Л. С. Динашева K. У. Қарабаева Әлемдік өркениеттер тарихы шымкент 2016



бет1/4
Дата28.01.2018
өлшемі1,46 Mb.
  1   2   3   4


Л. С. Динашева

K. У. Қарабаева

ӘЛЕМДІК

ӨРКЕНИЕТТЕР

ТАРИХЫ

ШЫМКЕНТ - 2016
ӘОЖ 930.85

КБЖ 63.3 (0)

Д 40

Пікір жазғандар: М.Қожа – т.ғ.д., профессор

М.М.Тастанбеков – т.ғ.к., доцент


Динашева Лаззат Сарсенбекқызы

Қарабаева Күлзария Усерханқызы

Әлемдік өркениеттер тарихы. – Шымкент, 2016. – 108 бет

ISBN 978-601-243-779-9

Оқу-әдістемелік құрал 5В020300 және 5В011400 –«Тарих» мамандығына бекітілген Әлемдік өркениеттер тарихы пәнінің оқу бағдарламасы негізінде жазылған.

Оқу-әдістемелік құралда адамзат тарихы философиясынан, тарихи таным мен тарихи білім теориясына дейінгі мәселелер қамтылады. Олардың ара-қатынасы нақты деректермен және тарихнамалық негізде сипатталады.

Мазмұны мен құрылымдық рәсімделуі жағынан жұмыс білімгерлерге оқу-әдістемелік құрал ретінде ұсынылды.



ӘОЖ 930.85

КБЖ 63.3 (0)

Халықаралық гуманитарлық техникалық университетінің оқу-әдістемелік Кеңесінің 28 сәуір 2016 жылғы (№8 хаттама) шешімімен баспаға ұсынылған



ISBN 978-601-243-779-9 © Динашева Л.С. 2016
Қарабаева К.У.


1- тақырып. Кіріспе.
1. «Өркениет» ұғымы

2. Пәннің мақсаты мен міндеттері

Кеңес дәуірінде мән берілмейтін немесе қатты сынға алынатын әлемдік тарих ғылымындағы жаңа бағыттардың соңғы жылдары үлкен нәтижелерге жеткені белгілі. Олардың арасында, әсіресе, ХХ ғасыр тарихнамасындағы жетістіктер айтарлықтай. Атап айтқанда М. Вебердің «идеалдық типтер» және О. Шпенглердің «мәдени-тарихи» концепциялары, А. Тоинбидің «локальдық өркениеттер» және К.Ясперстің «осьтік уақыт» теориялары, «Анналдар» мектебінің ментальдық методологиясы тарихи процесті талдауда жаңа әдістерді ұсынады. Тарих ғылымының қазіргі заманғы мәселелерінің арасында тарихи зерттеудің өркениеттік теориясы айрықша маңызға ие.

Өркениет туралы түсінік алғаш рет антикалық дәуірде "Мемлекеттік", "Азаматтық", "Қалалық" деген мағынада қолданылып, "Варварлық", ""Жабайылық", "Дөрекі" түсініктеріне қарсы мағынада қолданылды. Антикалық тарихшылар үшін өркениетті дүние Жерорта теңізімен шектелді, ал оның сыртындағы халықтарды олар «варварлар» деп атады. Бұл орасан кеңістіктегі халықтардың көпшілігінде, ақиқатында да, алғашқы қоғамдық құрылыс сақталып қалған еді.

Ал өркениет теориясының қалыптаса бастағанына бір-неше ғасырлар болды. Бұл процесс қазірге дейін жалғасуда. XVIII ғасырдың француз ағартушылары қолдана бастаған «өркениет» термині дәл сол кездің өзінде тарих ғылымына оның маңызды түсінігі ретінде енді. А. Фергюсон "Тек жандылар ғана өсіп-өніп қана қоймай адамзат баласы да дөрекіліктен өркениетке қарай өсуде" деп өркениеттің маңызын белгіледі. Алғашқы қоғам кезіндегі жабайлық жеке меншіктің шығуымен заңсыздық пен жалпы дұшпандыққа жол берді. Бұл туралы ХVІІ ғ. ағылшын философы Т. Гоббс "Адамзаттың әлемге қарсы соғысы" деп танымдап, сол кезеңдегі ағартушылардың негізгі көзқарасын білдірді. ХVІІІ ғ. аяғында ілгерілеу туралы түсінік өзгеріске ұшырай бастады. Ж. Ж. Руссо (1712-1772ж.ж.) "Адамзаттың дамуы мен өркениетке қол жеткізуі қоғамды жақсылыққа апармайтындығы" туралы өз пікірін білдірді. Өркениет адамдар арасындағы қарапайым қатынасқа зиянын тигізіп, теңсіздікті ұлғайтады. Ж. Ж. Руссоның көзқарасы бойынша "өркениет – бұл жамандық, адамзаттың қартайған шағы" деп саналды. Руссоның теориясы тек философияға ғана емес сонымен қатар әдебиетке де ықпалын тигізіп, өркениетті адамға қарама-қарсы мейірімді жабайы адам туралы түсінік қалыптастырды.

Бүкіл XIX ғасыр бойы батысеуропалық тарихшылар өркениет тарихы бойынша іргелі тарихи еңбектер жазып шығарды. Олардың арасында Франсуа Гизоның «Европадағы өркениет тарихын» және «Франциядағы өркениет тарихын», Джордж Бокльдің – «Англиядағы өркениет тарихын» атап өтсе болады. Француз тарихшысы Жорж Кондорсэ де өзінің «Адамзат санасы дамуының тарихи суретінің эскиздері» кітабында осы методологияны қорғауға тырысты.

Солай етіп, өркениет теориясымен ағарту дәуірінен бастап қазірге дейін ірі тарихшылар, философтар, әлеуметтанушылар айналысып келуде. Жаңа теориялар ескілерін бүтіндей ығыстырып шығармастан, көбірек бірін-бірі толықтырып немесе қатар өмір сүріп келуде. Олардың арасында екі негізгісін айыру мүмкін: өркениеттің сатылық дамуы теориясы және локальды өркениеттер теориясы.

Сатылық теория өркениетті белгілі бір кезеңдерге бөлінетін адамзаттың прогрессивтік дамуының біртұтас процесі деп зерттейді. Бұл процесс өте көне заманда, алғашқы қоғам ыдырай бастаған уақытта, адамзаттың бір бөлімі өркениеттік жағдайға өткенде басталды. Ол бүгін де жалғасуда. Осы уақыт ішінде адамзаттың өмірінде үлкен өзгерістер болып өтті. Олар әлеуметтік - экономикалық қатынастарды да, рухани және материалдық мәдениетті де қамтыды.

Ғалымдар әдетте бүкіләлемдік өркениеттік дамуды үш негізгі сатыға бөліп қарайды: индустрияға дейінгі, индустриялық немесе машиналық және постиндустриялық. Бұл сатыларды «өркениеттер» деп атау қалыптасқан: «Индустрияға дейінгі өркениет», «Индустриялық өркениет» т.б. Онша қолайлы атама болуына қарамастан, қазіргі кезде осындай терминология қалыптасқан.

Адамзат тарихының бұлай кезеңдестірілуі, әрине, мінсіз емес және біраз нақтылауды талап етеді. Бұл, бірінші кезекте, индустрияға дейінгі, бірнеше мыңжылдықтарды қамтитын сатыға тиісті.

Локальды өркениеттер теориясы белгілі бір аймақта орналасқан, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамудың өзіндік ерекшеліктеріне ие тарихи қалыптасқан үлкен бірлестіктерді зерттейді. Локальды өркениеттер - бұл тарихтың жалпы ағымын құрайтын бірлестіктер. Әдетте локальды өркениеттер мемлекеттің шекарасымен сәйкес келеді. Бірақ барлық уақытта олай емес. Мысалы, Батыс Еуропаны ғылымда бір өркениет деп қарау қалыптасқан. Себебі, әрбір мемлекеттің өзіндік ерекшелігінің болуына қарамастан оларды басқа өркениеттерден айырып тұратын көп санды жалпы белгілері бар.

Локальды өркениеттер күрделі жүйелер болып, оның ішінде әр түрлі «компоненттер өз ара бір- біріне әсер етеді: географиялық орта, экономика түрі, әлеуметтік құрылым, заңгерлік, шіркеу, дін, философия, әдебиет, өнер, адамдардың тұрмысы, олардың әдет-ғұрып қағидалары және тағы басқалар». Әрбір компонент өзінде сол локальды өркениеттің ерекшелігін алып жүреді және ол ерекшелік айтарлықтай бекем болады. Әрине уақыт өтуімен өркениеттер өзгереді, сыртқы әсерге ұшырайды, бірақ оның негізі сақталып қалып, бір өркениет басқа өркениеттен бәрібір айырмашылық етеді.

«Өркениет» термині де бірнеше мағынада қолданылады. Л.Морган, Ф.Энгельс, А.Тоффлер оны адамзат ілгерілеуінің тарихи даму сатысы деп түсіндірсе, А.Тойнби мәдениет дамуының синонимі немесе жекелеген аймақтар мен этностардың даму көрсеткіштері деп топшалайды; О.Шпенглер «Батыстың сөнуі» деген еңбегінде жекелеген мәдениеттердің дамуы мен бірте-бірте жойылуы деген қорытынды жасайды; П.Сорокин өркениетті «мәдени супержүйе» деп те атайды және мәдениетті сапалық жүйесіне қарай үш типке бөледі.



Курстың негізгі мақсаты- студенттерді әлемдегі ең ірі өркениеттердің ежелгі дәуірден ХХ ғасырдың аяғына дейінгі тарихы туралы ұғым беру, дүниежүзілік өркениеттік процесстің заңдылықтары және бағыттарымен таныстыру. Осы пән барысында олар әлемдік өркениет, оның даму сатылары, локальдық өркениеттер, олардың түрлері және ерекшеліктері, қазіргі кезеңдегі даму тенденциялары сияқты көптеген маңызды мәселелер бойынша ғылыми мәліметтермен танысуға мүмкіндік алады.

Курстың пререквизиті (оқылып отырған курсты меңгеру үшін қандай білім мен дағды керек). «Әлемдік өркениет тарихы» курсы - әртүрлі бағдардағы тарихшы мамандар дайындаудағы таңдау компонентіне қарасты оқу пәндерінің бірі. Бұл курсты оқып – үйрену үшін студенттер философия, әлеуметтану, әлем тарихы, Қазақстан тарихы пәндері бойынша белгілі деңгейде білім қорына ие болуы қажет.



Курстың постреквизиті (курсты меңгергеннен кейін қандай білімге ие болады). Курс соңында студенттер әлемдегі ең ірі өркениеттердің ежелгі дәуірден ХХ ғасырдың аяғына дейінгі тарихы, дүниежүзілік өркениеттік процесстің заңдылықтары және бағыттары туралы ғылыми факттерге негізделген кең ұғымға ие болады
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

  1. Хачатурян В..М. История мировых цивилизаций. М., 2003

  2. Гизо Ф. История цивилизации в Европе от падения Римской империи до Французской революции. СПб., 1860

  3. Даниловский Н.Я. Россия и Европа. М., 1991

  4. Современные теории цивилизаций. М., 1995

  5. Бурин С.Н. История мировых цивилизаций. М., 2002

  6. Ерасов Б.С. Сравнительное изучение цивилизаций: Христоматия. М., 1999

  7. Авдиев В.В. История Древнего Востока. М., 1975

  8. С.А. Орта ғасырлардағы Шығыс елдерінің тарихы А.1998ж.

  9. Гребенюк А.В. Курс лекций по истории мировых цивилизаций. Часть 1. Цивилизации Древнего Востока. М.,2006.

  10. Гребенюк А.В. Курс лекций по истории мировых цивилизаций. Часть 2. Античная цивилизция.М.,2006,

  11. Древнейшие цивилизации. Под ред. Г.М. Бонгард-Левина. М., Мысль, 1989

  12. Яковец Ю.В. История цивилизации. М., Владос, 1997

  13. Сорокин П. Человек. Цивилизация. Общество. М., Политиздат, 1992

  14. Ле Гофф Ж. Цивилизация средневекового Запада. Пер. с фран. М., Прогресс, 1992

  15. Лернер М. Развитие цивилизации в Америке. Образ жизни и мыслей в современных Соединенных Штатах. М., Радуга, 1992


I – БӨЛІМ. ЕЖЕЛГІ ӨРКЕНИЕТТЕР

2- тақырып. Ежелгі Шығыс өркениеті

1. Ежелгі Шығыс өркениеттерінің ерекшеліктері

2. Ежелгі Шығыс қоғамындағы билік және қоғам

Біздің заманымызға дейінгі IV мыңжылдықтан бастап адамзат алғашқы қоғамнан өркениетке өте бастады. Бұл процесс өте ұзаққа созылды әрі біркелкі болмады. Дамудың әртүрлілігі табиғи жағдайларға байланысты болып, бірінші өркениеттер алып өзендер алқаптарында пайда болды. Ніл, Тигр, Евфрат, Үнді, Янцызы сияқты өзен бойларында егіншілікпен қатар су жолдарының болуы өркениеттің дамуына әсер етті. Ыстық ауа егістікке ыңғайлы болғанымен батпақты алқаптардың көп болуы, бұл жерлерді құрғатудың ұзақ мерзімге созылуы, бірнеше ұрпақтың тер төгуіне себепкер болып, аграрлық төңкерісті тудырды.

Б.з.д. III мыңжылдықтың басында Мысыр және Қосөзен, б.з.д. II мыңжылдықта Үнді мен Қытай өркениеттері қалыптасты. Шамамен осы уақыттарда Батыс Азия алқаптарында Хет, Финикия, ежелгі еврей өркениеттері пайда болды. Б.з. I- мыңжылдығында Ежелгі Иран өркениеті туындады.

Географиялық орналасуына қарай ежелгі өркениеттердің өзіне тән шаруашылықтары қалыптасты. Ағылшын тарихшысы А. Тойнбидің тұжырымдауы бойынша "бұл өркениеттер сұраныс пен жауаптан тұрды" яғыни орналасқан жеріне байланысты күнелтті.



Жазудың ойлап табылуы, ғылыми білімдердің жиналуы, қала мәдениеті және мемлекеттің қалыптасуы, алып сәулет құрылыстарының пайда болуы Ежелгі Шығыс өркениеттерінің барлығына ортақ құбылыстар.

Жергілікті өркениеттердің қаншалықты әр түрлі болуына қарамастан, Шығыс пен Батыс елдері арасындағы негізгі өзгешелік о бастан-ақ байқалды. Шығыс елдеріне тән суармалы егіншілік шаруашылығы көпшілікті бір мезгілде егіншілік жұмыстарына ұйымдастыру қажеттілігін тудырды. Сондықтан да бұл жерде басқару жүйесінің ерекше түрі-деспотия қалыптасты. Деспотияның ерекшелігі-ел билеушісінің толық билікпен қатар бүкіл мемлекет жерінің иесі болып саналуында. Олардың билігі шексіз болып, құдай қатарына да жатқызылды. Ежелгі Мысыр перғауындары билікті құдайдан алған және өздері де құдайдың жердегі көлеңкесі болып саналса, Қытайда ел билеушілері "Аспан ұлы" деп сипатталған. Веда жазбаларында раджалардың құдайлардың денесінен жаралғандығы туралы айтылады. Бұл билік түрі пирамидаға ұқсас болып ең жоғарғы жағында деспот, одан төменірек абыздар мен ақсүйектер, ал ең төменгі жағында құлдар мен шаруалар орын алған.

Солай етіп, ежелгі Шығыс өркениеттерінің пайда болуы және дамуы барысында олардың көптеген жалпы белгілерін байқаймыз. Оларға монументалдық сәулет құрылыстарының, қалалардың және қала мәдениетінің пайда болуы, ғылыми білімдердің жиналуы, жазудың пайда болуы, заңдар және мемлекет жүйелерінің қалыптасуы және т.б. жатады. Сонымен қатар бұл өркениеттер өзіндік ерекшеліктерге де ие.

Алғашқы заңдар өркениетті елдердің ішінде шығыс халықтарында ұзақ мерзімге созылған даму сатысынан соң ғана қалыптасты. Ежелгі Шығыс елдерінің заңдары қазіргі кезеңдегі құқықтың іздерін де тасыды. Мысалы Вавилон билеушісі Хамураппи (б.з.д. 1792-1750ж.ж.) заңдарында "құдайдың берген билігіне сүйене отырып өз қоластымдағылардың жағдайын ойлауым керек" деген. Заңдарды қабылдай отырып билеушілер қол астындағы адамдарына сенім мен қорғаныш берді. Бұл заңдар көбінесе заманына сай қанға-қан, жанға-жан негізінде жазылды. Шығыс заңдарына тән әйелдердің ерлерден төмен тұруы ежелгі заманда-ақ белгілі болған.

Ежелгі дүниеде орталықтанған ірі мемлекеттер әлдеқайда өміршең болып, ұсақтары тез жоғалып кетіп отырды. Б.з.д. II мыңжылдықта абыздар билікке таласа бастады. Бұл құбылысты Мысырда, Қытай мен Үндістанда байқаса болады. Құлдық психологияның әсерінен Шығыс елдерінде басқару ісіне тек абыздар мен ақсүйектер ғана араласа алды. Кедейлер тек баю арқылы ғана өз балаларына жеткілікті білім беру және мемлекеттік іске көтерілу мүмкіндігіне ие бола алды.

Б.з.д. IV ғасырда Қытайда Шан Ян реформасы ақсүйектерге қарсы жай халықтарды шығаруға тырысқанымен бұл өзгеріс тек уақытша жетістіктерге ғана жеткізді. Жеке тұлғалардың жетістіктерін шыққан тегіне қарамастан бағалау Шығыс елдерінде байқалды. Мемлекет ішіндегі қатаң сақталған иерархиялық жүйе билеушілердің кепілі болды. Бұл алаңда ерекше көзге түскен ежелгі өркениет Үндістан болып, касталық жүйенің (4 басты каста: Брахман, кшатрий, вайши, шудра) қатаң қадағалауы нәтижесінде ғасырларға созылған мемлекеттік жүйе қалыптасты.



Ежелгі Шығыс өркениеттері адамдарының өмірінде дін ерекше орынға ие болған. Шығыс діндері аңыздардан бастау алады. Бізге дейін жетіп келген аңыздар сол кездегі адамдардың өздерін қоршаған ортаның бір бөлігі деп сенгенін, табиғатты құдай дәрежесіне көтергенін көрсетеді. Табиғат күштері құдай бейнесіне енген кезде түрлі көріністер алды. Ең көп тараған тотемизм сенімі болып, Мысырда құдайлар түрлі жануарлар түрінде бейнеленді. Олардың о дүние туралы түсініктері де түрлі болып, өлімнен кейінгі өмірге сенді. Мысырлықтар сенімі бойынша батыста өлілер патшалығы орын алып, ол жақта да өздері сияқты өмір сүріп жатқандығына сенді. Дінге сену арқылы адамдар өздері байқамастан кейбір ғылымдармен де шұғылдана бастады. Ғылым дінге қарсы келмегендіктен екеуі қосарласа дамыды. Бұл жағдай б.з.д. ҮІІІ-ІІ ғасырларда өзгерді. Даму барысында ғылым аңызға негізделген дінді ығыстыра бастады. Енді дін этикаға негізделіп, белгілі бір даму сатыларынан өте бастады. Өркениеттанушы ғалымдар діннің бұл түрін «құтқарушы» деп атайды. Үндістандағы буддизм, Қытайдағы конфуциандық, Ирандағы зороастризм, Палестинадағы иудаизм осы діндер қатарына жатып, өркениеттің бұдан кейінгі дамуына тікелей әсер етті.
ҚОРЫТЫНДЫ СҰРАҚТАР:

    1. Мысыр және Қосөзен өркениеттерінің ұқсастықтары мен ерекшелікткрін атаңыз

    2. Үнді өркениетінің негіздері қандафй?

    3. Қытай лық өркениет және қытайлық мәдениет дегеніміз не?

    4. Ежелгі Шығыстық қоғам ерекшеліктері

    5. Конфуцияндық ілімнің Қиыр Шығыс халықтары үшін маңызы қандай деп ойлайсыз?

ҰСЫНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Гребенюк А.В. Курс лекций по истории мировых цивилизаций. Часть 1. Цивилизации Древнего Востока. М.,2006.

  2. Древнейшие цивилизации. Под ред. Г.М. Бонгард-Левина. М., Мысль, 1989

  3. Яковец Ю.В. История цивилизации. М., Владос, 1997

  4. Сорокин П. Человек. Цивилизация. Общество. М., Политиздат, 1992

  5. Бонгард-Левин Г.М., Ильин Г.Ф. Индия в древности. М., Наука, 1985

  6. Бродель Ф. Материальная цивилизация, экономика и капитализм. ХI-ХIІІІ вв. Пер. с фран. М., Прогресс, 1992

  7. Всемирная история до ХХ столетия. Систематический справочник. М., 1997

  8. Гумилев Л.Н. Хунну. М., 1994

  9. История Китая с древнейших времен до наших дней. Учебное пособие. М., 1974

  10. Качановский Ю.В. Рабовладение, феодализм или азиатский способ производства? Спор об общественном строе древнего и средневекового Востока, доколониальной Африки и доколумбовой Америки. М., Наука, 1971

  11. Матошко И.В. Жизненные ресурсы земли. Минск, 1989

  12. Массон В.Н. Экономика и социальный строй древних обществ. Л., 1976.

  13. Никифоров В. Восток и всемирная история. М., Наука, 1977

  14. Очерки истории арабской культуры I-ХI вв. М., Наука, 1982

  15. Хачатурян В..М. История мировых цивилизаций. М., 2003

3- тақырып. Ежелгі Грек өркениеті

1. Крит- Микен өркениеті

2. Архаикалық кезеңдегі грек мәдениетінің ұлы жетістікері

4. Ежелгі грек өркениетінің көркеюі

Б.з.д. III м.ж. ақыры- II м.ж. басы Еуропа тарихында ең маңызды кезең болып саналады. Өйткені дәл осы уақытта Крит аралы мен Балқан түбегінің оңтүстік бөлімінде алғашқы өркениет қалыптасады. Оны әдетте Крит- Микен өркениеті деп атайды. Крит аралында бірінші мемлекеттер осы уақытта пайда болады. Алғаш олар төртеу болған. Кносс, Фест, Маллия және Като – Закро сол мемлекеттердің орталықтары болған. Крит -Микен қоғамының өмірінде сарайлар маңызды рөл ойнаған. Олардың арасында Кносс және Тиринф сарайлары жақсы зерттелген. Археологиялық қазба жұмыстары тас төселген көшелер, бір- неше қабатты сарайлар және үйлерді, түрлі зергерлік және қыш бұйымарды табуға мүмкіндік берді. Сарайлар сумен қамтамасыз ету және лас суды шығару жүйелеріне ие болған. Ең ежелгі Крит жазуының пайда болуы да осы кезеңмен байланысты (сызықты А жазуы). Кейінірек Балқан түбегі гректері бұл жазуды өздерінің тілдеріне бейімдестіріп алған (сызықты Б жазуы ). Крит өркениетінің көркею кезеңі б.з.д. XVI – XV ғ. бірінші жартысына, ал Микен өркениетінің көркею кезеңі б.з.д. XV – XІІІ ғ.сәйкес келеді. Б.з.д. XV ғ. аяғында Крит өркениетінің жойылуына себеп болған апатшылық жүз береді. Солтүстіктен келген грек дорий тайпалары шапқыншылығы нәтижесінде б.з.д. XІІІ ғ. аяғында Микен өркениеті де жоқ болып кетеді.

Б.з.д. VIII-VI ғасырлар грек тарихында архаикалық кезең деп аталады. Ғалымдардың пікірі бойынша бұл – антикалық қоғамның қалыптасу кезеңі. Осы үш ғасыр барысында антикалық қоғамның техникалық негіздерінің сипатын анықтап беруші көптеген аса маңызды ашылымдар жасалды, антикалық қоғамға өзіндік ерекшелік беруші әлеуметтік- экономикалық және саяси құбылыстар дамыды. Бұлар: классикалық құлшылық, ақша айналымы және нарықтық жүйе; саяси ұйымның негізгі түрі – полис; халық суверенитеті концепциясы және басқарудың демократиялық формасы. Антикалық мәдениеттің негізгі феномендеріфилософия мен ғылым, әдебиеттің басты жанрлары, театр, ордерлі архитектура, спорт пайда болды. Бұл дәуірдегі грек мәдениетінің ең ұлы жетістігі жазудың қарапайым әдісі - алфавит жазуының жаратылуы болды.

Өркениет шекаралары Балқан түбегінің оңтүстігінен бастап Кіші Азияға дейінгі жерлерді қамтыды. Б.з.д. 500 жылы Грек колонизациясы басталып, олар Жерорта теңізі аймағына қоныстана бастады. Алғаш қоныс аударғандар экономикалық жағдайына көңілі толмағандар болып, Грецияның әлеуметтік жағдайын әлсіретіп кетті. Ең маңыздысы гректер теңіз саудасына ден қойды. Теңіз саудасы кеме жасау мен қолөнердің дамуына әсер етіп қана қоймай, халық арасында табиғаттың алапат күшіне қарсы күресуге деген құлшынысты оятып, бәсекелестіктің туындауына себеп болды. Олимпиада ойындарының Грецияда туындауы бәсекелестіктің нәтижесінде болған еді.

Ежелгі Грециядағы қоғам Шығыспен салыстырғанда әлдеқайда өзгеше болатын. Тек ауылдық емес, бұл жерде полистік жүйе қалыптасты. Полис - қалалар өз ішінде жеке мемлекет статусын қолданып, қала азаматтары өздерінің тең құқықты екендігіне, әрі жеке меншіктерінің қорғаулы екендігіне сенімді болды. Олардың тек Грецияда пайда болуының негізгі себебі бұл елдің географиялық орналасуына байланысты бір орталыққа бағынған мемлекеттің және билеушінің болуы мүмкін еместігінде болды. Алғашқы кезеңдерде тек жалғыз билеушілер болған (тирания). Тирания тек халықты шектеп қоймай, сонымен қатар аристократияны да биліктен ұзақ ұстауына байланысты, ақсүйектер өз үстемдігін орнатып, "олигархия" аталған билік түрін орнатты. Аристократия мен демос арасындағы күрестің нәтижесінде Афинадағы соңғы билік түрі "Демократияның" туындауына себепкер болды.

Грециядағы ең төменгі әлеуметтік топ-құлдар болып, Шығыспен салыстырғанда олардың жағдайлары әлдеқайда нашар, әрі қатал бақылау астында болды. Өйткені Грецияда қарызы үшін құлдыққа айналдыруға тиым салынғандықтан тек соғыс тұтқындары ғана құлға айналдырылды. Полистік жүйе ежелгі грек өркениетінің негізгі қозғаушы ядросы болды. Экономикалық өмір теңіз саудасы нәтижесінде тез дамып, Афина Солтүстік Африка және Жерорта теңізі жағалауларымен сауда жасады.

Қалалардың арасындағы бәсекелестік, айтыс-тартыс философияның софизм ағысының туындауына себепкер болды. Софизм адамдар арасында келісушілікті күшейтті. Мәдениеттегі ілгерлеушілік әдебиет саласына да әсер етті. Біздің заманымызға дейінгі VII-VI ғасырларда ерекше ағым лирика пайда болды. Театрда негізгі тақырыптардың бірі жеке тұлға еді. Трагедияларда адамзаттың өзінен күшті табиғат немесе құдайлармен күресі баяндалды. Грек мәдениеті керемет дәрежедегі жетістіктерге қол жеткізді. Әлемдегі ғылымдардың алғашқы баспалдағы осы кезде құрылды. Ежелгі грек философтары әсіресе Сократ алғашқы этикалық өлшемдерді құру арқылы адамзаттың қоғамға қажетті өлшемдерін жасауға тырысты. Сократтың шәкірті Платон Афинада алғашқы академияны (философиялық мектепті) құрды. Өзінің "Мемлекет" атты трактатында қоғамның ролін соғысқа дейінгі деңгейге жеткізуге тырысты.

Б.з.д. VI - V ғасырларда грек полистері шарықтау шегіне жетіп, барынша гүлденді. Олардың ішінде екеуі - Афина мен Спарта ерекше көзге түседі.

Афина қаласы-балқан түбегінің оңтүстігінде Аттика жерінде орналасып, ең күшті флот құрып, ғылым мен білімнің барынша дамыған орталықтарына айналды. Атақты Аристотель, Платон өз мектептерін осы жерде ашты. Афинаның көркеюі антикалық дәуірдің ең ірі тұлғаларының бірі Периклдің атымен байланысты.

Қала демократиялық жүйемен дамып, жеке меншік барынша қорғалды. Халық жиналысы ең жоғарғы ұйым болып, жылына 40 рет жиналған жиналыста қаланың барлық азаматтары өз ойын білдіруге мүмкіндік алған. Бірақ Афина демократиясы азшылыққа арналған демократия болып, әйелдер, метектер және құлдар саяси құқықтарға ие болмады.

Пелопонесте Лакония аумағында құрылған Спарта қаласының тұрғындары солтүстіктен келіп, жергілікті тұрғындарды құлға айналдырды. Спарта қаласының тұрғындары дамудың өзге жолын таңдады. Қатаң түрдегі әскери тәртіп, жеке меншіктің болмауы, барлық жерлердің қоғамдық болуы-қолөнердің, сауданың әлсіз болуына себеп болды. Ақсақалдар жастардың бұзылмауы үшін басқа қалалармен байланысқа тиым салып, полистің жабық түрде болуын қамтамассыз етті. Әлсіз туылған балаларды сол кездің өзінде ақ өлтіріп тастап отырған, ақсақалдар қала тұрғындарының бірдей киінуін де қадағалады. Жеке тұлғаларды тек мемлекетке қажеттілік жағынан ғана қарастырған ақсақалдар, баланы кішкене кезінен бастап, тек әскери іспен шұғылдануға жаттықтырды. Спарта қаласы үлкен бір әскери казармаға ұқсайтын. Спарта мемлекетінің басында 2 патша болып, бұлар бір мезгілде қазылық, абыз, әрі әскери қолбасшы болып саналды.

Ежелгі грек өркениетінің соңғы кезеңі – эллинизмді Македониялық Александрдің Шығыс жорығы және эллиндердің жаулап алынған жерлерге шұбырып көшуі бастап берді. Грек полистері өзара соғысып жатқан кезеңде, солтүстікте жаңа мемлекет- Македония бой көтерді. II Филипп патша күшті армия құрып, грек қалаларына бірнеше күшті соққы берді. Б.з.д. 338 жылы толық талқандап, полістік жүйені біріктіріп, өз қолына жинақтады.

Б.з.д. 336 жылы Александр таққа отырып, Парсы патшалығына шабуыл жасады, Үндістанға дейінгі жерлерді жаулап алды. Оның зор империясына Мысыр, Балқан түбегі, Сирия, Палестина, Орталық Азияның батыс бөлігі кірді. Бұл империя б.з.д. 323 жылы Александрдың қайтыс болуымен бірнеше ірі патшалықтарға бөлініп кетті. Бұл патшалықтардың барлығында жергілікті мәдениеттер мен грек мәдениетінің өзара әсері нәтижесінде жаңа мәдениет қалыптасты. Бұл мәдениетті ғылымда эллинизм деп атайды. Оның қалыптасуында эллиндердің тұрмыс салты және білім алудың эллиндік жүйесі белгілі рөл ойнады. Полистерде және полис статусына ие болған Шығыс қалаларында гимназиялар, театрлар, стадиондар және ипподромдар пайда болады. Әлемдегі ең үлкен Александрия кітапханасының қалыптасуы (700000 папирус орамасы) III ғасырдай өмір сүрген осы өркениетпен байланысты.

Қорытынды сұрақтар:

1.Ежелгі Спарта мен Афина қоғамдарының ерекшеліктерін атаңыздар

2. «Тұлға» ұғымына көзқарас

3. Ежелгі Грек мәдениетінің жетістіктері


Каталог: sites -> default -> files -> kitap
kitap -> «Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістемесі» пәнінен (дәріс жинағы) Шымкент-2017ж
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту
kitap -> Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016
kitap -> ТӨлеген ұ. Ш., Жанысбеков м.Ә. ҚАзақстанның Қазіргі заман тарихы пәнінен студенттердің даярлығын жетілдіру
kitap -> Р. Д. Дарібаева Қазақстандағы педагогика ғылымының дамуы
kitap -> Естественные и педагогические науки
kitap -> Қалмұрзаев қ. С, Орынбасар қ. О., Рахымбаев б. О. ҚАзақ КҮресінің ОҚыту әдістемесі
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу