Синонимдердің аудармадағы қолданысы
Аудармашы түпнұсқа мазмұнын жеткізу барысында мәтіндерді баламалы түрде аударуда бір немесе бірнеше синонимдік құрылымдарды дәл таңдап алуы аса қажет. Екі тілдің заттық-құбылыстық сәйкестілігі бойынша өзара мағыналас жекелеген элементтерді дұрыс таба білу – аудармашылық шеберлік нәтижесі. Түпнұсқа мәтінімен толық дәрежедегі сәйкестік әдетте екі тілді салыстырудағы мағыналық-семантикалық, салыстырмалы-стилистикалық талдау құралдарымен жүзеге асады. Осы шартты орындау барысында аудармашы шығарманың тіліне анағұрлым дәл де дұрыс келетін, мағыналық жақындықтағы балама табу мүмкіндігін қарастырады. “Әдебиет аудармашысы сөзді аудармайды, бірақ ол сөзбен бейнелеген ойлар мен образды аударады” депті академик В.С. Виноградов.
М. Әлімбаев аудармада синонимдерді қолдану тәжірибесін былай тұжырымдайды: “Ретіне қарай, әрқилы қырына қарай дұрыс, орынды қолдана білсе, синонимдер арқылы мың құбылған сыр-бояуларды, сезімдер мен көңіл-күй құбылыстарын бедерлеп, бейнелеуге, басқаша айтқанда сөзбен сурет салуға әбден болады. Өйткені, біздің тіл синонимдерге мейлінше бай тіл. ...әсіресе аударма жасау үстінде синонимдерге баса назар аударамын. Талантты ақын, тәжірибелі тәржімашы Сағдидің “Бостанын” аударғанда Алла доминантына қатысты құдірет, жаратқан, пәруардігер, құдай, жасаған, раббым, тәңірі, Алла тағала, Хақ тағала тәрізді синонимдік мағыналарды қолданғанын жеткізеді. Синонимдер сөздің эмоциялық, экспрессивті-тілдік бояуын нақтылап, әрлей түседі. Тауып қолданылған синонимдік сыңар мәтін мағынасын айшықтайды.
Ғ.Мүсірепов «Қатар келлген екі сөз орнын тауып тұрса біріне-бірі шуағын түсіреді. Орнын таппай тұрса, біріне бірі көлеңкесін түсіреді» деп әдемі айтқан. Бұл көркем әдебиет аудармаларына да қатысты. Сәл өзгертіп айтсақ, қатар келген екі сөз ғана емес, бүкіл түпнұсқалық мәтіндегі әрбір сөздің мағыналық қуатты аудармада сақталған жағдайда ол көркемдік сипатын айшықтай түседі. Аудармада сөз қолдану тәсілінде түпнұсқаның рухын, қуатын, эстетикасын, логикасын кемітпеу шеберлік пен ізденіске байланысты. Сөйлем мағынасы мен мазмұнын барынша айқын ашуда сөзді таңдап-талғап қолданудың синонимдік сыңарларды ұтымды пайдаланудың мүмкіндігі зор. Бұған да шеберлік, ұқыптылық керек. Түпнұсқалық мәтін мағынасы ой қуатын аудармада еш әлсіретпеуі тиіс.
Аудармашыдан аудармада шығарманың түпнұсқалық құрылымының толық негізін жасау талап етіледі. Басқа тіл құралдарына сүйене отырып, түпнұсқаны тұтас мазмұндап шығу оңай емес. Әрбір тілдің өз орамы, шешендік, бейнелілік сипаттары, өзіне тән мән-мағынасы бар. Сондықтан олар басқа тілде соған сәйкесетін сөзбен аударылуы тиіс. Синонимдерді сәйкес қолданбау, басқаша айтқанда, аударма тіліндегі синонимдік қатардың ортасынан қажетті сөзді дұрыс таңдай алмау түпнұсқадағы ойдың баламалы түрде жеткізілмеуіне әкеп соғады. Нақты бір тілдегі мағынаға сай және соған жақын ұғымда жеткізу үшін әрқайсысының лексикалық-семантикалық үйлесімділігі шектелген көптеген сөздер алынады. Сондықтан аудармашы әр сөздің үйлесімділігімен санасуы қажет. Ол мәтінде мағынаны айқындап, ашып тұруы тиіс. Синонимдік сөз тіркестері сыңарының бірін ерікті түрде немесе оны семантикалық жақын сөзбен ауыстыру, көп жағдайда мазмұнды бұрмалауға, аударманың нақты, баламалы болмауына, сөз мәдениеті нормасының бұзылуына апарады.
Аудармашы қос сөздерді қолдана отырып, олардың сыңарларының мағыналық жағынан бір-біріне жақындығын ескереді. Бұл ерекшелік қос сөздің өзіндік табиғатын даралайды. Аударма кезінде түпнұсқаның бірлігіне сәйкесетін дәстүрлі пайдаланылған сөздерді дәл таңдап алу маңызды. Мәселен, сөзбе-сөз аударма кезінде көп жағдайда үйлесімділік аударма тілінің нормасымен дәл келмейді. Соның салдарынан негізгі мазмұн мен стильдік қуат толық берілмейді. Аудармаға аударманың сөздік құрамына енбеген шетелдік сөздерді орынсыз пайдалану авторлық баяндаудың тазалылығына және кейіпкерлер тілінің өзіндік мәнеріне зиян тигізеді, сондай-ақ мағынасының дұрыс қабылдануына әрі түпнұсқалық бірлік қызметіне кедергі келтіреді.
Синонимдерді сәтті қолдана білу аудармашының тіл байлығының молдығын, тәжірибелігін, шеберлігін байқатады. Синонимдік қатарды аударма мәтініне лайықтап ала білу – талантты аудармашыға тән ізденіс қыры. Синонимді аудармада қолданудың да заңдылығы бар. Синонимді дұрыс таңдау сөйлемнің мағыналық қуатын, эксперессивтік-эмоциялық бояуын күшейте түседі. Стильдің көркемділігін, мәнерлілігін, әркелкілігін үстейді. Талғамсыз, орынсыз қолданылған синоним сөздің эмоциясын өзгертеді, көркемдік, экспрессивтік бояуын солғындатады. Аудармада осы жағын ескеру қажет. Мағыналас бір сөзді қайталай беру (егер ол автор стиліне тән ерекшелік болмаса) оқырманды жалықтырады. Әсіресе адам бет-бейнесін, келбет, көркін, табиғат көрінісін суреттеуде аудармада синонимді сәтті қолдану мәтінді әрлейді. Чех ғалымы Л. Гржебичек “Сіздердің (қазақтардың) тіліңіз синонимге өте бай ғой” – деп орынды пайымдаған. Қазақ тілінің синонимдік байлығын игеру әдеби шығарма мен аударманың құндылығын арттырады, көркемдік сапасын жақсартады.
Синонимдерді сұрыптап, жинақтай отырып, аудармашы оларды орынсыз қолданудан сақ болғаны жөн. Олардың әрқайсысын стильмен сәйкестіре орналастырып, мағыналық ерекшелігін сақтағанда ғана, сөйлем стилистикалық жағынан әрленіп, бар көркемдік бояуымен көрінеді. Әрбір сөздің өзіндік стилі бар – қуану, ренжу, шаттану, әзілдеу немесе ұрсып, жеку, т.б. Мысалы, бір ғана сұлу сөзінің, болмаса батыр сөзінің қанша мағыналық нұсқалары (варианттары) бар. Аудармашы түпнұсқаны аударуда синонимдік сөзді таңдауда ондағы бейнеленетін, суреттелетін көрініске, кейіпкер бітім-болмысына т.б. жағдайларға мағыналық жағынан дәл келуін ойластырғаны дұрыс. М. Әуезов Шекспирдің “Отеллосындағы” Оттелоны таныстырғанда “толстогубатый” сөзін “көнтек ерін” деп алған. Оны жалпақ ерін, қалың ерін деп аударса ыңғайсыз болар еді. Маврдың бет-бейнесін сипаттауға лайықты қолданылған Ордынский “Жалпы алғанда, біздің қарапайым халық тілі молдығы жағынан біздің әдебиетімізді байытуы мүмкін” деп жазған
Т. Сейвори “Аударма түпнұсқаның сөзін жеткізуі керек немесе аударма түпнұсқаның мағынасын жеткізуі керек” дегеніндей, синонимдер – сөздің мағынасын жеткізуде өте тиімді тілдік құрал.
1. Аудармадағы синонимдердің қолданылу қызметі.
2. Синонимдерді дұрыс таңдау және тәржіманың көркемдік сипаты.
3. Қазақ тілінің синонимдік байлығын аудармада пайдалану мүмкіндігі.
4. Синонимдердің орамдар, қатарлардың мәтін мағынасын жетілдіруге ықпалы қалай?
Достарыңызбен бөлісу: |