Лекция: 30 Практикалық/семинар: 8 СӨЖ: 97 Барлық сағат саны: 135 Аралық бақылаулар саны:



бет4/7
Дата01.04.2017
өлшемі3,08 Mb.
#13023
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7

Лекция №21


Тақырыбы:Көлік кешені. Аумақтық- өндірістік байланыстар

Жоспары:

  1. Құрлық, су көліктері

  2. Әуе көлігі.Байланыс.


Лекцияның мақсаты:
Студенттерге көліктердің түрлерін, олардың қалай, қай облыста қалай таралғандығын, көліктердің атқаратын қызметтерін, қайсысы қай уақыттан бері пайда ққалыптасқандығы, кейінгі кезде даму жолдарын түсіндіруді мақсат етеміз.
Лекция мәтіні:

1.Көлік – экономиканың қалыпты жұмыс істеуінің негізі. Ол өндіріс процесін қамтамасыз етіп, кәсіпорындарды, салалар мен аймақтарды байланыстырады, сыртқы сауда жүктерін тасымалдап, халыққа қызмет көрсетеді.

Көлік 4 құрамдас бөліктен тұрады. 1). Көлік құралдары. 2). Жолдар. 3)Ұйымдар. 4) Тиеу-түсіру пункттері. Сол себепті ол тек экономика саласы ғана емес, күрделі кешен болып есептеледі. Осыған байланысты оның жеке салаларға, немесе көлік түрлеріне бөлінеді.



Құрлық көлігі- біздің құрлықтық елімізде – негізгі көлік түрі болып саналады.Темір жолдар – алыс қашықтықтардың еңқолайлы, әмбебап көлігі. Ол барлық жүк түрлерін тасымалдауға жарамды, ал «болат» артерияларды кез-келген бағытта жүргізуге болады.

Темір жолдар Қазақстанда XIX ғ. аяғында пайда болды. XX ғ. басында (1904-1905 ж.ж.) оның аумағынан тұңғыш ірі жол -Орынбор-Ташкент жолы өтті. Ал негізгі жол желісі кеңес кезеңінде қалыптасты. Оның негізін елдің бірнеше бөліктерін қосатын ірі магистралъдар құрайды. Қазақстан темір жолының «келбетін» меридиан бойымен бағытталған 3 магистраль: Орынбор-Ташкент, Түркістан-Сібір (Семей-Алматы- Луговой), Трансқазақстан (Петропавл-Қарағанды-Шу) және ендік бойымен өтетін 2 магистраль: Орта Сібір (Челябі-Қостанай-Көкшетау-Қарасу) мен Оңтүстік Сібір (Қарталы-Астана-Құлынды-Барнаул) бейнелейді. Олар қосылып, Қазақстанның «үлкен темір жол сақинасын» құрайды. Оған басқа да «болат артериялар», келіп тоғысады, оның ішінде Қытайдан Түркияға дейін созылып жатқан Трансазия магистралі де бар.

Темір жол көлігі тасымалдайтын жүктің 3/4 бөлігін көмір, кен, мұнай және құрылыс материалдары құрайды. Бұл жүк ағынының географиясында көрінеді. Бәрінен де Оңтүстік Сібір және Трансқазақстан магистральдарының жұмыстары өте қауырт. Жолаушы тасымалының жартысынан астамы салалардың үлесіне тиеді.

Темір жол көлігінің дамуы: 1)жаңа жолдар салуды; 2) өткізу қабілетін екі есе арттыру үшін оларды электрлендіруді; 3) жоғары жылдамдықты магистральдар салуды; 4) контейнерлік жүк тасымалын қалыптастыруды қарастырады.

Егер темір жол көлігі келік жүйесінің «қаңқасы» тәрізді болса, автомобилъ жолдары оларды байланастыратын негізгі буын болып табылады. Ол көліктің магистральды түрлерін қосып, оларға жекелеген кәсіпорындардың жүктерін тасып жеткізіп, керісінше, олардан жүк алып кетеді. Бұл қысқа кашықтыққа арналған жылдам, ең қолайлы көлік түрі. Автомобильдер аралық кідірі тауарды «есіктен есікке» дейін жеткізеді. Олардың, әсіресе, қалаларда, қалалар маңы мен таулы аудандарда рөлі зор. Алыс магистральдық жүк тасымалын қуатты, жылдамдығы жоғары жүк машиналары атқарады. Бірақ, автокөлік қымбат әрі экологиялық жағынан «лас» көлік түрі.

Автомобиль көлігінің жүмыс тиімділігі жолдардын жиілігі мен сапасына байланысты. Автомагистральдардың жалпы ұзындығы 90 мың километрдей.Қазақстаннынққалыпты шаруашылық жағдайына одан 2,5 есе ұзын жол қажет. Елдегі жол желісі әртүрлі. Ол негізінен темір жолдар географиясын қайталайды. Автомобиль жолдары өте жиі болып келетін аймақ - Солтүстік Қазақстан. Батыс пен Орталықта жолдар саны одан екі еседей аз. Осы уакытқа дейін Қазақстанда батыстан шығысқа қарай кесіп өтетін өтпелі, ендік бағытындағы жол жоқ.

Біздің елімізде автомобиль баяғыдан бері ең жаппай қолданылатын көлік құралына айналды (2004 ж. - 1,5 млн-нан астам бірлік) ал автокөлік жүк (3/4) және жолаушы (98%) тасымалының талассыз көшбасшысы болып табылады.

Өндірістік көліктің рөлі басым болып саналатын тау-кен және металлургиялық облыстар (Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай) тасымалданатын жүк массасы жөнінен ерекшеленеді. Жолаушы тасымалдау географиясы көбінесе халықтың орналасуы мен сәйкес келеді.

Қазақстанның автомобиль көлігі бірнеше бағыт бойынша дамып келеді. Қолданыстағы жолдар жөнделіп, жаңа магистральдар салынуда. Ауылдық жерлерде жолдар іске қосылуда.

Құрлық жолдары көлігінің арнайы маманданған түрлері - құбыр және электрондық көліктер. Құбыр жүйелері мұнай мен газ айдап, мұнай-газ және мұнай өңдеу өнеркәсіптерімен бірлесіп жұмыс істейді.

Оларды да кез келген бағытта жүргізуге болады, әрі темір жолдан қысқа болып келеді, ал құрылысы көп арзанға түседі. Бір бағытта, тұрақты жерде көп мөлшерде жүк «жіберіледі». Сондықтан, құбыр жүйесі ең арзан көлік түрі болып табылады.

Қазақстандағы ең құбыр жүйесі дамыған аймақ - Батыс, одан мұнай мен газдың қуатты ағындары таралады. Олардың басты торабы Атыраудан мұнай құбырлары тармақталып таралады. Осы өлке арқылы қуатты транзиттік «Орта Азия - Орталык» және «Бұқара - Орал» газ құбырлары жүргізілген. Орталық облыстарды солтүстіктен оңтүстікке қарай «Омбы-Павлодар-Шымкент-Чаржоу» газ құбыры желісі басып етеді. Батыстан оған Құмкөл «бұтақшасы» келіп қосылады да, ал одан шығысқа, Қытайға қарай «құбыр» кетеді.

Электрондық көлік электр энергиясын электр жеткізу желілері (ЭЖЖ) арқылы тасымалдайды. Олар елдің ірі өнеркәсіпті орталықтарын байланыстырып, ауылдық жерлерді электр энергиясы мен қамтамасыз етеді.

Ірі қалаларда жолаушыларды экологиялық жағынан таза электр көліктері троллейбустар (Алматы, Петропавл, Астана, Тараз жөне т.б.) мен трамвайлар (Павлодар, Алматы, Өскемен, Қараганды) тасымалдайды.

Құрлық көлік түрлері су көлігімен тығыз байланысты.

Су көліктері негізінен құрал-жабдықты көп кажет етпейтін табиғи жолдарда жұмыс істейді. Оларға отын аз жүмсалады (1 т. жүкке есептегенде), әрі көлемді тауарларды тасымалдаудың өзіндік құны да төмен. Бірақ, оның қозғалыс жылдамдығы төмен, көбінесе маусымдық жұмысқа ғана жарамды, оның үстіне кеме жүретін жолдар қажетті бағыттарға үнемі сәйкес келе бермейді.



Су көлігі теңіздік және өзендік болып белінеді. Теңіздік кеме қатынасы бар жалғыз аудан - Каспий теңізінің шеткі ЭГЖ теңіз көлігінің негізгі міндетін - сыртқы сауда байланысын жүргізуді анықтап берді. Сондықтан негізгі жүк тасымалы шетелдік болып табылады. Каботаждық тасымал (еліміздің порттарының арасында) аздау, дегенмен, онда да өсу байқалады.

Бұл көлік түрінің флот, порттар, жөндеу зауыттары сияқты күрделі шаруашылығы бар. Теңіз кемелері қымбат, бірақ жүккөтергіштігі жоғары болғандықтан, олардың тасымалдау қызметі ең арзан болып саналады. Сол себепті құрлык ішілік елдер де өз флотын құруға тырысады. Өйткен жағдайда бөтен кемелермен тасымалданған жүктер үшін төлем жасауға (фрахт) мәжбүр етеді.

Теңіз келігі - ең жас, әрі жылдам дамып келе жатқан көлік түрі.

Елдің басты теңіз «қақпасы» - қатпайтын Ақтау сауда порты. Жүк тасымалы бойынша (жылына 10 млн т) - ол Каспий бойындағы ірі порттардың бірі болып саналады. Жүктін. басым бөлігін мұнай (85%), прокат және астық құрайды. Паром өткелдері Ақтау қаласын Ресей мен Әзірбайжанның порттарымен байланыстырады.

Құрық қойнауында жаңа порт салынып жатыр. Ол теңізде таяу уақыттарда пайда болатын (30-60 мың т) ірі танкерлерді қабылдайтын болады. Үшінші, Баутино порты теңіздің мұнай байлығын игерудің тірек базасы ретінде дамып келеді.

Өзен көлігі табиғат жағдайларына көбірек тәуелді. Кеме қоз-ғалысының баяулығы, маусымдық жұмыс, берілетін бағыт бойынша су жолының қалыптасуы - оның ерекшеліктері болып табылады. Бірақ, жоғары жүк көтергіштігі жағдайында теплоход темір жол құрамынан гөрі отынды үнемдірек жұмсайды. Сондықтан, асықпай жеткізілетін, жаппай тасымалданатын жүктер көмір, мұнай өнімдері, ағаш, астық, құрылыс материалдарын тасымалдауға өзен көлігі қолайлы. Әзірше олардың көлемі онша көп емес. Әсіресе Шульба СЭС-ндағы шлюзді қосқаннан кейін ол тез өседі және бүкіл Ертіс үлескісіндегі Зайсан көлінен Ресейге дейін кеме қатынастарын қалпына келтіру. Бұл транспорттық географиялық жұмыстарын екі көлдік алаптар анықтайды.



2.Әуе көлігі - ең жылдам, бірақ ең қымбат көлік. Оның негізгі мамандануы - алыс қашықтықтарға жолаушы тасымалдау. Ұшақтар, сонымен қатар, шұғыл түрдегі және бағалы жүктерді (пошта, тез бұзылатын азық-түліктер, гүлдер) жеткізеді.

Қазақстандағы әуе тасымалын бірнеше авиакомпаниялар («СКАТ», «Атырау әуе жолы», «Көкшетау», «Семейавиа» және т.б.) орындайды. Олардын ішіндегі ең ірісі - «Эйр Астана», үлттық «авиа тасымалдаушы», компаниясы.

Ол 40-тай халыкаралық және ішкі бағыттарға қызмет көрсетеді. Оның әуе лайнерлері әлемнің 10 мемлекетіне, оның ішінде Ресейге, Қытайға, Германия мен Үндістанға ұшады. «Эйр Астана» республика әye жолаушы-ларының 3/5-н тасымалдайды.

Елдің; ең басты «Әуе айлағы» - Алматы (жолаушылардың 1/2-нен астамы). Қазіргі заманғы халықаралық әуежай астанада салынған.

Авиация ауыл шаруашылығында қолданылады. Оның көмегімен орман өрттерін сөндіреді, құбыр желілерін бақылайды, «шұғыл» жағдайдағы ауруларды тасымалдайды әне мұнай мен газ қорларын игереді.

Көлікті аумақтық ұйымдастыру. Қазақстанда бірыңғай көлік жүйесі қалыптасуда. Оның негізгі бөлігі - түрлі қатынас жолдары болып табылады. Оларды көлік тораптары, яғни әр алуан «жолдар» түйісетін (темір жол, автомабиль, өзен) және бір көліктен екіншісіне жүк ауыстырылып тиелетін орындар қосады. Қазақстанда әр түрлі типтегі ондаған көлік тораптары бар. Әіресе, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Павлодар, Астана ерекше бөлінеді.

Байланыс. Коммуникациялық, жүйенің бұл буыны пошта байланысы мен телекоммуникацияны біріктіреді. Оның негізгі міндеті - көлемі мен маңызы жылдам өсіп отыратын әр алуан ақпараттарды беру. «Қазпошта» АҚ орасан үлкен шаруашылығы -пошта байланысы - бұл ертеден келе жатқан сала. Ондағы тораптар мен байланыс бөлімшелерінің саны 3500-дей. Олар елді мекендердің көпшілігінде бар.

Қазіргі телекоммуникациялық, байланыс түрлері «жуан сөмке арқалаған» пошташыны ығыстыра бастады. Олар бірнеше бағытта қарқындап дамып келеді. Оптикалық-талшықты желілердің құрылуы халықты телефонмен қамту деңгейін кетереді (өзірге қалалық отбасылардың 3/5-інде, ауылдық отбасылардың 1/3-інде ғана телефон бар). Оның артта қалуын жартылай желісіз байланыс -пейджинг, ұялы телефондар өтейді. Елде кәдімгі телефонға қарағанда ұялы телефон басым. Қазір әрбір 5-ші қазақстандыктың ұялы телефоны бар. Спутниктік телеарналар мен бүкіл әлемдік интернет торын пайдаланудың маңызы зор.


Бақылау сұрақтары:

1. Көлік қанша құрамдас бөліктен тұрады.

2. Темір жолдар Қазақстанда қай уақытта пайда болды

3. Темір жол көлігі тасымалдайтын жүктің қанша бөлігін құрайды

4. Ең жас, әрі жылдам дамып келе жатқан көлік түрі.

5. Ең жылдам, бірақ ең қымбат көлік



Лекция №22
Тақырбы: Әлеуметтік инфроқұрылым салалары

Жоспары:

1. Сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, денсаулық сақтау

2.Халықтың дем алысын ұйымдастыру
Лекцияның мақсаты:
Студенттерге халыққа қызмет көрсету жолдарын, олардың орналасу аймақтарын, түрлерін түсіндіре кету, сонымен қатар тұрмыстық қызмет көрсету, денсаулық сақтау, мектептік білім беру, халықтың дем алысын ұйымдастырудың жодарын үйрету мақсат.
Лекция мәтіні:

1.Әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі мақсаты – халыққа қызмет көрсету. Бұл 30-дай саланы құрайтын күделі кешен. Олар халықтың қалыпта тұрмыс – жағдайын қамтамасыз етіп, мамандар даярлаумен , адамдарды әр түрлі аурулардан қорғап, олардың дұрыс дем алуын ұйымдастырумен айналысады. Нақты айтқанда кешен еңбек өнімділігі мен елдің өркендеуі үшін жұмыс істейді.

Қызмет көрсету түрлері өте көп. Олардың кейбірі күнделікті, кейбірі сирек уақытта, кейбірі анда –санда қажетті болып саналады. Кейбір қызмет түрлері халыққа жаппай қажет болса олардың кейбіреулері тек жекелеген көрсетіледі.

Әлеуметтік инфрақұрылымды орналастырудың негізгі факторы-халықтық фатор. Табиғат аясындағы дем алыс су айдындарымен, орман, таумен байланысты. Оған табиғи-қор факторларының маңызы зор. Жоғары білім ғылыми орталықтарға жақын орналасады.( ғылымды көп қажет ету) факторы.Инфрақұрылым нысандарын халыққа көлікпен бара алатындай етіп орналастырады(көліктік фактор).

Халыққа күнделікті қызмет көрсететін салалар барлық халық орналасқан зонада біркелкі таралып орналасады. Қалған инфрақұрылым мекемелерінің желісі сиректеу болып келеді.

Сауда халыққа тұтыну тауарларын ұсынды. Олар үлкен партиямен (көтерме сауда) немесе бір-бірлеп сатылады (бөлшек сауда). Сауда жұмысының негізгі көрсеткіші - оның көлемі (тауар айналымы) мен құрылымында.

Халықтың әл-ауқатының өсуіне байланысты, сауда құрылымында азықтың емес тауарлар үлесі көбеюде (2004 ж - 2/3-і). Адамдар азық-түліктен ет, ұн және ұннан жасалған өнімдерге, көкөніске, май, қант және кәмпит сатып алуға, ал азыктық емес тауарлардан - киім, аяқ киім және тұрмыстық электр бұйымдарына көбірек ақша жұмсайды. Сауданың негізгі бөлігі (3/5-і) базарлардың үлесіне тиеді. Елімізде 50 мыңнан астам дүкендер бар. Ірі дүкендер - фирмалық супермаркеттер (115-сурет) кең таралуда. Бірақ, ең қажетті тауарлармен сауда жасайтын кішігірім дүкендер ең көп таралған күйде қалуда. Олар тұтынушыларға мейлінше жақын орналасқан. Барлық тауардың 1/3-і Алматыда сатылады, әрі сатып алынады. Ол -еліміздің басты сауда «сөресі» болып табылады.



Тұрмыстық қызмет көрсету мекемелері (шаштараздар, кір жуатын жерлер, киім тазалау орындары, моншалар, автомобиль, тұрмыстық техникалар жөндеу, киім, аяқ киім тігу) негізінен қалаларда шоғырланған.

Адамдарды әр түрлі аурулардан қорғауда денсаулық сақтау басты рөл атқарады.

Елдегі халық денсаулығы тым жоғары дәрежеде емес. Жыл сайын әрбір екінші қазақстандьщ дәрігерге қаралады. 4,5 мың ауруханалар мен 170 мыңнан астам дәрігерлер (дәрігерлер, мейірбикелер) медициналық көмек көрсетеді. Әлеуметтік қамсыздандыру мен білім беруден кейін бұл сала бюджет қаржысын пайдалану жөнінен (барлық шығынның 10%-ы) үшінші орында. Бірақ ол әлі жеткіліксіз.

Денсаулық сақтау мекемелерінің желісі ірі қалаларда көбірек дамыған. Мұнда дәрігерлердің басым бөлігі шоғырланған және ірі медициналық орталықтар, мамандандырылған клиникалар жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарын аудандық поликлиникалар, ал шағын фельдшерлік пункттер қызмет көрсетеді. Еліміздегі басты денсаулық сақтау орталықтары Алматыда (дәрігерлердің 1/5 бөлігі), Астанада, Қарағанды мен Семейде орналасқан.

Өсіп келе жатқан жеткіншектерді өмірге және еңбекке даярлау үшін білім берудің үлкен жүйесі жасалған. Әлеуметтік сфераның бұл саласы онымен айналысатын адамдар саны жөнінен ең ірі болып саналады. Бала бақшаларда, жалпы білім беретін және кәсіптік мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында 4 млн астам адам білім алуда.

Мектептік білім беру географиясы Қазақстанның барлық халқының орналасуымен сәйкес келеді. Мектептер мен оқушылардың үлкен бөлігі негізгі қоныстану белдеуінде орналасқан. Қалаға қарағанда ауыл мектептерінің саны 3 еседей көп (6000-нан астам), бірақ оқушылар саны жөнінен (52%) қалалардың үлес салмағы аздап жоғарылау. Жоғары білім беру - «нағыз қалалық» сала. Еліміздің ең студенттік қаласы Алматы (181 жоғары оқу орындарының 70-і орналасқан) көшбасшы болып саналады. Студенттер саны бойынша Шымкент, Қарағанды, Астана, Тараз қалалары да ерекшеленеді.

Елімізде сан алуан мамандық алу үшін жағдай жасалған. Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет (Алматы), Гумилев атындағы Еуразия университеті (Астана), Ұлттық техникалық университеті (Алматы) ірі мамандар даярлау «ұстаханасы» болып саналады.

2.Халықтың дем алысын ұйымдастыру. Дем алу - адамдардың қалыпты өмір сүруі үшін тамақ пен су сияқты жағдай. Ол -адамдардың өздерінің қызметі (туризм, саяхаттар, санаториялық-курорттық ем алу) мен бұған көмектесетін мекемелердің қызметінен (баспана беру, тамақтану мен түрлі шаралар ұйымдастыру) тұрады. Мұның бәрі жалпы түсінікке - рекреацияға бірігеді. Оның негізгі мақсаты - еңбек ету процесінде жұмсалған күшті (физикалық эмоциялық) қалпына келтіру.

Рекреация рухани дүниені байытып, адамның көзкарасын кеңейтеді.

Рекреация үшін 3 негізгі жағдай қажет: 1) «өркениетті» дем алыс қымбатқа түсетіндіктен, адамдардың жеткілікті кірісі болуы керек; 2) рекреациялық қор және; 3) рекреациялық шаруашылық болуы шарт. Халықтың кіріс деңгейі өсіп келеді. Бұның өзі елімізде нағыз туризм дүрбелеңін тудырады.

Рекреациялык шаруашылық құрамына қонақ үйлер, дем алыс үйлері мен базалары, санаторийлер, турбазалар, туристік көлік және т.б. кіреді. Рекреацияның бұл саласы да жылдам дамып келеді.

1990 жылдардың басында иесіз қалған демалыс базаларының көбі қалпына келтірілді. Халықаралық дәрежедегі қонақ үй мен тау шаңғысы базалары салынып, жаңа ұлттық парктер («Бурабай», «Шарын каньоны», «Қатонқарағай») ұйымдастырылды.

Рекреациялық қорлардың екі түрі бар: табиғи-рекреациялық және мәдени-тарихи қорлар. Біріншісіне адамдар барып дем алуды ұнататын табиғаты әсем жерлер: сарқырамалар, түрлі бейнедегі жартастар, үңгірлер, каньондар (яғни, табиғат ескерткіштері) жатады. Бүл қорлардың құрамдас бөлігі қолайлы климаттық жағдай болып табылады. Ол сонымен бірге туристік маусымның (суға түсетін, шаңғы тебетін) ұзақтығына әсер етеді. Мәдени-тарихи қорлар адамдардың, яғни біздің арғы ата-бабаларымыздың өз қолдарымен жасап кеткен ғажайыптары. Ежелгі қалалар, кесенелер, қамалдар мен храмдар, тасқа қашалған суреттер, сәулет құрылыстары, мұражайлар - бұлардың бәрі Отанымыздың мәдени мұрасын құрайды.

Рекреациялық қорлардың құрамына қарай әр аумақтың мамандануы әр түрлі.

Біздің ұлан-байтақ еліміздің әсем табиғаты мен көп ғасырлық тарихымен бірге қалыптасқан рекреациялық қорлары өте мол, әлі толық зерттеліп біткен жоқ.

Шығыста бұл - Мұзтау, Көккел (Қазақстандағы ең биік 50 метрлік сарқырама) және Марқакөл («Алтайдың көл жанары»), Шыңғыстау етегі, Еуразия «жүрегінде» орналасқан Абайдың, Шәкәрімнің, М. Әуезовтің елі. Өлкенің мәдени астанасы - Семей қаласы. Оның туристік нысандарының ішінде екеуінің жөні бөлек, олар - Невзоровтар мұражайы («Қазақстан Эрмитажы») және ТМД-дағы алғашқы, ал әлемдегі 17-нің бірі - жаңа аспалы көпір.

Алматы облысымен шекарада Алакөл созылып жатыр. Бұл жерде шомылу - жағажайлық демалыс пен емделу рекреациялық зонасы қалыптасып келеді. Теңіздік типтегі суы мен балшығының емдік қасиеті өте зор.

Рекреациялық байлықтардың шоғырланған жері — елдің Оңтүстігі. Оның туристік рәміздері — атақты Хантәңірі шыңы, табиғаты ғажап Шарын каньоны, «Әнші шағылдар». Елді таңдандыратын Солтүстік Тянь-Шань тауларының қар басқан шыңдарының табиғаты әсем. Мұнда «Медеу» мұз айдыны («Әлемдік рекордтар үстаханасы») мен дүниежүзілік дәрежедегі Шымбұлақ тау шавдысы курорты орналасқан. Оңтүстікте әлемге әйгілі «Алтын адам» мен ЮНЕСКО тізіміне енгізілген жартастағы таңбалы тас суреттері бар. Іле Алатауының етегінде еліміздегі ең ірі рекреациялық орталық - Алматы созылып жатыр. Көптеген туристер «Көне Тараз ескерткіштері» мен Отырар мұражай-қорықтарына, «кіші түрік Меккесі» - Түркістанға келеді. Оның нысандарының бірін алғаш рет ЮНЕСКО әлемдік мәдениеттің жетістігі деп бағалады.


Бақылау сұрақтары:

1. Әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі мақсаты

2. Халыққа тұтыну тауарларын ұсынатын құрылым

3. Тұрмыстық қызмет көрсету мекемелеріне нелер жатады

4. Рекреациялық қорлардың неше түрі бар

5. Рекреациялық байлықтардың шоғырланған жері қай облыста


Лекция № 23

Тақырыбы: Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа енуі және оның маңызы

Жоспары:

1.Қазақстанда дүниежүзлік экономикада

2.Қазақстанның жоғары көрсеткішті өнеркәсіптері
Лекцияның мақсаты:
Студенттерге Қазақстанның жер көлеміің үлкендігін, табиғи ресурстарға бай екендігін, олардың ішінде өң көбі жер ресурстары екндігін түсіндіре келе, еңбек әлеуеті, жалпы ішкі өнімнің мөлшерін жоқарғы көрсеткіштері түсіндіру мақсат.
Лекция мәтіні:

1.Қазақстанның әлемдік экономикадағы ұстаным ең алдымен оның табиғи ресурстары анықтайды.

Ауданы бойынша біздің еліміз әлемнің ірі мемлекеттерінің қатарына жатады. Мемлекеттік аумағы бойынша тек 8 ел Қазақстанның алдында тұр.

Қазақстанның табиғи ресурстарға бай, оның ішінде ең маңыздысы –минералдық ресурстар. Қазақстан ғаламшарымыздағы табиғат байлықтарымен толық қамтамысыз етілген мемлекеттердің бірі екендігі әлемге әйгілі. Онда қазіргі шаруашылыққа қажетті жағдайлардың бәрі бар. Мұндай елдерді “кешенді минералды – шикізат базасы” бар елдер деп атайды.

Әлемде ондай елдер көп емес, олардың қатарына Ресей, Қытай. АҚШ, Бразилия, Аустралия, Канада, Идия жатады. Маңызды пайдалы қазбалар, оның ішінде тапшы қордың түрлері жөнінен республика алғашқа ондықтың құрамында (мырыш, вольфрам, ванадий, уран, хром, асбест, марганец, қорғасын, фосфорит, темір, күміс,мұнай, көмір, мыс, алтын)

Қазақстан жерінің қойнауында әлемдік ресурстар бойынша алғанда вольфрамның ½, уран мен хромның – ¼, қорғасынның 1/5 мырыш, мыс және темірдің 1/10 бөлігі шоғырланған.

Қазақстанның келесі бір табиғи байлығы – оның жер ресурстары. Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығы жерлерінің көп бөлігі пайдаланылмады. Көп жер мемлекеттік қорға аударылды. Соған қарамастан, республика әлемдегі ең бай елдердің біріне саналады. Жан басына шаққанда 1,3,га егістік жерден келеді.(дүние жүзінде - 0,2 га, Аустралияда - 2,8 га, АҚШ-та - 0,6 га). Қазақстанның егістік жерлерінің үлкен артықшылығы - қоңыржай белдеудің ең құнарлы топырағы - қара топырақты танаптардың молдығы.

Халық саны бойынша Қазақстан Республикасы орташа елдер тобына кіреді. Дүние жүзінде 61-орын (ғалам халкының 0,25%-ы), бірақ ТМД аумағында 4-ші және Орталық Азияда 2-орын алады. Тиісінше еңбек әлуеті де аз мөлшерде (экономикалық белсенді халық 7,5 млн адам немесе дүние жүзі бойынша 0,28%-ы құрайды). Бірақ, республика халық саны бойынша әлем елдері тізімінің алғашқы 1/3 бөлігіне кіреді, дегенмен оның тығыздығы бойынша (1 км2-ге 5,5 адамнан) - ең төменгі орында (213-орын).

Елдің өндірістік мүмкіндіктерін оның жалпы ішкі өнімінің мөлшеріне қарап анықтайды. Оның мөлшері көп болған сайын, елдің экономикасы қуатты болып келеді. Қазақстанның өндірістік әлуеті мөлшермен алғанда халық әлуетіне сәйкес келеді. ЖІӨ нышандық (символикалық) меже - 100 млрд долл. асып (2004 ж.-134 млрд долл.), жылдам көбейіп келеді. Оның өсу қарқыны бойынша (жылына 9%) республика алдыңғы елдердің санында. Экономиканың көп бөлігі экстенсивті жолмен даму үстінде.

Егер ЖІӨ мөлшері экономика ауқымын көрсететін болса, ал жандық көрсеткіші жан басына шакканда - оның даму денгейін анықтайды. Қазақстандағы ЖЮ жан басына шаққанда орташа әлемдік деңгейге жуық (2002 ж. - 7600-7900 долл.). Осы себепті БҮҮ Қазақстанды орташа дамыған елдер қатарына жатқызады. Бейнелеп айтқанда біз «күміс миллиардқа» (жылына 1 адамға шаққанда ЖІӨ 6-дан 15 мың долл. дейінгі елдер) сәйкес келеміз.



2.Қазақстанның жоғарғы көрсеткіштерге ие өнеркәсіптері - кен өндіру және металлургия салалары. Әсіресе, алғашқысынын рөлі зор. Ол барлық өндіріс өнімдерінің 3/5 бөлігін береді. Бұл салаларда әлемнің ең алып 200 шикізат компанияларының тізіміне енетін 13 ең ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында әлемдік жетекші салалар - «Богатырь» көмір кесіндісі, Соколов-Сарыбай КБК, Өскемен титан-магний комбинаты және Үлбі ме-таллургия зауыты бар.

Бұлар негізгі табиғатты пайдаланушы салалар. Олар «экологиялық лас» салалардың қатарына жатады және көбінесе экспортқа жұмыс істейді. Олардың дамуы дүниежүзілік рыноктың бағасына тікелей тәуелді болып келеді. Әрине, ондай тәуелділік ел үшін қауіпті де, өйткені, баға күрт төмендеген жағдайда олардың терең тығырыққа батуы ғажап емес. Осының алдын алу үшін республикада өңдеу өнеркәсіптерінің жаңа кәсіпорындарының ашылуына қолдау көрсетіліп, Ұлттық мұнай қоры құрылған.

Өңдеуші өнеркәсіпте Қазақстан дамыған негізгі химиямен -әсіресе, сары фосфор мен хром қосылыстарын өндірумен ерекшеленеді. Зауыттар көп мөлшерде қышқылдар мен тыңайтқыштар өндіре алады. Қазақстан өнеркәсібінің бұдан басқа салалары өз дәрежесінде дамымаған. Машина жасаудағы үлесі 3%-ы ғана (Жапонияда - 50%-ы, Қытайда - 30%-ы, Қырғызстанда -11%-ы), ал жеңіл өнеркәсіп бар болғаны 1%-ы ғана кұрайды. Сол себепті машина мен құрал-жабдықтардың 1/4 шетелден сатылып әкелінеді.

Сонымен қатар еліміз өндірісі дамыған елдерден өңдеуші салалардың деңгейі бойынша өте артта қалып келеді. Ол әлемнің дамыған мемлекеттерінің орнын анықтайтын электроника өнімдерін өндіретін, станок жасайтын т. б. салалардың тізімінде жоқ. Елде автомобиль шығару енді ғана құрылып келеді. Мұнай мен газдың көп мөлшерде өндірілетініне қарамастан, мұнай-химия өнеркәсібі жоққа тән. Бір тұрғынға шаққандағы пластмасса шығарудан (0,5 кг) Қазақстан Еуропа елдері мен АҚШ-тан 300-500 есе артта қалып келеді.

Қазақстан, сонымен қатар ғылыми-техникалық әлует деңгейі бойынша, әсіресе, ғылыми-зерттеу және жобалық-конструкторлық жұмыстарға қаржы жұмсау жөнінен артта қалып келеді. Олардың мөлшері ЖІӨ бойынша қысқарып кетті, 1994 ж - 1,1%-га, 2004 ж. - 0,3%-ға, яғни әлемнің ең кедей елдерінің деңгейінде). Өндірісі дамыған елдерде бүл көрсеткіш 3% шамасында.

Ауыл шаруашылығында Қазақстан ірі астық өндіруші болып табылады. Орташа жылдық өндіріс 1 адамға - 1 тоннадан айналады. Ондай көрсеткіш бар болғаны бірнеше елге ғана тән. Ол - ең бағалы қатты бидай өндіретін әлемдегі үш ауданның бірі.

Мал басының азаюы - мал шаруашылығындағы бұрынғы ұстанымды жоғалтты. Қазақстан үнемі етті экспортка шығарушы болды, ол бұрынғы КСРО-ның республикаларын етпен қамтамасыз ететін. Қазір ол өзін-өзі қамтамасыз ете алмауының салдарынан, ет өнімдерін АҚШ және басқа елдерден сатып алуға мәжбүр.

Халықаралық экономикалық байланыстар жүйесіндегі Қазақстанның ұстанымы нығайып келеді. Сауда жылдам өсуде. 2004 ж. оның көлемі 33 млрд долл. жетті. Бірақ, әлемдік экспорттағы республиканың үлесі (0,23%), ЖЮ қарағанда төмен (2004 ж - 0,25%). Сонымен, оны ұлғайтудың үлкен мүмкіндігі бар.

БҰҰ тек экономикалық кана емес, әлеуметтік көрсеткіштер бойынша да салыстырулар жасайды. Оның сарапшылары баяғы уақыттан бері адамзат дамуының индексін (АДИ) есептеуде. Оның негізіне 3 критерий алынады: адамдар қанша ұзақ өмір сүреді, олардың білім деңгейі және қаншалықты бай екендігі. АДИ 0,8-ден - 1-ге дейінгі елдер - адамзат әлуеті жоғары дамыған елдерге, 0,8-ден 0,5-ке дейінгілер - орташаға және 0,5-тен аздары төменгілерге жатады.


Бақылау сұрақтары:

1. Қазақстанның табиғи ресурстарға бай, оның ішінде ең маңыздысы қайсы?

2. Халық саны бойынша Қазақстан Республикасы дүние жүзінде нешінші орында?

3.Қазақстанда экономикалық белсенді халық қанша?

4. Халықаралық экономикалық байланыстар жүйесіндегі Қазақстанның ұстанымы қандай?
Лекция №24

Тақырыбы: Қазақстанның сыртқы экономикалық байланысы

Жоспары;

1.Экономикалық байланыс: кеңітетін “спектр және география”

2.Шет елдермен гуманитарлық байланыстар
Лекцияның мақсаты:
Студенттерге Қазақстанның сыртқы экономикалық байланысын, сыртқы тауар саудасына сыртқа шығару және сырттан әкелу жатадығын, біздің ел сыртқа көптеген жоғары өнім түрін шығарадығын, сыртқы сауда географиясында үлкен өзгерістер болып жатқандығы білдіру мақсат.
Лекция мәтіні:
1.Ең үлкен деген елдің өзі барлық қажетті тауарды шығыры алмайды.

Бұл елдер арасында экономикалық немесе іскерлік серіктестк байланыстардың қалыптасуына алып келеді. Ондай байланыстар түрлері са алуан.

Оның кең таралған түрі –халықаралық мамандану және өндірісті кооперациялау.

Елдер арасында заттық, тетік және технологиялық мамандану бар.



Заттық мамандану -өңдеу өнеркәсібінің дайын өнім шығаруын қамтиды.Ол көбінесе машиа жасау мен химияда кең таралған.

Қазақстан трактор, ауыл шаруашылық машиналарын (тұқым сепкіш, тырмалағыш, дестелегіш), экскавторлар, конденсаторлар, рентген жабдықтарын, минералдық тыңайтқыштар шығаруғу маманданған. Олардың көбі Ресейге және Қытайға сатылады.



Технологиялық мамандануда – біртұтас өндірістік тізбек – “шикізат – жартылай фабрикат – дайын өнім” аумақтық жағынан ажыайды. Оның жеке бөліктері – технологиялық процесс стадиялары - әр елдерде орындалады. Ондай мамнданудың айқын мысалы ретінде АЭС үшін отын өндірудегі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты атап көрсетуге болады.

Халықаралық маманданудың ең күрделі түрі - тетіктік мамандану. Ол өндірісті кооперациялау түрінде сипатталады. Бұған Ульяновск қаласындағы «Авиастар» зауытында ТУ-204 жаңа Ресей ұшақтарын шығаруға Қазақстан кәсіпорындарының қатысуын мысалға келтіруге болады.

Мамандану мен өндірісті кооперациялау сыртқы экономикалық байланыстың ең «ескі» әрі «кең» таралған түрі - сыртқы саудамен тығыз байланысты.

Сыртқы тауар саудасына сыртқа шығару (экспорт) және сырттан әкелу (импорт) жатады. 1993 жылдан Қазақстанның шет елдермен саудасы 5 есеге өсті (2004 ж. - 33 млрд долларды, оның ішінде экспорт 20 млрд долл. құрады). Елдің сырттан әкелгеннен гөрі, сыртқа үлкен сомаға тауар шығаруының маңызы зор. Бұл оның алтын валюталық қорын ұлғайтады.

Біздің ел сыртқа 300-ден жоғары өнім түрін шығарады. Бірақ Қазақстан экспортының 3/4 бөлігін бар болғаны 5-ақ тауар түрі -мұнай, қара металдар прокаты, тазартылған мыс, бидай және ферроқорытпалар құрайды. Елдің негізгі экспорттық тауары - шикі мұнай (барлық экспорттың 3/5 бөлігі).

Сыртқы сауда географиясында үлкен өзгерістер болды. Біріншіден, Қазақстанның серіктес мемлекеттерінің саны көбейді: қазір олар 170. Екіншіден, қазір сауданың 2/3 бөлігі алыс шет елдердің үлесіне тиеді. Сауда көлемінің ұлғаюына байланысты, ТМД елдерінің үлесі азайды, өйткені оларда экспортқа бізбен бірдей тауарлар шығарады.

Қазақстанның сыртқы саудасын «құрлықтық» сауда деп те атауға болады, өйткені оның басым бөлігі (9/10-нан жоғары мөлшері) Еуразия елдерімен жүргізілетін сауданы құрайды.Оның географиялық жобасын ТМД елдерімен (барлық сауданың 31%-ы), әсіресе ЕурАзЭҚ елдерімен (25%-ы), Еуропалық Одақпен (32%-ы) жөне Қытаймен (8%-ы) арадағы тауар айналымдары береді. Олардың үлесіне еліміздегі тауар айналымының 3/4 бөлігі келеді.

Қазақстан өнімдерін негізгі сатып алушылар — Швейцария, Италия, Ресей, Қытай (барлық экспорттың 60%-ы). Тағы осындай мөлшердегі импорт тауарлары Ресей, Германия, Қытай және Украинадан келеді.

Елдер тек тауармен ғана емес, қызмет көрсету түрлерімен де алмасады. Қызмет көрсету — бұйым шығарумен тікелей байланысы жоқ, ақылы жұмыс түрлері. Сондықтан қызмет көрсету саудасын «көрінбейтін экспорт» деп те атайды.)

Қазақстанның тауар саудасынан гөрі, қызмет көрсету саласы жылдам өсіп келеді. 1993 ж. ол 6 есеге өсті. (2004 ж 7 млрд долл.) Республика басқа елдерге қызмет көрсетуден гөрі өзі оны 3 млрд долларға көп қабылдайды.

Қазақстанның экспорттьщ негізгі серіктестері - ТМД елдері, ал импорттық географиясы әр алуан. Іскерлік қызмет көрсетуде АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Германияның, ал туристік қызметте - Ресей және ТМД елдері, кұрлыстық қызмет көрсетуде Түркия, ал фрахталық қызмет керсетуде Әзірбайжанның рөлі үлкен.

Іскерлік серіктестік көп жағдайда бірлескен кәсіпорын (БК) құруға алып келеді. Оған отандық және шет елдік компаниялар қаржы салады. 120 ел серіктес болып табылатын БК саны 7000-ға жетті. Олардың ішіндегі негізгілері - Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ, Германия және Ұлыбритания. Біріккен кәсіпорындар Қазақстанның экспорттық өнімдерінің 70% белігін шығарады.

Елдер арасындағы халықаралық ғылыми-техникалық байла-ныстардың зор маңызы бар.

Білім саудасы, әсіресе, ғылыми-техникалық жобалар (машиналар мен аспаптар сызбалары мен технологиялык сипаттамалар) саудасы кең таралған.

Арнаулы ұйымдар ғылыми-техникалық жобаларды (жаңалықтарды) тіркеп, өнертапқышқа оны пайдалану құқына патент береді. Оның иесі патентін сатуына болады. Бірақ көп жағдайда ол патенттің өзін емес, лицензиясын сатады, яғни патентті ел ішінде немесе шет елде пайдалануға рұқсат береді. Сатушыға бұл тиімдірек, себебі патентті бірақ адамға сату мүмкіндігі болса, лицензияны бір уакытта ондаған, тіпті жүздеген адамға сатуға болады.

Біздің елімізде көптеген өнертапқыштардың басты ғылыми ор-талықтарында дүние жүзіне әйгілі ғылыми өнер табыстары ашылды. Олардың қатарында түсті металдар ғылыми-зерттеу институты (Өскемен), Ұлттық ядролық орталық (Курчатов, ШҢО), мұнай және газ институты (Атырау), химиялық технология және ғарыштық зерттеулер институттары (екеуі де Алматыда) және т. б. бар. Дегенмен, әлемдік деңгеймен салыстырғанда елдің ғылыми-техникалық мүмкіндіктері аса жоғары емес. Ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарымен бар болғаны 14 мыңдай ғана адам айналысады (дүние жүзі ғалымдарының 0,25%-ы). Оларға бөлінетін қаржы мөлшері де көп емес (жалпы ішкі өнімнің 0,3%).

Қазақстанға қазіргі жаңа технологиялар мен жобалар шет елдік компаниялармен бірге келеді. Ғылыми-техникалық байланыстың тағы бір мысалы - әлемдегі ірі ғарыш айлақтарының бірі - Байқоңырда Қазакстанның «Бәйтерек» ракеталык-ғарыштық кешенін құру жөнінде Ресеймен ынтымактастық.

Халықаралық туризм - адамдардың шет елдерге табыс табудан басқа кез келген мақсатпен жарты жылға дейінгі мерзімде саяхат жасауы.

Қазақстан кеңестік кезеңде де қонақтарды көп қабылдайтын. Олар негізінде КСРО республикаларының халықтары болатын. Шет елдік туристердің саны 20 мыңнан аспайтын (1989) және олардың барлығы дерлік Алматыға келетін. Ал оларға Қазақстанның басқа аудандарына саяхат жасауға рұқсат етілмейтін. Шекара бойындағы облыстар, қорғаныс зауыттары орналасқан жерлер, ғарыш айлағы мен соғыс полигондары орналасқан аумақтар олар үшін «жабық жерлер» болды. Қазіргі уақытта ондай көптеген шектеулер алынып тасталған.

Дүние жүзінің біздің елге қызығушылығы өсіп отырғандықтан, елімізге келетін шет елдік қонақтар саны да ұлғайып келеді (2004 ж. - 4,3 млн).

Халықаралық туризм елімізге жылына 700 млн доллардай кіріс әкеледі. Бірақ одан да көп қаржыны (800 млн долл. шамасында) қазақстандыктар шет елдерге сапарға шығуда жұмсайды.

Халықаралық қаржы қатынастары әр алуан түрде жүзеге асырылады. Ең бірінші, бұл - шет ел валютасын сатып алу және сату .

Онымен банктер айналысады. Олар шет елдік банктермен белгілі бір мерзімде валюта жеткізуге (доллар, еуро, т. б.) мәмілеге келеді. Оларды ақша айырбастау пунктеріне сату арқылы пайда табады.

Екініпіден бұл — несие беру немесе несие алу. Олардың көмегімен елдер арасындағы барлық негізгі экономикалық байланыстар жүзеге асырылады. Несиені төменгі пайызбен алып, оны кіріс табу үшін пайдаланудың және уақытында қайтарудың маңызы бар. Ондай болмағанда, елдің сыртқы қарызы пайда болады.

Үшіншіден, бұл - ұзақ мерзімге капитал салу (инвестиция) немесе шет елдердің инвестиция салуы. Капитал дегеніміз - ақша қаражаты, шикізат қоры және құрал-жабдық та болып табылады. Ең маңыздысы, ол кіріс кіргізуі шарт.

Қазақстанға экспортқа капитал шығаратын негізгі елдер -АҚПІ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытай жөне Түркия. Мысалы, АҚШ-тың инвестициясымен - Теңіз кенорны, Ұлыбритания инвестициясымен - Қарашығанақ. Қытаймен - Жаңажол, Құмкөл кәсіпорындары игерілуде. Оңтүстік Кореяның ақша салымы негізінде мыс өнеркәсібіне жұмсалуда.

Қазақстан езіне инвестиция тартып қана коймай, өзі де оны басқа елдер экономикасына салуда. Олар ТМД елдері, әсіресе -Ресей. Бірақ оған ірі инвестициялар мен алыс шетел мемлекеттерін мысалға келтіруге болады.



2. Шет елдермен гуманитарлық байланыстар. Іскерлік серіктестікпен қатар, мемлекет аралық гуманитарлық ынтымақ-тастықтың үлкен маңызы бар. Ол адамзат қарым-қатынасының саласын: денсаулық сақтауды, білім беруді, мәдениетті, қоршаған ортаны бірлесіп қорғау шараларын камтиды.

Қазақстанды дәрігерлер мен ғалым-медиктердің ынтымақтасу географиясы өте ауқымды. Олар Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының жұмысына қатысып, халыкқа медициналық тексеруді бірлесіп жүргізеді, қауіпті ауруларды емдеу тәсілдерін қарастырады, ядролық сынақтан зардап шеккен адамдар денсаулығын қалпына келтірумен айналысады. Әсіресе, АҚШ, Еуропа елдері жөне Ресей денсаулық сақтау қызметкерлерімен тығыз байланыс орнаған.



Мәдени қарым-қатынас халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты қамтамасыз етеді. Сондықтан, оған кеп көңіл бөлінеді. Театр қызметкерлері кездесулер өткізіп тұрады. Ондай көптеген шаралар Ресейдін. Қазақстандағы жөне Қазақстанның Ресейдегі жылдары аясында жүргізіледі. 2004 ж. жарты ғасырлық үзілістен кейін, алғаш рет біздің елімізде Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының күндері өткізілді. Еліміздің шекаралас аудандары мен біздің көршілеріміз арасында да әр түрлі мәдени байланыстар қалыптасқан.

Білім беру саласында 40-тай жақын және алыс шет елдер Қазақстанның серіктестері болып табылады. Шет елдік студенттер біздің жоғары оку орындарымызда білім алуда. Өз кезегінде 20 мыңнан астам жас қазақстандықтар әлемнің 35 елінде оқып жатыр. Бұған халықаралық білім беру алмасулары, шет елдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың тағайындайтын стипендиялары үлкен ықпалын тигізеді. Жылына 3000-нан астам қазақстандықтар Қазақстан Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясының арқасында шет елдік басты университеттерде білім алуда. Білім «дамытудағы» саланын еліміздегі негізгі серіктестері: Ресей, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, сонымен қатар ЮНЕСКО мен БҰҰ-ның Балалар коры (ЮНИСЕФ).

Қоршаған ортаны қорғау мәселесінде Орталық Азияның көршілес елдерімен (Арал бойы), Ресеймен (Каспий теңізінің табиғи кешендерін сақтау), Қытаймен бірігіп жұмыс істеудің маңызы зор. Біздің еліміздегі 20-дан астам жоба БҰҰ-ның ықпал етуімен жүзеге асырылуда. Оларға Аралды қорғау мен қалдықтарды залалсыздандырудан бастап халықаралық биосфералық аумакқтарды ұйымдастыру мен жекелеген жануарлар түрлерін сақтап қалуға дейінгі шаралар кіреді
Бақылау сұрақтары:
1. Заттық мамандану

2. Экспорт және импорт дегеніміз не?

3. Шет елдермен гуманитарлық байланыстар

4. Мәдени қарым-қатынас дегеніміз не

5. Несие беру немесе несие алу.

6. Біздің еліміздегі қанша жоба БҰҰ-ның ықпал етуімен жүзеге асырылуда


Лекция № 25

Тақырыбы: Қазақстанды экономикалық ұйымдастыру

Жоспары:

1.Аумақтық өндіріс аймақтарын ұйымдастыру

2. Экономикалық ұйымдастыру
Лекцияның мақсаты:
Студенттердің білу керек мақсаты: Қазақстанды географиялық орнына, климатына, табиғат ресурстарына, өнеркәсіптердің орналасуына байланысты эконмикалық аудандарға бөлінетіндігін білу керек.
Лекция мәтіні:
1.Мемлекетіміздің аумағының үлкен болуы, табиғат жағдайының және ресурстарының алуан түрлілігі географиялық еңбек бөлінісінің (ГЕБ) негізі болып табылады.

Географиялық еңбек бөлінісі – жекелеген облыстағы өнеркәсіп салаларының және ауыл шаруашылығының қалыптасу мумкіншілігін анықтайды.

Мысалға, Солтүстік Қазақстан облыстарының агроклиматтық жағдайларының қолайлылығы егіншілікпен шұғылдануға, ірі қараны өсіруге мүмкіншілік береді. Ал оңтүстік батыстағы Маңғыстау облысының табиғат жағдайының ерекшелігі ауыл шаруашылығында тек қана қой, түйе, шаруашылығын дамытуға мүмкіншілік береді.

Мамандану: кәсіпорындарға, және жеке аймақтарға байланысты немесе бірнеше облыс аумағына тән болуы мүмкін.

Салалардың мамандануын қалыптастыру үшін төмендегідей жағдайлар керек.

- Сол аумаққа қажетті тауар (өнім) түрлері мүмкіндігінше артық өндірілуі тиіс (Артық өнім келесі аудандардың қажеттілігіне жұмсалады).

- Басқа аудандарға қарағанда өнімнің өзіндік құны арзан болуы тиіс.

- Ресурстары мен оны игерудің қолайлы жағдайы ондаған жылға жететіндей болуы тиіс және оны тасымалдау үшін көлікпен қамтамасыз етілуі қажет.

Экономикалық аудандар қалыптасып, мамандануында бір-бірінен айырмашылық жасайды және өзіне тән кешенді шаруашылығы, географиялық жағдайы, табиғи және еңбек ресурсы пайда болады.

Қазақстан аумағы бес экономикалық ауданға бөлінген. Орталық, Шығыс, Батыс, Солтүстік және Оңтүстік .

Маманданудың төмендегідей көрсеткіші бар. Яғни мамандану коэффициентінің формуласын қолданамыз.


К =--А--- ,

Х

бұл жердегі A - мемлекетіміздің жалпы өндірісіндегі аудан өнімінің үлесі (белгілі бір сала бойынша).

Егер К=1-ге тең болса саланы маманданған сала деп есептеуге болады.

Мысалға. Республикамыздағы мұнай өндірісінде батыс Қазақстанның үлесі 81% болса, халық саны 17%, яғни мамандану көрсеткіші (К) 4,8. Сондьқтан да мұнай өнеркөсібі Батыс Қазақстанның маманданған саласы болып шығады.

Мамандану салалары – шаруашылықтың негізі.Аудан көлеміндегі басқа салалар негізгі маманданған саланың дамуына қосымша әсер етеді. Мысалыға, Солтүстік Қазақстанның мамнданған салаларының біріне егіншілік жатады. Бұл саланы интенсивті дамыту үшін Павлодар трактор зауыты шығаратын трактор қажет.

Қосымша салаларға химия өнеркәсібі салаларын жатқызуға болады.Бұл өнеркәсіп әр түрлі салалардың қалдықтарын пайдалана отырып жаңа өнім түрлерін шығарады емесе электр энергиясын береді.

2.Аудан экономикасының дамуына еңбек ресурстарының бөлінуі де әсер етеді.

Мысалыға, ауыр өнеркәсіпте көбінесе ер адамдар жұмыс істесе, әйел адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жеңіл және тамақ өнеркәсібін, яғни қызмет көрсету салаларын дамыту қажет. Бұл салалар аудан халқын, тамақ өнімдерімен мәдени-тұрмыстық қажеттіліктерімен қамтамасыз етеді. Бұларды –қызмет көрсету саласы дейміз.

Кез келген экономикалық аудан өзінің құрамына маманданған, қосымша және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Бұл салалар аудан аумағындағы ресурстарды біріктіре отырып пайдаланады.

Соның нәиежиесінде аудан көлемінде ерекше кешенді дамыған шаруашылық пайда болады. Аумақтық халық шаруашылығын тиімді пайдалану формасының ұйымдастырылған түріне өнеркәсіп торабтары және аумақтық өнеркәсіп кешендері жатады. (АӨК). АӨК – аймақтық өнеркәсіптің өзегі болып есептелінеді.АӨК белгіпі бір өнім түрлерін шығвру үшін ірі өндіріс жанына шоғырланған кәсіпорындардың өндірістік байланысы.

АӨК – мемлекетіміздің халық шаруашылығында материалдық және еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіншілік береді.

Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану нәтежиесінде қаржы жұмсау және көлік шығыны азайып, еңбектің өнімділігі жоғарылайды. Сонымен бірге қоршаған ортаны қорғау және халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелері қолайлы жағынан шешіледі.


Бақылау сұрақтары:

1. Қазақстан аумағы қанша экономикалық ауданға бөлінген

2. Географиялық еңбек бөлінісі дегеніміз не?

3. Мамандану салалары дегеніміз не




Лекция № 26


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет