақталып қалатын кейіпкер сомдау сипатымен, әдемі, нәрлі, нәзік бояулы тілімен баурап алады.
“Балалар өмірі біздің өміріміз тәрізді, күрделі жағдайға, тартыстар, күмәнданулар және реніш-өкініштерге толы, бізге, үлкендерге оның тек қана себеп-салдары жай, бос нәрсе болуы мүмкін”деп жазады Н. С. Боярская. Жазушы балалар әлемінің күрделілігіне терең үңіліп, оны жақсы түсінуі тиіс, болашақ ересек адамның мінез-қылығы мен көзқарастарын қалыптастыру үшін әрбір фактінің мәнін бағалай білуі керек. Балалар әдебиетінің композициялық құрылымы қарапайым, сюжеті жеңіл, ең бастысы түсінікті әрі айқын болуы тиіс. Балаларға шығарма жазу кез-келген жазушының қолынан келмейді.
Балалар қоршаған әлемді тұтастай қабылдайды, бірақ жекелеген детальдарын,бейнелі-сезімдік түрде үнемі аңғара бермейді, олар өмірлік құбылыстарды негізінен ойын арқылы таниды. Балалар әдебиеті өзара сыйластыққа, ұжымдық татулыққа, отансүйгіштікке, табиғатты, ұлттық дәстүрлер мен тілді, тарихты, мәдениетті құрметтеуге тәрбиелейді. Балалар шығармалары жеңіл әзілден, тапқыр ойдан, тартымды, бейнелі тіркестерден, ықшам құрылған сөйлемдерден тұрады. Көптеген шығармалар балаларды адалдыққа, батырлыққа, ізгілікке тәрбиелеуге арналады.
Балалар прозасы қызықты, шытырман оқиғалы, сан алуан тартысты сюжетке құрылады, ал балалар поэзиясы да шағын сюжеттік желіні тұжырымды түйіндеуімен тартымды. М. Горький “Балаларға үлкендер сияқты жазу керек, тек қана өте жақсы жазу керек” деген ой айтқан. Аудармашы әрі аудармаға жауапты редактор түпнұсқамен толық танысу барысында балалар әдебиетінің стильдік, ырғақтық,интонациялық ерекшелігін қалайда сақтауға мүдделі. Аударма әдебиетте әр сөздің өзіндік қолданылу маңызын ұғына отырып, мәтінге жаңа сөз қосып, жөнсіз әрлеуге, не қысқартуға болмайды. Әрине, ұзақ туындыларды түгел беру мүмкін болмаған жағдайда қажетті бөлігін, жекелеген тартымды тарауларды ғана аудару маңызды. Аудармада термин сөздер қолданылады. Балаалар әдебиетіндегі әр терминнің баламасын табу қиын болған жағдайда оған сілтеме жасап, қандай мақсатта қолданылатынын түсіндіру қажет. Балалар шығармасын аударуда үлкендердің сөйлеу мәнері өз сипатында сақталады. Сондықтан аудару және баспаға әзірлеуде, редакциялау барысында оған автор көзімен ғана емес, кейіпкер жандүниесімен, сезімімен қарау қажеттілігі туады. Диалогты күрделендіруге болмайды, мәтіндегі бала қиялына сай жүйеленген ойды сол қалпында көркем, мәнерлі жеткізу – басты парыз.
Егерде автор арнайы көрсеткен болса, балалар сөзін жүйелі түрде қайта жасап шығу аударма баламалығына жету шарттарының бірі. Балалар тіліндегі кейбір “бұрмалаулар”, бұзып сөйлеу дағдысы аударма шығармасында соған сай келуі керек. Балалар сөзі шынайылығымен, сезімталдығымен, қарапайымдылығымен, сөйлемдердің қысқалығымен ерекшеленеді.
Кейіпкерлер сөзінде фонетикалық дыбысталудың дұрыс жеткізілмеуі, тілінің тұтығуы, кекештелуі, акценттік ерекшелігі т.б. ұшырасуы мүмкін. Кейіпкер кейбір дыбысты бұрмалап айтуы мүмкін, болмаса асығыстықтан әлде тіл мүкістігі салдарынан немесе басқа біреуге еліктеу арқылы жасалады. Әрине аудармада мұның бәрін жеткізе білу оңай емес. Және соған сәйкес дыбысталу түрін жасау қажет болады. Аударма шығармасын түпнұсқамен салыстыру барысында осыған мұқият болған жөн. Кейде баланың жүйке жүйесіндегі қобалжулар, абыржып-толқу сезімдеріне байланысты сөйлеу тілінде бұрмалаулар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда аудармада түпнұсқалық мәтіндік-стилдік ерекшелік сақталуы тиіс. Балалар тіліндегі көрікті ой, адамды үйіріп әкететін жылылық, мінез-қылығы мен сезімдік құбылыстарын дөп басып жеткізу жазушыдан баланың ой-қиялын дәл таба білуін талап етсе, аудармада бәрі қаз-қалпында, ұлттық тіл заңдылықтарына сай берілуі тиіс.
Адаптация шығарманы оқырманның жетік білу деңгейіне бейімдеу жолымен жасалады, мұндай аударманы басқа біреудің түсіндіріуінсіз оқырман өзі қабылдай алады. Көп жағдайда мәтінді балалар қабылдауына ыңғайлауда лингвоэтникалық адаптация – мәтінді арнайы өңдеу жүйесі қолданылады. Ол мәтінді оқырмын түсінігіне бейімдеу, жеңілдету жолы. Өйткені оқырманның бәрі бірдей жалпыға ортақ нәрсені қабылдай бермейді. Білімі, ой-танымы, түсінігі, қабылдау деңгейі әртүрлі дәрежеде болуы осыны негіздейді. Бұл тәсіл қажет жағдайда ауызша аудармада да қолданады. Адаптация ең алдымен мәтінді оңайлатуды формалды түрде, мазмұнды түрде де жүргізеді. Көбінесе арнайы лексика (терминдер, күрделі тақырыптық лексика) аударма кезінде жалпы тілдік нормативтік лексиканы ауыстырады. Кейде аударма тарапынан мәтін ішінде немесе ескертпеде түсіндіріледі. Күрделі синтаксистік құрылымдар жеңілдетіледі, сөйлем көлемі кемиді. Көркем мәтінді оңайлату кейіпкерлер жүйесін оңайлатумен де тұжырымдалады. Бұл көбінесе балаларды күрделі әдеби мәтіндермен бастапқы таныстыру жағдайында пайдаланылады. Сондай белгілі оңайлатулар қатарында Свифттің, “Гулливер ергежейлілер арасында” (өңдеген Т.Габбе, З.Задунайский) және К.Чуковский өңдеуіндегі Д.Дефоның Теңіз саяхатшысы Робинзон Крузоның өмірі мен ғажайып оқиғалары” романы.
Көрнекті әдебиетші С. Михалков: “Литература должна вырастить своего юнного читателя истинным гражданином, готовым стать героем не только в военных сражениях, не только в битвах с силами природы, со стихийными бедствями, но и в сражениях нравственных, которые подчас происходят в мирной, как говорят “будничной” жизни, в битвах за справедливость, за счастье людей” – деп балалар әдебиетінің жасөспірімдерді батыл, күрескер, отаншылдық сезімі жоғары, патриот, қайраткер болмысында тәрбиелеу маңыздылығын айтады. Ол тек қана шыншыл, жандүниесі кіршіксіз, еркін ойлы азамат рухында бейнеленуі жөн. Балалар жүрегі ерекше өткір және айқын сезінетін, титтей де болса жалғандықтан таза кітаптар ғана оларды жақсы тәрбиелей алады. Мұның өзі балалар әдебиетінің тәрбиелік-тағылымдық маңыздылығын айқындайды.
Балалар шығармаларының мазмұны қызықты да тартымды, нағыз шындыққа құрылған, қисынды, ой-пікір қайшылығын туғызбайтын, оқиғасы сендіретін болуы керек. Сонымен бірге тілі де қарапайым, баланың жандүниесін аша алатын, түсінікті де жеңіл құрылады. Әр кейіпкердің ойына, қабілетіне, сезім дүниесіне байланысты тілдік ерекшелігі, сөйлеу мәнері қалыптасады.
К.Д. Ушинский кез-келген дүниені қарапайым тілмен түсіндіріп, балалар ұғынбайтын сөздерді қолданудан бойын аулақ салғанын айтады. “Бала тілі – бал” дегендей, балалар әдебиетінің авторлары кейіпкерді бейнелеуде психологиясымен үйлесімді сөздерді қолдануымен бірге, оның тәрбиелік, тағылымдық сипатын да ұмытпауы керек. Сондықтан балалар сөзі сайдың тасындай сұрыпталған, таңдап, талдап қолданылған, көркем де үлгілі тіл құралдарынан тұрады. Ал аудармашының түпнұсқаның көркемдік мазмұнын өз тілінде айқын, әсерлі, шынайы жеткізумен бірге, кейіпкер тілінің құрылымын, автордың стилін барынша дәл үйлестіре беруі де шеберлігі мен талантын айғақтайды.
Балаларға көркем туынды жазу – күрделі де қиын іс. Мұнда автордың “мені” оқиғалар тартысында, сюжет өткірлігінің тасасында қалады. Кейіпкерлердің жандүниесі, мінез-қылығы, білімі, жасы, дүниетанымы айрықша байқалып тұрады. Бұл шығармалардың бәрі де адамгершілік, имандылық, патриоттық, тәлім-тәрбиелік ықпалға негізделгендіктен, аудармашы автордың ұстанымын еш өзгеріссіз айқын айшықтауы тиіс. Балалар әдебиетін жазудың қиындығы оның көркемдік, тәрбиелік идеясы мен мазмұынының бөлекше сипаттылығында.
Балалар жазушысы оқырманның жас ерекшелігімен санасуға тиіс. М.Горький балалар әдебиеті мәселелеріне ерекше көңіл бөлген. “Бұл сақталмаса оның кітабы адрестен айырылған, балаға да, үлкенге де еш қажетсіз кітап болып шығады” деп орынды айтқан. Баланың жасына, мінез-құлқына, ой-өрісіне, дүниетанымына сай жасалған сөйлеу тілі аудармада да сол реңкін сақтауы тиіс. Балалар әдебиеті жазушының сүйіспеншілігін, терең білімін, балалар психологиясын жете түсінетін, сезімтал да байқампаз, шыншыл да адал болуын міндеттейді. Балалар шығармасындағы жалған дүние шындыққа кереғар жайлар, әдепсіздік, әсірелеу т.б. орын алмауы тиіс. Бала сезімтал, талғампаз оқырман екенін аңғарсақ, шығармалар да шындықтан еш ауытқымауы тиіс. Н. Г. Чернышевский түсінігінде: “детский рассудок и детский ум... неопытен, но очень остер и проницателен”. Балалар әдебиеті оқиға қызықтылығымен, тартыстылығымен сендіргендей, тілі де кестенің жібіндей төгіліп көрінуі тиіс.
Марк Твеннің “Том Сойердің басынан кешкендері” мен “Гекльберри Финнің басынан кешкендеріндегі” оқиғаны жасанды деп айта алмайсың. Тілі қандай шұрайлы, мәнерлі. Адалдық та, аңқаулық та, алғырлық та, қиқарлық та кейіпкерлер бойына дәл тоғысқан. Б. Соқпақбаевтың “Менің атым Қожасы” қандай! Оқып отырып, Қожамен жандүниеңіз етене егіз болып кеткеніңізді сезбей қаласыз. Жақсылығына сүйсініп, теріс қылығына күйінесіз. Осы шығарманың әлемнің көптеген тілдеріне аударылуы да бала жанын баурап алатын композициясының шебер құрылуында, сюжеттердің шиеленістілігі мен шешімділігінде, оқиғаларының тартыстылығы мен танымдылығында.
Бұл шығармалардың тағы бір ерекшелігі – юморлығы. Кейіпкерлердің сөйлеу тілі мен мінез-қылығын ашуда авторлар сатиралық стильді қолдана отырып, оқырманды күлдіреді, езу тартқызады. Бұл – арзан, жеңіл күлкі емес, кей тұста ащы күлкі. Сол арқылы оқырман кейіпкердің теріс мінез-қылығынан жағымсыз әдеттерінен бойын аулақ салады. Кейбір күлкі баланың психологиясына, іс-әрекетіне негізделеді. Балалар әдебиетінде юморизм – автор ұстанымы. Шығарманың жақсы оқылуы да осындай ерекшелігінде десек, аудармада сатиралық стиль, юморлық иірімдер, күлкілі жағдайлар әдемі, әсерлі, мәнерлі берілуі маңызды. Сонан соң тілінің табиғилығы, түсініктілігі, жеңілдігі әрі кейіпкер ой-танымымен сәйкес жасалуы да тартымдылығын арттыра түседі.
Баланың болашақ адам ретінде қалыптасуында өмірлік көзқарастарын айқындауға, алдына қойған мақсаттарына жетуге талпындыруда балалар көркем әдебиетінің ықпалы айрықша. Балалар жазушысы ерекше талантқа ие болуы тиіс. С. Михалков: “Балалар әдебиетінің жазушысы – айрықша және жалпы әдеби талантқа қарағанда барынша анағұрлым сирек талантқа ие болуы тиіс” деп атап көрсеткеніндей, оны аудару ісіне де талантты балалар аудармашысы тартылу қажеттілігі де айқын аңғарылады. Балалар жандүниесін, мінез-қылығын, өмір сүру дағдысының нәзік иірімдерін сезімталдықпен білетін адам ғана балаларға шығарма жазуға қабілетті.
Балалар әдебиеті баланың эстетикалық талғамын дамытады, дүниетанымын қалыптастыруға ықпал етеді, рухани жандүниесін байытады. Білім-танымын кеңейтетіндіктен де оның жанрларының аудармасына да жіті көңіл бөлу қажеттілігі зор. Балалар әдебиетінде тәрбиеге біржақты сүйеніп, тым ақылгөйсіп кетуге болмайды. Жан-жақты, танымды материалға бай, өткір сюжетті, шебер тілмен жазылған шығарма қызықтырумен бірге, кейіпкер іс-әрекетінің қателігі арқылы балаларды ойландыруы да тиіс. Олардың іс-әрекеттерін, қылықтарын өздеріне талдатып, түсіндіріп, сабақ алдыратындай дәрежеде болуы да – балалар әдебиетінің жанрлық шарттарының бірі. Балаларға өлең жазу да, әңгіме, повесть жазу да осы жолға біржолата түскен, соның шығармашылық азабына төзе алатын, баланы жанындай жақсы көріп, жүрегімен сезінетін ақын-жазушыға жүктелетін зор жауапкершілік. Бұл шығармалардың аудармасы да үлкеп жауапкершілікпен атқарылар іс. Балалар әдебиетінің аудармашысы да бұл саламен айналысқан қаламгер, зерттеуші болуы заңды. Балалар жандүниесінің нәзік деталіне дейін түсінетін психолог, олардың мінез-қылығы мен өмірлік дағдыларын терең тани алатын педагогтық қасиеттермен бірге, оларды ізгілік пен имандылыққа, өнегелі адамгершілікке баулитын, жаман қылықтардан, жат әрекеттерден бойын аулақ салдыратын туындылар жаза алатын талантты ақын-жазушы болуы міндетті. Аудармашы да осы деңгейден табылуы тиіс.
Балалар әдебиетінің әдебиеттің басқа түрлерінен ерекшелігі неде?
Кейіпкерлер сөздерінің жасалуында ескерілетін жайлар?
Балалар туындысын жазу қиындығы және аударылу күрделілігі неліктен?
Балалар әдебиетінде юморизмдердің қолданылуы неге қатысты?
Достарыңызбен бөлісу: |