Аудармадағы сөз мәдениеті
Көркем аудармадағы сөз мәдениеті мәселесі ғылыми негізде әлі жеткілікті түрде зерттелген жоқ. Көбіне үстірт қарастырылғандықтан, жан-жақты зерттелініп, нақты шешімін таппай келеді. Қалай дегенде де аударма тілінің мәдениетін көтеру ғылыми түрде талданумен ғана жүзеге асырылмақ. Аударма шығармаларының идеялық-көркемділік құндылығы мен стильдік ерекшелігін тілдік құралдармен жеткізудегі ізденістер нақты бір жүйеге түскен жоқ.
“Аударма тілі түпнұсқадағы тіл мәдениетін барынша дөп басуы қажет, автордың сөз мәдениетін, оның кейіпкерлерін аудармада айқын бейнелеу ғана оқырмандардың шығарма тілі туралы дұрыс түсінігін қалыптастырады және оны шығарманың идеялық-көркемдік құндылығы туралы талдауымен толықтырады” дейді өзбек аударма зерттеушісі Қ. Мұсаев (с. 80). Түпнұсқа тіліне қойылатын талап толығымен аударма тіліне де қатысты. Тек сонда ғана көркем аударма тілі шығармашылық сипатымен дараланады. Түпнұсқаның мазмұны мен түрі аударма тілінің лексикалық-фразеологиялық және грамматикалық құралдарының көмегімен жасалады.
Көптеген аудармаларда әдеби тіл нормасы шеңберінен шығып кетушілік, грамматикалық, лексикалық, стилистикалық, орфографиялық, орфоэпиялық ережелерге жеткілікті көңіл бөлмеушілік жиі кездеседі. Аударма тілі түпнұсқаның рухын стильдік сипатын толық сақтауы тиіс. Түпнұсқада жоқ көркемдікті, мәнерлілікті, бейнелілікті аудармада жасау қажет емес. Бірақ аударма тілі жұтан, қарабайыр, солғын болмауын ескерген жөн.
Халықтың әдебиеті бай болған сайын, оның әдеби тілі де – бай, алуан бояулы, бейнелі, әдемі де әрлі, нақышты на нәрлі. Тіл байлығы шебер жасалған аудармадан айқындалады. Көркем туындыны аудармада шынайы түрде, ұлттық сөздік қордың бар мүмкіндігімен және мол байлығымен қайта жасап шығу нәтижесінде ол екінші бір халықтың әдебиетіне тәржімалық шығарма болып қосылып қана қоймайды, нағыз түпнұсқаның қызметін атқарады. “Аударма сенің әдеби тіліңе арналған емтихан. Ол сенің қаншалықты сөздің саны мен мөлшерін пайдаланатыныңды, қалай Ушаков пен Дальге жиі зер салатыныңды көрсетеді” дейді поэзия аудармашысы, көрнекті ақын Н. Заболоцкий.
Әрбір көркем шығарма – белгілі бір дәуірдің жемісі. Мысалы ХІІ немесе XV ғасыр туындыларының тілі өзгеше, оны сол уақыттың тілімен бүгінгі күнге түсінікті әрі көркем, сапалы жеткізу – өте ауыр іс. Сондықтан оны сол үлгіде немесе біздің сөйлеу тілімізге салып аударып жеткізуге болмайды. Мысалы, итальян классик ақыны Ариостоның “Қаһарлы Роланд” атты ірі шығармасын орыс ақындары өлеңмен де, проза тілімен де аударуға ұмтылғанымен, дәл С. Шервинскийдің еркін мәнерлеп аударған дәрежесіне жете алмады.
Тілдік материалды грамматикалық, лексикалық, стилистикалық және басқа құралдарды шығармашылық түрде аудармада дұрыс пайдалану түпнұсқаның идеялық-көркемдік мазмұнын дәл жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоғарғы дәрежедегі жақсы аудармалар жасау аударма тілінің тазалығымен, биік мәдениеттілігімен тығыз байланысты. Бірінші кезекте ол түпнұсқа деңгейінде аудармада пайдаланылатын барлық лексика-фразеологиялық және стилистикалық құралдардың табиғи түрде қажеттілігіне қатысты. Аудармада әдеби тіл нормалары сақталып, барлық грамматикалық түрлері талапқа сай тиімді қолданылуы тиіс. Әрбір тілдің өзіндік заңдылығы, қолданылу ерекшелігі бар. Мұны аудармашы мұқият ескеруі керек.
Аудармашының басқа да ерекшеліктерімен бірге, терең теориялық білімі, әрі филолог маман, зерттеуші, сыншы ғалым болу міндеттілігі де аударылатын әдеби шығарманың көркемдік құндылығына жету талабынан туады. “Тілдік нормаға сәйкес сөз мәдениеті ұғымы жойыла қоймайды. Біздің сөзіміз дұрыс болумен бірге, сонымен қатар, әрі бейнелі, әрі ұғынықты болуы қажет”дейді А. А. Чернявская. Аудармашы аудармадағы әрбір сөздің, тіркестің тілдің логикасы мен эстетикасына бағынуына көңіл бөліп, оқырманның түпнұсқаны ана тілінде жазылған төл туындыдай әсерде қабылдайтындай дәрежеге жеткізуі керек.
Басқаша айтқанда, аударма түпнұсқа тәрізді оқырманға көркемдік-идеялық мазмұнымен ғана емес, эстетикалық тұрғыдан ықпал етуі тиіс. Аударма тәжірибесінде түпнұсқа тілі және аударма тілінің жалпы және қызметтік өзгешелігін білу маңызды. Бұл аудармашыға аталған тілдерде анағұрлым сәйкес, баламалы сөз, тіркес түрлерін дұрыс сұрыптауға мүмкіндік береді. Ол бір тілдің механикалық тасымалын екінші тілге апарудан, аударма тілінің нормасын бұзудан сақтандырады. Сөйтіп, түпнұсқаны аударуда соның көркемдік құндылығына сәйкес сөз мәдениетінің деңгейіне жетуге ықпал жасайды.
Тіл мәдениеті әрбір ұлттық тіл заңдылығында оны орынды пайдалануды талап етеді. Аударма мәтіні әдеби тілдің нормасына лайық үйлесімділікке жетуі тиіс. Түпнұсқадағы автор ойын жеткізу үшін соған сәйкес сөздер мен тіркестер, балама табу, тілдік құралдарды дұрыс сұрыптап, қолдана білу маңызды. Аударма тәжірибесінде ойды жеткізуде бейтарап тілдік құралдарды пайдалану кездеседі. Бұл авторлық мазмұндауға өзге тілді араластыру болып шығады. Мұның өзі түпнұсқаны аударуда сәйкессіздік және түсініксіздік туғызады.
Сөз мәдениеті аудармадағы орфографиялық ережелер мен тілдің орфографиялық бірлігіндегі нормаларды сақтауды талап етеді. Оны бұзу сөздің мағынасын бұрмалауға әкеп соғады. “Сөздің де салмағы, дыбысы және көрінісі бар” деген ағылшындық атақты жазушы С. Моэм. Бір сөз атауы әртүрлі тілде әрқалай бейнеленеді, айтылады. Сөз – адам жандүниесінің кілті, ол адам мінез-құлқын, жаратылыс бітімін, мәдениетінің деңгейін, ұлттық ерекшелігін, сондай-ақ болмыс даралығын танытады. “Өзінің жазба сөзін саналы түрде және еркін пайдалану үшін, алдымен басқалардың жазба сөзін түсіне білу қажет” деген академик, ғалым Т. Тәжібаев сөзі тәржіманы үйренушілер үшін аса қажет.
Эмотивті-экспрессивті және бейнелеу құралдары – көркемдік шығарма түрлерінің қажетті бөліктері. Олар шығарманың эстетикалық құндылығын арттырумен бірге, көркемдік ықпалын күшейтеді, сондай-ақ автор алдына қойған негізгі стилистикалық мақсаттың жүзеге асырылуына қызмет етеді. Ю.В. Ванников “аударма адам іс-әрекетінің күрделі түрі” дей келе, “аудармашыға арнайы әдебиеттік, лингвистикалық білімнен бөлек, негізгі тіл мен аударма тіліндегі мәтіннің семантикалық құрылымына талдау мен біріктіруді жеңілдететін арнайы аудармашылық сипаттағы білім қажет” дейді. Бұл – дұрыс айтылған пікір. Әр тілдің тілдік жүйенің барлық деңгейіндегі өзіне тән қайталанбас ерекшеліктері бар.
Осыған байланысты аудармада сөз мәдениетінің сақталуы туралы бірнеше тұжырымдарға тоқтала кетпекпіз:
“Негізінен алғанда, түпнұсқаға қарағанда басқа көркемдік құралдармен берілген күйде де, төлтуынды оқырманға қандай ықпал еткен болса, аударма да сондай ықпал етуі тиіс”.
В. Матязус, чех тіл маманы
“Әрбір дәуірде дәл аударма дегеніміз қалай дегенде өзінің түсінігін туғызады”.
К. Чуковский
“Аудармашы төлтуындыда бейнеленген шындықты білуі тиіс және ондағы мәтінге автормен бірге енуі керек, сөйтіп авторды түсіну дегеніміз жазушыны да түсіну және оның дүниетанымы мен қабылдауын білу және де өзінің аудармасында оқырмандарға түпнұсқаның өзіндік ерекшелігін жеткізу деген сөз”.
И. Кашкин
“Аударма дегеніміз – басқа тілдік материалдармен түпнұсқаны қайта бейнелеу өнері”.
В.С. Виноградов
Зерттеуші О. Кундзичтің айтуынша көркем аударма тілі түпнұсқалық аудармашылық шығармада дамиды әрі ол сөз мәдениетін жетілдіреді.
Сөз мәдениеті – бұл тілдік құралдарды орынды, шебер, мақсатты түрде пайдалану, қажеттілігінше дәл қолдана білу. Аударма жасау барысында немесе аударма шығармаларын редакциялау кезінде мұның өзіндік ерешелігі мен мән-маңызы айқындала түседі. “Қалауын тапса қара жанар” демекші, аударма шығармашылығында әр сөздің өзіндік ерекшелігін біліп, оны түрнұсқа мәтініне сәйкес таңдау, дәл де ұтымды қолдану мәні айрықша.
“Сөз мәдениеті – аталған тілге ғана жатпайды, әдебиеттің құндылығы ретінде басқа тілге де образдар мен метафоралар тәрізді игеріледі – сөйлеу мәдениеті сонымен бірге әр тілде мүмкіндігінше шектелмеген бейнелеу құралдарының байлығынан тұрады” (с. 67). О. Кундзич тұжырымында ұлттық сөз мәдениетінің ерекшелігі айқындалады. Орыс әдебиетінде сөйлеу тілінің үлгілері А.С, Пушкин шығармаларында молынан қамтылса, біздің фольклордан бастап, жыраулар поэзиясы мен шешендік сөздер, Абай өлеңдері, қарасөздері, М. Әуезов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, Ғ. Мүсірепов т.б. классиктеріміздің туындылары ұлттық сөз мәдениетінің, тіл байлығының жоғарғы үлгісі. Ана тілдің образдары – бұл ұлттық өмірдің, танымның, тұрмыс-салттың ойдағы, санадағы көркемдік түрде жүйеленген көрінісі.
Сөз мәдениеті эстетикалық ықпалды күшімен адамның ғылыми және көркемдік ойларын жетілдіру ісінде маңызды рөл атқарады. Ол ойлардың өзара жалғастығы жағдайында, логикалық ережелер мен әдеби тілдің нормаларына сәйкестік негізінде тілдік бейнелеу құралдарын шебер, орынды пайдалануды талап етеді. Сөз мәдениеті – адамның жалпы жоғары мәдениеттілігін, оның туған тіліне деген сүйіспеншілігін айқындайды. Сөз мәдениетін құрметтеу арқылы аудармашы өз тілінің бұрмаланбауына, аудармада қалай болса солай, орынсыз, қарабайыр түрде қолданылып кетпеуіне зор көңіл бөледі. Аудармадағы тіл байлығы, сөздік қордың молдығы сөз мәдениетінің жоғарғы дәрежесін көрсетеді.
Көркем аудармадағы сөз мәдениетінің маңыздылығы.
Көркем әдебиет тілінің аудармада берілу мүмкіндігін сарала.
Аудармадағы сөз мәдениетінің рөлі неде?
Ұлттық тіл білімінің және сөз мәдениетінің аудармада сақталу деңгейі.
Достарыңызбен бөлісу: |