§1. Методология және әдістеме ұғымы
Methodos грекше сөзбе сөз алғанда бірдемеге жол, зерттеу дегенді білдіреді. Ғылыми айналымда методология, әдістеме, әдіс, және бірқатар сөздер пайдаланылады. Әдіс дегеніміз амал, зерттеу тәсілі. Әдістеме - зерттеу әдістерінің жиынтығы. Методология - бірдемені ғылыми зерттеудің жолдары, әдістері туралы ілім.
Кез келген басқа зерттеулер сияқты криминологиялық зерттеулердің методологиясы зерттеу заты мен объектісіне, зерттеуші алдыға қойған мақсатқа байланысты. Адамды зерттеу әдістемесі өлі табиғатты зерттеу әдістемесімен бірдей бола алмайды, қоғам мен адамды зерттеу әдістемелері де басқа.
Криминологиялық зерттеулер қылмыстылықті тудыратын күрделі қоғамдық процестерді де, қылмысты жасайтын адамдардың мінез-құлқын да қозғайды. Криминологияның қылмыстық-антропологиялық бағытының өкілдері антропологиялық медициналық зерттеулер жүргізді. Сонымен қатар, қиын жағдай криминологиясы (критическая криминология) деп аталатынды жақтаушылар қоғамдық қатынастарға социологиялық, политологиялық, экономикалық және басқадай талдау жасап, қылмыскерді тудыратын қоғам сипаттамасын ғана талдаса, сол жеткілікті дегенді айтады. Бұл ретте олар қылмыстылықтің өзіне, қылмыскерлерді зерттеуге назар аудару керек деп санамайды. Бұл қылмыстылықті және оның себептерін толық зерттеуге кедергі келтіретін өзара алшақ пікірлер.
Жалпы криминологиялық таным диалектикалық –материалистік ілімді пайдалануға негізделеді.
Біріншіден, қылмыстылық әлеуметтік құбылыс ретінде қаралады, және тиісінше, оны зерттегенде әлеуметтік ғылымдардың, оның ішінде социологияның, әлеуметтік психологияның әдістері пайдаланылады. Әртүрлі әлеуметтік құбылыстармен, процестермен, институттармен қатар адам да зерттеледі, бірақ ол биологиялық тұрғыдан емес қоғам мүшесі, қоғамдық дамудың жемісі ретінде зерттеледі. Криминологтардың қылмыскердің жеке басы туралы айтып жүргені кездейсоқтық емес.
Екіншіден, қылмыстылық басқа құбылыстармен және процестермен өзара әрекеттестікте, өзара байланыста талданады. Ол әрқашанда қоғамдық қатынастар тұрғысынан қаралады. Қылмыстылық – қоғаммен қатар тұрған бірдеме емес, ол сол қоғамда бар, оның дәстүрлі жақтарын: саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани салаларын түйреп өтетін құбылыс.
Қылмыстылық адам әрекетінің өзге де актілерімен өзара байланыста, оның барлық тіршілігі тұрғысынан қаралады.
Үшіншіден, криминологиялық маңыздылыққа ие құбылыстар (қылмыстар, қылмыстылық, олардың детерминациясы, себептері және т.б.) олардың қозғалысы мен өзгерісінде, өткенді, осы кезді зерттеу және болашақты болжау арқылы зерттеледі.
Төртіншіден, криминологиялық маңыздылыққа ие құбылыстардың дамуы сандық өзгерістер жинақтала, дами келе сапаға өтетін, қылмыстылықтің жаңа күйін тудыратын процесс ретінде қаралады. Бұл қылмыстылықпен күресті жетілдіру үшін маңызды болып табылады.
Бесіншіден, зерттелетін криминалдық құбылыстардың ішкі қайшылықтары, әртүрлі жақтары да, криминалдық және басқа да әлеуметтік құбылыстар арасындағы сыртқы қайшылықтар да ескеріледі. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы қайшылықтардың өзара әрекеттестігі де назарға алынады. Қайшылықтар күресі ғана тиісті құбылыстардың даму көзі болып табылады. Қылмыстылықпен күрес, қылмыстылықтің алдын алу дегеніміз – бір жағынан келеңсіз жақтардан арылу және оң жақтарға сүйену, оларды дамыту және мадақтау.
Криминолог нақты зерттеуді қылмыстылықті талдаудан бастауы керек, содан соң оның детерминациясы мен себептілігі процестерін зерттеуге көшеді.
Қылмыстылық – қоғам жемісі, бірақ оған қоғам дертінен туындай салған, көзге бадырайтып көрініп тұрған нәрсе деп қарауға болмайды. Қоғам өзгергенде қылмыстылық онымен бірге, тез өзгере салмайды. Онда өзіндік ерекше сипаттама бар, сондықтан оған өзінше қарау керек. Қылмыстылықті сыртқы жағдайлардың өзгергеніне қарай бірден өзгере салмайтын, тұрақталып қалған бедермен салыстыруға болады. Адамдар қатып қалған саз батпақтың бетінен ежелгі өсімдік іздерін табады. Қылмыстылықті талдағанда қоғамдық қатынастардың бүгінгі сипатамасын ғана емес, адамдар санасында, олардың дәстүрінде, іс-әрекетінде сақталып қалған өткенін де көруге болады. Тіптен, қылмыстылықтің өзі де қоғамға ықпал етеді.
Криминологиялық зерттеудің методологиясы тағы да бір проблеманың шешіміне байланысты. Кейбір ғалымдардың пікірінше, қылмыстылық дегеніміз - абстракция. Жекелеген қылмыстар және қылмыстардың жекелеген түрлері нақты өмірде бар. Мұндай ойдың логикасы мынадай: қылмыстылық дегеніміз – қылмыстардың жасалынатындығын білдіреді, ал жасалынатындық нәтижесінде не туындайды, ол - көптеген мән-жайларға, адамның биологиялық және басқа да қасиеттеріне, ол үшін қарастырылған сыртқы жағдайларға байланысты. Бұл ретте зерттеушіні не туындайтыны емес, сол жасалынатын процесс қызықтырады деп дәлелдейді. Басқа авторлар қылмыстылықты оның детерминация процесімен теңдестіруге болмайды, ол оның нәтижесі, оған өзінше назар аудару керек дейді.
§2. Танымның жалпы ғылыми әдістерін криминологияда қолдану
Криминологиялық зерттеуде танымның мынадай жалпы ғылыми әдістері пайдаланылады:
1) абстрактыдан нақтыға көтерілу;
2) жорамал;
3) жүйелік-құрылымдық талдама (жүйелік амал);
4) тарихи әдіс;
5) салыстыру;
6) динамикалық және статистикалық әдістер.
1) Абстрактыдан нақтыға көтерілу. Танымның бұл әдісі зерттеушінің теориялық даярлығының белгілі бір деңгейде болуын, жорамал жасауды, теориялық ұғымдар мен түсініктерді пайдалануды, абстрактылы ойлауды керек етеді.
Бұл ретте екі маңызды кезеңді ескеру керек:
бұрындары жасалғандармен танысу керек. Қылмыстылық туралы үйреншікті түсініктерге ғана сүйенген, бірақ криминология теориясын игермеген, бұрынғылар алған ғылыми мәліметтермен таныспаған зерттеушілер ғылыми негізделген ережелер бере алмайды;
қылмыстылық құбылысының және оны туындататын процестердің жете танылмағандығы туралы, ол құбылыстың ұдайы өзгеріп тұратындығы туралы ой естен шықпау керек. Сондықтан да зерттеу процесінде криминолог ашық жүйе болуы тиіс, және ол жаңа мәліметтерді бұрыннан бар теориялық ұғымдар мен схемаларға сыйдыруға барлық күшін салып тырыспауы керек.
2) Жорамал. Ол іздестіру бағытын көрсетеді, зерттеуші назарын шындықтың қандай да бір кездеріне аударады, зерттеуді бір мақсатқа бағыттауға мүмкіндік береді.
Жорамал, біріншіден, криминологияда белгіленген ғылыми негізделген ережелермен үйлесімде болуы тиіс, екіншіден, тиісті болжамның дәлелді болу мүмкіндігімен сипатталуы керек.
Болжамның бәрі бірдей жорамал бола бермейді. Өзін тексеруге тұрарлықтай болжамды жорамал деп айтуға болады. Жорамалды ұсыну, оны қалыптастыру бұрыннан бар теориялық және эмпириялық мәліметтерге баға беруді, оларды зерттеу пәнімен, объектісімен және мақсатымен салыстыруды қажет етеді. Бұл жұмыс зерттеу бағдарламасын даярлау процесінде жүргізіледі.
3) Жүйелік амал. Бұл әдіс саны белгілі өзара байланысты элементтерді қамтитын белгілі бір құрылымы бар белгілі бір күрделі ұйымдасқан жүйе ретінде зерттелетін объектіні (біздің жағдайда қылмыстылық пен қоғам) қарауды көздейді. Қылмыстылық дегеніміз көптеген жай қылмыстар ғана емес, олардың жүйесі, ол жайында келесі тарауда толығырақ айтылады. Өте жалпы түрде жүйені қандай да бір тұтастық құрайтын өзара байланысты элементтердің кешені деп ұғыну қалыптасқан.
Криминологияда жүйелік-құрылымдық әдісті қолданудың екі аспектісінің өзара байланысында маңыздылық бар. Біріншіден, қылмыстылықті көптеген өзара байланысты қылмыстар мен оларды жасаған адамдардың жиынтығы және олардың арасындағы өзара әрекеттестікті табу деп қарастыру. Бұл ретте қылмыстылықтің құрылымы, әр түрлі элементтердің сипаттамасы, олардың өзара әрекеттестігі талданады. Екіншіден, қылмыстылық неғұрлым ортақ жүйенің – қоғамның шеңберінде зерттеледі. Қылмыстылықтің қоғамның әр түрлі сипаттамаларымен сыртқы байланыстары ашылады, оның ішіндегі бастылары, яғни қылмыстылықті тудыратын себептік байланыстар бөлініп алынады.
Жүйелік-құрылымдық талдау процесінде, әдетте, математикалық әдістер кең пайдаланылады. Криминологияда оларды пайдалану онша дамыған жоқ. Математикалық модельдеу әдістері шектеулі қолданылады. Сонымен қатар, корреляциялық, кластерлік талдаулар жүргізу және электрондық-есептегіш машиналар пайдаланып басқа да математикалық әдістерді қолдану практикасы кең таралған.
4) Тарихи әдіс. Ол қылмыстылықті тарихи тұрғыдан, қозғалыста зерттеуді қамтамасыз етеді. Қылмыстылықке талдау жасағанда, әдетте, қылмыстылықтің сипаттамасы мен үрдісін, сондай-ақ оның өзге құбылыстармен байланысын ашуға мүмкіндік беретіндей ұзақ кезең алынады.
Қылмыстылықтің аймақтық ерекшеліктерін зерттегенде тарихи әдістің бір түрі ретінде салыстырмалы-тарихи әдіс алынады. Бұл ретте мыналар жүзеге асырылады: а) әртүрлі аймақтарда бір кезең аралығында болған бір типті оқиғаларды (кәмелетке толмағандардың, жастардың жасаған қылмыстарын т.б.) салыстыру; б) әр аймақтардағы бірдей сипаттамаларды әртүрлі кезең бойынша салыстыру.
5) Салыстырмалы әдіс. Әр түрлі мемлекеттердегі, мемлекеттің әр түрлі аймақтарындағы қылмыстылық, жынысы, жасы және әлеуметтік жағдайы және т.б. әр түрлі адамдардың қылмыскерлігі салыстырылады.
Ұқсастық әдісі қолданылғанда кеңістік-уақытқа байланысты қылмыстылық сипаттамасының қылмыстылықтің қайталанып тұратын сипаттамасымен және адамдар өмірінің қайталанып тұратын жағдайымен ұқсастығы анықталады. Тиісті ұқсастықтар бұл жағдайлар мен қылмыстылықтің өзара байланыстарының фактісі мен тетігін ары қарай зерттеуге негіздеме болады. Айырмашылық әдісін пайдаланғанда қылмыстылықтің бір мемлекеттерде, бір аймақтарда кездесетін, ал басқаларда кездеспейтін сипаттамалары анықталады. Мұндай материалдар қылмыстылықтің ортаның нақты жағдайларымен себептік байланыста екендігі туралы болжам жасауға да және оны тексеруге де негіз болады.
6) Динамикалық және статистикалық әдістер криминологиялық зерттеулерде кеңінен қолданылады. Әсіресе, қылмыстылық те жататын осы жаппай құбылыстарды зерттеуде бұл статистикалық әдіс кеңінен пайдаланылады. Динамикалық және статистикалық әдістер әр түрлі білім береді. Динамикалық заңдылықтар дегеніміз даму заңдылығы. Оларды қолдану себептік байланыстарды анықтауға алып келеді. Мысалы, 20 жыл бойы кәмелетке толмай қылмыс жасаған 140-тан аса адамның жеке басының сипаттамалары мен тағдырларына кешенді зерттеу жүргізілді. Зерттеудің бірінші кезеңі – 14-17 жастағыларды қылмыс жасағаннан кейін бірден зерттеу, екінші кезең – 10 жылдан соң, үшінші – тағы 10 жыл өткеннен кейін. Бұл біреулердің қылмысты қайталағандығы, біреулердің дұрыс жолға түскендігі, ал біреулердің азғындап кеткендігі қандай мән-жағдайлармен байланысты екендігін анықтауға мүмкіндік берді.
Жалпы қасиеттерді таба және сипаттай отырып, статистика үлкен сандар заңының әрекетіне негізделген жалпы статистикалық заңдылықтарды анықтайды. Олар заңдылықтардың қалыптасуының ішкі тетігін түсіндіреді, себептік байланыстарды бөлектеп қарамайды. Статистикалық заңдылықтарды іздестіру құбылыстардың ортақ қасиеттерін табу және сипаттау жолдарымен жүзеге асырылады. Мысалы, бұрын рецидивистердің 60 пайызынан 80 пайызына дейіні алғашқы қылмысты кәмелетке толмаған жаста жасағандығын статистика дәлелдеген болатын. Бірақ бұл статистикалық заңдылық неге негізделген? Жоғарыда аталған ұзақ уақыттық зерттеу осы құбылыстың тетігін ашуға мүмкіндік берді.
Заңдылықтарды іздестіру әрқашанда статистикалық зерттеулермен байланысты. Бірақ олардың сипаттарын (себептік, жағдайлар байланысы немесе өзгедей) табу әдістер кешенін қолдануды талап етеді.
Статистикалық зерттеулерде жинақтап қорытылатын көрсеткіштер пайдаланылады. Оларға мынадай негізгі талаптар қойылады:
а) зерттелетін жиынтық құрамы жағынан біртекті болуға тиіс. Мысалы, 1997 жылдың 1-қаңтарына дейін және одан кейін тіркелген қылмыстарды салыстыра салуға болмайды, себебі Қазақстанның жаңа ҚК-сі енгізілгеннен кейін заң шығарушы қылмыстар қатарына жатқызатын іс-әрекеттер шеңбері өзгерді, ҚК-нің көптеген баптарының диспозияларының түсініктемесі де өзгеріссіз қалған жоқ;
б) зерттелетін жиынтық едәуір кең ауқымды болуы тиіс, ондай болмаса кездейсоқ ауытқулар нәтижеге ықпал етуі мүмкін.
Зерттеулер процесінде кейде ішінара бақылау қолданылады, бірақ бұл ретте өкілдік (репрезентативтік) мәліметтер алынуы тиіс.
§ 3. Криминологияда нақты-социологиялық әдістерді қолдану
Нақты-социологиялық әдістер, яғни әлеуметтік құбылыстарды орын мен уақыттың нақты жағдайларында және олардың нақты көрініс табуында зерттеу әдістері криминологиялық зерттеулерде маңызды орын алады. Бұл әдістер кешені мыналарды қамтиды:
1. Құжаттарды зерттеу;
2. Анкета және сұқбат түрінде сұрақ беру;
3. Байқау жүргізу (тікелей немесе сырттай);
4. Эксперимент.
1. Құжаттарды зерттеу. Криминологиялық зерттеу жүргізгенде әртүрлі құжаттарды зерттеуге тура келеді, олар: статистикалық есептер, істердің материалдары, қылмыстар туралы арыздар мен оларға қайтарылған жауаптар, шағымдар, бақылаушы органдардың материалдары, сот-медициналық сараптама орталығының, бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары. Сонымен қатар, аймақтардың төлқұжаттары, әлеуметтік-экономикалық талдаудың жинақтап қорытылған нәтижелері, қылмыстылықке және онымен байланысты құбылыстарға бұрын жүргізілген зерттеулердің нәтижелері және басқа да құжаттар зерттеледі.
Қылмыстық істерді немесе өзге құжаттарды зерттеудің бағдарламасы жасалынады. Зерттеудің тиісті нәтижелері өңделеді және олардың негізінде қандай да бір заңдылықтың бар екендігі туралы тұжырым жасалады.
2. Сауалнама не сырттай (анкета арқылы), не бетпе-бет (сұқбат арқылы) жүргізіледі. Бірінші жағдайда сұрақтар көрсетілген анкета жасалынады. Егер сұрақтарда жабық сипат болса, онда оларға иә, жоқ немесе білмеймін деген жауаптар беріледі. Ал, ашық түрдегі сұрақтарға кез келген формада жауап беріледі. Мұндай сұрақ-жауаптарды өңдеуде қиындық туындайды. Оларды, негізінен, зерттеудің алғашқы кезеңінде, жауаптардың қандай болатындығын алдын ала болжау қиын болған жағдайда пайдаланады, онда алдымен жауаптардың болуы мүмкін варианттарын анықтау және анкетаның жұмыс қабілеттілігін тексеру үшін: сұрақтар түсінікті ме, оларға жауап берілген бе, әлде жалтарып кеткен бе, және т.б. анықтау үшін пилотажный деп аталатын сұрақ-жауап жүргізіледі. Немесе ашық сұрақтарға берілуі мүмкін жауаптар тізбегі ұсынылып, еске салудан қашу керек болған жағдайда қойылады. Мысалы, кейбір сотталғандарға сұрақ қойылғанда, егер мәселе ашығынан болса, олар моральдың көпшілік қабылдаған нормаларына өздерінің теріс көзқараста екендігін ашық айтқан. Егер жауаптардың тізбегі берілсе онда олар дұрысырақ жауап беруге тырысады. Бірақ барлығы ондай емес.
Ұсынылған жауаптар тізбегінің артында жауаптың ұсынылғаннан басқа нұсқасын таңдау керек болса және ол нұсқаны айқындауға өтініш болса, онда жауаптар тізбегі ашық болады. Жабық тізбекте жауап нұсқаларының барлығы түгел беріледі.
Анкетада бірін-бірі толықтыратын қосымша сұрақтар болады. Сол себепті кейде ашық және жабық сұрақтар жиынтығы пайдаланылады.
Әдетте, криминологиялық зерттеулерде сұралатын адамның аты-жөні мен мекен-жайы көрсетілмейтін анонимдік деп аталатын сұраулар да болады. Бұл анкетада шағын төлқұжаттың болуы қарастырылған, яғни онда жасы, жынысы, жұмысы туралы сұрақтардың және сұралғанды сипаттайтын басқа да мәліметтердің болуы мүмкін.
Анкетаны құрастырғанда оның артынан ЭЕМ-де өңделетінін ескеру керек. Сұқбаттасу дегеніміз – қылмыс жасаған адаммен, немесе оның туыстарымен, немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, сондай-ақ басқа адамдармен әңгімелесу.
Криминологиялық зерттеулерде сотталғанмен жеке сұқбаттасу, анкеталық сұрақтарға қарағанда, толығырақ нәтиже береді, қылмыстық іс-әрекеттің себептері мен мақсатын, оның тәрбиесі мен өмір салтын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сұралушы өзінің жеке ұстанымын жария еткісі келмесе, оны анкета арқылы білуге болады. Ұжымдық сұқбат деген де өзін жақсы жағынан көрсетті, мысалы, онда бірнеше, әдетте, оннан көп емес адаммен кездесу болады, оларға зерттеуші өздері байқап жүрген қылмыстылықтің жайы, ондағы өзгерістер, қабылданған шаралардың нәтижелілігі, қылмыстылықтің өсу немесе азаю себептері жайында айтуды өтінеді. Мысалы, мұндай сұқбат қандай да бір ұйымның бір топ қызметкерлерімен, немесе белгілі бір ауданның немесе үйдің бір топ тұрғындарымен, немесе колониядағы сотталғандармен, немесе прокуратураның, полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен жүргізіледі. Егер зерттеуші алдын ала сұрақтарды құрастырып, оларды қандай ретпен қою керектігін жоспарласа ғана ондай сұқбаттан жақсы нәтиже күтуге болады. Ол сұрақтар оқылмайды, еркін әңгімелесу арқылы беріледі. Сұқбат нәтижелері, әдетте, артынан жазылып алынады, сонан соң өңделеді.
3. Байқаудың бірнеше түрі бар.
Социологиялық зерттеулердегі байқауларға қарағанда криминологияда байқау өрісінің және оның нұсқаларының біршама ерекшеліктері бар.
Мысалы, байқаудың үш негізгі рөлін бөліп алуға болады: 1) байқаушы – қандай да бір қызметке қатысушы (қызметті және оған қатысушыларды байқап жүреді); 2) шындығында байқаушы (ол өзін қызметін байқауы тиіс субъектілермен қатынаста байқаушы ретінде сезінеді); 3) қамтылған байқаушы (жұмысқа орналасады не өзін бақылаушы ретінде көрсетпей бір жерлерде жүреді, бақылауы тиіс қызметке қатыспайды, бақылауды сырттай жүргізеді).
Қылмыстық қызметті алатын болсақ, онда қылмыстық топқа, ұйымға кірген криминологты көзге елестету керек. Бірақ мұндай топқа кіру қылмыс жасауға міндетті түрде қатысумен байланысты. Қатыспаған жағдайда зерттеуші әшкереленіп, одан ауыр зардап шегуі мүмкін. Заң криминолог-зерттеушіні қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатуды қарастырмайды. Зерттеу тиісті іс-әрекетті қылмыс деп танымау үшін де негіз бола алмайды, мысалы, аса қажеттілік және қажетті қорғаныс жағдайларында.
Жаза өтеу орындарында қамтылған байқау, көбіне, көрсетілген қиындықтармен, сондай-ақ сотталғанның мәртебесін жасырын алудағы қиындықтармен байланысты.
Қамтылған байқауда құқық қорғау органдарының оперативтік қызметкері, тергеуші, прокурор, судья, адвокат, еңбекпен түзеу мекемесінің қызметкері ретінде болған пайдалы. Бұл тұрғыдан алғанда криминолог үшін оның құқық қорғау органдарында, соттарда жұмыс істеп алған тәжірибесінің маңызы зор.
Байқаудың басқа да түрлері пайдаланылады. Мысалы, қалалардың бірінде кәмелетке толмағандар қылмыскерлігін зерттегенде оған қатысушылар ретінде заң оқу орындарының студенттері қамтылған. Олар зерттелетіндердің құрдастарындай еді. Дискотекаларға, басқа да сауықтыру орындарына барғанда олардың басқалардан айырмашылығы болмады, сондықтан құқық бұзушылардың демалу кезіндегі әрекеттерін, әртүрлі топтар арасындағы өзара байланысты, олардың жүріс-тұрысын байқауға мүмкіндік болды.
4. Эксперимент. Профессор Дюверженің айтуынша, эксперимент жасауды арандатылған байқау деуге болады. Отандық әдебиетте экспериментке эксперимент жасаушының басқаруындағы кейбір факторлардың ықпалымен объектінің өзгеретін жағдайына бақылау жасау және дәйекті тіркеу болатын зерттеу әдісі деген анықтама беріледі.
Криминологияда эксперимент аясы екі қатынаспен шектелген. Бір жағынан, қылмысты арандатуға жол берілмейді. Зерттеуші қылмысқа арандатушы, көмектесуші ретінде немесе басқадай рөлде қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды. Екінші жағынан, қылмыстылықпен күрес жөніндегі шаралар заңға, моральдің көпшілік қабылдаған нормаларына негізделуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін, ұлттық және діни сезімдерді бұзуға тиіс емес.
Болжаулау әдістерін де бөліп алуға болмайды. Әдебиетте олар фондық және профильдік болып бөлінеді. Фондық әдістер осы тарауда айтылған әдістер кешенін пайдалана отырып қажетті ақпараттық база құрады. Профильдік әдістер дегеніміз – экстраполяция, модельдеу, эксперттік бағалау әдістері. И.В.Бестужев-Ладаның орынды көрсеткеніндей, болжаулау, ол – болашақ жайында айтпау, қандай да бір құбылыстың және процестің даму перспективасын қазіргі ғылым құралдарының көмегімен ұдайы зерттеу.
§ 4. Криминологиялық зерттеудің әдістемесі
Өткен параграфтарда аталған барлық әдістер практикада жиынтықталып қолданылады. Ал олардың жиынтығы зерттеудің пәніне, объектісіне және мақсатына байланысты. Зерттеу бағдарламасы жасалғанда сұрақтардың мынадай топтары бөлініп алынады: 1) зерттелуге жататын проблемаларды баяндап жазу; 2) әдебиеттің және алдыңғы зерттеулердің нәтижелерінің талдамасын ескере отырып оның күйін суреттеу, оны зерттеудің қажеттігін негіздеу; 3) жорамалдау; 4) зерттеу әдістемесі мен алынған мәліметтерді жинақтап қорыту әдістемесі.
Мысалы, жеке адамның өмірі мен денсаулығына қарсы нақты жасалған қылмыстар туралы мәліметтерді ресми қылмыстық статистика қаншалықты толық көрсететіндігін зерттегенде әдістердің мынадай жиынтығы пайдаланылады: статистикалық мәліметтерді зерттеу; сот-медициналық сараптаманың Республикалық орталығының тірі адамдарды куәлендіру және мәйіттер сараптамасының нәтижелері туралы материалдарын зерттеу; азаматтарға сауал қою; ауруханалардың, травматология пунктерінің материалдарын зерттеу; денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен сұрау; сақтандыру компанияларының материалдарын зерттеу және олардың қызметкерлерінен сұрау.
Кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың жеке басының ерекшеліктерін зерттегенде және олардың көзқарастары мен нанымдары өз құрбыларының көзқарастары мен нанымдарынан өзгеше ме деген мәселені анықтағанда анкетамен сұрау әдісі, ал олардың нәтижелерін өңдегенде – бейнелерді тану әдісі пайдаланылады. Атап айтқанда, ЭЕМ жадына сұралғандардың қандай да бір құқықтық жағдайды қалай бағалайтындығы, өмірде жетістік деп нені санайтындығы, ол жетістікке жетудің қандай маңызды жолдары бар екендігі туралы мәліметтер енгізілген болатын. Анкетадағы сұрақтарға берілген жауаптар негізінде ғана ЭЕМ жібі түзу құрбылары арасынан кәмелетке толмаған қылмыскерлерді 80% жағдайда дұрыс анықтады. Сонан соң зорлық-зомбылық қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардан 86% жағдайда бас пайдасы үшін қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарды дұрыс ажыратты.
Жасөспірімге теріс ықпал жасаған не? деген сұрағына мынадай жауап алынған: туыстарымның жасаған қылмысы - 7,5%, отбасы мүшелерінің ішімдікке салынуы - 14,1%, үйдегі жанжал, көзге шөпсалу - 2,3%, көшенің ықпалы - 73,6%. Сұралғандардың үштен бірі ғана әке-шешесінің беделін сыйлаған. Мұғалімнің, ұстаздың беделін - 2,3%, жаттықтырушының, үйірме жетекшісінің беделін - 4,0%, жұмыс істеген не оқыған ұжымның беделін 3,7% сыйлаған. Ата-аналардың - 37,5%-і жасөспірімдер ең алдымен құрбыларының беделін сыйлайды деп, ал 7,5%-і қылмысты ұйымдастырушы немесе оған әзәзіл болған ересек адамдардың беделін сыйлайды деп пайымдайды.
Әлі қалыптасып жетілмеген жасөспірім өз әке-шешесінің мінез-құлқындағы жақсы-жаман қасиеттерді тез қабылдап алады. Әсіресе, теріс өнеге тезірек қабылданады13.
Криминологияда бақылау тобы әдісі қолданылады.
Қылмыс жасамаған, өзін тиянақты ұстайтын адамдар зерттеледі. Бұл қылмыскерлер сипаттамасының басқа адамдар сипаттамасынан айырмашылығын білу үшін жасалады. Санадағы немесес періште адамның емес, нақты, сол ортада қалыптасқан және әрекет етуші адамдардың сипаттамасынан.
Көмегі арқасында мәлімет алынатын әдістемелер ғана емес, қорытып жинақтау, сондай мәліметтерге баға беру әдістемесі де маңызды.
Жинақтап қорыту, әдетте, мына схема бойынша жүзеге асырылады:
1. Статистикалық мәліметтерді немесе сауалнаманы зерттеу нәтижесінде алынған деректер өңделеді.
2. Алынған мәліметтер негізінде эмпириялық факт бөлініп алынады. Біріншіден, эмпириялық факт әртүрлі әдістерді қолданудың нәтижелерін жинақтайды. Олар сенімділік және шындық тұрғысынан бағалануға жатады: бұл эмпириялық фактіні басқа да зерттеушілер анықтай алады деген оң жауап алынуы тиіс. Бөлек-бөлек мәліметтерден эмпириялық фактіге көшу, салыстыру, топтастыру және типологизация жолымен жүзеге асырылады. Екіншіден, алынған нәтижелер ғылымның теориялық қағидаларымен, бұрынғы зерттеулердің нәтижелерімен салыстырылады.
Эмпириялық факт - кез келген хабар емес, ол сол ғылымның немесе терияның контексімен үйлесетін факт.
3. Эмпириялық фактіден кейін теориялық факт келеді. Мысалы, азаматтар мен ұйымдардың өкілдеріне сауал қойғанда олардың едәуір бөлігінің пайдакүнемдік қылмыстық әрекеттерден зардап шеккендігі анықталды. Қылмыстық статистиканың цифрлары көрсетіп отырғандай, азаматтар айтқан сол кезеңде тіркелген пайдакүнемдік қылмыстардың саны азайған. Азаматтар мен заңды тұлға өкілдеріне қойған соңғы сауалнаманың мәліметтерін алдыңғы сауалнаманың нәтижелерімен салыстыру жәбірленушілер санының өскендігін көрсетіп отыр. Сақтандыру компанияларының мәліметтері ұрлыққа байланысты сақтандыру сомасын төлеудің ұлғайғандығын көрсетіп отыр. Азаматтардың арыздарын қарау туралы материалдардың талдамасы бұл арыздардың көпшілігінің дұрыс шешімін таппағандығын көрсетеді. Пайдақорлық қылмыстарды туындататын мән-жайларды зерттеу ешқандай жақсы өзгерістің жоқ екендігін көрсетті, ал, бұл – ұрлықтың азаюына ешқандай әлеуметтік алғышарт болмады деген сөз. Көрсетілген мәліметтердің жиынтығы негізінде мына эмпириялық фактілер анықталады: пайдақорлық қастандықтар саны ұлғайған, бірақ олардың бір бөлігі қылмыстық статистикада көрініс таппаған. Сонымен, бұл ретте эмпириялық факті деп қылмыстық статистиканың тікелей мәліметтерін емес, жоғарыда көрсетілгенді санау керек. Криминологтар қылмыстылықтің өзгеруіне берген бағаларын ұдайы жариялап тұрады.
3. Қылмыстылық және оның көрсеткіштері
Достарыңызбен бөлісу: |