Психикалық эквиваленттер. Кейде эпилепсиямен сырқаттанған адамдарда тырысу ұстамасының орнына сана-сезімінің шатасу жағдайы байқалады. Бұл кезде аурулар айналасындағы болмысты анық емес, жартылай ессіз түрде қабылдайды (бұлыңғыр күй). Осындай жағдайда аурулар ешбір мақсатсыз қаңғып жүруі, тіпті басқа қалаға кетіп қалуы, ал кейде бірқатар ерсі әрекеттер істеуі мүмкін (бір нәрсені өртеу, мүлікті қирату және бұзу, біреуді жарақаттау және т.б.). Ауру есін жинағаннан кейін ол әдетте өзінің не істеп-қойғандығын білмейді. Психикалық эквиваленттердің ұзақтығы бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін болуы мүмкін. Осындай жағдайлардың бір түрі кәдімгі өмірде «лунатизм» деген атпен белгілі түсінде жүру (сомнамбулизм) болып табылады. Бұл патологиялық жағдайдың мәнісі бала жартылай ессіз қалпында бірқатар себепсіз және мақсатсыз іс-әрекет жасауы мүмкін: үйден шығып кету, шатырға өрмелеп шығып, жүру, үйдің сыртқы қабырғаларындағы шығыңқы жерлермен жүру және т.с.с. Осы орайда айта кететін жайт, бұл қимыл-қозғалыстардың барлығы максимальды дәлдікпен орындалады, яғни адам құлап немесе жығылып қалмайды, өйткені қыртыс асты, бағаналық және жұлындық механизмдер іске қосылады. Аурудың әрекеттері автоматты түрде орындалады десе болады. Бұл әрекеттер қыртыстың бақылауынсыз жүзеге асырылады, себебі қыртыс бұл кезде тежелген қалпында болады.
Эпилепсияның әртүрлі орнын алмастырушы құбылыстармен білінуі алуан түрлі болады. Мысалы, балалық шақта зорлықты, яғни еркіне қарсы, сипатта болатын ерекше түрдегі басты изеу қимылдары («сәлемдесу ұстамалары») байқалуы мүмкін. Кейде эпилепсиялық ұстама аурудың айқайлап, алға қарай ұмтыла жүгіруі түріндегі ерекше көрініспен білінеді.
Эпилепсиялық мінез-құлық. Эпилепсиямен науқас адамдарға өзіндік ерекше мінез-құлық тән болады. Эпилепсияның жасырын өтетін түрлерінде бастапқы кезде мінез-құлық өзгерістері аурудың жалғыз белгісі болуы мүмкін, ал кейіннен барып осыған аурудың негізгі симптомдары, яғни бұлыңғыр күй мен тырысу ұстамалары біліне бастайды. Эпилепсиямен сырқат адамдарға ашу-ыза кернеп, кенеттен булығу (аффект) немесе патологиялық ашушаңдық, қатігездік, зорлықшылдық тән болады. Балаларда бұл, жануарларды қинау, жасы кіші балаларға озбырлық көрсету және т.с.с. түрінде көрініс алады. Кейде ызақорлық пен менменділік ерекше тым сыпайылықпен, тіпті мүләйімсумен, жарамсақтықпен алмасып отырады. Эпилептиктердің көңіл-күйі әдетте тұрақсыз болады. «Жақсы» және «жаман» күндердің болуы тән, әсіресе ұстамаға жақындаған сайын көңіл-күйі бәсеңдеп, зарығу мен аффект ұстамалары үдей түседі. Сонымен қатар эпилепсиямен ауыратындарға стереотиптік тәртіп тән, яғни оларға үйреншікті өмір тәртібінен жаңа жағдайға, жаңа тәртіпке бейімделу қиын болады. Сондықтан қалыптасқан өмір тәртібіндегі тіпті аздаған өзгерістер олардың зығырданын қайнатып, қарсылығын тудырады. Эпилепсиямен науқас балалар біреу олардың ойыншықтарына тиіскенді, үстелінің үстіндегі немесе шкафының ішіндегі заттардың орнын ауыстырғанды және т.б. жек көреді, оған шыдай алмайды. Оларға педантизм, ұсақ-түйектерге мән бергіштік, берілген тапсырманы орындағанда майда-шүйдеге тым беріліп кетушілік тән. Көбінесе олар жұмысқа құлшына кіріседі, бірақ істеген ісі баяу және мардымсыз болады. Ұстамалар сирек кездескен кезде эпилепсиямен науқастардың ақыл-ойы немесе зияты айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды. Мұндай аурулар жұмысқа қабілетті, мектепке оқи алатындай, өндірісте бірталай жұмыс атқаратындай жағдайда болады. Алайда қыртыстың күшінің таусылуына әкеп соғатын жиірек ұстамалар болған кезде ойлау қабілеті тежеліп, зияты нашарлап, тіпті кемақылдылыққа дейін төмендеуі мүмкін (эпилепсиялық деменция). Ақыл-есінің шектелуі байқалған оқушыларды көмекші мектептерге ауыстырады.