Лекция 4. Кеңестік Қазақстанның тарихи бастаулары: қазақтандыру қиыншылықтары
Жоспары:
1. Ресейдегі Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы және оның Қазақстанға ықпалының ерекшелігі: саяси партиялар және қазақ комитеттерінің қызметі
2.Уақытша өкіметтің құлауы: Кеңес, Алашорда, Түркістан автономиясы үкіметінің құрылуы және қызметі
3. Қазақстан азаматтық қарсыласу жылдарында
4. Қырғыз (Қазақ) АСР-ның құрылуы – ұлттық мемлекет құру идеясын таптық негіздегі мемлекет құру идеясымен ауыстыру және Кеңестік тоталитарлық басқару жүйесінің негіздерінің қалануы.
1. Ресейдегі патша билігіне қарсы екінші көтеріліс ретіндегі 1917 жылы 24 ақпанда Петроградта болған буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылып, министрлер мен көрнекті шенеуніктері тұтқынға алынды. Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясы Ресей халықтарының, оның алдыңғы қатарлы күштерінің патша билігіне, крепостниктік құрылысқа және отарлық езгіге қарсы көп жылдық күресінің жеңісімен аяқталды.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында: "…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш" - деп жар салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың ролі орасан өсті. Революция патшалық цензураны жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды. Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын А.Байтұрсынов: “Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және, екіншіден, оларды өзімізді басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді”, - деп түсіндіреді.
Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша чиновниктері, эсерлер, меньшевиктер және буржуазиялық ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша өкіметтің органдары мен бірге халықтық өкіметтің жаңа органдары жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының Кеңестері құрылды. Патша өкіметін құлату Ресей мен оның ұлттық шет аймақтарындағы саяси күштердің орналасуын түбірімен өзгертті. Ақпан революциясының нәтижесінде қосөкімет қалыптасты, бір жағында буржуазия мен буржуазияланған помещиктердің Уақытша үкіметі пайда болса, екінші жағында жұмысшы және солдат депутаттарының мүддесін көздейтін Кеңестер құрылды.
Түркістан өлкесінің орталығында және Сырдария облысының Ташкент қаласында саяси өмір жандана бастады. Тұтастай еуропалықтардан тұратын және жергілікті (мұсылман) халықтардың өмірімен санаспайтын жұмысшы, солдат депутаттарының ташкенттік Кеңесіне қарама-қарсы өлкеде әрқайсысы өз алдына Түркістанның жергілікті халықтарының мүдделерін қорғайтын екі саяси партия құрылды. Олардың алғашқысы жәдиттердің, яғни ұлттық-демократиялық қозғалыстың күшімен құрылып, «Шура-ислами» («Ислам кеңесі») деп аталды. «Шура-ислами» басшыларының арасында өздерінің саяси белсенділіктерімен М. Карры, У. Хожаев, М. Бехбуди және Түркістанның басқа да белгілі азаматтары көзге түсті. «Шура-исламидің» жұмысына 1917 жылы сәуірде Петроградтан Түркістанға оралған М. Шоқай да араласты. «Шура-исламилықтар» тұтастай алғанда Уақытша үкіметтің саясатын қолдады және Түркістанның демократиялық жолмен дамуын құптады. «Шура-ислами» партиясының ұйымдары өлкеде кеңінен ашылды және Сырдария облысының қалаларында ғана емес, Жетісуда да өз топтары болды. «Шура-исламидің» құрылуы Түркістан өміріндегі аса маңызды саяси оқиға болды, бұл партия қалыптаса келе «Түркістанда ресейлік үлгідегі қосөкіметтілікті қолдамады. Сөйтіп Түркістанның саяси аренасында үш өкімет орнықты», олар: Кеңестер, Уақытша үкіметтің билік органдары және өзін жергілікті (мұсылман) халқының сайланып қойылған үкіметі деп атаған «Шура-ислами» партиясы.
Екінші бір партия - өзін «Шура-улема» («Діни кауым кенесі») деп аталып, Серәлі Лапиннің жетекшілігімен 1917 жылы маусымда «Шура-исламидің» құрамынан шыққан мұсылмандардың топтасуымен құралды. Бұл әлсіз әрі мүшелерінің саны аз ұйым іс жүзінде Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының өміріне айтарлықтай ықпалын тигізе алған жоқ.
Егер салыстырмалы түрде Түркістанда «үш өкімет» құрылды десек, онда Қазақстанның; өз жағдайында да «көп өкіметтілік» орнықты деп айтуға болады. Мұнда «үш өкіметтің» жоғарыда аталған тармақтарына қосымша Батыс, Солтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағында орналасқан Орал, Орынбор және Жетісу қазақ станицалары тұрғындарының үкіметін, сондай-ақ облыстық қазақ комитеттерін және Ә. Бөкейханов пен оның серіктері ұйымдастырған, жалпы халықтық «Алаш» партиясын қосуға болады. 1917 жылы 21- 26 шілдеде Орынборда болған "Бүкіл қазақтық" съезде "Алаш" партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т.б. кірді.
Қазақстанда 1917 жылы қазан-қараша айларында дүниеге келген ұлттық-саяси ұйым «Үш жүз» партиясы болды. Партия мүшелері кейде өздерін «қазақтың социалистік партиясы» деп те атады. «Үш жүз» саяси ұйымындағы жетекшілік рольдерді бұрынғы қорғаушы адвокат, журналист және драматург Көлбай Тоғысов, фельдшер және тілмаш Шаймерден Әлжанов, Әбілхайыр Досов, Ысқақ Кабеков, Мұқан Айтпенов атқарды. ОК-тінің алғашқы төрағасы М.Әйтпенов, орынбасары К.Тоғысов, хатшысы Ы.Көбеков болды. Орталық органы «Үш жүз» газеті, оған Тоғысов редакторлық етті. Өзінің әлеуметтік тегі жағынан ұсақ буржуазияшыл демократтардың саяси ұйымы болды. Үш жүз алғашқыда Алаш партиясымен жақындасқысы келгенімен, кейін өкімет үшін күрес шырқай шегіне жетіп, таптық жіктелу үрдісі күшейген жағдайда «Үш жүз» іргесін Алаштан аулақ салып, большевиктер мен солшыл эсерлерге жақындай түсті. Қазан төңкерісі жеңіске жеткен соң Алаш партиясына қарсы ашық күреске шықты, оның оппоненті болды. «Үш жүздің» саяси көзқарастары «Алаш» партиясының саяси көзқарастарына үш өзекті мәселенің төңірегінде алшақтанды: 1) қазақ облыстары автономиясының сипаты; 2) жер мәселесін қайта қарау; 3) дін мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының сипаты. Партияның идеялық бағыты большевиктік қағидалардың күшті ықпалында болды. Партия басшылығына Петроградтағы Қазан төңкерісінен кейін К. Тоғысовтың келуімен «Үш жүздің» саяси қағидалары елеулі өзгерістерге ұшырады. Өз қызметінің бастапқы кезеңінде үшжүзшілер социал-революционерлер партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, ал 1918 жылдың қаңтарынан бастап жергілікті жерлерде Кеңес үкіметін орнату мен нығайту жұмысына белсене араласа бастады. 1918 жылдың басынан бастап үшжүзшілер басқа қозғалыстарға қарсы күрестегі большевиктердің сенімді одақтасына айналды. Осының бәрі большевиктік ұйымдардың белсенді материалдық және рухани қолдауы жағдайында өтті. Белгілі бір әлеуметтік негізі мен айқын бағдары болмаған, сөйтіп елеулі саяси күшке айнала алмаған «Үш жүз» 1918 жылдың жазында тарап кетті.
1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен әсер етті. Мысалы, 1917 жылдың 10 наурызында - Оралда (төрағасы - Әлібеков); 11-наурызында - Семейде (төрағасы - Р.Мәрсеков); Омбыда (төрағасы - Е.Итбаев); наурыздың аяғында - Верныйда (төрағасы - И.Жайнақов) құрылған және т.б. облыстың қазақ комитеттері "Қазақ" газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін дайындауға кірісті. Олар съездерге дайындалу барысында облыстық қоғамдық және басқа комитеттермен де, Уақытша үкіметтің органдарымен де ынтымақтастық жасады. Мысалы, Ә.Бөкейханов - Торғай облысы бойынша, М.Тынышбаев Жетісу облысы бойынша (эсер А.Шкапскиймен бірге) Уақытша үкіметтің комиссарлары болды. Ал, А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, М.Дулатов, Ж.Досмұхамедов, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Бірімжанов, Ә.Кенесарин, Р.Мәрсеков, тағы басқа қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жұмыс істеді. Осындай байырғы қазақ халқының, әсіресе, ұлт зиялыларының саяси белсенділігі өскен жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2-8 сәуір, 300-ден астам делегат, төрағасы - А.Байтұрсынов), Жетісу (Верный қаласы, 12-13 сәуір, 81 делегат, төрағасы - И.Жайнақов), Орал (Орал қаласы, 19-22 сәуір, 800-ден астам делегат, төрағасы - Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сәуір-5 мамыр, 150-ге жуық делегат, төрағасы - А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді. Бұл съездер ұлт азаттығын, жер мәселесін, діни, мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және басқа да проблемаларды шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың топтарының стратегиялық міндеттерін белгілеуге ұмтылуымен қатар, олардың осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын жасау жолында өздерінің одақтастары мен қарсыластарын да ашық көрсетуге тырысты. Облыстық съездердің ішінде Торғай съезі көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша айрықша ерекшеленді. Съезд жұмыстарына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Қалменов, М.Шоқаев, М.Жұмабаев және басқа да сол кезеңдегі жас қазақ ойшылдары шешуші ықпал жасады. Соның арқасында съезд шешімдерінде "Алаш" қозғалысының бағдарламалық талаптары өз көрінісін тапты.
1917 жылғы 9 наурызда «Семей облыстық атқару комитетінің бюллетені», уездік атқару комитеттері - Зайсанда, Павлодарда, Көкпектіде Уақытша үкіметтін жергілікті ұйымдары ұйымдастырылғаны туралы хабарлады. Жекелеген қалаларда (Орал, Верный, Ақмола, Семей, Әулиеата) алғашқы қырғыз (қазақ) және мұсылман комитеттері құрылды. Оларды ұйымдастырудың бастамашылары Ә.Н.Бөкейханов бастаған қазақ интеллигенциясының либералдық-демократиялық көсемдерімен тығыз байланыста болды. Ақпан революциясы жеңісінің хабары жеткен бойда тыл жұмысшыларының тағдырын шешу үшін қазақ жұртшылығы жіберген, бұл кезде Минскіде тұрған 15 адам Қазақстандағы өз жақтастарына үндеу хат жіберді. Бұл үндеуге Ә. Бокейханов, М. Дулатов, М. Есболов, Н. Тореқұлов, Т. Жаманмұрынов және басқалар қол койып, оны М.Тынышбаев (Черняев к.), А. Тұрлыбаев (Омбы қ.), А. Сәтбаев (Павлодар к.), Р. Мәрсеков пен Т. Ибрагимов (Семей к.), С. Жылкайдаров (Атбасар қ.), X. Досмұхамедов (Ойыл қ.), Т. Шонанов (Ырғыз қ.), К. Қожықов (Әндіжан к.), ағайынды Тұрысбековтер (Қапал қ.), Б. Каралдин, О. Алмасов (Торғай қ.) және басқалардың аттарына (барлығы 25 мекенжай бойынша) жіберілген болатын.
Қазақ комитеттері Уақытша үкіметке халықтың өзекті жалпы ұлттық мүдделерін ұсынуға және оларды табандылықпен қорғауға тырысатын демократиялық бағыттағы қоғамдық ұйымдар екенін көрсетті. Үндеу авторларының бір бөлігі Мемлекеттік Думаның мүшесі И.А. Ахтямовтың шақыруымен Петроградқа мұсылмандар кеңесіне келді. Оған Қазақстаннан Н. Құрбанғалиев, Ә.Н. Бөкейханов, А. Кенжин, Ж. Сейдалин, М. Дулатов және М. Боштаевтар қатысты. Пікір алысудан кейін мұсылман ұйымын үйлестіретін орталық мұсылман бюросын құру және Бүкілресейлік мұсылмандар съезін шақыру қажет деп тапты.
Кеңеске қатысушылардың басым көпшілігі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бірден туған өлкелеріне жүріп кетті. Ә. Н. Бөкейханов конституциялық-демократиялық партияның VII съезінің (25-28 наурыз, 1917 жыл) делегаты ретінде Петроградта аялдап қалды. Бұл партияның саяси бағыты Уақытша үкіметті толығымен қолдауды, «жауды толық және түпкілікті жеңіп шыққанша соғысты жалғастыра беруді», Құрылтай жиналысының тұғырнамасында аграрлық және Ұлттық мәселелерді шешуді анықтап берді.
2. 1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) әскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті. Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань тәрізді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс аймақтың әлеуметтік-экономикалық және мәдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе түсті.
Кеңес өкіметі Уақытша үкіметтің жақтастары қарулы қарсылық көрсете алмаған Сырдария, Ақмола облыстары және Бөкей Ордасында бейбіт жолмен орнады. Ал, Торғай, Орал, Орынбор, Семей және Жетісу облыстарында Кеңес өкіметін орнату үшін қиян-кескі күрес басталды. Перовск (Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары өкімет билігін 1917 жылғы 30 қазанда (29 қараша) өз қолына алды. Ол кезде бұл үлкен әскери гарнизон орналасқан ірі темір жол станциясы болатын. Бұл жерде Кеңес үкіметі бейбіт жолмен орнады. Сырдария облысында Кеңес үкіметінің орнауы оның саяси – экономикалық және әкімшілік орталағы Ташкент қаласында 1917 жылғы 31 қазанда қарулы күреспен орнады. 1917 жылы қараша айының орта кезінде Кеңес үкіметі Черняев (Шымкент) қаласында жеңді. Қараша – желтоқсан айларында Кеңес үкіметі Түркістанда, Әулиеата, Қазалы, Арал поселкесінде және облыстың басқа да ірі елді мекендерінде қан төгіссіз бейбіт жолмен орнады.
Кеңес үкіметін орнату үшін Ақмола даласы мен Ертіс бойында табан тірескен шайқастар жүргізілді. 1917 жылы 12 қарашада Уақытша революциялық комитет құрылды. Төрағасы И. Д. Дубинин болды, құрамына Ғ. Ыдырысов, Я. Побелянский, К. Сүтішов, К. Рыжков және т. б кірді. Дегенмен, Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Семей, Өскемен өлкелерінде казак - орыс және офицер - старшина билеуші топтардың ықпалы басым болғандықтан Кеңес үкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Семейде үкімет билігі жергілікті Кеңестің қолына 1918 жылы ақпанның 16 - нан 17- не қараған түнде көшті.
1917 жылғы желтоқсан - 1918 жылғы наурыз аралығында Кеңес үкіметі Торғай облысының орталығы Қостанай, Ақтөбе қалалары мен басқа да ірі елді мекендерде орнады. Торғай облысында Кеңес үкіметінің орнауына А. Иманов, Қ. Қойдосов, В. Чеклиров, В. Зинченко және т. б күрескерлер елеулі үлес қосты. 1917 жылы қарашада Орынборда атаман Дутов контрреволюциялық төңкеріс жасап, өкімет билігі казактардың «Әскери үкіметі» қолына көшті. Атаман Дутовтың казактар тобы, Алашорда үкіметі, меньшевиктер Кеңес үкіметіне қарсы бірікті. Дутовшыларға қарсы күрес жүргізіліп шұғыл әскери көмек көрсетілді. Нәтижесінде 1918 жылы 18 қаңтарда Орынборда қарулы күреспен Кеңес үкіметі орнады.
Оралда Кеңес үкіметі қиын жағдайда орнатылып, 1918 жылы 15 қаңтарда жеңіп шықты. Жетісуда Кеңес үкіметін орнату жолындағы күрес, контрреволюциялық күштерінің басым болуына байланысты 1918 жылдың көктеміне дейін созылды. Мұнда революцияны қолдаушылардың қосқан үлесі елеулі болды. Олардың арасында Т. Бокин, Т. Өтенов, Ж. Бабаев, А. Розыбакиев сияқты жергілікті халық өкілдері бар еді. Верный жұмысшылары Қызыл гвардия жасақтарын ұйымдастырды, әскери төңкеріс комитетін құрды. Сөйтіп, наурыздың 2-не 3-не қараған түні Верныйда әскери – революциялық (төңкеріс) комитеті басқарған күштер қала еңбекшілерінің қолдауына сүйеніп «әскри үкіметтің» тірегі болған қамалды, қару - жарақ қоймаларын, почта - телеграфты т. б маңызды мекемелерді басып алды да, Верный қаласында Кеңес үкіметін орнатты.
Кеңес үкіметі наурыз айында Жаркентте, Сергиопольда (Аягөз), Талдықорғанда, көкектің бас кезінде Лепсіде орнады. Сонымен 1917 жылдың қазан айынан бастап 1918 жылдың наурыз айына шейін Кеңес үкіметі Қазақстанның көп жерінде жеңіске жетті, яғни Кеңес үкіметі өлкеде түгел орнап бітті.
1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз орналасқан жерлерде орнады. Кеңес өкіметін орнатумен бірге өлкенің шаруашылығы мен мәдениетін қайта құру шаралары қатар жүргізілді. Өнеркәсіп орындарында, мәселен Спасск зауытында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай кәсіпорындарында бақылау қойылып, сондай-ақ банктер мемлекет меншігіне көшірілді. Кеңестердің 2- Бүкілресейлік съезінде қабылданған Жер туралы декрет бойынша алғашқы шаралар жүргізіле бастады. Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ облыстық және уездік орталықтарда да жұмысшылар мен шаруалардың өкіметін нығайту ісі, ауылдық және селолық Кеңестерді құру ісімен бірге жүргізді. Кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау т.б. бөлімдері ашылды. Кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар жұмыс істей бастады.
Алаш Орда (1917-1920) - Ақпан және Қазан төңкерістерінен соң 1917 жылы желтоқсанның 13-і күні құрылған қазақ-қырғыз Алаш автономиясының үкіметі. 1917 ж. желтоқсанның 5-13-і күндері Орынборда II Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өткізілді. Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды.
Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия (тәртіпсіздік) жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру (төрағасы Әлихан Бөкейханов, Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Алаш астанасы - Семей (кейін Алаш-қала атауын алды) қаласы еді. Бұл туралы кейіннен Ә. Бөкейханов (1919 ж. ақпанның 11-і) былай деп мәлімдейді: «съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына (яғни қазақтар үшін жат-таптық жіктелу) жол бермеу мүдделерінен туындады…». Үкімет төрағалығына үш қайраткер - Бөкейханов, Құлманов және Тұрлыбаев ұсынылды. Көп дауыс алған Бөкейханов төраға болып сайланды.
Өздерінің қолға алған шараларын іске асыру жолында Алашорда үкіметіне Кеңестерге қарсы жақпен бірігуге тура келді. Өйткені Кеңес үкіметі кеңестік негіздегі автономияларды ғана қолдап, көтермелесе, ал ақтардың Алаш автономиясына көзқарасы басқаша болды. Соңғыларының қолдауына сүйене отырып, қазақ халқы, дәлірек айтқанда Ә.Бөкейханов бастаған зиялылар тобы белгілі бір деңгейде дербестікке жетуге болады деп санады.
Алаш Орда жетекшілері атаман Дутовпен, Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелері Комитетімен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен де байланыс жасады. Басталып кеткен азамат соғысы Алаш Орданың ұстанар бағытында айқындауды қажет етті. Сөйтіп, қазақ аутономиясы өлкеде әлеуметтік-саяси негізі жоқ Кеңес үкіметіне қарсы күреске шығып, ақтарға қосылуға мәжбүр болды.
Уақытша Сібір үкіметі бастан-ақ қазақтарға ұлыдержавалық пиғыл танытты. Олар Алаш қайраткерлерінің ел ішіндегі беделін өздерінің мақсаттарын жүзеге асыруға мәселен, қажет кездерде әскер күшін жасақтау, соғыстың бүкіл салмағын халық мойнына арту т.б. жағдайларға пайдалануды көздеді. Бұл үкімет Алашорданың белгілі бір үкімет органы ретінде дербес, белсенді әрекет жасауына келісе қоймады. Архив деректері, Сібір үкіметінің мүддесін жүзеге асырушы эмиссарларға Алашорданың батыл қарсылық білдіріп отырғанын көрсетеді. Мұның соңы қазақ автономиясының өзін ресми тану туралы мәлімдемесін, Сібір үкіметінің «нағыз сепаратизмнің белгісі» деп айыптауымен аяқталды.
Алашорда сонымен бірге Кеңес үкіметімен байланыс жасауға тырысты. Халел және Жанша Досмұхамедовтер Ленин, Сталинмен, сондай-ақ Халел Ғаббасов ұлт ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен келіссөз жүргізді. Мұның нәтижесі - автономияның мәдени мұқтажына орталықтың көмегі, бүкілқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бітімге келу туралы уәделер болды. Алаш қайраткерлеріне Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен амнистия жарияланса да, Кеңес үкіметі күшіне мінгеннен кейін, олардың өткенін ешуақытта ұмыта да, кешіре де алған жоқ. Түрлі әдіспен бүркеленген қудалау ақыры, Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты.
Алашорда азамат соғысы жылдарында Кеңес құрылысына жау күштер жағында болды. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін таратты. Кеңес өкіметі Алаш пен Алашорданы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластауда алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап, күштеу жолын да қолданды. Кезінде (1919-1920 жж.) Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, олар түгелге дерлік сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды. Сол кезде Ресейде орын алған жағдайда қазақтардың жарияланған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді.
Түркістан Автономиясы, Қоқан автономиясы - Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында 1917 жылы 28 қарашада Ресей мемлекеті құрамында құрылған автономиялы мемлекет. Оның өмірге келуіне кеңестік биліктің Түркістан халықтарының өзін-өзі басқару құқығын мойындамауы түрткі болды. 1917 жылы Қазан төңкерісі жеңген соң, 22 қараша күні Ташкентте өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңестер съезі өлкеде кеңес билігінің орнағанын, соған байланысты Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, өлкедегі биліктің ендігі уақытта соның қолына өтетіндігін мәлімдейді. 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ еді. Бұл кеңестік биліктің отаршылдық сипатын танытқан оқиға болатын. Бұған жауап ретінде қүрамында Мұстафа Шоқай, Махмұд Бехбудий, т.б. бар "Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі" 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырды. Үш күнге созылған съезд 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, оның 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтардан тұратын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл бар болатын. Кеңес құрамында, сондай-ақ мұсылмандар съезі сайлаған өкілдермен бірге, каланың өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік «еуропалық» ұйымдардың 13 өкілі бар болатын. Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұрған Түркістан автономиясының Уакытша үкіметін бекітті. Съезд Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың құқығын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылман, орыс, т.б. тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. 1917 жылы қарашада Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндігін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық негізде құрылып, жергілікті халықтардың өзін-өзі басқару құқығын баянды ету басты мақсаты екендігін жариялады. Түркістан Уақытша үкіметінің төрағасы және Ӏшкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышпаев, Ӏшкі істер министрінің орынбасары болып заңгер Ә.Оразаев бекітілді. Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Көп ұзамай Түркістан автономиясы үкіметінің төрағасы Мұстафа Шоқай болды. Түркістан автономиясының құрылуын Түркістан өлкесінің жергілікті халықтары зор қуанышпен карсы алып, оған қолдаушьшық танытуға даяр екендіктерін білдірді. 1918 жылы қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария қазақтарының съезі Сырдария облысы Алаш автономиясы жарияланғанға дейін Түркістан автономиясы құрамында болатындығын білдірді. Халық зор үміт артқан Түркістан автономиясын 1918 жылы 2 ақпанда Кеңес үкіметі қарулы күшпен таратып, оның бірнеше мүшелерін тұтқынға алды.
3. Қазан төңкерісінен кейін көп уақыт өтпей-ақ елде азамат соғысы мен шетел басқыншылығының жорығы басталды. Төңкерістің жеңісі құлатылған қанаушы тап өкілдерінің қарсылығын тудырды. Азамат соғысы үкімет үшін күрестің жалғасы болды, сол себепті де революция мен азамат соғысы арасында ешбір дәл шеқара болған емес. 1917 ж. қарашаның аяғында Орынборда атаман Дутовтың басшылығымен ақ гвардия әскерлері Орынбордағы Кеңес күштерін шегіндіріп, билікті басып алды. Сол айда Жетісуда казак әскерлері кеңесінің "әскери үкіметі" және революцияға қарсы ошақ Оралда да құрылды. Құрылған облыстық әскери үкімет көп ұзамай жергілікті кеңесті таратып, өкіметті басып алды. Сөйтіп, Верныйда және Орал қалаларында ақгвардия диктатурасы орнатылды. Бұл үш "әскери үкімет" Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қозғалыстың басты күші болып табылды. Олар ақгвардиялық офицерлерге, ауыл-село шаруаларына сүйенді және меньшевиктер мен "Алаш" партиясының жетекшілерінен қолдау тапты.
1918 жылдың көктемінде Алашорда большевиктерге қарсы күрес жүргізуге ұйғарды. Сөйтіп, азамат соғысының бастапқы кезеңінде алашордашылар ақтармен одақтасып, қызылдарға қарсы соғысты. 1918 ж. жазында азамат соғысы өршіп, кең етек алды. Ақ гвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттердің белсенділік көрсетуіне орай ең басты пәрменді күш - Сібір мен Оралда шоғырланған Чехословакия корпусының офицерлері бүлік шығаруына байланысты әскери қақтығыстар күшейе түсті. 1918 жылы 23 наурызда Орал қазақ - орыстары Гурьевте бүлік шығарды. Сол жылдың 28-29 наурызында ақ казактар алашордашылармен бірігіп Орал қаласында төңкеріс жасады.
Ресейдегі азамат соғысының өрістеуіне Антанта елдері дем берді де, олардың көмегімен Сібірдегі Чехословак корпусының әскерлері бүлік шығарды. Бүлікшілер Сібір қалаларымен бірге Қазақстанның солтүстіктегі қалалары Петропавл, Ақмола, Атбасар, Қостанай, Семей қалаларын басып алып, Кеңес органдардан қамауға алды. 1918 жылы жазында Кеңес елі үшін ең басты майдан – Шығыс майданы болды. Бұл бағытта ақтармен 4-ші армия ұрыс жүргізді. Осы жылдың жазында қазақ ұлттық әскери бөлімдер ұйымдаса бастады. Олар алдымен Жетісуда, одан кейін Орынбор мен Орал қалаларында құрылды. Бөкей ордасында қазақ атты әскер полкі Қызыл армияның құрамдас бөлігі болды. 1918 жылының аяғы мен 1918 жылының басында Әліби Жангелдин мен Амангелді Имановпен Торғайда екі атты әскер эскадроның, әскери оқу және пулемат топтарын, Ырғызда атты әскер құрды. Ақтөбе майданына 1918 жылы Әліби Жангелдин бастаған экспедиция Мәскеудан көп қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізді.
Азамат соғысы тарихындағы партизан қозғалысының ірі ошақтарының бірі - Черкасск қорғанысы, Тарбағатай мен Алтайдың "Тау қырандары" отрядтарының қозғалысы Қазақстандағы Азамат соғысы тарихынан өшпес орын алды. Ақтөбе майданының қарулы күштері 1919 жылы 22 қаңтарында Орынборды, 26 қаңтарда Орал қаласын азат етіп, Қазақстан мен Түркістан аудандары мен Орталық Ресей арасындағы қатынасты қалпына келтірді. 1919 жылы көктемде Фрунзе бастаған қызыл әскер отрядтары Қазақстанның Солтүстік аудандарында Колчак әскерлеріне қарсы күрес жүргізді. Қазақстанда Колчактың тәртібіне қарсы ірі көтеріліс Қостанай уезінде болды. Ақмола, Семей облыстарында партизандық қозғалыстар өрістеді. Қазақстанның Солтүстік-Шығыс аймағында Жетісу майданы 1918 жылы тамыз және 1919 жылы қазанның орта кезіне дейін ақ гвардияшыларға қарсы табанды күрес жүргізді. Осы аймақтағы қорғаныс орталығы болған Черкасское селосын атауға болады. 1919 жылы орта кезінде Қызыл армияның шабуылдарының нәтижесінде Колчак әскерлері екіге бөлінді. Олардың бір бөлігі Сібірге, екіншісі Түркістанға қарай шегінеді. Қызыл армияның Түркістан майданы 1919 жылы тамыз айының екінші жартысында Колчактың «Оңтүстік армиясын» біржолата талқандады. Осының нәтижесінде Түркістан майданының әскер бөлімдері Солтүстік Жетісуға жеткізліп, мұндағы қарсылықты тезірек басуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, 1920 жылы наурызда азамат соғысының Қазақстандағы ең соңғы Солтүстік майданы жабылды.
Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрестің негізгі күштері Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлері, өнеркәсіп орындарының бұрынғы қожалары, кезінде Ресейден қоныс аударып келушілердің ауқатты топтары, қазақ ауылының бай-шонжарлары және солардың мүдделерін қорғайтын саяси партиялар мен ұйымдар болды (кадеттер, эсерлер, ұлттық және діни саяси ұйымдар). Алашорда үкіметі азаматтық соғыстың алғашқы кезінде Кеңес өкіметіне қарсы күштермен байланысып, қазақ халқының мүддесін қорғауға тырысты. Үкімет мүшелері Қазақстанға жақын қалаларға орналасқан Кеңес үкіметіне қарсы құрылған үкіметтермен Самарадағы құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетімен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен, одан кейін Колчак диктатурасымен, Орынбор және Орал казак әскерлерінің басшылығымен келісімге келуге ұмтылды. 1918 жылы жазда төңкеріске қарсы күштер Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарының көптеген аудандарын, соңынан Жетісу облысының бірқатар аудандарын басып алып, Кеңес өкіметін құлатты. Кеңес өкіметі Батыс Қазақстанның кейбір аудандары мен оңтүстік өлкесінде сақталды. Қазақстанда азаматтық соғыстың Ақтөбе (немесе Солтүстік Түркістан), Орал және Жетісу майдандары құрылды, олардағы соғыс әрекеттері Азамат соғысының ірі майдандарындағы, ең алдымен Колчак әскерлеріне қарсы құрылған Шығыс майдандағы қимылдарға тығыз байланысты жүргізілді. Сондықтан Қазақстандағы азаматтық соғыстың тағдыры негізінен Қызыл Армияның Шығыс майданындағы күресіне тәуелді болды. Қазақстан жеріндегі соғыс қимылдары өз кезегінде Кеңес еліндегі жалпы жағдайға әсер етті. Қазақстан азаматтары Қызыл Армия қатарында да, “ақтар” басып алған аудандарда жасақталған партизандық жасақтар құрамында да азамат соғсына қатысуға мәжбүр болды. Қазақстандағы шешуші соғыс қимылдарына “қызылдар” жағынан М.В. Фрунзе, В.В. Куйбышев, В.И. Чапаев, И.П. Белов, И.С. Кутяков т.б., ал “ақтар” жағына А.И. Дутов, С.П. Толстов, Б.В.Анненков т.б. басшылық етті. Торғай далаларында “ақтарға” қарсы күресте А. Иманов, Батыс Қазақстанда Хамит Чурин, Бейсен Жәнекешев т.б. көзге түсті. Ал Әліби Жангелдин азамат соғысы қызу жүріп жатқан кезде (1918 ж. күзі) Мәскеуде жасақталған қару-жарақ керуенін Түркістан майданына жеткізді.1919 ж. жазында Шығыс майдандағы Колчак армиясының негізгі күшінің күйреуі батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс Қазақстан мен Жетісуды азат етуге жағдай жасады. 1919 ж. аяғында Қазақстанның негізгі аумағы Дутов пен Анненковтың армияларының қалдықтарынан босатылып, 22 наурызда кеңес әскерлері Қапалды, 28 наурызда Арасан станциясын азат етті. 22 наурызда Үржар станциясын, 27 наурызда Бақты станциясын, 25 наурызда атаман Анненковтың ставкасы тұрған Үшаралды, 29 наурызда Қапал гарнизонын тізе бүктіріп, атаман Анненков және Дутов бастаған ақ гвардияшылардың қалдықтарын Синьцзянға қарай қуды. 1920 ж. 29 наурызында ең соңғы майдан Солтүстік Жетісу майданы жойылып, Кеңес үкіметі қайтадан қалпына келтірілді. 1920 жылдың көктемінде Қазақстандағы азамат соғысы Кеңес өкіметінің жеңісімен аяқталды.
4. Кеңес үкіметі кеңестік негізде Қазақ Автономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізе бастады. РКФСР ХКК-нің 1918 ж. 12 мамырдағы қаулысына сәйкес, ҚазАКСР-н құруға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін Ұлттар ісі халық комиссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган - қырғыз (қазақ) бөлімі ашылды. Алайда, азамат соғысы басталып кеткендіктен бұл жұмыстар кейінге қалдырылды. Қазақ съезі шақырылып, Қазақ республикасының автономиясы жарияланғанша өлкені әскери-әкімшілік басқару үшін 1919 ж. 10- шілдеде РКСФР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің қол қоюымен "Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын төңкеріс комитеті (Ревком) туралы уақытша ереже" жарияланды. Ереженің 3 - бабына сәйкес, Қазақ автономиялы республикасының аумағы Түркістан республикасымен, Қырғыз съезі және Орталық Кеңес үкіметімен келісіліп анықталғанға дейін Қазревком құзырына "...Астрахань губерниясымен Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының территориялары қарайды" делінген. Қазревкомның бірінші құрамына: С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді.
1920 ж. тамызында Мәскеу қаласында қазақ әскери төңкеріс комитеті және Түркістан майданының әскери-төңкеріс кеңесі, РКП(б) Түркістан өлкелік комитетінің партия және кеңестік ұйымдардың өкілдері қатысқан Қазақ АКСР-н құру туралы бірнеше мәжілістер өткізді. Соңғы мәжіліске В.И.Лениннің өзі төрағалық етті. Нәтижесінде 1920 ж. 17 тамызында РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап қолдады. 1920 ж. 26 тамызында Ленин мен Калинин кол қойған БОАК және РКФСР ХКК-нің құрамында, астанасы Орынбор қаласында болатын "Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялы Республикасын құру туралы" тарихи Декреті жарияланды. Территориясы - Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Манғышлақ уезі, Красноводск уезінің бір бөлігі, Астрахань губерниясының бір бөлігі. Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасының құрамына енгізілген болатын (1918 ж). Халқы 5 млн.-ға жуық адам болды. 1920 ж. 4-12 қазанында Орынбор қаласында өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезі, Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы еңбекшілері құқықтарының Декларациясын қабылдады, ол Декларация РКФСР құрамына жеке автономия болып кіретін ҚазАКСР-нің құрылуын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы ретінде бекітті. Мұнда жоғарғы өкімет органдары сайланды: Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Мендешев, ал қазақ АКСР - інің Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.А.Радус-Зенькович болды. Декларацияда Қазақ АКСР-нің мемлекеттік басқару органдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалды.
Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенімен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді. Кеңес үкіметінің елдің өнеркәсібін қалпына келтіру мақсатында жүргізілген шаралары кейін республика экономикасына орталықтың үстемдігінің мейілінше күш алуына әкелді. Өндіріс орындарын орталықтанған трестерге біріктіру, сонымен бірге өндіргіш күштерді региондарға орналастыруда кемшіліктерге жол ашты, яғни Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімге шикізаттық сипатын айқындады. Кеңес үкіметі экономикалық дамудың объективті заңдылықтарын мүлде жоққа шығарды. Халық шаруашылығының барлық саласы әкімшіл-әміршіл большевиктік басқару әдісіне бағынышты болды.
Достарыңызбен бөлісу: |