«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы



бет30/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
Байланысты:
Аударма алеми
Аударма алеми
Еркін аударма тәсілі

Классикалық шығармалар аудармасында еркін аударманың ерекшелігі жайында тоқталғанбыз. Еркін аударма XVIII-XIX ғасырда, тіпті ХХ ғасырдың алғашқы жартысында көркем әдебиет тәржімасында үстемдік етті. Бұған дәлелдер де жеткілікті. Абайдың А.С. Пушкиннің “Евгений Онегин” романынан аударған “Татьянаның хаты” – аудармашылық еркіндіктің жарқын мысалы. Ақынның қазақ ұғымына сай жасаған теңеулері мен бейнелеулерін түпнұсқадан алшақ деп айта алмайсың. Дәл бір ана тілімізде жазылғандай жүрекке ұялап, оқырман талғамынан табылып жатады. Қазақ аударма тәжірибесінде еркін аударманың тамаша үлгісі бар. Филология ғылымдарының докторы тәжік-қазақ әдеби байланыстарын зерттеуші ғалым Ә. Нұралиев ақын, жыршы, аудармашы Т. Ізтілеуовтың Фирдоусидің әйгілі “Шаһ-намесін” аударуы тәржіманың тамаша тәжірибесі деп топшылайды: “Тұрмағамбеттің еңбегін аударма деу де шартты. Мұны қазақ ақынының Фирдоуси шығармасының негізінде қайта жырлаған нұсқасы деп қарайтын Әуезовтің пікірі орынды. Мен Фирдоуси дастанын, Тұрмағамбет нұсқасын толық салыстырып шыққанда Тұрекеңнің түпнұсқаны соншалықты терең түсінгендігіне талай рет айран асыр қалдым. Шығарманың сюжетін онан сайын қызғылықты ете түсу үшін Тұрмағамбет “Шаһ-намеге” талай тұста жаңа эпизодтар енгізіп отырған. Олардың бәрі туындының тініне сондай табиғи сіңісіп тұрады. Мысалы, Рүстем мен Сухрабтың – әке мен баланың жекпе-жегін суреттеген жерден кейін кәдімгі қазақтың жоқтауының үлгісімен төгілтіп жіберетіні қандай керемет. Тұрекең, тіпті талай жерде қазақтардың салт-дәстүріне тән белгілерді де еркін енгізіп отырады, сонан да дастанның ішіне бір кіріп алсаңыз, оқиғалар қазақ жерінде өтіп жатқандай әсерге бөленетініңіз бар. Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өзі шығармасын арнағалы отырған оқырманның ерекшелігін ескеруі де бөлекше айтатын қасиет. Мынау Иранның ұғымында ағайын адамдардың бір-бірімен құдандаласа беруі сөкет саналмайды. Тұрекең ондай жерлердің бәрін айналып өтіп отырған, өйткені қазақтардың мұны ұнатпайтынын ескерген”.


А.С. Пушкин шығармаларының Абайдан кейінгі аудармаларының сапасыздығы, түпнұсқаны түсінбеуден туған қателіктердің орын алғанын Р. Хайруллин өткір сынай келе, оған аудармашылық талант қана себеп болмағанын, сол кездегі идеологияның “классиктерді сол қалпында қазақ тілінде жасау” ұранының ықпалынан шыға алмауын ашық айтады. Шындығында да классикалық аудармада қатаң түрде түпнұсқалық мәтінді жолма-жол, сөзбе-сөз жеткізу ұстанымында қалу аударма тәжірибесі көрсеткендей, үнемі көркемдік деңгейге жеткізе бермеген. Осы тұрғыдан келгенде кезінде еркін аударма классикалық шығармаларды оқырман қабылдауына ыңғайлап, түсінікті жеткізуде өз рөлін атқарған. Мысалы, С.Ширвинский француздың фольклорлық мұрасы “Қайсар Ролландты” еркін аударған. Оған себеп аталған эпостық мұраның күрделілігі, сюжеттерінің тартыстылығы және ұлттық тіл байлығының молдығы. Қысқасы оны түпнұсқа деңгейінде жеткізу онсыз да қаншама оқиғалар қамтылған ұзақ шығарманы оқуды ауырлатар еді. Оқырман талап-талғамын ескеріп, аудармада саналы түрде еркіндікке барған.
XVII-XVIII ғасырда Францияда еркін аударма тұжырымы қалыптасқан. Сол кездегі үстем таптың мүддесіне көзделіп жасалған аудармаларда түпнұсқаның сипатына назар аударылмады. Нәтижесінде бұл аудармалар түпнұсқадан алшақтап, өзгертіліп, жаңа мазмұнда баяндалды. Француз аудармасында Шекспир шығармалары қатты өзгеріске ұшырады, трагедиялардың сюжеттері де өзгертілді. XVIII ғасырда француздар аудармаға деген жақсы талғамдарын көркем шығарма ережелерінде терең көрсете білді. Шетел әдебиеттерін аудару кезінде автордың түпкі ойын, шығарманың мағыналық сипатын, адамның сезім жандүниесін сенімді бейнелеуге зер салғанымен, шығармалардың түрі мен стилін жеткізе алмады. Аудармада “бәрін өзінің талғамына сай бейнелеу” деген тұжырымға бағынушылықтан шығармалардың түрі мен стилі назардан тыс қалды. Қалай да мазмұнды жеткізу міндеті үрдіс алды. Сөйтіп, өздерінің түсініктеріне сай түзетусіз жасалған аудармалар оқырмандар тарапынан қабылданбайтын еді әрі ешқандай әсер де бере алмас еді. Бұл бағыт дәстүрлі түрде ұзақ уақыт ХІХ ғасырдың жартысына дейін жалғасты. “Дон Кихотты” французша аударған Флориан түпнұсқаға түпкілікті бағыну қате, шығарманың талғамға келмейтін бөліктері түпнұсқадан шығарылуы тиіс деген қорытынды жасады.
Батыс Европа елдеріндегі имажизм поэзиясының ықпалымен жапон классиктерін еркін стильдік аудару дәстүр алды. Аудармашылар түпнұсқаны толық жеткізуге ұмтылыстарын “төлнұсқаның рухы” деп санады. Ағылшын тіліне аударылған кейбір хайкулар пасторальдық катрен мен секстетке ұқсап кетті. Бұл жапон өлеңдерінің түрін, өлшемін, поэтикасын түсінбеу салдары еді. Европаның шытырман оқиғалы, керемет баяндалу мәнері бар, ірі түрдегі “авантюралық романдары” аталатын Р. Стивенсон, А. Дюма – әкесі, Г.Р. Хаггард, Г. Эмар, Л. Жаколио, Т. Майн-Рид, Поксон дю Террайл тәрізді жазушылар шығармалары Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің қызығушылығын туғызып, аудару қажеттілігі кезекте тұрды. Алғашқы аудармашылар түпнұсқалық мәтінге мейлінше еркін қарады. Өйткені, Оңтүстік-шығыс Азияда классикалық туындыларды әдеби-көркем аудару дәстүрі мүлдем қалыптаспаған еді. Алайда ежелгі уақыттағы өсиеттік, әдет-ғұрыптық, философиялық, этикалық және басқа трактаттарды төлнұсқаға жақындата мазмұндау белең алған еді. Ақсүйектер, сарай маңындағы құрастырушылар шетел әдебиетінің шығармалары аудармасында мәтінді еркін жеткізумен бірге сюжетіне де билігін жүргізді, қысқартты немесе қосымша тартыстар, көріністер енгізді, оқиға орнын өз жеріне ауыстырды, оған жаңа адамгершілік-діни баяндау т.б. енгізді. Қысқасы, ойларына келгенін жасап, тұпнұсқаны түбірімен өзгертті. Мысалы. Б. Пастернак аудармасындағы Шекспирдің “Гамлетінде” классик мәтіндерін аудармашы өз түсінігімен, талғамымен жеткізген. Ол трагедияға тарихи ескерткіш сипатында қараған жоқ, өз заманын толғандыратын туынды санатында аударды. Осыны байқаған Г. Козинцев “Гамлет” фильмін Б. Пастернак аудармасы негізінде қойды. Кино әлемдік табысқа кенелді. М. Лозинскийдің түпнұсқаға сәйкес дәл аудармасынан гөрі Б. Пастернак аудармасы таңдаулы “Дүниежүзі әдебиетінің кітапханасы” және “Халықтық кітапхана” сериясына енді. Әдеби шығармалар басқа елдерге неғұрлым көп аударылып тараған сайын, оның көркемдік-эстетикалық, идеялық, философиялық құндылығының жаңа қырлары ашыла түседі. Кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-қылығы оқырман қабылдауымен талғам, таңдауымен бағаланады. Бар көркемдік құндылығымен жасалған әдеби аударма оқырмандардың жаңғырығын туғызады, әдеби өмірге жаңалық болып енеді.



  1. Еркін аударма қандай тәсіл?

  2. Еркін аударманың тәржіма тәжірибесінде кеңінен қолданылу себебіне тоқтал.

  3. Әлем әдебиеті аудармасындағы еркін аудару дәстүрінің қалыптасып, дамуы.

  4. Еркін аударма мен аудармашы еркіндігінің айырмасы неде?



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет