Вирустар Вирустарды 1892 жылы орыс физиологы Д.И.Ивановский темекінің мозаика ауруын зерттеу барысында ашты. Бұл өсімдіктер, жануарлар және адамдардың, облигатты паразиттер қатарына жататын өте ұсақ ауру қоздырғыштары. Олардың клеткалық құрылысы жоқ. Вирустардың мөлшері негізінен 200 нм-ден аспайды. Фитопатогенді вирустардың пішіні жіп, таяқша және шар тәрізді. Ересек вирустық бірліктің (вирионның) құрамында инфекциялық бастау ретінде РНК (салмағының 5% көлемінде), тек біразының ғана құрамында ДНК және ақ уыз (90%) болады. Вирус ақуызы қожайын клеткасының рибосомаларында түзіледі. Бұл биосинтез клетканың энергиясы есебінен жүреді.
Вирустар бір клеткалы организмдер сияқты бөліну арқылы емес жеке молекулаларды синтездеп, олардан тұтас бөлшектердің құрастырылуы арқылы көбейеді. Қожайын өсімдік клеткасына енгеннен соң вирус ақуыз бен нуклеин қышқылына бөлінеді. Нуклеин қышқылы өсімдік клеткасына емес вирусқа қажетті ферменттердің синтезделуін басқара бастайды. Осы ферменттердің әсерінен клетка бойындағы материалдан вирус ақуызы мен нуклеин қышқылының жаңа молекулалары түзіліп, олардан жаңа вирустық бөлшектер құрастырылады. Вириондарды құрастыру үрдісі (репликация) барысында генетикалық тұрғыдан өзгеріске түскен формалар – вирус штаммалары түзілуі мүмкін. Өзгерген штаммалар ілкіде төзімді сорттарды да зақымдауы мүмкін. Вирус нуклеин қышқылы плазмодесма арқылы көршілес клетка өтіп, оның бойында да вирус бөлшектерінің синтезін бастауы мүмкін. Вирус нуклеотидтері флоэма бойымен жүретін қоректік заттар ағынымен бүкіл өсімдік организмінің бойына тарайды.
Клеткадағы вирус бөлшектерінің концетрациясы бірнеше миллионға жетіп, ары қарай көбеюін тоқтатады да тыныштық кезеңі басталады. Бұл кезде кейбір фитопатогенді вирустар аморфты денелер (Х-денелер) немесе пішіндері әр түрлі кристалдардан (Ивановский кристалдары) вирустық бөлшектердің жиынтығы.
Сыртқы орта факторларына катынасы бойынша фитопатогенді вирустар екі топқа бөлінеді берік және берік емес. Берік вирустардың басым көпшілігі мозаикалар тобына жатады. Олар қыздырған кезде, қышқылдығын өзгерткенде бөлшектердің тұтастығын сақтайды, кейбіреулері 10-минут бойына 80-90оС-қа дейін қыздыруды, бірнеше күн бойына сығып алынған залалданған өсімдік шырынына салуды көтереді. Ал вирустардың басқа бір тобы 37-50оС деңгейіне дейін қыздырылса тіршілігін тоқтатады. Сол сияқты берік емес вирустар өсімдік шырынында тез арада тіршілігін тоқтатып, әр түрлі химиялық заттардың әсерінен ыдырайды. Сондықтан вирустарды таза күйінде бөліп алу өте қиян.