Педагогикалық шаралар. Педагог-дефектологқа сынып ішінде оқушыда эпилепсиялық ұстама болған жағдайда дұрыс көмек әрекеттерін ұйымдастыра білу өте қажет. Ең алдымен бала қатты тырыспа кезінде жарақаттанбауына жағдай жасау қажет. Баланың басын ұстап, демеп отырған дұрыс. Тілін тістеп алмауы үшін жақтарының арасына беторамалды немесе сүлгіні шиыра орап салу керек. Ұстама кезінде су ішкізуге немесе дәрі беруге қатаң тыйым салынады, өйткені науқас тістерімен ыдысты сындырып не мыжып жіберсе, аузын жарақаттайды және су немесе дәрі тыныс жолдарына кетіп қалуы мүмкін. Басқа оқушылар ұстаманы көрмегені дұрыс. Егер хабаршылар кезеңін байқай алса, баланы дәрігер бөлмесіне немесе мұғалімдер бөлмесіне апару керек. Ұстама сыныптың ішінде басталып кетсе, қалған оқушыларды сыртқа шығару керек. Жедел ұстама кезінде ауруды қозғамауға және ешқайда жылжытпауға тырысу қажет. Тырысу аяқталғаннан кейін баланы жеке бөлмеге апарып, тыныштық жағдай жасау керек.
Баланың мектепте оқу мүмкіндігі оның психикалық саласының жағдайына байланысты болады. Ұстамалар сирек болса және баланың психикалық саласы зардап шекпесе, ол сәйкес ем қабылдап және белгілі күн тәртібін ұстана отырып, мектепке бара алады. Жиі ұстамалар болғанда, психикалық жағдайы бұзылған кезде арнайы ем жүргізіліп, баланы оқу жүктемесінен босатады. Ұзақ уақыт эпилепсиямен науқастанған, ақыл-ой дамуының шектелуі анықталған балаларды арнайы мектепке ауыстырады.
Эпилепсия дертіне шалдыққан балаларды тәрбиелеу мен оқытуға үлкен мән беріледі. Науқастың тұлғасының, мінезінің, өзіне деген көзқарасының қалыптасуы, ал соған байланысты оның әлеуметтік түсініктері мен қоғамдағы орны тәрбиешіге байланысты. Оқу және тәрбие үрдістері өзара етене байланысты. Эпилепсиямен ауру балалардың мінез-құлықтық ерекшеліктері тәрбиешілер мен мұғалімдерден әділетті және бірқалыпты, салмақты қатынасты талап етеді. Ата-аналар мен педагогтар олардың өкпе, наразылық сезімдерін ушықтырмауы тиіс. Балаларды үйдегі және мектептегі жұмысқа араластырып, еңбекке баулып, оларда ұқыптылықты, мейірімділікті қалыптастырып, дамыту қажет.