Ісіктер (өсінділер) зақымдалған меристема ұлпасының клеткаларының қарқынды бөлінуінің нәтижесінде түзіледі. Бұл көп тарамаған ауру белгісі қызылша тамырының туберкулез ауруында, жеміс ағаштары сабағының рак ауруында кездеседі.
Кей жағдайларда бактериоз белгілері аралас болады. Мысалы, картоптың қара сирақ ауруының қоздырғышы Erwinia caratovora var. Caratovora өсімдік сабағын солдыруымен қатар түйнектерін шірітеді. Түйнектердің шіріуі сақтаған кезде де жалғасады.
Өсімдіктердің ауруларын дәл анықтау (диагностика) үшінсырт көзбен қараумен қатар зақымдалған ұлпаны микроскоп көмегімен де қарау қажет. Жаңадан жасалған кесінділерде бактерия клеткалары жақсы көрінеді. Қажеттілігі болса сатылы диагностика жүргізеді: зақымдалған клеткалардан бактерияларды жасанды қоректік ортаға бөліп алып сау өсімдіктерді залалдайды. Осыдан соң залалданған өсімдіктерден қайтадан қоректік ортаға бактерияларды бөліп алады.Бұл әдіс Кох ережесі немесе Кох триадасы деп аталады. Сонымен қатар серологиялық әдіс те қолданылады.