Әлеуметтік жаңғырту: мақсаты, міндеттері, қағидаттары Жолдау-2012 әлеуметтік саладағы жаңғырту үдерістеріне қуатты серпін берді. Алайда, іс жүзінде әзірше проблематикалардың ең үстіңгі «қабаты» ғана «ашылды». Осы себепті, олар одан әрі шешуді қажет етеді.
Сондықтан, әлеуметтік жаңғыртудың барлық мемлекеттік органдар басшылыққа алуы тиісті барлық үдерістерін түсінудің біртұтас пішінін айқындау маңызды. Және бұл түсінік барша халыққа қолжетімді болуы тиіс.
Жаңғырту үдерістерінің табыстылығы көп жағдайда оның қандай қағидаттар бойынша жүзеге асырылатынына байланысты болады.
Біріншіден, бұл ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ қағидаты.
Ешқандай да «алға озу» болмауы тиіс. Әлеуметтік саладағы барлық өзгерістер даму деңгейімен Қазақстан экономикасының мүмкіндіктеріне сәйкесуі тиіс.
Жаңғырту үдерістерінің алгоритмі кейін қалған салаларды, өңірлерді, әлеуметтік топтарды қолда бар стандарттар мен әлеуметтік даму көрсеткіштеріне «тартуға» арқаулануы тиіс.
Екіншіден, ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК қағидаты.
Әлеуметтік жаңғыртудың барысы мен нәтижесіне жауапкершілікті тек мемлекет пен оның барлық басқару деңгейлері ғана емес, сондай-ақ жекеменшік құрылымдар, барлық қоғам бөлісуі тиіс.
Жаңғыртудың табыстылығы үшін әрбір азаматтың өз Отанына пайдалы болуы өте маңызды. Жаңғырту барлық қазақстандықтарға қажет. Осындай түсіністік жағдайында ғана кең көлемді қоғамдық консенсус пен табысқа қол жеткізуге болады.
Үшіншіден, ӘРІПТЕСТІК ҚАТЫСУ қағидаты.
Барлық жұмыс мемлекеттің, бизнес пен азаматтың тығыз өзара іс-қимылы негізінде құрылуы тиіс. Бұл жерде биліктің міндеті - мемлекет, қоғам мен жеке адам мүддесінің рационалды тепе-теңдігін қамтамасыз ету.