«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы


Аударма шығармасындағы стиль мәселесі



бет4/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
Байланысты:
Аударма алеми

Аударма шығармасындағы стиль мәселесі

“Шығарма стилі” мәселесі көркем аудармашысы үшін өте маңызды. Маңыздылы аударма баламалылығы мәселесімен байланысты, сондықтан да ол аудармашының еркіндігі және оның дербестігі ұғымдарымен бірдей қарастырылады.


Аударма ісінде екі ұғымды мықтап есте ұстау керек: 1) Жазушының стилі, жазушының қолтаңбасы. Мұның сыртында ырғақ, интонация, күрделі сөйлемдерді бұзбай аудару т.б. 2) Шығарманың мазмұндық түрін жеткізу кейіпкерлерінің іс-әрекеті мен мінез-қылығын, оқиғалар мен жағдайларды, жалпы алғанда композициясын басқа бір тілде қайта баяндап шығу ғана емес, сонымен бірге мәтіннің мағынасын жеткізу, сөздер, тіркестер, сөйлемдерді ұлт тілінде жалпыға бірдей түсінікті түрде сипаттау.
Стиль дегеніміз – шығарма мазмұнын ажарлап, көркейту тәсілі. Стиль – түсініктілік категориясы, оны жеткізу үшін де алдымен оны түсіну қажет. Жазушының қолтаңбасы – шығарманы жеткізудегі тілдік қолданыс пен құраудың өзіндік ізденісі. Жазушының шығарманы баяндаудағы дербес жазу мәнері, қолтаңбасы дербес стилі саналады. Шығарманы неғұрлым көркем, әдемі, әсерлі, танымды, айқын да айшықты жеткізуде стиль өзінің қолданылу тәсілімен дараланады.
Әрбір суретшінің бейнелеу өнерінде бояуды пайдалану үлгісі тәрізді, көркем шығармадағы әр жазушының қолданар бояуы да – тіл және стилистикалық мәнер. Яғни, стиль – туындыны оқырманға ажарлы, ұтымды, ұғынықты жеткізудің көркемдік-эстетикалық тәсілі. Мұнда салыстырмалы тілдердің заңдылығы маңызды рөл атқарады. Міне осыған байланысты аудармашы еркіндігі және шеберлігі деген ұғым туындайды.
Әрине, аудармашыға аударатын туындыға еркін, батыл кірісу қажет десек те, стильді еркіндік көлеңкесінде қалдыруға болмайды. Осыдан барып, стильді дәл жеткізу мәселесі айқындалады. Аударма шығармаларын баспаға жібермес бұрын, редактор стильдік ерешеліктің түрнұсқа мен аударма арасындағы берік байланысына, сәйкестігіне терең мән береді.
Шығарма стилі деген ұғым айтуға оңай болғанымен, аудармада оны жеткізу қиынға соғады. Стиль – шығарма құрылымының негізі. Стильді іс-тәжірибе жүзінде оқып-үйрену мәселесі әлі де жеткілікті дәрежеде емес. Шығарманы аудару барысында мазмұнын, идеясын, архитектоникасын жеткізуден бұрын, стилін сол қалпында бедерлеу үшін оны бірнеше рет қайталап оқудың, зерттеу қорытындыларымен танысудың пайдасы зор. Аударылатын туындыны түпнұсқамен салыстырып, оны стильдік жүйесіне келтіру үшін тиянақты әдеби өңдеу жұмысы да қоса жүреді. Аударманы түрнұсқамен салыстыру кезінде мазмұндық-мағыналық сәйкестігінен бөлек, оның стильдік үйлесімділігінің сақталуына көңіл бөлу маңызды.
Жазушы стилімен сәйкеспеген аударма шығарманың көркемдік түріне, автордың дербестігіне, баяндау мәнеріне жасалған қиянат.
Шығарма стилі – бұл көркем шығарманың мазмұндық түрі, мазмұн сыртқы қатынасы болса, ішкі құрылымы жағынан сөз саптау, сөз қолдану мәнері – ішкі түр. Шығарманың мазмұны дегеніміз – аталған туындының жанрлық тегіне қарай (образдылық) бейнелілік жүйесі. Бұл жүйе сюжеттік желі, кейіпкерлер бейнесі және автор бейнесін жинақтайды. Осыдан барып стиль ұғымы бейнелеу немесе көркемдік мазмұндаудың түрі саналады.
Шығарманың стилі өзара бірлікке сәйкес, көркемдік сөз элементтерінен құралады. Әр автордың баяндау мәнері, оқиғаларды жеткізудегі шығармашылық тәсіл-амалдары әралуан. Шығарманың стилін табу – автордың бейнелеу мәнерін табу деген сөз. Неміс зерттеушісі Шлейермахер аудармада мейлінше автор рухын түпнұсқа стилі мен ұлттық колоритті сақтауды талап етті.
Көркем туынды аудармасында стиль өзіндік рөл атқарады. “Стильдің басты құндылығы – айқындылығы” дейді А.Н. Веселовский.
Поэтикалық тіл – нағыз көркем, әсерлі, бояулы тіл. Айрықша лексиконды меңгерген, прозаға жат, бай эпитеттермен, метафоралармен күрделі сөздермен таңданыс туғызатын салтанатты стиль. Поэтикалық стиль өлең ырғағында өзіндік мәнерімен дараланады. Поэтикалық тіл құрылымы да прозадағыдай; синекдоха, метонимия, шешендік бейнелеу үлгілері, образдар, метафора, эпитет т.б. кездеседі.
Аударманың динамикасы мен қуаттылығына жету үшін көркем шығарманың стилін терең меңгеріп, оны сол көркемдік, тілдік, қолданыстық мәнерімен бере білу аса қажет. Фразеологизмдерді бұзбай, сол қалпында беру, сөйлемнің грамматикалық құрылысына нұқсан келтірмеу маңызды.
Стильді қайталап беру – талантты аудармашыға тән ерекшелік. “Ең жақсы аударма – түпнұсқа стилін сақтай білу. Аударма тілі түпнұсқа мәтінінің тілімен сәйкестікті талап етеді. Көркем аударманың образдық бірлігін, эмоционалдық-бейнелі, рухани мазмұндық түрін дәл жеткізу жоғарғы дәрежедегі көркем аудармаға тән сипат” дейді болгарлық аударма зерттеушісі Анна Лилова (с. 55).
Аудармаға қатысты У. Фолкнер мынадай ой білдіреді: “Менің кітаптарым, ондағы сипатталған құбылыстар негізделген және шындыққа сәйкес жағдайда болғандықтанда, кез келген шет тіліне табысты аударылуы тиіс деп ұйғарамын. Аударма кезінде синтаксис және стиль қажеттіліктен өзгеруі де мүмкін. Егерде кітап аударуға келмей жатса, онда мұндай жағдайда кінә аудармашыдан емес, оның тілінен, түпнұсқалық мәтінінен... Мен стилді немесе поэтиканы аудару ешқандай мағына бермейді деп есептеймін. Аударма мәні – ішкі мағынаны жетілдіруде”. Тілдің стилистикалық құралы бір-бірімен өзара байланыста, күрделі түрде жасалады. Бір тілдің түрі немесе сөзіндегі стилистикалық бояу басқа бір стилистикалық реңкпен үйлеседі әрі бір-бірін қарама-қайшылықта күшейтеді немесе әлсіретеді. Көркем шығармада әр сөз мағынасының атқаратын айтулы қызметі бар. Сөздерді елеп, екшеп, дұрыс қолдана білу, сөз мәдениетін сақтау – стилистика заңдылықтарының бірі.
Аудармада стиль қызметі ерекше. Ол шығарма түрінің жекелеген элементтерімен арадағы өзара қатынас нәтижесі. Стильді қайталап жеткізу, кең мағынада айтқанда, автор қолтаңбасын айнытпай жеткізу деген сөз. Мұның өзі аудармашының таланты мен шеберлігін де танытады. Аударылған шығармадағы стильдің толық сәйкестікте берілуі – бұл түпнұсқа мазмұны мен түрін жеткізу және ондағы барлық элементті қайта жасаудағы ізденіс нәтижесі әрі тілдік құралдарды сәтті қолдану сипаты.
Стильді дәл, сол күйінде жеткізу астарында аудармадағы сәйкестік пен баламалықты сақтау негізі жатыр. А. С. Бархударов: “... аударма мәтіні еш уақытта түпнұсқа мәтінінің толық және шексіз баламалылығына жете алмайды, аудармашы міндеті мынаған негізделеді, осынау баламалылықты қалай дегенде де толыққанды жасау, бұл дегеніміз аз ғана шығынға қол жеткізу... әйтсе де, түпнұсқа мәтініндегі берілген мағыналық сәйкестікті аударма мәтінінде “жүз пайыздықпен” талап ету – соншалықты шындыққа жанаспас еді” (с. 15).
Жалпы аударманың жоғарғы сапалық деңгейі аудармада түпнұсқаның стиліндегі баламалылық, сәйкестіктің барынша толық сақталуына негізделеді.
Шығарманың стилі бір жағынан көркемдік идеясынан бастап, ол арқылы автор дүниетанымын таныта алады. Екінші жағынан, стильдің өзі шығарма идеясын ерекше көркемдікте жеткізуге арналған тілдік құралдарды сәтті таңдап алудағы барынша іздену нәтижесі. Проза поэзияға қарағанда кәдімгі өмір шындығын бейнелеуде анағұрлым кең ауқымды, оның стилінің негізінде кәнігі ауызекі сөйлеу тілінің заңдылықтары жатады.
Украин жазушысы, зерттеушісі П. Мовчан: “Стиль сөз реттілігі, сөзді таңдау, интонация. Сөз дүниетанымға тікелей қатысты болып келеді” – деген пікір айтады. Сондықтан стильдің аудармада дәл берілуі, түпнұсқалық негізінің сақталуы, бейнелі де мәнерлі, көркемдік-эмоциялық, экспрессивтілікте жеткізілуі – аудармашы таланттылығымен қоса, филолог болу қажеттілігін де айқындайды. Украин аударма өнерінің стилисі саналатын М. Рыльский – бірнеше сөздіктер авторы, сөз өнерінің шебері. Көрнекті қазақ аудармашысы, талантты ақын, көсемсөзші М.Әлімбаев орыс тілінің байлығын меңгерумен бірге, түркі тілдес елдердің тілдері туралы зерттеулер жасаған. Мұның өзі аудармада тіл байлығын сақтаумен бірге, жаңа балама, тың сөздер табуға ықпал жасаған. Аударма зерттеушісі ретінде стильге қатысты ойы да маңызды: “Авторға қойылатын басты талап – автордың стилистикалық өзіндігін сақтау, яғни адамдардың келбет-бітімі, жүріс-тұрысы бір-біріне қандай ұқсамаса, олардың сөз саптау машығы да бір-біріне сондай ұқсамайды, ендеше сол ерекшелікті бере біл”.
Автордың дүниетанымы мен стилінің жалпы сәйкестігі оның шығармасының тілдік ерекшелігін тануға көмектеседі. Кейде түпнұсқадағы стильді жеткізу қиын. Тіпті “аударылмайтын аударманы” белгілі дәрежеде мағыналық сәйкестіктегі, соған пара-пар келетін сөзбен, мәтінмен алмастыру аса шеберлік пен ізденіс нәтижесінде жасалады. Б. Пастернак аударманың түпнұсқамен мәтіндік сәйкестік таба алмауын дәлелдеп көрсетіп берді. Тілі жұтаң, қарабайыр жасалған аударма түпнұсқаның көркемдік қуатын кемітумен бірге, оқырманға еш әсер бермейді. Немқұрайды, сүреңсіз оқылады, бояуы оңып кеткен суреттей болып шығады. Сөйтіп, жазушы таланты туралы күмәнді ой қалады.
Проф. Г. Гачечиладзе “салыстырмалы стилистика жақсы қайралған қарудай аудармашының шығармашылық жұмысына жәрдемдеседі” деп айқындайды (с. 246). Екі тілдің стилистикалық-семантикалық ереже-заңдылықтарын білу – аудармада шығарма стилін дәл жеткізудің кепілі. Түпнұсқа стиліне самарқау қарауға болмайды. Оны орынсыз өзгерту, түзету өрескел қателікке ұрындырады, шығарманың көркемдік мазмұнына елеулі нұсқан келтіреді. Аудармашы мүмкіндігінше шебер стилист болуға міндетті. Ол өзі аударатын ақын-жазушының көркемдік тәсілдері мен құралдарын, стильдік мәнері мен шығармашылық ерекшелігін оқырманға толық әрі терең түрде жеткізуші. К. Чуковский: “Кімде-кім стилге сезімтал болмаса, аудармамен айналысуының қажеті де шамалы...” (с. 167) десе, Л. Озеров: “Бір жағдайда көркем аударма – бұл түпнұсқаға, оның негізі мен стиліне терең бойлауының синонимі” деп стильдік сипатты айқындай түседі. Зерттеушілер пікірінше батыс және орыс әдебиетінің терең білгірі В. Топер – француз, неміс, ағылшын тілінің жетік маманы. Ол Ч. Диккенстің “Ауыр жылдар” романын түпнұсқадағы бар идеялық-көркемдік мазмұнымен, сюжет мазмұнымен, ой мазмұнымен, стиль мазмұнымен жеткізе білген.
Стильді сақтау – аударманың күрделі әрі толықтай жүзеге асырылатын мәселелерінің бірі. Чех аударма зерттеушісі И. Левыйдың анықтауынша бұл екі бағытта жүргізіледі: а) түпнұсқаның формалды тәсілдерін сақтау жолымен, ә) бөгде автор стиліне өз сәйкестігіңді іздеу жолымен. Әрине екінші талаптың маңыздылығы айқын. Ғалым аударма сапасын бағалай келе, аудармашыға аударманың сұлулығын, көркемдігін, эстетикалық құндылығын туған әдебиетінің шығармасындай жасауы қажеттігін ескертеді.
Түпнұсқа авторы өмір шындығын көркем бейнелей білсе, аудармашы сол көркемдікті еш әлсіретпей, кемітпей аудармада көрсете білуі қажет. Бұл үшін таланттылығы аударатын автордан еш кем түспеуі тиіс. Сонан соң көркем сөздің үлкен шебері И. Левый тұжырымынша стилист болуы заңды (с. 77). Көркемдік құндылықтың басты өлшемі – стиль. Аударма стилі түпнұсқамен сәйкестікте, ұлттық тіл байлығын көрсеткен жағдайда шығарманың мазмұны да ашылады, көркемдік-эстетикалық сипаты да артады.
Көрнекті жазушы Т. Ахтанов кейбір аудармашылардың “жазушылық талантты аударып отырған автордың стилімен терең қабысатын творчестволық үндестігі болмағандықтан шығарманың стилін, көркемдік дәрежесін жойып жіберуін” орынды көрсеткен (296-б.).
Көрнекті итальян ғалымы Л. Бруни өз заманында аударманың лексикалық қырларымен қатар, мәтін үйлесімділігі, стилистика мәселесін де қозғады. Ол стильді аударма бірлігі ретінде қарайды. Аудармадағы автордың көркем де үйлесімді мәнерде айтылған ойларының бәрін аудармашының сезімталдықпен, ықыластана қабылдау қабілетін айта келіп, автордың өзіндік жазу мәнері, өзіндік стилі, сөйлем құрастыру тәсілі болатынын тұжырымдайды. Аудармашының осы дербестікті қалтқысыз сезінуін әрі қайталап жеткізіп беруін еске салады. Сөйтіп, өз кезіндегі белгілі жазушының түрлі стильдерін талдап көрсетеді.
Аударма – түпнұсқа мәтіндерін әсерлі де мәнерлі түрде әрі стилистикалық үйлесімділікте көркем мазмұндау, шынайы жеткізе білу. Аударма және стилистикаға қатысты зерттеуде стиль және оның түрлеріне тоқталсақ, мұнда аударма шығармаларында, көркем әдебиет жанрлары аудармасындағы стиль қарастырылады.
Біздің дәуірімізге дейінгі І-ғасыр соңында жазылған Аристотельдің “Стиль туралы” еңбегі стильдің ерекшелігін, түрлерін айтуымен бағалы. Ол стильді 6 түрге: асқақ, әдемі, қуатты, жасанды, жұтаң (қарабайыр), талғамсыз, ұсқынсыз деп бөледі. “Стильдің әр түрі ойды мазмұндаудағы қолданыс деңгейін білдіреді. Затқа сәйкес келетін сөзді тауып қолдануға тырысу керек” дейді әйгілі ғалым. Бұл бір жағынан аудармаға қатысты айтылса керек. Аристотель жоғарғы және төменгі стиль деп бөлсе, Н.Радищев “Петербургтен Мәскеуге дейін” еңбегінде “жоғары”, “орта” түрін, Н.И. Ковтунова “аралық” және “төменгі” түрлерін атайды. Академик Қ.Жұмалиев: “стиль әр жазушының шығармашылық ерекшелігі, сюжет, композиция, тіл, сөз, сөйлем құрылыстарында айқындалады” десе, академик З. Ахметов: “Стиль жазушының өмір шындығын танып білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазу мәнері, қолтаңбасы” деп нақты анықтама береді. Олай болса стильді аудармада дәл беру – шығарманың шынайылығын, көркем мазмұны мен идеясын, көркемдік-құрылымдық элементтері мен бейнелеу үлгілерін, автордың дербес жазу мәнерін, сөз саптау тәсілін сақтау деген сөз. Бұл аударманың басты шарттарының бірі.
К. Батюшков стильді жазушының ойлау жүйесімен сабақтастырады. Атақты ақын, аудармашы жазушының сөз саптауының көмескілігі мен түсініксіздігі, қарабайырлығы, сөздердің орнын таппай қолданылуында десе, мұның өзін дәлдік пен табиғи ойлау жүйесінің әлсіздігінен көреді. Демек, жазушының білімділігі, ой-өрісінің кеңдігі шығарма тақырыбын, оның материалдық негізін білу ғана емес, жазу мәдениетін терең меңгеру, дұрыс ойлап, жақсы жаза білу. Аудармашы да мұны ойға терең тоқуы тиіс. Автор стилін сезімталдықпен танып, әрлі де мәнді құрылымымен аудармада жеткізе білу – әрі шеберлік әрі талантқа құрмет.



  1. Стиль туралы түсінік.

  2. Шығарма стилі, оның әдеби жанрлардағы қолданысы, аудармада жеткізіліу тәсілдері.

  3. Аудармадағы стиль қызметінің сипаты қандай?

  4. Стиль туралы теориялық дәлелдеулерге талдау жаса.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет