Лекция мәтіні:
1. Оқыту әдісі дегеніміз-мұғалімнің оқушыларға білім мен тәрбие беру тәсілдері және оқушылардың білімді қабылдау барысындағы іс-әрекеттері - деп айтуға болады.Екі жақты бір-біріне тығыз байланысты және бір мақсатқа жету үшін жасалатын әрекеттер жиынтығы.Оқыту,білім беру көзі мен оқулықтың мазмұны міндетті түрде оқу бағдарламасында көрсетілген тақырыптар бойынша анықталады. “Дүниетануды” пән ретінде оқыту барысында алуан түрлі әдістер мен тәсілдердің қалыптасқандығы белгілі, және олардың кейбір ерекшеліктеріне байланысты төмендегідей топтастыруға болады.
Оқушылардың білім қалыптастыру кезіндегі іс-әрекеттің сипаты.
Мұғалімнің білім берудегі іс-әрекетінің сипаты.
Білім алу көзі.
Әдістерді жүйелеуде осы үш ерекшелік негізгі болып табылады.Дәстүрлі сабақ беру ежелден келе жатқан білім беру жүйесі.Осы орайда білім берудің негізгі классикалық әдістері үшеу екендігі белгілі, олар сөздік әдіс,көрнекілік және практикалық әдістер.Қазіргі заманның талабына сай білім берудің жаңа әдістерді де оқу-тәрбие жұмыстарында кеңінен қолданылуда.Оқыту әдістері ғылыми- таным әдістеріне байланысты,өйткені оқытуда ең басты оқушылардың танымдық іс-әрекеті.
Ғылыми танымға қатысты бірсыпыра ережелер оқушылардың танымдық іс-әрекетінде қолданылатын оқыту әдістерінің ерекшелігін анықтайды.Бұл ережелер:оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді; оқыту әдістері практикамен теорияны жақындастырады; оқыту әдістері шындықты тануға әрекет жасайды;идея нақты өмір мәліметтерінен қорытылады.Осы ережелердің бәрі оқушылар көзқарасының қалыптасуының, таным қабілеттерінің дамуының негізі болады.
“Әдіс”пен “тәсілдің” шекарасы өте жылжымалы, құбылмалы,сондықтан оның шекарасын анықтау өте қиын.Өйткені,әдіс кейде тәсілге, ал әдістемелік тәсіл оқыту әдісіне айналады. Мысалы:
1.Егер мұғалім баяндау процесінде суреттерді демонстрациялап көрсетсе, онда демонстрация әдістемелік тәсілге жатады.
2.Оқушылар зерттеу негізінде суреттермен танысып,тақырып бойынша нақты білім алса,онда суреттерді демонстрациялау әдіске, ал баяндау тәсілге жатады.
3.Лабораториялық сабақтың мәнін және мағынасын анықтайтын әңгіме әдістерінде қолданылады.
4.Егер оқушылар лабораториялық тапсырманы өз бетінше орындауға кіріссе, ал мұғалім сол дербес жұмыс процесінде тек әңгіме элементтерін қолданса, әңгіме тәсіл ретінде пайдаланылады.
2. Дүниетану сабақтарында түрлі әдістер қолданылады. Солардың бірнешеуіне тоқталайық.
Сөздік әдістерді қолдануда оқушылардың алатын білім көзі,мұғалімнің немесе оқушылардың сөзі болып табылады.Оқушылар тек пассивті тыңдаушы ғана емес тыңдау барысында олардың ойлау әрекеті дамиды. Сөздік әдістерге сұрақ-жауап, “сұқпат”, түсіндіру немесе баяндау,мұғалімнің әңгімесі,мектеп лекциялары,пікірталас жатады.Сұрақ-жауап әдісінің басты мақсаты оқушылардың сана-сезімін ояту,алға қойған мәселені, сұрақты шешу.Алға қойған мәселені,сұрақты шешу үшін мұғаліммен оқушының белсенді түрде қатысуы шарт, мұғалімнің педагогикалық дұрыс қойған сұрағына оқушылар жауап іздейді,ойлау қабілеттері артады.Мұғалім оқушылардың бұрынғы қалыптасқан білімдеріне сүйене отырып білім алуына мүмкіндік жасайды.Мұғалімнің жетекшелігімен сабақ соңында оқушылар өз білімін жаңа материалдың мазмұнын меңгеріп белгілі бір қорытынды жасауға дағдыланады.Сұрақ-жауап әдістерін жинақтап қорыту сабақтарында,жаңа білімді бұрынғы өтіп кеткен тақырыптармен байланыстыруы өте тиімді. Бірнеше ұқсас обьектілермен құбылыстарды оқу кезінде, сұрақ-жауап әдісін индуктивті түрде қарастыруға болады.Индуктивті әдісте жеке фактілерді таңдай отырып,бағыттаушы сұрақтар арқылы оқушыларды жалпы қорытынды жасауға итермелейді.
Дедуктивті сабақты жүргізу барысында мұғалім оқушыларға бұрыннан белгілі жалпы ережелерді,көзқарастарды,пікірлерді,түсініктерді айта келіп,одан жеке-жеке таңдау арқылы қорытынды жасайды.
Практикалық әдістер бұл мұғалімнің ұйымдастыруымен бағыттауының нәтижесінде оқушылардың ойлау қабілетін асыратын сөздік, көрнекілік және практикалық жұмыстардың күрделі байланысы болып табылады.Практикалық әдістерді қолдану оқушылардың рецепторлары мен анализаторларын белсендіреді,еңбекке баулиды.Оқу- тәрбиелеу жұмысын іске асыруға практикалық жұмыстарды орындау өте құнды.Оқушылар бұрынғы алған білімдерін іс-жүзінде практикалық тапсырманы орындау нәтижесінде жүзеге асырады, дағдылары қалыптасады. Осындай жағдай ғана практикалық жұмыстар білім көзі болып табылады. Практикалық әдістердің түрлеріне жататындар:
1.Табиғи обьектілерді танып білу және анықтау.
2.Құбылысты бақылап есепке алу.
3.Эксперимент жасау.
Практикалық жұмыстың барысында қойылған мәселе мен сұрақты практикалық жұмыстың көрсеткіші мен оқушылар дәлелдеуі керек. Көрнекілік әдісі мен практикалық әдіс кезеңіндегі оқушылардың бақылауының айырмашылығы жер мен көктей.Практикалық бақылау кезінде оқушылар өз бетінше жұмыс жүргізеді,өлшейді,есептейді келтіреді т.б. Осындай бақылаудың нәтижесінде оқушылар құбылысты дәлелдейтін материалдар жинайды. Осындай бақылаулар және эксперименттер сабақтарды,үйде, экскурсия кезінде, мектептің оқу-тәжірбие учаскісінде жүргізіледі.Оқушылар оны ауызша немесе жазбаша тапсырма бойынша жүзеге асырады.
Көрнекілік әдісін қолдану,оқушылардың жаңа мазмұнды қабылдау және ойлау қабілетін дамытады.
Дүниетану сабақтарында қолданылатын көрнекіліктер 2 топқа бөлінеді.
1.Табиғи түріндегі (табиғи тірі обьектілер және препараттар).
2.Бейнелеу құралдары (таблицалар,сызба нұсқалар,муляждар,бейнефильмдер)
Әсіресе табиғи обьектілерді демонстрациялау пәнді оқытудағы тиімділігі өте жоғары.Оқушылардың санасында өсімдіктер мен жануарлар жайында нақты ұғымдар қалыптастырылады.Дүнтетану пәндерін оқытуда өсімдіктерді демонстрациялауға мүмкіншіліктері мол өсімдіктері алдын-ала табиғаттан, тірі табиғат мүйісінен т.б. дайындауға болады.
3. “Технология” дегеніміз өндірістік процесті жүргізудің әдістері мен тәсілдері жайлы білім жиынтығы.Міне технология сөзінің анықтамасы осындай.
Ал педагогикалық технология-практикада іске асырылатын педагогикалық жүйенің жобасы.
Педагогикалық технология үш деңгейде болуы мүмкін:
1.Жалпы педагогикалық деңгейдегі іс әрекеттер.
2.Салалық технология -бір пән шеңберінде қолданылатын әдіс тер мен құралдар жиынтығы.
3.Локальдік технология - жаңа материалды меңгерту технологиясы,қайталау мен бақылауды ұйымдастыру технологиясы т.б. сияқты жеке әреке ттерді орындау.
Жаңа технологияға қойылатын талаптар:
Педагогикалық психологиялық ғылыми тұжырымдамасы болуы керек.
Педагогикалық технология белгілі бір жүйе болып құрылуы тиіс.Жүйенің барлық бөліктері логикалық байланыс та болуы.
Диагностикалық тексеру,болжам жасауға ыңғайлы болуы тиіс.Әдіс тәсілдерді өзгерту мүмкіндігі болуы керек.
Өзінің алдындағы әдіс тәсілдерге қарағанда тиімді,пайдалы әсер коэффициенті көбірек болуға тиіс.
Барлық ұжымдарда қолдана беруге жарамды болуы тиіс.
Бастауыш мектептің маңызы мен қызметі оның үзіліссіз білім беру жүйесіндегі басқа буындармен тек сабақтас болумен ғана емес, ең алдымен оқушы тұлғасының қалыптасуы мен дамуы қуатты жүретін ерекше құнды қайталанбайтын буын екендігімен анықталыа негізделеді.
Педагогикалық технология бастауыш сатыда оқушының эмпирикалық (көрнекі бейнелі және көрнекі әрекетін), ойлау түрлерінің деңгейі жоғары болса, осыны тірек ете отырып логикалық (теориялық) ойлауын дамыту көзделеді.
Бастауыш мектепте дүниетану сабақтарында мынадай жаңа оқыту технологияларын қолдануға болады:
1.Оқушылардың әрекетін жандандыру және жетілдіру негізінде:
ойын арқылы оқыту технологиясы
оқу материалын сызбалар мен арнайы таңбалар негізінде оқыту
дамыта оқыту технологиясы
2.Оқу процесін тиімді ұйымдастыру және басқару негізінде:
3.Табиғатты сүю және ұлттық педагогика әдістерін пайдалануға негізделген технологиялар:
“Сауаттылыққа тәрбиелеу” технологиясы
М.Монтессори технологиясы
В.М.Монахов “педагогикалық технология – оқыту үрдісін жобалау, ұйымдастыру және өткізудің ойластырылған моделі” – деген анықтама берген. Ендеше педагогикалық жұмыста белгілі бір нәтижеге жетуді көздеген әрбір ұстаз осы технологиялардың біреуін басшылыққа алып өз жұмысын сол технологияға сәйкестендіріп құрғаны жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |