Білім жүйесіндегі психологиялық қызметтің міндеті, қызметі
Мектепте балаларға берілетін білім мен тәрбиенің тиімділігін арттыру, нәтижелі меңгерілуді психологиялық қызмет жүйесі реттейді. Психологтар бала өміріне қатысты мәселенің бәріне қатысады, бала жасынан жасөспірімдік кезеңге дейін оқушыларды өз қадағалауында ұстайды. Психолог мамандар психодиагностикалық зерттеу жүргізіп, баланың психикалық даму темпін бақылау, мінезінің қалыптасуын қадағалайды, қажет жағдайда баланың тәрбиесіне мен мінез-құлқына қатысты ақыл-кеңес береді, түзету жолдарын ұсынады.
Қазіргі білім жүйесінде баланың интеллектуалдық деңгейін бақылауда, жеке бас мүмкіндіктерін ашуда, қызығушылықтарын оятып, бейімділіктерін ұштауда психологиялық қызметтің орны ерекше. Психологиялық қызметтің негізгі функциясы – баланың психологиялық дамуын қадағалау. Баланың психологиялық дамуы біркелкі емес. Мұндай жағдайда психологиялық жетілу жағынан қатарынан қалыс қалған балаларға көмек қолын созып, психикалық даму тежелісінің себептерін анықтайды. Ол себептер әлеуметтік, физиологиялық және т.б. болуы мүмкін.
Білім жүйесіндегі психологиялық қызметтің басты міндеті – оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыра отырып, балаларды тәрбиелеу және оқыту үрдісін үнемі бақылап отыру. Білім жүйесінің баланың психикалық даму заңдылықтарына, физиологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерді ескеруін қатаң қадағалайды. Мұндағы психологтың жұмыс мақсаты – күрделі ғылым бала жасына сәйкес мазмұнда, сол балда жасының ерекшелігіне сай әдіс-тәсілдермен берілуін қамтамасыз етеді.
Мектеп психологы жұмысының негізгі аспектісі психопрофилактикамен байланысты. Психопрофилактика (психологиялық алдын-алу) патопсихология, дефектологиямен тығыз байланысты.
Білім жүйесіндегі психологиялық қызмет балалармен, оқытушылармен, ата-аналармен және білім басқармасымен тығыз байланыс құрайды. Бұл тізбекте психолог педагогтың, психотерапевт пен кеңес берушінің, түзетушінің міндетін атқарады. Эндокриндік немесе жүрек аурулары психогендік сипатқа ие. Психолог осыған қатысты практикалық жұмыспен шұғылдана отырып, аталмыш аурулардың алдын-алу, ауруды болдыртпау жолдарын, кепілдік негіздерін қарастырады.
Жалпы бала дамуын жете түсіну үшін, оларды басқару үшін де білім саласының қызметкерлері де психологияны меңгеруі керек. Психологиялық білім жылма-жыл жаңарып, түрленіп отырады.
Психологиялық қызметтің негізгі қызметі – педагог, дефектолог, әлеуметтанушы, дәрігер, заңгер сияқты өзге сала мамандарымен бірлесе отырып, өзгеше қарым-қатынасты, айрықша назар аударуды қажет ететін психологиялық жетілу жағынан қалыс қалған бала тағдырына қатысты мәселелерді шешу. Даму жағынан кемшік балалар мен дарынды балалар үшін ұсынылатын тапсырмалар, әдіс-тәсілдер мен білім жүйесі алдын-ала медициналық-психологиялық, психологиялық-педагогикалық сараптамадан өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |