17. Орыстілді мектеп оқушыларына латын әліпбиі пән ретінде оқытыла ма?
Орыстілді мектеп оқушылары қазақ тілін онсыз да негізгі пән ретінде оқып жатыр. Ендігі кезекте қазақ тілі жаңа әліпби, жаңа емле ережелердің негізінде жүргізілетін болады. Соған сай оны меңгеру үшін арнайы факультативті пәндер ұйымдастырылуы мүмкін.
18. Қазір қоғамда: «Егер латын әліпбиіне көшсек, балаларымызды орыс мектебіне береміз» деген пікір көптеп таралып жүр. Сіз осы мәселеге қалай қарайсыз?
Қоғам арасында мұндай пікірдің туындауының басты себебі – жұртшылықтың латын әліпбиін әліпби емес, тіл деп қабылдауынан болар деп ойлаймын. Яғни қазіргі ата-ана балаларымыздың басын ауыртқымыз келмейді, одан да өзінің білетін орыстілді мектептерге ауыстыра салсам бәрі жеңіл болады деп ойлайды. Бұл негізі қате пікір. Бала қазақ мектебінде оқысын, орыс мектебінде жалпы қай мектепте оқыса да, онда қазақ тілі пәні негізгі пән ретінде оқытылады. Бұл дегеніміз балаға латын әліпбиін меңгеруге тура келеді. Бүгінде мектеп табалдырығын аттаған балалардың барлығында дерлік латын таңбалары визуалды тұрғыдан саналарында әбден сіңісіп қалған. Яғни олардың латын таңбаларына деген көздағдысы теледидар, көшедегі жарнамалар, тіпті ішіп-жеп жүрген тағамдарының сыртындағы жапсырмалар арқылы әбден қалыптасты. Бұл дегеніңіз қазір жастар латын әліпбиіне меңгеруге психологиялық жағынан да, рухани жағынан да толық дайын. Сондықтан мұндай ата-аналарға айтарымыз, керісінше балаларыңызбен бірге елімізде жүріп жатқан жаңа реформаны жүзеге асыруға өз үлестеріңізді қосыңыздар дегім келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |