4.2 Тұлға - тәрбиенің, өзіндік дамудың объектісі және субъектісі. Жеке тұлға өзінің қалыптасу барысында өзіндік дамуының обьектісі ғана емес, сонымен қатар субьектісі екенін ескеру керек. Сана мен іс-әрекеттің тұтастығы материалистік диалектика мен психологияның ең маңызды заңдылығы болып табылады. Субъектінің әрекеті – жеке тұлға дамуының факторы.
Белсенділік адамның табиғи қасиеттерінің бірі болып табылады. Психологияда белсенділікті іс-әрекет деп атайды. Жеке тұлғаның белсенділігі оның қажеттіліктерінен (материалдық, рухани, қоғамдық) туады. Сыртқы орта мен тәрбие жеке тұлғаның дамуының сыртқы факторына жатады. Ішкі факторға бейімділік пен әуестік, адамның сезімдері мен күйзелістері және сыртқы ортаның ықпалынан пайда болатын қажеттіліктер жатады. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуы осы екі фактормен тығыз байланысты.
Оқушының белсенділіктері іс-әрекеттің алуан түрінде көрінеді. Өмірдегі қарым-қатынас, таным, өзін-өзі жетілдіру, айналаны өзгерту және түрлі белсенділіктері дамиды. Қарым-қатынас бала белсенділігінің ең алғашқы белгісі. Ол түрлі қатынасқа түсу арқылы өзінің ең маңызды жақтарын дамытады. Бала өскен сайын оның танымдық белсенділігі тереңдей түседі. “Бұл не? Бұл кім? Қалай аталады?” - деген сұрақтарға жауап іздей бастайды. Мектептегі оқыту баланың таным белсенділігінің қалыптасуы мен тереңдеуіне мүмкіндік жасайды, сыныптан сыныпқа көшкен сайын өз бетінше білімді игеруге, оларды практикалық әрекетте пайдалану қабілетіне ие болады. Адамның әлеуметтік белсенділігі өзін қоршаған ортаға ықпал етеді, болмысты өзгертуге, қайта құруға бағытталады.
Тұлғаның дамуын зерттеу философия, педагогика, психология, әлеуметтану, медицина, мәдениеттану, этика, физиология т.б. ғылымдары кіріктіре жүргізеді. Адамның дамуы және оның тұлға ретінде қалыптасуы биологиялық, әлеуметтік және биоәлеуметтік тұрғыдан қарастырылады:
биологиялық бағыт - адам табиғаттың бір бөлшегі, оның іс-әрекеттері мен мінез-құлқы көбінесе табиғи қажеттіліктерге негізделеді;
әлеуметтік бағыт - адам биологиялық тіршілік иесі ретінде әлеуметтік топтардың қарым-қатынас ықпалынан әлеуметтенеді, қоғамдық ортаға бейімделеді;
биоәлеуметтік бағыт - жүре пайда болатын қасиеттерге негізделеді.
Жеке тұлғаның белсенділігінің бағыттары оқушының әр-алуан іс-әрекеттерінде көрініс табады. Олар: білім алу - танымдық, еңбек, қоғамдық пайдалы жұмыстар, ойын, эстетикалық, спорттық-сауықтыру әрекеттері. Жеке тұлғаның мүмкіндіктерінің ашылуына барынша көмектесуге мүмкіндік туғызатын қызмет - әрекетті ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерімен қаруландыру – баланың дамуын қамтамасыз ететін тәрбиенің басты құралы. Кез келген тәрбиелік міндет белсенділікті арттыру арқылы шешіледі.
«Тұлға», «адам», «индивид», «даралық» ұғымдары және олардың арақатынасына тоқталатын болсақ, тұлға – іс-әрекеттің және өзіндік дамудың субъектісі, индивидкөп адамдардың бірі, биологиялық тіршілік иесі ретінде қарастырылады.
Тұлға ол субъект, объект те бола алады. Себебі, субъект тұрғысынан алатын болсақ тұлға саналы іс-әрекет ете алатын қабілетті тұлға болып табылады. Әлеуметтік ортада тұлға объекті ретінде білім, тәрбие ала отырып, әлеуметтенеді.
Тәрбиенің екі жақты сипаты болады: тәрбиешіден тәрбиеленушіге дейінгі тікелей байланыс - міндетті саналатын әрекет. Тәрбиешінің қолында кері байланыстан алынатын мәлімет неғұрлым көп болса, тәрбиелік ықпал соғұрлым мақсаттылықпен іске асырылады. Бұл заңдылық мұғалім мен оқушының өзара әрекетінің және тәрбие нәтижелерінің арасындағы байланыстың болуын қарастырады.
Жеке тұлға – адамның анатомиялық-физиологиялық пісіп-жетілуі, оның жүйке және психикалық жүйесінің жетілуі, сонымен бірге танымдық және шығармашылық іс-әрекетті, дүниетанымдық, қоғамдық-саяси көзқарастарды, наным-сенімдерді байытудағы сандық және сапалық өзгерістердің өзара байланысу үдерісі.
«Жеке адам», «жеке тұлға» түсініктерінің сипаттамасы «даралық» түсінігімен толықтырылады. Даралық түсінігі бір адамды екіншісінен айырып, оған өзіндік қайталанбас сән беретін жалпылық және жалқылық қасиеттерді білдіреді. Даралық бір адамның екіншісіне ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі мен өзгешелігін сипаттайды. Даралық, әдетте, мінез бен темпераменттің айрықша бітістері, шығармашылық іс-әрекет және қабілетінің ерекшеліктерінің өзіндік көріністерімен бөлектенеді.
Жеке тұлға даралығы – индивид тұлғасының және психологиялық өзіндік ерекшелігі, қайталанбастығы, оның темпераментінен, мінез-құлықтарынан, интеллектуалдығынан, қабілеттерінен көрініс береді.
Жеке тұлғаның әлеуметтенуі В.А.Соковиннің көрсеткеніндей үш деңгейде жүзеге асады:
1) қоғамның жалпы индивидке ықпалы, қоғам өз байлығын және әлеуметтік құндылықтарын, арман-мұратын, мақсатын қарым-қатынас арқылы – оның «әлеуметтік ұйымдастырылған құрылымы» арқылы;
2) жалпы қарым-қатынас үдерісінде жеке тұлғаға ықпал ету жалпы ақпарат құралдары арқылы ;
3) жеке топ ішінде қоғамға ықпал ету қарым-қатынасы арқылы;
Кіші топта қарым-қатынас әрбір индивидтің шығармашылық өсуіне қосымша мүмкіндіктер жасайды. Мысалы, өз идеяларын, көзқарастарын әсерлерін тексеруге; өзін-өзі түсінуге, өз жетістіктерін бағалауға және қателіктерін түсінуге көмектеседі.
Қазіргі таңда тәрбиенің негізі басты бағыты – тұлғаны қалыптастыру. Тұлғаны қалыптастыру ол үздіксіз жүргізілетін педагогикалық үдеріс. Адам кәсіби мамандық иесі, оған дайындық барысында, мамандыққа сай білімін жалғастырғанда бірге жүреді. Тұлға дегенімізге философиялық, педагогикалық, психологиялық ғылымы тұрғысынан жан - жақты зерттеу жүргізіліп, әр қырынан өздерінің анықтамалық тұжырымын береді. Тұлға – ерік-жігерінің іске асуы, өз ойын еркін іске асырудың дайындығы және оның іске асуының нәтижесі. Ерік-жігер механизмі дегеніміз адамның өзіне тән жеке бас қасиеттерін іске асыруы. Тұлға дегеніміз – сезімнің, әсердің ішкі күшінің - сүйініштің бойға жинақтаған көрінісі.
Шынайы патриот тұлға – жалпы адамзаттық құндылықтардың негізін салушы және таратушы (С.Л.Рубинштейн).
Жан-жақты мәдениетті тұлға деп өз мәдениетіне де, өзге мәдениетке де тәнті адам деп танимыз. Төл мәдениетті терең білу оған басқа мәдениеттерге қызығушылыққа іргетас қаласа, көп мәдениетті білу өз мәдениетін мақтан тұтуға негіз салады.