§4. Ұйымдасқан қылмыстылық пен сыбайлас жемқорлық қылмыстылығын алдын алу
7. Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы
§1. Кәмелетке толмағандар қылмыстылығы, оның түсінігі
§2. Кәмелетке толмағандар қылмыстылығының себептері мен жағдайлары, сондай-ақ әсер етуші факторлар
§3. Қылмыскер тұлғасын сипаттайтын белгілер (қарастырылып отырған қылмыстар тобын жасайтын кәмелетке толмағандардың) ерекшеліктері
§4. Кәмелетке толмағандар мен жастар қылмыстылығын қылмыстылығын алдын алу
8. Әйелдер қылмыстылығы
§1. Әйелдер қылмыстылығы, оның түсінігі
§2. Әйелдер қылмыстылығының себептері мен жағдайлары, сондай-ақ оған әсер етуші факторлар
§3. Әйел-қылмыскер тұлғасын сипаттайтын белгілер
§4. Әйелдер қылмыстылығын алдын алу
9. Экономикалық қылмыстылық
§1. Экономикалық қылмыстылық, оның түсінігі, негізгі көрсеткіштері
§2. Экономикалық қылмыстылықтың себептері мен жағдайлары
§3. Экономикалық қылмыстарды жасайтын тұлғаларды сипаттайтын белгілер
§4. Экономикалық қылмыстылықты алдын алу
10. Пайдакүнемдік-зорлық қылмыстылығы
§1. Пайдакүнемдік-зорлық қылмыстылығы, оның түсінігі, негізгі көрсеткіштері
§2. Пайдакүнемдік-зорлық қылмыстылығының себептері мен жағдайлары
§3. Пайдакүнемдік-зорлық қылмыстарды жасайтын тұлғаларды сипаттайтын белгілер
§4. Пайдакүнемдік-зорлық қылмыстылығын алдын алу
дәрістер
1. Криминология ұғымы, жүйесі мен пәні
§1. Криминологияның пәні мен оның мазмұны
§2. Криминологияның ғылым ретінде қалыптасуы және дамуы
§3. Криминология ғылымдар жүйесінде
Егер сөзбе-сөз ұғынсақ, криминология дегеніміз қылмыстылық жайындағы ілім: Сrimen - қылмыс, logos - ілім. Бірақ криминология ғылымының нақты мазмұны едәуір күрделі әрі көп аспектілі. Ол жекелеген қылмыстардың ғана емес, жаппай қылмыстық әрекет ретіндегі қылмыстылықтың заңдылығын зерттейді, адам неге қылмыс жасайды? Өз проблемаларын шешу үшін көптеген адамдар неге қылмыс жолына түседі? Ондайға жол бермеу үшін не істеу керек? – деген сұрақтарға жауап береді.
Кез келген басқа ғылым сияқты криминология да заңдылықты зерттейді. Криминологияның айрықша пәні – заңдылықтар: а) қылмыстылықтің барлық көріністері; б) қылмыстылықтің детерминациялары мен себептілігі; в) қылмыстылықтің әр түрлі ықпалға ұшырайтындығы.
Қылмыстылықтің әр түрлі көрініс табуы мыналарды қамтиды: қылмыс немесе жеке қылмыстық әрекет; қылмыстылықтің әр түрлі негіздер бойынша бөлініп алынатын жекелеген түрлері (экономикалық, мемлекеттік, кәмелетке толмағандардың, әйелдердің және т.б.); мемлекеттің белгілі бір аймағындағы, мемлекеттегі адамзат қоғамының әр түрлі кезеңіндегі қылмыстылық.
Осы айтылғандардан мынадай тұжырым жасауға болады: қылмыскерлiк - адамзат тарихында бұрын болған және қазiргi бар қоғамдардың барлығының да ажырамас бөлiгi.1
Криминология қылмыстылықті орын мен уақыттың нақты жағдайында зерттейді. Криминолог қоғамға, адамға, бір жағынан, қылмыстылық арқылы, қылмыстық әрекет арқылы қарайды. Тек қылмыстылық, оның себептері және онымен күрес – криминологияға негізгі керектілер осылар. Қылмыстылықтен бастау алып ол оның себептерінің, онымен күресті ұйымдастырудың, оның алдын алудың талдамасына тереңдеген сайын қоғам мен табиғатта бар басқа да кең әрі күрделі проблемаларға шығады. Философ, керісінше, қылмыстылықті көптеген құбылыстардың бірі ретінде, барлық басқалардың өзара байланысы, өзара әрекеттестігі контексінде қарайды. Философтар қылмыстылықке табиғат пен қоғамның жалпы заңдылықтарын зерттеуге байланысты талдама жасайды.
Нақты өмірде қылмыстылық пен басқа келеңсіз әлеуметтік ауытқулар (алкоголизм, маскүнемдік, наркомания, көлеңкелі экономия және т.б.) арасындағы шекараны дәл анықтау қиын. Оларды оқшаулап қарау салыстырмалы, жасанды болып шығады.
Қолданыстағы заң қылмыстылықтің шекарасын көрсетеді, бірақ криминологиялық зерттеулердің шекарасы одан біршама кең. Қоғам мен заң өзгергенде қылмыс және қылмыс емес деген ұғымдар да өзгереді. Криминолог белгілі бір іс-әрекеттерді криминалға жатқызу (оларды заң бойынша қылмыс деп тану) және криминалға жатқызбау (тиісті іс-әрекеттерді заң бойынша қылмыстар қатарынан, яғни қылмыстық жазаланатындар қатарынан алып тастау) туралы мәселеге өз үлесін қосады. Қылмыс жасайтын адамдарды зерттей келе криминологтар мынаны байқады: ұдайы құбылып отыратын жағдайда олардың қоғамға қауіпті әрекеттері өз формасын өзгертеді екен, ал бұл форманың өзгеруінен сол әрекет өзінің қоғамға қауіптілік сипатын жоғалтудың орнына, кейде бұрынғыдан да бетер қауіпті болады екен. Мұндай жағдайда қылмыстық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек. Заңның криминологиялық келісімділігін, оның қоғамға аса қауіптілік келтіретін жаңа шындыққа сәйкестігін осы криминологтар қамтамасыз етеді. Қылмыстық құқық саласындағы мамандарда құбылмалы кезде қоғамға қауіпті әрекет формасының өзгеретіндігі жайында толықтай деректер болмайды.
Сонымен криминолог қылмыстылық пен келеңсіз әлеуметтік ауытқулардың өзге формаларының өзара байланысындағы, олардың қоғамға қауіпті әрекетке айналуындағы заңдылықты зерттейді.
Профессор Г.М.Минковский бейнелеп айтқандай, криминологтардың назар аударатын объектілері қалайда фондық құбылыстар болуға тиіс. Бірақ криминологтар оларды толық көлемде емес, тек олардың қылмыстылықпен байланысын ғана зерттейді.
Қылмыстылық детерминациясы және себептілігі – бұл, жалпы алғанда, қылмыстылықтің қоғамда туындау процесі (әлеуметтік детерминация) және сол процесті тудыратындарды, себептік байланыстарды бөліп алу (себептілік).
Қылмыстылық детерминациясы мен себептілігі, жалпы, қоғамдағы, мемлекеттегі, аймақтағы қылмыстылықтің, белгілі бір әлеуметтік топ өкілдерінің қылмыскерлігінің, қылмыстылықтің кейбір түрлерінің, жеке қылмыстық әрекеттің қандай да бір кезеңде дамуын зерттейді.
Бұл ретте тек қоғамның қылмыстылықке ғана емес, сонымен қатар қылмыстылықтің қоғам өмірінің әртүрлі жақтарына ықпал ету процесі де талданады.
Қылмыстылықтің әртүрлі ықпалға ұшырау заңдылығын талдағанда алдыда қылмыстылықпен күрестің неғұрлым тиімді жолдарын іздестіру мақсаты тұрады.
Қылмыстылықпен күрес - күрделі, көп аспектілі қызмет, ол қылмыстылықтің өзіне және оның себептеріне, жағдайға ықпал етуді қамтиды. Бұл қызмет қылмыстылықпен күресті жалпы ұйымдастыруды да, қылмыстылықтің алдын алуды да, құқық қорғау қызметін де қамтиды. Егер алғашқы екі мәселе, негізінен, криминологтардың назарын аударатын басты объектілер болып келсе, ал құқық қорғау қызметі – оның жүйелілігін қамтамасыз ету және криминологиялық келісім тұрғысынан алынады. Құқық қорғау қызметінің кейбір бағыттарын қылмыстық процесс, жедел-іздестіру қызметі бойынша мамандар және басқалар анықтайды.
Криминолог – жан-жақты экономикалық, саяси, әлеуметтік, құқықтық және басқа да ұсыныстар бере алатын әмбебап маман емес. Қоғам өмірінің экономикалық, саяси және басқа да салаларын, құқықтың әртүрлі салаларындағы мәселелерді тереңірек талдаған сайын ол алғашында басқа мамандармен ынтымақтастықта болады, кейіннен эстафета таяғын олардың қолына ұстатады, содан кейін барып олар қылмыстылықті тудыратын себептер мен жағдайларды жоюдың нақты жолдарын анықтайды.
Бұл ретте криминологта оның өзіне ғана тән зерттеу саласы болады: тікелей қылмыстылық туындайтын әртүрлі әлеуметтік құбылыстар мен процестердегі (әлеуметтік, саяси және басқа) өзара байланыстылықты бөліп алу. Ол өзі алған нәтижелер жайында экономистерді, саясаткерлерді, социологтарды, құқық қорғаушы және басқа мемлекеттік органдарды, жұртшылықты хабардар етеді. Бірақ криминолог, енді болды, бұдан былай жұмыссыздық та, кедейлік те болмайды, қылмыскердің ешқайсысы жазасыз қалмайды деп қол қусырып отыруға тиіс емес. Ол жұмыссыз азаматтардың қандай бөлігі кедейлік сатысының ең төменгі баспалдағында тұрғандығын, сол себепті олардың қылмыс жасайтындығын ашып көрсетуі тиіс. Бірақ ондай адамдардың ішінде қылмыс жасамайтындар да бар. Тиісінше, кейбір тұрақты теріс құбылыстарды тез жою жөнінде мәселе көтермесе де, криминолог өз ақпаратымен олардың криминогендік әрекеттерін бейтараптандыруға, оң факторлармен өзара қатынасын қамтамасыз етуге көмектесе алады (қарттарға, мүгедектерге экономикалық көмек; еңбекке жарамды адамдарды жұмысқа орналастару; қылмыспен келген табысты жуып-шаюға жол бермеу және т.б.).
Сонымен қатар криминолог қылмыстылықті азайтуға ықпалын тигізетін құбылыстарды назарға алады – ол тек криминогендік қана емес (қылмыстылықті туындататын), сонымен қатар антикриминогендік (туындауға тосқауыл болатын) мән-жайларға да баса көңіл аударады.
Оның антикриминогендік процестер жайындағы ақпараты қылмыстылықпен күресте батымды шара қабылдауға көмектеседі2.
Сонымен, біріншіден, криминология өмірдегі барлық жағдайға жан-жақты ұсыныс беретін әмбебап ғылым емес, екіншіден, қылмыстылықпен күрес проблемасын орын мен уақыттың нақты жағдайларында шеше отырып ол өз бағытын ұстанады.
Криминологиялық тұжырымдар әлеуметтік қайта өзгеру процесінде қолданысқа алынады, солай болуға тиіс те, бірақ криминолог пен революционерді, криминолог пен билік басындағылардың жауын ажырата білу керек.
Криминолог іс жүзінде әрқашан қоғамға оның денесіндегі сыздауықты, әлеуметтік басқарудағы қателіктерді көрсететін сыншы рөлін атқарады, себебі қылмыстылық оң жетістіктерден, жақсы өмірден туындамайды. Ал, оның ұсынысы болмаса қылмыстылықтің тасасында тұрған, кейде қоғамға қылмыстылық арқылы қарағанда ғана көрінетін теріс құбылыстардан арылу мүмкін емес.
Криминологиялық құбылыстарды ескеру – қоғамдық қатынастарды құрбансыз және астан-кестен төңкеріссіз, ғылымға сүйеніп қайта құру жолындағы маңызды қадам.
Әлеуметтік жетістіктерді емес, қателіктерді ғана көрсеткені үшін криминологты айыптау пациенттің келісті түр-түсін, инабаттылығын, жақсы қасиеттерін сөз етпей, оның ауруы жайында, оны емдеудің жолын айтқан дәрігерді айыптағанмен бірдей.
Мұны айтып отырған себебіміз, КСРО кезінде криминологиялық зерттеулерге отыз жылдан аса уақыт тыйым салынған еді. Ол тыйым Қылмыстылық пен қылмыскерді зерттеу жөніндегі мемлекеттік институт қайта ұйымдастырылып, Орталық статистика басқармасының моральдық статистика бөлімі таратылған 30 жылдардың басынан Қылмыстылықтің себептерін зерттеу және оның алдын алу шараларын қарастыру жөніндегі Бүкілодақтық институт құрылған 1963 жылға дейін созылды. Бұл кезеңде қылмыстылық проблемалары бойынша, бірақ қылмыстық құқық, криминалистика және басқа пәндер шеңберінде жекелеген ғылыми зерттеулер жүргізілді. Іс жүзінде әңгіме күрделі де бүтіндей ерекше құбылыс болып табылатын қылмыстылық жайында емес, жекелеген қылмыстармен күрес жайында ғана еді.
КСРО құрамында болған мемлекеттердегі социализмнің ыдырауы қылмыстылықтің себептеріне, әсіресе, наркобизнес, жезөкшелік, валюталық операциялармен жасалатын қылмыстардың себептеріне жаңаша көзқарасты талап етті3.
ТМД елдердінде алғашқы Криминологиялық Ассоциация 1991 жылы құрылды. Қазақстан Республикасында да Криминологиялық Ассоциация 2000 жылы құрылып, аталған ұйымның “Қылмыстылықтың алдын алу” (Предупреждение преступности) журналы 2001 жылдан бастап жылына екі рет жарық көре бастады. Алғашқы Қазақстанның Криминологиялық Ассоциациясының төрағасы болып заң ғылымдарының докторы, профессор И.И.Рогов сайланды.
Криминологияның ғылым ретіндегі мазмұны – бұл дегеніміз: қылмыстылықті, оның өзгерістерін, аймақтық және әлеуметтік-топтық ерекшеліктерін зерттеу және бағалау; тиісті қылмыстылықтің детерминация және себептілік процестерін, оның өзгерістері мен айырмашылықтарын зерттеу және бағалау; қылмыстылықпен күрес жөнінде, сондай-ақ крминологиялық зерттеулердің методологиясы мен әдістемесіне қатысты ұсыныстар дайындау.
Криминология пәнінің анықтамасымен салыстырып қарасақ, мұнда, біріншіден, қылмыстылықті, оның детерминация және себептілік процестерін, екіншіден, қылмыстылықпен күрес жөнінде криминологиялық зерттеулердің методологиясы мен әдістемесі бойынша ұсыныс дайындауды көрсету өзінше жаңалық болып табылады.
Кез келген ғылымның методологиясы мен әдістемесі маңызды рөл атқарады, себебі олар әрқашанда зерттеу объектісіне байланыстырылады және оның нәтижелерінің сенімділігін, растығын анықтайды. Зерттеу әдістемелері мен әдістерінің өзіндік ерекшеліктері осы әдістерді игерген мамандардың, сондай-ақ арнаулы зерттеу мекемелерін ұйымдастырудың қажет екендігін талап етеді.
Криминология бойынша 60-жылдары шыққан алғашқы оқулықтарда оның пәні мен мазмұнын қарастырғанда қылмыскердің жеке басы сөз болмайды. “Қылмыскердiң тұлғасын жалпы анықтаудан теория жүзiнде бас тарту дегенiмiз жеке дараны әлеуметтiк айналдырудан бас тарту деген сөз, ол, ойлап қарасаңыз криминологиялық теорияны әдiстемелiк негiзден айырады”-деп У.С. Жекебаев дұрыс айтқан болатын4. Кейін қылмыстылықпен, оның себептерімен, қылмыстылықтің алдын алу шараларымен қатар ол жайында сөз қозғала бастады. Ондағы мақсат – криминологтардың оған өзінше бөлек назар аударуы керек екендігін, қоғамдық қатынастарды зерттеу қылмыскердің жеке басын зерттеуді алмастыра алмайтындығын, ал қылмыстылықке және оның себептеріне ықпал ету – адамның өмір салтын сауықтыру және белгілі бір жеке мінез-құлықты түзету екендігін көрсету еді. Криминология пәнін, оның мазмұнын анықтаудағы мұндай көзқарас өзін ақтады, себебі ол, мысалы, қылмыскердің жеке басын криминологиялық зерттеудің дамуына септігін тигізді. Осы күні зерттеулер нәтижелерінің маңыздылығы даусыз, енді криминологияның пәні мен мазмұнын анықтауда қылмыскердің жеке басын қылмыстылықтен бөлек, оның себептері мен алдын алу шараларынан бөлек сөз етуге болмайды. Қылмыскердің жеке басын криминология пәнінде бөліп алудың жасандылық сипаты бар, ол жайында алда сөз болады.
§ 2. Криминологияның ғылым ретінде қалыптасуы және дамуы
Қылмыстардың себептері, олар үшін жауапкершілік принциптері туралы көптеген негізге алынатын идеялар адамзат тарихының бастапқы кездерінде-ақ пайда болған5.
Криминология тарихы, өзінше дербес ғылым ретінде 19-ғасырдан басталды, жаратылыстық-ғылыми әдістерді қолдану аясы кеңіді. Олар қоғамдық ғылымдарға да ене бастады.
19-ғасырдың 1-жартысында криминологияның дербес ғылым ретінде қалыптасуына зерттеулердің мына төрт түрі айқын әсерін тигізді: 1) антропологиялық; 2) статистикалық; 3) әлеуметтік-экономикалық, социологиялық және т.б., олар арқылы қылмыстылық факторларына және оларға ықпал ету тетіктеріне талдау жасалды; 4) әлеуметтік-құқықтық.
Антропологиялық зерттеулердің негізін қалаушы френолог Галль болатын. Ол қылмыс жасайтын адамдарды үш категорияға бөлді, қылмыскерлерді биологиялық топтастырудың басын бастады. Кейін туа қылмыскер деген идеяны бұрынғы түрме дәрігері, сот-медицинасының итальяндық профессоры Цезарь (немесе Чезаре) Ломброзо тамаша негіздеді. Қылмыскер болып туады - деді ол өзінің алғашқы еңбегінде. Кейін ол туа қылмыскер болу – типтердің біреуі ғана, ал өсе келе өмір ықпалымен қылмыскер болатын басқалар да бар екенін мойындады. Ламброзоның бұл жұмысы күшті дау туғызды: бір авторлар оны қолдады, басқалары оның идеясын қолдамады, өздерінше зерттеулер жүргізді. 19- ғасырдың соңы – 20-ғасырдың басында қылмыстық антропология жөнінде бірқатар халықаралық конгрестер өтті, оларға қатысқандардың көбісі Ломброзо теориясын сынады6.
Ломброзо болса қылмыскерлерді және қылмыс жасау себептерін зерттеу ауқымын кеңейтіп, айтысты жалғастырды. Ол өзінің кейінгі жұмыстарында сыртқы ортаның қылмыстылықке ықпал ететін әртүрлі факторларына назар аударды, туа қылмыскер болатындық туралы теориясынан бас тартпаса да біртіндеп әлеуметтік факторларға көңіл бөле бастады .
Ломброзоның идеясын оның шәкірттері – белгілі итальян ғалымдары Рафаэль Гарофало мен Энрико Ферри дамытты, олар қылмыстылықтің әлеуметтік факторларына баса назар аударды. Ферридің пікірінше, антропологиялық мектептің айрықшылығы сонда, ол органикалық және психикалық келбеттері, мұралаған және жүре біткен қасиеттері арқылы қылмыскердің жай адамнан өзгеше екендігін мойындады (par des anormalitus organiques et psychiques), қылмыскерлерді адамзат тұқымының ерекше бір түрі деп санады (une classe speciale, une variutu de lespuce humaine). Тиісінше, жазаны, қоғамның осы адамзат тұқымының бір түрінен қорғанысы ретінде қарады.
Бұл бағытты жақтаушылар Францияда және басқа да елдерде болды. Ресейде П.Н.Тарановскийдің, Д.А.Чиждің жұмыстары, біршама Д.Дрильдің және басқа авторлардың жұмыстары антропологиялық бағытқа жақын болды .
Айтулы криминологиялық жұмыстардың бірі – Қылмыстылықтің экономикалық факторының авторы Ван-Кан кейіндері былай деп жазды: Ламброзоның еңбегі сонда, ол криминология саласындағы ойды оятты, жүйе құрды, тапқыр және батыл гипотеза жасады, ал нәзік талдамалар мен түйінді тұжырымдарды ол өз шәкірттеріне қалдырды.
Ресейде А.Хвостов, Францияда А.Герри, Бельгияда Э.Дюкпетью қылмыстылық жайында жинақталған деректерге арнаулы статистикалық зерттеулер жүргізді. Олардың қылмыстылықтегі заңдылықты зерттеу үшін қаншалықты маңызды екендігін бельгиялық математик әрі статист А.Кетле айқын көрсете білді. 1836 жылы А.Кетленің Адам және оның қабілетінің дамуы немесе қоғамдық физика тәжірибесі атты шығармасы жарық көрді, онда автор былай деп жазды: Қылмысқа қатысты нәрселердің бәрінде сандар соншалықты тұрақты қайталанады, ол жағдайға назар аудармасқа болмайды. Қылмыстардың белгілі бір түрлерінің жыл сайын ұдайы қайталанып тұратындығы және олар үшін берілетін жаза түрлерінің де сол пропорцияда болатындығы қылмыстық соттың бізге беріп отырған қызықты статистикалық мәліметтері; мен оларды өзімнің әр түрлі шығармаларымда бетке ұстадым, әрқашан қайталаудан жалықпадым: таңғаларлық дәлдікпен төлем жасап тұратын бюджет бар, ол – зындан, түрме, эшафот бюджеті; сол бюджеттің азаюын ойластыруымыз керек.
Мұндай зерттеулерді басқа авторлар да жалғастырды, олардың көмегімен, біріншіден, қылмысты немесе қылмыстарды зерттеуден статистикалық заңдылығы бар жаппай әлеуметтік құбылыс болып табылатын қылмыстылықті зерттеуге қадам жасалды, екіншіден, қылмыстылық туралы статистикалық мәліметтердегі өзгерістер мен қоғамдағы өзгерістер арасындағы өзара байланыс көрсетілген.
Ал, әлеуметтік-экономикалық, социологиялық зерттеулерді алатын болсақ, көптеген авторлар (Ферри, Гарофало, Марро, кейінірек Ашшафенбург және басқалар) қылмыстылықтің әр түрлі әлеуметтік факторлармен статистикалық байланысын көрсетті.
1844-1845 жылдары жас Фридрих Энгельс Англиядағы жұмысшы табының жағдайы атты кітап жазды, онда Өз байқауым және шын көздер бойынша деген тарау бар. Бұл іс жүзінде қоғамдық жағдайлардың қылмыстылықке ықпал ету факторын ғана емес, ондай ықпалдың тетігін, қылмыстылықтің әлеуметтік мәнін алғаш рет тереңірек зерттеу болды. Әлеуметтік тәртіпті сыйламау өзінің ең ақырғы сатысында – қылмыстылықте айқын көрініс табады. Жұмысшыны моральдық азғындауға алып келген себептер әдеттегіден гөрі күштірек, жиналып әрекет ететін болса, онда, Реомюр бойынша 80 градуста су сұйық күйден газға өтетіні сияқты жұмысшы да қалайда қылмыскерге айналады7 -деп жазды Ф.Энгельс. Қылмыстылық дегеніміз әлеуметтік соғыстың көрініс табуы, Энгельс айтқандай, әркім өзін ойлайды, өзі үшін басқалардың бәріне қарсы тұрады, ал, өзінің қас жауы болып табылатын сол басқаларға зиян келтіру керек пе деген мәселені тек өз қамына байланыстырып шешеді. Қылмыстылық кестесі көрсетіп отырғандай, бұл шайқас жылдан жылға ушығып, етек алып барады; жауласушы тараптар біртіндеп өліспей беріспейтін екі лагерге бөліне бастады: мұнда – буржуазия, анда – пролетариат. Бұл барлығының барлығына қарсы және буржуазияның пролетариатқа қарсы соғысы бізді таңдандырмау керек, себебі ол жеке бәсекелестік принципінің біртіндеп жүзеге асуы болып табылады.
Фридрих Энгельс, біріншіден, адамдар мінез-құлқындағы жалпы келеңсіз әлеуметтік ауытқулардың себептерін емес, тек қылмыстылықтің себептерін негіздеді; екіншіден, жеке мүдденің, еркін бәсекелестіктің толық үстемдігі, жеке меншігі жоқ, жалданбалы еңбек адамдарының мүдделері мен құқықтарын ешбір елемеушілігі орын алып отырған жағдайдағы қылмыстылық заңдылығын көрсетті. Осыдан барып қоғамдық және саяси мекемелерді, қоғамның қоғамдық-әлеуметтік қалпын өзгерту қылмыстылықпен күрес шараларының ең бастысына айналады.
Әлеуметтік-құқықтық зерттеулердің, құқық социологиясының дамуы қылмыстардың әлеуметтік негізіне, құқық нормаларының бұзылу себептеріне, қылмыс үшін жаза қолданғанда оларды ескеру қажеттігіне назар аударды, талап етті. Қылмыстық саясат туралы ілім пайда болды8.
Қылмыстардың себептерімен және олардың алдын алу шараларымен криминалистер айналыса бастады. Жапония профессоры Кан Уэда өз еліндегі криминологиялық зерттеулердің пайда болуын қылмыстық саясат пен түрме ісіне жасалған реформамен байланыстырады9.
Осының бәрі қылмыстылық жөніндегі арнаулы зерттеушілердің, оның заңдылықтары мен себептерін зерттеудің, яғни криминологияның пайда болуына әкелді.
Римдегі кассациялық соттың прокуроры барон Р.Гарофало өзінің 1890 жылы жарық көрген кітабын Криминология деп атаған.
§3. Криминология ғылым жүйесінде
Бірқатар авторлар криминологияны пәндераралық ғылым деп санайды, криминалист заңгер де, қоғамтанушы да болуы тиіс дейді. Бұл криминалист үшін мақтанарлық жай. Бұндай көзқарас бірқатар тактикалық мәселелерді шешерде қиындық тудырады. Мысалы, криминологтарды қай мамандық шеңберінде дайындау керек? Пәнаралық ғылым деген не? Ол қай пәндер арасында?
Сонымен қатар, пәнаралық зерттеулер мен пәнаралық ғылымды айыра білу керек. Мұндай зерттеулерге әр түрлі мамандар қатысады, ал маман-криминолог деген кім, оған не үйрету керек, оны базалық даярлау қандай болуы тиіс?
Бұл мәселелер әр түрлі шешілді және шешіліп келеді. Бұған негізі төрт көзқарас бар:
1. Криминология – қылмыстылық социологиясы және зерттеушіні социологиялық даярлау базалық болуы тиіс. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттерде криминологияны заңгерлер емес, болашақ социологтар өтеді (АҚШ, Ұлыбритания және т.б.).
2. Криминология – заң ғылымы және мамандарды заңдық даярлау базалық болуы тиіс. Оған мынадай аргументтер келтірілген: қылмыстың шекарасын заң белгілейді, қылмыстылықпен оның барлық аспектісінде күресуді заң құқық бұзушылықтың басқа түрлерімен және өзге де келеңсіз әлеуметтік ауытқулармен салыстырғанда өте мұқият реттейді.
Ресейде, Батыс Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде криминологияны заң факультеттерінде өтеді. Тиісінше, криминология, заң мамандықтарының бірі ретінде қаралады. Бұл ретте, криминолог, басқа маман-заңгерлерге қарағанда социологияны, әлеуметтік психологияны жақсы білуге тиіс деген ұғым бар. Басқа сөзбен айтқанда, криминология әлеуметтік-құқықтық ғылым деп саналады. Шындығына келгенде, юриспруденцияға, әлемге социологиялық кең көзқараста болу тән. Сондықтан да болар, болашақ заңгерлер философияны да, психологияны да, экономиканы да, статистиканы да, сот психиатриясын да, сот медицинасын да өтуге тиіс. Юриспруденция жалаң заңдық-догматикалық көзқарастан әлдеқашан өтіп кетті. Әрине, заңгерлерді мамандандыру бар. Ол заңгерлердің философия негізін, психологияны, статистиканы және т.б. білуімен шектелмейді. Олар криминалдық цикл деп аталатын пәндерді жақсы игеруі тиіс (қылмыстық құқық, қылмыстық процесс, сот статистикасы және т.б.).
3. Криминологиялық зерттеулер – бұл, бәрінен бұрын, адамның мінез-құлқын зерттеу, сондықтан оны маман-психологтар, психиатрлар жүргізуі тиіс. Бұл клиникалық криминология деп аталатынның өкілдеріне тән. Бірақ соңғы онжылдықтар практикасында мұндай көзқарас социологиялық, экономикалық, заңдық және басқа танымдар ескеріліп жүзеге асырылатын, яғни кешенді немесе пәнаралық деп саналатын криминологиялық зерттеудің объектісіне айналды.
4. Криминологиялық зерттеу, бұл – пәнаралық зерттеу. Криминология – айрықша тұтастық құрайтын әр түрлі білімдер мен әдістердің жүйесі, сондай-ақ қылмыстылықті зерттеуге бағытталған пәнаралық ғылыми-зерттеу қызметінің айрықша жүйесі - деп санайды В.Б.Першин мен А.Н.Подрядов10. Мұндай көзқараспен криминологияны кешенді ғылым деп те атауға болады.
Мынадай сұрақтар туындайды: құқықпен қоса социология туралы неге сөз болады? Неге экономика, саясаттану және басқа ғылымдар жайында емес? Ал, социология дегеніміз – қоғам өмірінің әлеуметтік саласының заңдылығын зерттейтін қоғамдық ғылымдардың бірі ғана.
60-жылдары КСРО-да криминология қайта дамығаннан кейін өмірдің өзі эксперимент қоя бастады. Қылмыстылықтің себептерін зерттеу және олардың алдын алу шараларын дайындау жөніндегі Бүкілодақтық институттың кадрлары философия, заң, социология, психология және басқа салалардың мамандарынан жинақталды. Басқаларына қарағанда заңгерлер криминологиялық зерттеулерді тез игеріп кетті. Алғашында қиындық көрді, себебі олар криминологияны жоғары заң оқу орындарында оқымаған еді, тек аға буын криминологтармен қатынаста болды, кітапханаларды пайдаланды, басқа мамандармен зерттеулерге, жарыссөзге қатысты. Отандық криминологияның қазіргі мектебін құрған сол заңгерлер еді.
Заң білімі криминологтарға, қажетті жағдайларда, нақты құқықтық шешім ұсынуға, адресаттардың құқықтық құзыретін ескере отырып өз ұсыныстарының адресаттарын дәл таңдауға мүмкіндік береді. Криминологтың тергеуші, прокурор, судья, адвокат болып жинақтаған тәжірибесі де елеулі рөл атқарады. Бұл қылмыстылықті де, онымен күрестің жолдарын да нақты жағдайда көріп-білуге мүмкіндік береді.
Ресейде және юриспруденция шеңберінде өзі дамыған басқа елдерде криминология криминалдық цикл ғылымдары үшін (қылмыстық, қылмыстық-атқару құқығы, қылмыстық процесс, криминалистика, жедел-іздестіру қызметі, сот психологиясы және т.б.) жалпы теориялық ғылымға айналды. Криминалдық цикл ғылымдарының саны тұрақты емес.
Криминология мен бұл ғылымдардың арақатынасын мемлекет және құқық теориясы мен басқа заң пәндерінің арақатынасымен салыстыруға болады.
Криминология жөніндегі оқулықтар мен оқу орындарында криминологияның прокурорлық қадағалаумен, азаматтық құқық және процеспен, басқа да құқық мамандықтарымен, сондай-ақ өзге де қоғамдық ғылымдармен: философиямен, политологиямен, социологиямен, экономикамен, демографиямен, әлеуметтік және жалпы психологиямен, статистикамен тығыз байланыста екендігі жайында айтылған11.
Криминологияда сөзсіз практикалық сипат бар екендігін көрсетуге болады: оның ұсыныстары негізінде қылмыстылықпен күрестің бағдарламасы жасалады, заңнамалар өзгереді, қоғамдық қатынастар жетілдіріледі, қылмыстардың себептері, қылмыскердің жеке басы туралы мәліметтер көрініс табатын қылмыстық-іс жүргізу құжаттары, прокурорлық қадағалау актілері жасалады және т.б. Тергеуші, прокурор, судья, жедел-іздестіру, контрбарлау, барлау қызметін жүзеге асырушы адамдар, адвокат қылмыстың себептері мен жағдайларын дұрыс талдай алуға, қылмыскердің жеке басын дұрыс бағалай білуге, ол себептер мен жағдайларға шара қолдануға міндетті. Заң консультанттары мен нотариустар криминалдық мәмілеге жол бермеуі керек.
Сонымен қатар, белгілі бір әлеуметтік құбылыстың заңдылықтарын зерттейтін криминология адам және қоғам туралы ғылыми ұсыныстар жасауға өз үлесін қосады.
Қазақстанда криминологиялық зерттеулермен ғылыми мекемелер мен жоғары заң оқу орындарының қызметкерлері айналысады.
1991 жылы криминологтар Криминологиялық қауымдастық құрды, бұл заңды тұлға болып табылатын ерікті, өзін-өзі басқаратын қоғамдық бірлестік. Оның жұмысының негізгі формалары: семинарлар мен конференциялар өткізу, арнайы әдебиет шығару12, криминологиялық сараптама жүргізу, заң жобаларын жасауға қатысу, зерттеулер ұйымдастыру, тиісті мамандармен халықаралық байланыстар орнату.
2. Криминологиялық зерттеулердің методологиясы мен әдістемесі
§1. Методология және әдістеме ұғымы. §2. Танымның жалпы ғылыми әдістерін криминологияда қолдану. §3. Криминологияда-нақты социологиялық әдістерді қолдану. §4. Криминологиялық зерттеулердің әдістемесі.
Достарыңызбен бөлісу: |