Картоппен улану – Отравления картофелем. Малдардың картоппен уланулары оның құрамында болатын гликоалкалоид соланинге байланысты. Соланин картоптың жемісі мен сықпасында көп болады. Қалыпты жағдайда оның мөлшері 0,01 %-дан аспайды. Ал көгерген, шіріген, өскен картоптарда оның мөлшері күрт көбейеді.
С оланиннің жергілікті әсері ас қорыту жүйесінің кілегей қабықтарын тітіркендіреді, организмге жайылып жүйке жүйесінің қызметін бүлдіреді, өте ауыр түрде жүретін қабыну процесін тудырады. Жалпы әсері – ағзаларда зат алмасу процесін бұзады, орталық жүйке жүйесінің реттеушілік қабілеті нашарлайды, қан құрамындағы эритроциттерді ерітеді, гемолиз құбылысы пайда болады. Улану барлық малдарда кездеседі.
Өлекседегі өзгерістер. Ас қорыту жүйесінің ағзалары қанталаған, қабынған; паренхиматозды ағзаларда дистрофиялық, кейде дегенерациялық өзгерістер.
Клиникалық белгілері. Уланудың клиникасында оның екі түрін ажыратуға болады:
Жіті түрінде көбінесе жүйке жүйесінің қызметі басымырақ бұзылады;
Жеңілдеу түрінде ас қорыту жүйесінің ағзаларының жұмысы басымырақ бұзылады.
Бірінші түрінде малдың жалпы жағдайының әлсіреуі оның қозуымен алмасып отырады. Онда уланған мал қалай болса солай қимылдайды, кедергіге ұрынады, алға ұмтылады. Артынан малдың артқы жағы, әсіресе артқы аяқтары әлсіреп, жүрісі шатқаяқтанады; бірте-бірте тартылып, салданып қалады. Ондай малдардың дем алысы нашарлайды, демікпе пайда болады. Кілегей қабықтары көгерген, жүректің жұмысы бұзылады.
Жеңіл түрінде малдың іші өтеді, нәжіс жағымсыз иісті. Алдыңғы қарыншақтар мен ішектер кебеді. Гипотония, атония анықталады. Уланған малдың ернінің, тік ішектің төңірегінде суланған бөртпе пайда болады. Оны «картоп бөртпесі» деп атайды. Мұндай өзгеріс ірі қара малында айқын білінеді. Ол жердің жүні түседі, терісі қабынады, мал арықтайды. Уланған шошқалар кейде төсенішті қазып, оған басын тығып жатады; кейде басын төмен салбыратып, еш нәрсеге көңіл аудармай, бір орнында мелшиіп тұра береді.
Улануды анықтау үшін керекті деректер мен клиникалық белгілеріне сүйенеді.
Емі. Малдың рационын өзгертеді. Ас қорыту жүйесін тазалау әдістерін жан-жақты қолданады. Жылқылардың асқазанын жуады, шошқаларды құстырады. Іш өткізетін дәрілік заттар кеңінен қолданылады. Улы затты сіңіретін кілегейлі тұнба, сүт, дәрілер беріледі. Жүректің жұмысын жақсарту үшін кофеин, камфораны тері астына жібереді. Венаға глюкозаның ерітіндісін жібереді. Тері жарақаттарын емдейді.
Уланудан сақтандыру үшін бұзылған картопты малға бермеген дұрыс, ал беруге мәжбүр болған жағдайда оны жақсылап пісіреді де аз-аздап рационға қосады. Өскен картоптың өсіндісін алып тастап барып береді. Картопты қайнатқан суды төгіп тастайды. Әсіресе буаз малдарға, төлдерге картоп бергенде өте сақ болған жөн.
Картоптың сабағымен улану. Картоптың сабағын қуаңшылық жылдары, малдарға азық жетіспегенде, тәуелсіздіктен азық ретінде қолдануға мәжбүр болады. Улы заты соланин әсіресекартоптың сабағы гүлдегенге дейін көп болады (0,085-0,1 %). Соңғы кезде оның құрамында соланиннен басқа нитрат, нитриттердің бар екендігі анықталды. Улану сиырлардың арасында жиі кездеседі.
Негізгі клиникалық белгілеріне уланған малдың қалай болса солай қозғалуы; ас қорыту жүйесінің ағзаларында газдың шоғырланып, олардың кебуі; іштің өтуі; сүттің бөлінбеуі; тері экземасының пайда болуы; аяқта, емшекте, ұмада қотырдың пайда болуы; артқы аяқтарының шатқаяқтанып салдануы; бұлшық еттерінің дірілдеуі, қатты жирылуы жатады. Кейде жаралы стоматит пайда болады.
Емі. Картоп сабағын беруді тоқтатқаннан кейін уланған мал біртіндеп жазылып кетеді. Ірі қара малының венасына хлорлы натрийдің 20 %-ды ерітіндісін жібергеннің нәтижесі жақсы. Басқадай картоппен уланғанда қолданылатын емдеу әдістерінің барлығын қолдануға болады.
Картоптан дайындалған сықпамен улану. Онымен көбінесе ірі қара малдарының ішінде өгіз, бұқа, сүт бермейтін сиырлар уланады. Ондай сықпалардың құрамында соланин, әртүрлі қышқылдар, улы майлар болады.
Улану алдыңғы қарыншақтардың атониясымен, бауырдың қабынуымен, кальцийдің алмасуының бұзылуымен, терінің жарақаттануымен сипатталады. Кейде тыныс алу жүйесінің ағзаларының аурулары туындайды. Негізгі, ерекше, жиі кездесетін клиникалық белгісі везикулялы дерматит. Оны «картоп сықпасының ылғалды қотыры» деп атайды. Ондай дерматит артқы аяқтың тұсау тұсының артқы жағында жиі орналасады. Ол жер алдымен қызарады, ісінеді. Сол жерде бөртпе, күлдіреуік шығады. Ол жарылып, орнында ылғалды қотыр пайда болады. Кепкеннен кейін оның беті қабыршықтанады. Уланудың ауыр түрінде ондай қотыр мал денесінің басқа жерлерінде де пайда болады: емшекте, аяқтың бақайларының арасында, қарының тұсында және т.б.. Улану көбінесе созылмалы түрде жүреді.
Емі. Картоптың сықпасын жоғарыда аталған малдарға бермеген дұрыс. Тіпті мәжбүр болған жағдайда оның мөлшерін азайту керек. Малға қатаң азықты көбірек береді, кальций тұздарын рационға қосады. Сүйек ұнын, үш кальций фосфор тұзын, известелінген суды рационға кіргізеді. Терінің жарасын зарарсыздандыратын ерітінділермен жуып, емдейді. Суықтықпен әсер етеді, кептіретін әселері бар мырш, карбол майларын жағады. Дерматол ұнтағын себу арқылы қолдануға болады.
Сақтандыру шаралары. Мал рационын қатқыл азықтармен қамтамасыз ету керек. Қосымша азық ретінде тәулігіне 30-50 г бор береді. Мал тұрған жерді құрғақ, таза ұстайды.