Тәттігүл (тыжыранып). Қызым, шаруаң біткен екен!
Зәуре. Мама, бұл ән ғой! Ән...
Оспан. Зәуре, мамаңда ән тыңдайтын ахуал жоқ. Одан да мазасын алмай, өзді-өз бөлмемізге кетейік.
Оспан мен Зәуре кетеді.
Тәттігүл(сазарып отырып қалады). Барыңдар-барыңдар, көрсетемін мен сендерге Тәттігүлдің кім екенін! (Телефонға төніп, нөмірін теріп жатып). Өлем-тірілем, дегеніме жетем.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Әлім үйінің бай жиһазды қонақжай бөлмесі. Үй иелері Әлім, Ерлан бір-біріне тоң қабақ болып отыр. Бұрыштағы телефон шылдырайды.
Балқия (барып трубканы алып, құлағына тосып). Ия-ия. Келді... Бәріміз үйдеміз. Біз де кірісіп жатырмыз сол әңгімеге... Ерлан ба?.. Қайда барады, көндіреміз...
Ерлан. Мама, қысқартыңыз бұл әңгімені. (Таяп келіп телефон рычагын баспақ болады). Балқия. Баршы әрі!.. (Трубкаға). Жо-жоқ, саған емес... Әлім ғой қытықтап тұрған. (Ерлан рычагқа қолын тағы созады). Жоғал! (Телефонға төне түсіп). Тәтті, өстіп жоқ жерде ойыны келіп тұрады жездеңнің... Ерланнан ұялмайды... Баласының көзінше ойнай береді бұл.
Ерлан. Мама. Сонша әртіс болғаныңыз! Жетеді, тастаңыз бос әңгімені. Одан да әкеліңіз тыққан арағыңызды.
Балқия. Тәтті, жарайды, қалғанын қазір барған соң сөйлесеміз. (Телефон трубкасын орнына қояды).Балам-ау, не болды саған сонша ентелеп? Әлім, кісімен сөйлесіп жатқанда кішкене бір қой десең қайтеді балаға?
Әлім. Тапқан екенсің қоятын баланы. Бер-бер, құйсын құқылдатып құлқынына.
Балқия. Жүріңдер, жиналыңдар, Тәттігүлдің үйіне барамыз. (Ерланға). Сол үйден ішесің. Арақ-арақ дей бергенше, әуелі қызды икемдеуді үйренсең етті.
Ерлан. Алдымен жүз грамм беріңіз. Содан кейін жүз қызды ал десеңіз де, мақұл!