Үлкен эпилепсиялық ұстама. Бұл ұстама тоникалық тырысудан басталады – бүкіл көлденең жолақты (қаңқа) және тегіс бұлшық еттердегі спазм (ұзақ жиырылу). Науқас құлап, есінен танады және бүкіл денесі ұзынынан керіле созылады. Дыбыс саңылауының спазмынан айқай шығады. Артикуляциялық бұлшық еттер спазмына байланысты тілін тістеп алады. Ми қантамырларының қабырғасындағы тегіс бұлшық еттер спазмы нейрондардың оттегімен қамтамасыз етілуін және қоректенуін бұзады. Қуық пен тік ішек бұлшық еттерінің спазмынан еріксіз зәр шығару мен дефекация болады. Тынысы мен жүрек соғысы кенеттен нашарлайды. Терінің түсі өзгереді. Кома жағдайы 20-40 секундқа созылады.
Содан кейін тырысу ұстамасының екінші кезеңі басталады – клоникалық тырыспа: барлық бұлшық еттердің ырғақты түрде тартылуы, жүрек бұлшық еттері мен тынысы іске қайтадан қосылады. Ауыр және сырылдап дем алады. Сілекейі көпіріп шығады, егер тілін тістеп алса, қан араласқан болады. Сана бұзылысының деңгейі – сопор. Біртіндеп тырысу әлсірейді және тоқтайды. Ауру терең ұйқыға батады; оны ояту мүмкін емес. Осы кейпінде бірнеше сағат жатады. Сосын ұйқысы біртіндеп ашылып, ауру оянады. Оянғаннан кейін науқас қалжыраған, басы ауырған жағдайда, түк түсінбеген күйде болады, не болғаны есінде қалмайды. Денесінде ұрылған жерлер болады, тілін тістеп алған болса, дұрыс сөйлей алмайды. Ұстамалардың жиілігі әртүрлі болуы мүмкін: күнделікті қайталанудан сирекке дейін (жылына бірнеше рет). Эпилепсияның кейбір ауыр түрлерінде ұстамалар бірінен соң бірі жалғаса беруі мүмкін (тәулігіне 50 ретке дейін). Мұндай жағдайды эпилепсиялық статус деп атайды, ол өліммен аяқталуы мүмкін. Сондықтан эпилепсиялық ұстама пайда болғанда дереу жедел жәрдем шақырып, науқасты ауруханаға жатқызу керек.
Үш жасқа дейінгі балаларда үлкен ұстама кезінде тек тоникалық тырысу ғана болуы мүмкін. Бұл мидағы қозғалыс орталықтарының барлығы толық жетілмегендігімен түсіндіріледі.Сонымен қатар кейде ауру басталғанда ұстамалар тек түнде болуы мүмкін, сондықтан не баланың өзі, не ата-анасы түнгі ұстамалардың болғанын білмей жүреді.
Кіші ұстамалар. Бұл ұстамаларды бірнеше түрге бөледі: абсанс, тырыспасыз (акинетикалық), миоклоникалық және гипертоникалық түрлері. Осылардың ішінде ең жиі кездесетіні – абсанс. Ол қысқа мерзімді естен тану, тез арада бозару, бір нүктеге тесіліп қарау түрінде көрініс табады. Кейде көз алмалары жоғарыға қарай аутқып кетеді. Санасының қысқа уақытқа ғана жоғалуына байланысты науқас қолындағы затты түсіріп алады, сөйлеп тұрып тоқтап қалады. Есін жинағаннан кейін өзімен не болғанын сезбей, істеп жатқан жұмысын жалғастыра береді, бастаған әңгімесін жалғастырып кетеді. Сондықтан кіші ұстамаларды қасындағы адамдар кейде байқамайды. Бір мұғалім оқушысының жағдайын былай сипаттаған:
«...оқушым жұмыс істеп, жазып немесе оқып отырады, кенеттен бозарып, көзқарасы ешбір сезімсіз болып, бір нүктеге тесіліп, шақырғанға түк жауап бермейді; бір минуттан соң есін жиып, есінейді де, тоқтаған жұмысын жалғастырады. «Саған не болды?», – деп сұрасаң, «Басым айналып кетті», – дейді».
Тырыспасыз (акинетикалық) түрі. Мұндай ұстамалар бұлшық ет тонусының күрт төмендеуімен сипатталады, соның нәтижесінде бала кенеттен құлап қалады, қысқа мерзімге есінен тануы мүмкін.
Миоклоникалық түрі. Аяқ-қолдың, дененің, беттің бұлшық еттерінің симметриялы, майда, ырғақты тартылуы байқалады. Ұстамалар қысқа, есін жоғалтпауы да мүмкін.
Гипертоникалық түрі. Бұл ұстамалар негізінен балалық шақта кездеседі. Олар қысқа мерзімге денені, аяқ-қолды және мойынды жазатын немесе бүгетін бұлшық еттердің уақытша тоникалық керілуімен сипатталады. Клиникалық көрінісінде аяқ-қолдың, дененің және мойынның бүгілуімен, жазылуымен немесе бұралуымен білінеді.