Ерлан. Ресторанды бүгін қояйықшы, көке.
Берік. Неге?
Ерлан. Зәуре үйіне қайтуы керек.
Аманғайша. Қап, бұл бір қызық болды-ау!..
Зәуре. Мазасызданбаңыз, ештеңе етпейді.
Аманғайша. Сонда да былай бір... Зәуре, онда ертең ертерек келіңдер. Күтеміз.
Ерлан. Мама, сізге Зәуре ұнап қалды-ау деймін.
Аманғайша. Ұнамағанда ше?! Біз мұны жігіт болды деп жүрсек, бұл бала құсап ойнағанын қоймайды.
Ерлан. Қайдағы бала! Мен қыз ертіп келемін, бұлар баласынады!
Зәуре. Шын, сен – баласың әлі.
Ерлан. Мама, әне жығып бердіңіз Зәуреге.
Аманғайша. Әй, қылжақбасым-ай, Зәуреден жеңілгенің жөн. Зәуре екеуің енді біз кеткенше күнде келіп тұрыңдар.
Берік. Сен енді көп айта берме, келеді.
Зәуре. Сөйтеміз, келіп тұрамыз.
Ерлан. Келістк. Ертеңге дейін! Чау!
Аманғайша. Мұнысы несі тағы.
Берік. Қалалық болғаны.
Ерлан мен Зәуре кетеді.
Бесінші көрініс
Оспанның үйі. Басын ақ орамалмен тас қылып таңып алған Тәттігүл Балқиямен сөйлесіп отыр.