«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы


Классикалық шығармалар аудармасы



бет22/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   32
Байланысты:
Аударма алеми
Аударма алеми
Классикалық шығармалар аудармасы

Зерттеушілердің ортақ тұжырымы – классикалық шығарма аудармашысы мүмкіндігінше ғалым болуы керек. Ол елдің ежелгі тарихын, тұрмысын, әлеуметтік жағдайын, салт-ғұрпын, әрі сол дәуірдегі сөз өнерімен жақын танысып, қажет жағдайда жеткілікті білгені жөн. Класссикалық шығармаларды, үзіп-бөлмей, жекелеген бөліктерін аударумен ғана шектелмей, оны толығымен аудару қажет. Түпнұсқаны жай ғана механикалық түрде жеткізу өз алдына, автордың барлық көркемдік-эстетикалық жүйесін тұтастай тәржімалау айырықша маңызды. Сондықтан да үздік аудармашылық талант, шеберлік, үлкен тәжірибе негізінде танылғанымен, аударма зерттеушісі, сыншысы бола білудің түпнұсқаны шынайы, бар көркемдік құндылығымен, стилистикалық-семантикалық құрылымымен тұтастай жеткізуде өз пайдасын тигізеді. Мұндайда филологиялық мәдениет, шығармашылық түйсік, терең таным, айырықша сезімталдық, байқампаздық та көмекке келеді. Мұның бәрі кез келген аудармашы бойында тоғыса бермеуі де мүмкін.


Көркем аударма көне сөздердің заңдылығын үнемі сақтай бермейді, өйткені қазіргі авторлардың өзі де ескіге етене жақындаудан гөрі, жаңа сөздерді пайдалануға бейім тұрады. Кейіпкерді сол дәуірдің тілінде сөйлетудің өзі де – үлкен шеберлік, ыждаһатты ізденіс нәтижесі. Ол үшін нағыз сөз зергері, тілші-ғалым болу маңызды. Оның үстіне көне сөздер стилді бұзады деген ұғымға сүйеніп, кейбір қаламгерлер халықтық қалыпты сөздерді қолданбайды.
Классикалық шығармалар немесе тарихи туындылар мәтіні бұзылмас қамал тәрізді және ондай шығармаларды көркемдік тұрғыдан қайта жасау – үлкен жауапкершілік. Мәтіннің мағынасын, сөздердің қолданылу жүйесін дұрыс түсініп алу нәтижесінде ғана аудару абзал. Зерттеуші Владимир Леонович: “Кімде-кім аударма жасаса, кімде-кім түпнұсқаның жағдайына жаны ауырса ғана, оған өзінің тынысын, өзінің ойын және талантын бере алады”. Тыныс дегеніміз, “тілдің” жоғалған синонимі” деген ой қорытады. Яғни түпнұсқа көркемдігі мен стилі, тіл мәнерлілігі, бейнелілігі аудармада нақты көрініс табуы жөн. Г. Салямов ұғымында: “Классиканы аудару – бұл тек мәдениеттің ғана дәнекерлесуі емес, сонымен бірге дәуірдің дәнекерлесуі”. Мұндай маңызды мәдени құндылықты жеткізуде аудармашы өзінің кәсіптік біліктілігі, таланты, шеберлігімен бірге, сөздің рухын, жанын түсінетін сезімтал тіл маманы, тарихшы, этнограф, көне мәдени ескерткіштер мен халықтың байырғы мұраларының нағыз білгірі болуы дұрыс. Сонда ғана классикалық шығармалар мінсіз “сөйлейді”, оқырман оңай түсінеді, жеңіл оқылады. Н.В. Гоголь В. Жуковскийдің Гомердің “Одиссейін” аударудағы ұлттық тіл байлығын қолдану шеберлігін атай келе: “Аудармашы Гомердің көзге көрінбейтін талдаушысы болғандай” деп түсіндіреді. Мұның өзі классикалық шығарманы композициялық тұрғыдан ғана емес, стилдік, тілдік, мәтіндік құрылым жүйесінде талдап, түсініп, тәржімалау қажеттігін ойға салады. Н. Добролюбов классикалық шығарманың аудармашысы ғалым болу қажеттігін, аударатын тілді түп негізіне дейін жақсы білу маңыздылығын еске салады. Ол аудармашыға дәл, мәнерлі жеңіл, еркін жазуды ескеруін, түпнұсқадағы тіл байлығын орынды пайдалана білуін, бірде-бір қате орамға жол бермеуін, мағынаны барынша жақын жеткізуін, ойдың көмескіленбеуін де атап көрсетеді.
Фолкнер шығармаларының стилінің ауырлығы аудармашыларға да қиындық туғызған. Жапон жазушысы, аудармашысы ағылшын, американ жазушыларының туындыларын тәржімалағанымен, Джойстың “Улиссімен”, Фолкнердің прозаларын аударуда қатты қиналғанын жеткізеді. Орыс тіліне Фолкнер туындылары түгелге жуық тәржімаланғанымен, қазақ тілінде санаулы әңгімелерінің аударылуы көп жайды аңғартады. Өйткені, Фолкнердің прозасын түсініп, қабылдау оңай емес, әр әңгімесі, әр романы – бөлек бітімдегі дүние. Стилі де күрделі. Чехов шығармаларын жапон тіліне үздік аударушылардың бірі Актиа Тасихико классикалық өлең жазатын ақын еді. Өзінің “Жемісті ағаш” (“Плодоносное дерево”) (1962) атты хокку жинағының соңғы сөзінде ол Чехов шығармаларын аудару барысында “поэтикалық рухын қабылдағанын” мойындаған. “Қалай дегенде бірде-бір кітапты шет тіліне сөзбе-сөз жеткізу мүмкін емес, аудармашы оған өз жанынан бір нәрсе қосып жіберуі әбден мүмкін. Бұл менің кітаптарымның жапон аудармасына да қатысты” деп У. Фолкнер аудармашыларға орынды сын айтқан. Американ суреткері аударма кезінде түпнұсқадан бір нәрсе жоғалып кететіндігін де ойға салады. Бұл – шындық. Көркем аударманың қай жанрының аудармасы да қатаң сөзбе-сөздік шеңберінде қалса, онда ол сірескен, тізілген сөздер құрылымы күйінде қалады.
Көп уақыт бойы классикалық шығармаларды еркін аудару тәсілі кеңінен қолданылды. Өйткені, түпнұсқаны сөзбе-сөз жеткізуден гөрі, мазмұнын көркем түрде еркін баяндап берудің классикалық тәсіліне жүгінгендер болды. Олар түпнұсқаның тілдік, стильдік жүйесіне тәуелденбей, көркем мазмұнды, ойды өз тілінде еркін, жатық сөйлетудің мүмкіндігін іздеді. Алайда, аудармалардың кейбіреуі түпнұсқаның көркемдік құндылығына сай келе бермейтін, көп жағдайда төлнұсқаның мазмұнынан ауытқып кетіп жататын. П.И. Копанев тұжырымдағандай: “Сөзбе-сөз аударма тілдік түрмен (форма) жүріп отырады, еркін аударма мазмұнмен ілесіп отырады, осыдан барып шет тілдік стилизация туындады (еркін әңгімелеу – түптеп келгенде түрі басқа шығарма жасау, қайта мазмұндау)”. Мұндай шығармалар әлем әдебиетінде аз емес. Әсіресе классикалық туындыларды аударудың алғашқы тәжірибесінде молынан қолданылды. Қандай жағдайда да классикалық шығарма аудармасы оны барлық көркемдік, мазмұндық, стильдік сипатымен дәл, әдемі, мәнерлі берумен бағалы. Бұл мәселенің әлі күн тәртібінде тұрғаны аян. Көрнекті жазушы Т. Әбдікұлы “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында “Ресейде адамзаттың алтын қазынасына енген әйгілі шығармалар ғылыми институттардың арнайы мамандарының қатысуымен ғана аударылады. Аудармамен бірге ғылыми түсініктемелер беріледі. Сондықтан әуесқой аудармаларға мүлде жол бермеу керек” деп пікір түйіндейді.
Классикалық аударманың мықты филолог, ғалым не маманданған нағыз әдебиетші, зерттеуші, аудармашы қолынан шығуы – дәлелденген қағида. Мысалы, Н. Холодковский аударған Гетенің “Фаусты” көркемдік және түпнұсқалық жағынан барлық орыс аудармаларынан биік тұр. Бірақ дәл Б.Пастернак аудармасындай жеңіл оқылмайды. Тек филолог мамандарға ғана түсінікті. Сол себепті классикалық шығарманың көркемдік құндылықтарын жеткізе отырып, ұлттық тіл байлығынын қорын жеткілікті дәрежеде пайдаланып, оқырман талғамынан шығатын, оқып түсінуге ыңғайлы аударма жасау тиімді.
Классикалық шығармалардың бәрі аударылуы шарт емес. Сол ұлт оқырмандарының қажеттілігіне, ішкі рухани әлеміне, халықтың мақсат-мүддесіне жақын шығармаларды тезірек аудару абзал. Аударма шығармаларын оқырмандардың рухани сұранысы мен талғам-талабына сай әзірлеу маңызды. Уақыт қажеттілігіне орай, оқырман сұранысындағы шығармаларды мезгілінде аудару да аударманың белсенділігін айқындайды. П. Антокольский, М. Әуезов, М. Рыльский 1933 жылғы Кеңестер одағы жазушыларының съезінде бірлесіп жасаған баяндамасында осыны айырықша атап көрсетті: «Біз аудармашыдан белсенділікті талап етеміз. Оның белсенділігі жұмыстың басталуынынан, демек, таңдау мезетінен, таңдаудың өзінде танылуы тиіс», – деп түйіндейді. Сөйте келе, аудармашының суреткер шығармашылығында қамтылғанын түгелдей дерлік сәйкестендіре жеткізуін, сондай-ақ, оқырман нені құнды, нені қажет деп табатындарын аударуды ұсынады. Кезінде Ресейдегі декабрист-ақындар аудармаға мынадай талаптар қойды: түпкі мақсат негізінде аудармаға арналған шығармаларды дұрыс таңдау, әлемдік өнер қазыналарын меңгеру, ұлттық орыс әдебиетін жасау, көркемдік, дәлдік сақталуы түпнұсқаның рухы мен түрін жеткізу. Осыдан туындайтын бір жай, В.Г. Белинскийдің Н.В. Гогольді орыс ақындарының ішіндегі ең ұлттық ақын санап, оған аудармамен айналасуды батыл айтуы.
Бұдан нені байқаймыз? Көркем әдебиеттің қай жанрын жақсы меңгеріп, ұлттық болмыс-бітімін қалыптастырған ақын-жазушы үшін аударма жасау қиын емес. Өйткені ол аударманы ұлтының қадірлі қазынасындай сезінеді, әрі солай жасайды. Ұлттық шығармашылық тұлға – ұлттық мәдениетті, тілді, әдет-ғұрыпты терең меңгерген талант. Алысқа бармай-ақ Абай, М. Әуезов аудармаларын мысалға алсақ та жеткілікті. Зерттуші В. Копанев атап көрсеткендей, аударма әдебиетті көркемдік дәрежеге көтергендер Германияда Вилланд, Францияда Жерар де Нервель, Ресейде В.А. Жуковский болса, сөз жоқ жоғарғы ұлттық классиктеріміз де осы санатқа енеді.
Тәжік-қазақ әдеби байланыстарын зерттеген тәжік ғалымы Әбсаттар Нұралиев классикалық тәжік поэзиясының қазақ тіліне аударылуын былай бағалайды: «Әсіресе классикалық иран-тәжік поэзиясының қазақшаға аударылуы ерекше шықты. Олардың арасынан «Гүлстан», «Памир гауһарлары», «Шығыс жұлдыздары» деген жинақтарды ерекше атауға болады. Рудакидің, Фирдоусидің, Омар Һайямнің, Румидің, Сағдидің, Хафиздің, Жәмидің жырларын Қалижан Бекқожин, Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, тағы басқа ақындар төгілдіріп тәржімалап еді». Аталған ақындардың қазақ әдебиетінің, поэзиясының үлкен таланттары екенін ескерсек, классикалық шығармалар аудармасына айырықша мән беру қажеттілігі айқын сезіледі.
Кейде аудармашылар таланты, тәжірибесі жетпесе де, классикалық мұраларды аударуға әрекеттенеді. Классикалық шығарма – ұлт әдебиетінің ең асылы, заңғар шыңы. Аудармашының ой-өрісі, дүниетанымы мен қабілет қарымы жетпегендіктен, кейбір классикалық туындылар аудармасы қарапайым әдеби шығарма деңгейінде қалады. Бұған мысалдар аз емес. Орыс тіліне аударылған қазақ классиктерінің шығармалары да, кейінгі танымал таланттар туындылары да түпнұсқамен сәйкес шықпағаны былай тұрсын, мазмұны жұтаң, тілі қарабайыр, сюжеті шым-шытырық күйде оқырманға жеткен. Классикалық әдебиеттің асыл құнын түсуіруге, заңғар биігін аласартуға болмайды. Т. Ахтанов: “...қазақ тіліне аударылған классикалық шығармалардың көпшілігі, қазақ әдебиетіне, көркемдік шеберлігі жағынан үлгі боларлық шын дәрежесіне көтеріле алмай, ең тәуір дегенде қазақ жазушыларының ортақол шығармалары дәрежесінде кейде одан да төмен шығып жүр” деп дұрыс сынаған. Классикалық әдебиетті аудару ақын-жазушылық үлкен талантпен бірге, сөздің нағыз шебері, тәжірибелі аудармашы-зерттеуші болуды талап етеді.
Классикалық аударма шығарма жоғарғы көркемдік-идеясын, ұлттық тіл байлығының мол қорын, бейнелеп-суреттеудің шебер сипатын, эстетикалық табиғатын, кейіпкерлер сомдау жүйесінің үздік үлгісін, биік құрылымдық негізін еш жоғалтпауы тиіс.



  1. Классикалық шығарманың көркемдік-идеялық құрылымы.

  2. Классикалық әдебиет жанрларын аударудың маңыздылығы, жауаптылығы, қажеттілігі неліктен?

  3. Классикалық шығармаларды аударудағы аудармашы міндеттері?

  4. Класикалық әдебиетті аудару жауапкершілігі және аудару үдерісі.

Авторлық аударма


Авторлық аударма туралы көзқарастар әралуан. Біреулер аудармаға жазушының қатысуын қолдайды, екінші біреулер қажеті жоқ деп санайды. Г.Бесаев: “Менің түпкілікті ұйғарымым бойынша, шынайы жазушы авторлық аудармамен айналыспайды. Авторлық аударма – жұмбақ, негізінен алғанда, бұл әркез жақсы шығармашылық, жаңа сапа. Басқаша айтқанда автордың аударуы мен үшін қайта жасап шығумен, қайтадан құрап шығумен тепе-тең күште” деген қорытындыға келеді (с. 385).


Ал талантты жазушы әрі аудармашы, қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған А.Ким не айтады? “...Талантты авторлық аударма –әркез құбылыс, бұл суреткердің жомарттығының, еңбексүйгіштігінің танылуы, бұл әрқашанда дайын құндылық, авторлық аударма шығарма ана тілден жазылып алынған тәрізді жүзеге асырылуы мүмкін...” (с. 389). В. Козько көзқарасы қандай? “Авторлық аударма дегеніміз – бұл әркез оның қолжабасымен жұмысты жалғастыру, шығарманы жасауды жалғастыру, мұның өзі де шексіз”.
Арал теңізінің қасіретті экологиялық жағдайы туралы Ә. Нүрпейісовтың 25 жыл жазған “Соңғы парыз” роман-дилогиясының бірінші кітабын Г.Бельгер мен А. Ким аударса, екінші кітабын А. Ким аударған. Кезінде “Қан мен тер” трилогиясын Ю. Казаков та аударғаны белгілі. Жазушы өз аудармашыларын “Олар аударып қана қойған жоқ, оны өте жоғары деңгейде көрсетті. Олармен бірлесе жұмыс істей отырып, мен өзіме стилі мен көзқарасы сай келетін аудармашы табылса, онда көздеген мақсатыма жететіндігімді түсіндім” деп бағалаған. Әрине, аударманың сапалы, жоғары деңгейде жасалуы бір жағынан, автордың тікелей араласуы, екінші жағынан, жазушының өз шығармасының құндылығын, стилі мен көркемдігін бағалап, пайымдайтын аудармашылар табуы және аудармашылармен қоян-қолтық бірлесе жұмыс істеуі. Соның нәтижесі болар құдыретті күшті Құдай сөзінің Алла сөзімен алмастырылуы, аға, айналайын, азамат, батыр, атан, желмая, төр, жын-шайтан, басеке т.б. ұлттық ұғымдардың сол күйде берілуі және түсініктеме жасалуы, жер аттарының да дұрыс жазылуы. Мұның өзі аудармашылардың түпнұсқаға мұқият, сергек, ұқыпты қарап, автор ойымен санасып, ақылдасып-кеңесіп іс жасауының кепілі.
Автор қатысқан аударма және автормен қосарласу (соавторство). Бұл көркем аудармада және публицистикалық мәтіндерде қолданылады. Авторизация (авторға қосарласу) аудармашы түпнұсқа шешімімен өзіндік түпнұсқаның көркемдік жүйесіне өзгерістер енгізеді, сюжет ауыстырады, кеіпкерлер құрамының өзінің көркемдік құралын қолданады. Кеңестік кезінде авторлық жасау жиі қолданылды. Шығармадағы “жат” идеялар алынып тасталып, коммунистік жүйеге, саясатқа сәйкес мәтіндермен алмастырылады. Автормен қосарласу өте сирек кездеседі. Шығарма авторы жұмыс уақытында аударма авторымен тұрақты байланыс жасай отырып, аудармашы мәтініне енгізген өзгерістермен толық келіседі және де өзінің шығармашылық ой-мақсатына аудармашы белгілі бір үлес қосты деп санайды. Кейде аудармашының авторласы автордың өзі болып табылады.
Автор аудармаға араласу барысында қателіктерді анықтайды, аудармашыға түсіндіреді, аудармашы қолма-қол түзеттіреді, жетілдіреді. С. Мұқановтың “Өмір мектебі” романының орыс тілінде үш аудармасы бар. Алғашқысы А. Юрченконыкі, екіншісі – Г. Андрееванікі, екінші, үшінші кітапты аударған А. Брагин. Алғашқы екі аударма бір-біріне ұқсас. Аудармашылар негізінен түпнұсқаның ерекшелігін сақтап, жазушының баяндау мәнерін бере білген. Аудармада автор шығармасы қажеттіліктен едәуір қысқарған. 1955 ж. 26,8 баспа табақ болып шыққан кітап, Юрченко мен Андреевада 22,7 баспа табақ. Қысқарту ұтымды жасалған. Орыс тіліне қажетсіз эпизодтар, қажеттілігі шамалы екінші дәрежелі детальдар алынып тасталған, бұл аудармашының автормен бірлесіп жұмыс істеуінің жемісі. Аударма тілінде авторлық аударма аталатын бұл тәсілдің тиімділігі зор. Аудармашылар нақыл сөздердің орыс тілінде сәйкестігін тапқан. Мысалы:



Таныған жерге бой сыйлы, Танымаған жерде тон сыйлы.
Ер азығы мен бөрі азығы жолда.
Таң атпайын десе де күн қоймайды.
Әр ыдысқа бір тосу.

По одежде встречают, по уму провожают.
Жигита и волка ноги кормят.
Не хотел рассвет рассветать, да солнце не позволит.
Каждому течению свое преграждение.



М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясының аудармасына өте жауапкершілікпен қараған. Аудармашылардан түпнұсқаның көркемдік құндылығының орыс тілінің құралдарымен барынша дәл жеткізілуін талап еткен. Түпнұсқаның мағынасын, эмоционалдық, стилистикалық ерекшелігін аудармада үнемі сақтау қиынға соққанымен, аудармашылар талап үдесінен шықты. М.О. Әуезов оның аудармасын қарап шығып, түсіндірме жасаған, тиісті ой ұсынысын білдірген.
Н. Анов Мұхтар Омарханұлының аударма сапасын үнемі қадағалап, қолжазбаны қарағанын, әр тарауына қатысты ақыл-кеңестерін айтып, ескерпелер жасағанын атап өтеді. Классик суреткер 1957 жылы 13 қаңтарда Н. Ановқа «Всего больше я хочу подчеркнуть, необходимости, максимальной желательности – более эмоциональность, окрашенности текста переводе... Я ведь и к статьи стараюсь писать лирически (пусть это условна), эмоционально оттененными. Психологические характеристики, грусть, печаль Абая, его взволнованность, именно его национальная природа бесконечно дороги для книги. Взволнованный в жизни, он создает взволнованные строки – в этом вся суть психологии творчества – мы и пишем о поэте. Потому-то и важны и эмоциональность и красочность языка, стиля» деп хат жазған. М. Әуезов осылайша аудармашыларға «Абай жолының» мән-маңызын, көркемдік-идеясының, эстетикасы мен философиялық сипатын аудармашыларға түсіндіре келіп, осы құндылықтың аудармада әлсіремеуін, кемімеуін талап еткен. Әр сөзінін, сөйлемінің аудармасына белсенді араласқан. Белгілі әдебиеттанушы, сыншысы З. Кедрина Ғ.Мүсірепов шығармаларының сапасыз аудармасына өкініш білдіре келіп, автордың орыс әдеби тілін жақсы білетінін, аудармаға тікелей араласу қажеттілігін өткір айтқаны мәлім.
Әрине, аударылатын елдің әдеби тілін жетік білетін кез-келген қаламгердің өз туындысының тәржімалануына атсалысуы оның басқа тілде жоғары сапада жеткізілу айғағы. Егер аудармашы талантты, тәжірибелі ретінде бұдан бұрын туындыларын аударып сенімнен шықса бір жөн. Авторлық аударма – түпнұсқаның басқа тілде табысты, толыққанды, көркем, келісті жасалу кепілі (Авторлық аударма туралы қосымша мәліметтер кітап соңындағы сөздікте көрсетілген).



  1. Авторлық аударма туралы көзқарас, ұстанымдарының әртүрлілігі.

  2. Автордың аудармаға араласу қажеттілігі неден?

  3. М.Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясының аудармасына авторлық ықал.

  4. Авторлық аударманың аударма сапасына тигізер нәтижесі қандай?



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет