«Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем»
деген жолдарды оқыған оқырман Абайдың өз туындысындай әсер ләззатына бөленеді, көркем, керемет поэзия аудармасы деп қана сезінбейді. Абайдың құлаққа сіңген көкейге ұялаған әсем әуеніне іштей қосылып кетеді. Немесе, Гетенің «Түңгі жолаушының жыры» миниатюрасы «Қараңғы түнде тау қалғып» деген тамаша лирикадан әсерлі әнге айналып, шартарапты шарлап кетті. Нағыз ұлттық өрнектегі поэзиялық өлеңнің құндылығы мен көркемділігі сирек, санаулы. Түпнұсқалық өлең – поэтикалық аударманың ерекше түрі саналады, яғни аударма мәтінінде төлтуындының негізгі сарыны күмәнсіз жеткілікті дәрежеде беріледі де, мәтіннің қалған бөлігі аудармашының барынша еркін жеткізуі саналады.
Поэзия аудармасының аударылу ерекшелігі, көркемдік, поэтикалық, эстетикалық сапасы жайлы айтылған ой-тұжырымдар да мол. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік. Болгар поэзия аудармашысы Л. Милева «Поэтикалық аударма дегеніміз түпнұсқалық шығарманы басқа тілге дұрыс жеткізе білу және де бастапқы образдылық-поэтикалық ықпалының қуат-күшіне жеткенде ғана ол сөзсіз өнерге айналады» десе, тағы бір болгар аудармашысы И. Николов: «Мен үшін ең маңыздысы аударманың туған тілімде еркін және жеңіл тыныстауын сезіне білу. Поэтикалық аударманың өнер саналу себебі біз оған құштарлықты, шығармашылық азапты, ақиқатқа жету жолын арнаймыз» деп поэзия аудармасының қиындылығын еске салады. Белгілі орыс ақыны, аудармашысы А.Межиров бір өлеңінде
«И вновь из глубокого дыма,
Встает поэзия она.
Вовеки непереводима,
Родному языку верна» —
деп поэзия аудармасының аса қиын шығармашылық іс екенін жыр тілімен дәлелдеп көрсетеді.
Француз аударма теорияшысы Жорж Мунен «Аударма дәл, бірақ несімен дәл» деген мақаласында: “Өлеңдік мәтіндегі поэтикалық аударманың дәлдігі төлтуындылық поэзияны қалайда дәл жеткізу. Ал оны сол күйінде жеткізу үшін оны тек қана сезініп қоймау керек, содай-ақ ақынның ойына терең ену қажет және оның барлық бейнелеу құралдарын толық меңгеру қажет»деген ой түйіндейді. Ал қазіргі ағылшын, американ, француз әдебиетінің аудармашысы М. Бородицкая: «Өлең аудармашысы үшін айырықша шабыт қажет емес. Өзіндік тәртіп қалыптастыру қажет, бұл деген керек жағдайда өзіңді соған бейімдеу қабілеті. Өлең аудармасы бұл мүмкін болмаған нәрсені жасау» — деп өлең аудармасының қиындығын алға тартса, итальян поэзиясын, Данте, Петрарка, Монтиле тәрізді классиктерін тәржімалағаны үшін Италия мемлекетік сыйлығын алған белгілі аудармашы Е. Солонович «Өлең аудармасы дегеніміз әркез пышақтың жүзімен жүріп өту» деген пайымдау жасайды. Ал көркем аударма зерттеушісі А. Финкель 1922 жылғы “Аударма туралы” мақаласында өлең аудармасына тікелей кірісе отырып, автор бірінші кезектегі талап барысында «өлеңнің жалпы құрылымын, оның архитектоникасын сақтау» деп көрсетеді.
А.М.Горький кезінде өзіне керемет әсер еткен, белорус халқының әнұраны деп аталған Янка Купаланың «А кто там идет» өлеңін аудармашылық тәжірибесі болмаса да, аударуға ұмтылған. Аударманың жақсы орындалғанын кейінгі аудармашылар М.Исаковский, В.Рождественский, Н.Браун мойындаған. М.Исаковский айтуынша «Ол өлеңнің түріне көңіл бөлмеген, ең бастысы жырдың мазмұнын, ақын ойын беруге тырысқан. Мұны ол жақсы жасаған. Өлеңнің түрі кейбір тұста бұзылып жатса, бұл оған пәлендей зиян келтірмейді, негізгі ойлары берілсе сол жетіп жатыр». Алайда бұл тұжырым А.Горькийдің бір поэтикалық аудармасына қатысты екенін ескерсек, мұнымен толық келісуге де болмайды.
Татар ақындарының өлеңдерінің орыс тіліндегі аудармасының сапасыздығына байланысты белгілі ақын К. Мустафин батыл ой білдірген. «Поэзияның ойы оқырманға түсінікті болуы керек. Поэзия таңданарлықтай көп қырлы. Өлеңдер күрделі әрі құпия сырға толы болуы мүмкін. Әйтсе де, әрқашан бірінші оқығанда да, оныншы рет оқығанда да және тұтастай алғанда да, деталымен де өлеңдер танылатындай болуы керек. Басқа тілдегі аудармада да олар осылай қалуы керек. Аудармада да, олар аударма тілінде сөйлейтін адамдармен басқа оқырмандармен туыстай табысуы тиіс. Егерде осы шарт сақталынбаса, онда мұндай поэтикалық шығарманы аударудың қажеті де шамалы». Өкінішке орай көп аудармалар түпнұсқадан алшақ, мүлдем басқаша туынды болып, танымастай өзгеріп кетеді.
В.Жуковский Бюргердің «Леоноро» баладасын үш рет аударған. Алғашқы екі нұсқаны «Леоноро» және «Светлана»деп атай отырып 1831 жылы түпнұсқаға өте жақындатып, түпкілікті тәржімалаған. Аудармамен жұмыс барысында Жуковский түпнұсқа мен аударма арасындағы ішкі органикалық байланысты, автор және аудармашы ретінде өзара дербес ішкі композицияны жүзеге асырады. Осының өзінен поэзия аудармасындағы жауапкершілікті, автор талантына құрметті байқауға болады. И.Кашкин айтқандай «әрбір дәуірге сол уақытқа төзе алатын немесе сонымен мақтана алатын аударма лайық». Мәселен әзербайжан ақыны Сабир өлеңдерін аудармашы Сергей Васильсв терең түйсікпен тамаша тәржімалаған. Аудармадағы басты құндылық –түпнұсқалық өлеңмен рухани әрі құрылымдық жағынан жақындығы.
Сондықтанда, зерттеуші В.Микушевич: “Сонымен поэтикалық аударманы жасауға тек кім де кім теңдесіз поэтикалық таланты меңгерсе ғана әрі мәдениетті және оның нысанды динамикалық тұтастығын қабылдауға бейім болса ғана, бүкіл ғасырлық шығармашылықтың үздіксіз соққан тынысын сезінетін болса ғана қабілетті» деп кесімді ой білдірген. Аудармада бір ғасырдағы шығарманы келесі бір ғасырдың рухымен, тынысымен алмастыруға болмайды. Әр дәуір өз үнімен қымбат. Әр аударма нұсқасы өз ықпалымен бағалы.
А. Адалис (Аделина Ефимовна Ефрон (1900-1969)- прозаик, публицист, көркем аударма шебері Шығыс халықтары поэзиясын, әсіресе Үнді, Қытай, Въетнам елдері және Насир Хисрау, Физули, Жәми, Цюй Юань, Го Мо Жо, С.Виргун, С.Рагим, С.Рустам, Р.Аза, М.Миршахар, М.Тұрсын-Заде, А.Тоқамбаев, О.Шираз т.б. ақындар өлеңдерін аударды. Ол осыншама аударма жасау себебін былай түсіндіреді: «Біздікі- мен еш ұқсамайтын поэзияны махаббатпен әрі бір ғана ниетпен, оған өзіміздің жанымыздың қызу жалынын арнаумен аудардық». Нағыз көркем, үлгілі поэтикалық аударма – аудармашының сергек сезімталдығымен, айырықша алғырлығымен, асқақ талантымен, қызу құштарлығымен, елге, авторға, шығармаға деген шынайы сүйіспеншілігімен жасалатын ғаламат еңбек.
Л.Эйдлин атақты ақын, шығыс поэзиясының аудармашысы Анна Ахматова туралы жазған бір мақаласында «Бір жайды еске алғым келіп тұр, бірде Ахматова маған қашан аудармаға кіріскеннен бері ғана еңбек ете бастағандығын айтты. Ал, өзіңіздің өлеңдеріңіз ше?» дегенде «ол не дегеніңіз, — деді күлімсіреп, — бұл жұмыс емес, бұл ләззат алу». Шын мәнінде нағыз талантты аудармашы шынайы аударма үшін жанының жарығын төгеді, оны өз шығармашылығынан да жоғары қояды. Жан, жүрек жылуы, ой алауы, аудармашылық шабыт шуағына шарпылуы тиіс.
Поэзия ақындық шабытпен, асқақ сезім, терең түйсік, таным, қиял-құштарлығымен дүниеге келеді. Ақындық шабыт — қасиетті. Шабытсыз поэзия тумайды. Шабыт — өлең-жырдың алаулаған оты, маздаған көрігі. Поэзия аудармасында ақындық шабыт, сезімталдық, түйсіну болмаса, жыр табиғаты жарқырай ашыла алмайды. А.С.Пушкин тәрізді К.Чуковский де аудармашылық еркіндікке әуестенуден сақтандырады. “Аудармашылық шабыт түпнұсқадан алыстамаған жағдайда ғана аударма жемісті болады” деп қортындылайды.
Әдетте, көп елдерде ақынды тәңірге теңейді. Жалпы фольклор болсын, басқа жанрлары болсын, басым көпшілігі поэтикалық тілмен, өлең-жырмен жазылған, ауыздан-ауызға таралып, бірден-бірге жеткен.
Белгісіз біреу «аудармашы еңбегі тажал» деп айтқандай, поэзия аудармасы — тауқыметті тірлік. Л.Мкртчян аудармашыларды да тәңірдей қадірлейтінін, өзінің тілінен басқа елге шығарма аударған аудармашыға сол ел ерекше құрметпен қарайтынын айта келіп: «Аудармашылар бәрінен бұрын – ұлттық әдебиеттің қайраткерлері, міне осыдан кейін қана оларды тәңірлік қызмет жасайды деп санауға болады» деп тұжырымын анықтай түседі. «А гордый стих в скромным переводе, служил и служит правде и свободе» деп С.Маршак жырлағандай өршіл рухты өлең аудармасы халықтар әдебиетін жақындастыруда жасампаздықпен жалғаса береді.
Пакистандық көрнекті ақын Фаиз Ахмад Фаиз 65 жасында аудармамен айналысқан. Расул Ғамзатов ауылына барғанда атақты авар ақыны оған ағылшын тіліне аударылған өлеңдер жинағын сыйлаған. Карачиге оралғаннан кейін, жинақты бір кеште оқып шығып, бір деммен шабыттана аударғанын айта келіп: «Бірде мен Олжас Сүлейменовті аударғым келіп еді, аудармамен нан табудың қандай азап екенін сол жолы түсіндім. Өлеңдер аудармаға келмей қойды. Түптің түбінде мені Сүлейменовтің таңданарлық тегеурінділігі, метафоралық айқындылығы құтқарды, оның өлеңдерінің қаншама әуезілігін жоғалтып алдым да, тек ойларын ғана урду тілінде жеткіздім» — дейді. Ол Н.Хикметтің өлеңдерін жеңіл аудару себебін өз басы түрмені, үкімді, Отаннан тыс жерде тағдыр сынын бастан өткізгендіктен деп білсе, балқар ақыны Қ.Кулиевтің өлеңдерін өзі жазғандай құштарлықпен тәржімалағанын Кавказ жерімен, елімен таныстық ықпалынан деп түсіндіреді. Үнді ақыны Субхас Мукерджи де Олжас өлеңдерін аударған: «Бенгалияда менің аудармам арқылы Хикмет, Неруда, Ванцаровтың атағы жайылды» — дейді. Бұдан шығатын қорытынды, ақын шығармашылығымен жете танысу, оның өмір жолын білуден бөлек, туған жерін көріп, аралап, автордың шығармашылық әлемімен етене жақындасу нәтижесінде аударманың неғұрлым түпнұсқаға жақын, көркем, сапалы, шынайы шығатындығы аңғарылады. Фаяз Ахмад көптеген шығыс ақндарының өлеңдерін құштарлықпен, шабыттана аударғанда, Олжас поэзиясына неге қиналған? Мұндағы басты себеп О. Сүлейменовтің өлеңдері ұлттық сезімге, философияға бай болғанымен, орысша ойлау нәтижесіндегі ұлттық сипаттары пәкістандық поэзия шеберіне ауыр тисе керек. Қазақ өлең өнерін орыс және европалық поэзияның үздік үлгілерімен байытқан ақынымыздың көркемдік әлемінің бар құпиясына терең бойлай алмағаны байқалады. Ал С.Мукерджиді “қазақ халқының барды” Жамбыл өлеңдерінің қызықтыруы ондағы халықтық еркін жырлау мәнері мен бай тіл, фольклорлық сарынның молдығы әсерлендірсе керек.
Ақын Б.Слуцкий поэзия аудармасында барынша батыл, ұқыпты болуды еске салады. Өйткені таңдай қақтырар тамаша өлең жолдарын ұлттық ерекшелігімен, тілдік-бейнелілік мәнерімен қайта жырлап шығу – таланттылықпен, батылдықпен келетін шығармашылық іс. Прозада бәрін қаз-қалпында жасауға мүмкін болғанымен, өлең өнерінің аудармасында бәрін тегіс қамту, икемге келтіру оңай емес.
Поэзия аудармасында ең бастысы — ойлардың даму желісін үзіп алмау, көркемдік реңктерін солғындатпау, өлеңнің сюжеттік баяндалуын, жалғастықта дамуын тежеп тастамау.
Өлең аудармашыларының алдында ауқымды міндеттердің ең бастысы – шығарманы аударылатын тілге бейімдеу, аударма тілінде екінші өмір деп аталады. Поэзияға табиғи әрі толыққанды өмір беру оңай іс емес. Төлтуынды оқырманына қандай әсер берсе, аудармасы да сол қалпында, сол деңгейде жетуі – басты мақсат. Яғни, оқырман өзге тілдегі туындыны емес, өз тіліндегі шығарманы, дәл түпнұсқадағыдан оқып отырғандай сезінуі тиіс. Аудармашыға қойылатын көптеген шарттардың ішіндегі ең бастысы да осы.
Өлең аудармасында ұйқас пен ырғақтың өзіндік үйлесімін жеткізу аз, ең бастысы образдар мен идеяларды дәл беру жеткілікті. Әр аудармашы дүниетанымы, мәдениеті, стилі, таланты, шеберлігі жағынан бір-бірінен ерекшеленетіндіктен де, өлең аудармаларында да әркімнің қолтаңбасы айқындалып тұрады. Мысалы, Э.Поның “Қарға” өлеңінің онға жуық орысша аудармасын бір поэтикалық шығарманың он түрлі нұсқасы десе де болады.
Аударманың да өзіндік тағдыры бар. Үздік жасалған аудармалар үлкен тағдырға ие. Аудармашы Н.Гребнев пайымдауынша, кез келген көркем шығарманың бір ғана өмірі болса, көпшілігінің екінші өмірі ұзақ. Шығарма аударма арқылы әр түрлі тілде жарық көруі мүмкін, осының бәрі оның екінші өмірі саналады. Тіпті, бір тілдің шегінде оның екінші өмірі бірнеше болады. Мәселен грузин ақыны Ш.Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» эпосының орыс тілінде екі аудармасы бар. Бірі – К.Бальмонттікі, бірі – Н.Заболоцкийдікі. Осынау ақындардың әрқайсысы оны өзінше жасап шықты, алайда екеуі де Руставели туындысының орыс тілінде өмір сүруіне ықпал етті. Сол сияқты Б.Пастернак пен С.Маршак аударған Шекспир сонеттері жайлы да осыны айтуға болады. Әрі алғашқы әрі кейінгі жағдайда да сонеттер орыс поэзиясының құбылысы саналды, әйтседе олардың осынау екінші өмірі Пастернактың поэтикалық дербестігі Маршактың дербестігінен қалай ерекшеленетіндігімен байқалады. Шекспир сонеттерін М.Мақатаев пен Х.Ерғалиев әдемі аударған. Әр аудармашының ақындық таланты, аудармашылық шеберлігі сезіліп тұр. Кейде тіпті шығарманың екінші өмірі алғашқысына қарағанда анағұрлым бақытты болып қалыптасады, аударманың атақ-даңқы түрлі себептермен түпнұсқаның атақ-даңқынан асып түсетін жайлар да бар. Мұны азербайжан ақыны Мирза-Шафи Вазехтің шығармашылық тағдырына қатысты айтуға болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында бастапқыда неміс аудармасының арқасында осынау ақынның есімі Европаның барлық оқырманына кеңінен танылды, ал бұл кезде өзінің туған елінде ақынның шығармалары жарық көрмеген еді.
Аударма тілінде бірінші өмірі тоқталғаннан кейін шығарманың екінші өмір сүретін жағдайы да кездеседі. Оның себебі сол шығарма дүниеге келген тіл қазір пайдаланылмайтындықтан. Мысалы, «Игорь туралы жыр» - көнерген және латын тілінде жазылған бірден-бір көне халықтық көркем мұра, ол өз уақытының тілі жойылғаннан кейін де орыс тілінде өмірін жалғастыруда. Өйткені, бұл қазіргі орыс тіліне бейімделіп аударылды. «Орыс поэзиясы егерде оның екінші өмір сүретінін жоққа шығарған болса, қалай құлдырап кетер еді. Біз Лермонтовтың «Қарағайынсыз, «Таулы шыңдарынсыз», Жуковский мен Крыловтың көптеген басқа да таланттардың шығармашылығының үлкен бөлігінсіз қалар едік» дейді аудармашы Н.Гребнев.
Гете поэзиясына М.Лермонтов шебер аудармасы арқылы мәңгілік өмір сыйласа, Абай бір ғана өлеңін ұлттық тіл байлығымен, керемет талантымен өміршеңдік рух дарытып, әсерлі ән етіп қалықтатты. Талант пен шабыттың жалынында жасалған керемет поэтикалық аударма-түпнұсқаның басқа ұлт әдебиетіндегі тынымсыз тамыр соғысы, оқырман жандүниесіне бойлаған сезім-сырлардың кәусар ағысы.
1. Поэтикалық шығарма аудармашысының негізгі талаптары.
2. Поэзия тәржімасындағы ақындық талант мәні.
3. Аудармашы ақынға қажетті шығармашылық қасиет қырлары.
4. Өлең аударудағы аудармашы мән беретін тұстар.
5. Ақындық таланттың аудармашылық талантқа тоғысуының аудармадағы нәтижесі неде?
6. Өлең ауармасында шабыт маңыздылығы.
Достарыңызбен бөлісу: |