Нерв жүйесі. Насекомдардың нерв жүйесі барлық буынаяқтылардікіндей жұтқыншақ үсті немесе ми, жұтқыншақ асты ганглия, жұтқыншақ маңындағы сақина коннективасы және құрсақ нерв тізбегінен құралған. Миы үш бөлімге бөлінген ; алдыңғы – протоцеребрум, ортаңғы – дейтоцеребрум және артқы – тритоцеребрум. Протоцеребрум фасеттік және қарапайым көздерді, дейтоцеребрум – антенналарды (мұртшаларды), тритоцеребрум – үстіңгі ерінді нервтендіреді және симпатикалық нерв жүйемімен байланысты.
Сезім мүшелері насекомдар әр түрлі механикалық, дыбыстық, химиялық, көру, есту, терінің сезу тағы да басқа көптеген тітіркенулерді қабылдауға бейім. Ол үшін рецепторлардың алуан түрлері бар. Солардың бірі сенсиллалар. Олар денеде бір–бірлеп немесе жинақталып орналасады. Сенсилланың сыртқы бетке қараған шетінде қабылдаушы кутикулярлы түктері бар, олардың құрылысы атқаратын қызметіне байланысты.
Сенсиллалардың ішіндегі ең қарапайымы – механорецепторлар. Олар теріде жанасуды, қысымды, тербелуді, жылылықты, суықты тағы басқаларды қабылдайтын сенсиллалар. Оның негізгісі – сезгіш қылшық, кутикулаға қозғалмалы түрінде жалғасқан. Механикалық әсердің салдарынан сезімтал клеткаларға беріліп, онда пайда болған қозу толқыны нерв орталығына жеткізіледі. Осындай сезім немесе тактильді сенсиллалар насекомдардың денесінің беткі қабатында шашыраңқы орналасады.
Механорецепторлардың тағы бір түрі – әр түрлі жиіліктегі тербелістерді қабылдайтын хордотональді сенсиллалар немесе сколопофоралар. Сколопофоралар құрылысы жағынан жоғарыда көрсетілген сенсиллаларға өте ұқсас, тек сезімтал клетканың перифериялық өсіндісі мен ұшындағы талшықтың айналасында тығыз фибриллярлы құндақ немесе сколопоидты денешік қалыптасады, ал сенсилланың төбесін қалпақ (бөрік) тәрізді клетка жауып тұрады. Хордотональді сенсилла бір – бірлеп немесе бірігіп хордотональді мүшені құрайды. Олар насекомдардың есту мүшесінің құрамына кіреді, дене сегменттерінің аралығында орналасады немесе ішкі мүшелерге батып жатады. Хордотональді мүшелер баяу да, шапшаң тербелістерді әрі насекомдардың дене қысымының өзгеруін, пайда болатын механикалық кернеуді қабылдай алады. Насекомдардың хеморецепторлары иіс сезу және дәм сезу сенсиллалардан құралған. Иіс сезу мүшелері негізінде антенналарында және жақ қармалауыштарында орналасқан. Иіс арнайы поралар арқылы шұқыршақ қуысына келіп сенсилланың сезімтал клеткаларын тітіркендіреді. Насекомдардың иіс сезу мүшелері қорегін табу ғана емес, сонымен қатар ұрықтану кезінде аталығы аналығын табуына көмектеседі. Соңғылары аталықтарды еліктіретін ерекше иіс зат "жыныс атрактанттарды " бөліп шығарады.
Насекомдардың сезім мүшелерінің ішіндегі ең күрделі құрылыст – көру мүшелері, олар фасеттік және қарапайым көздері, басының акрон бөлігінде орналасқан.
Насекомдардың фасеттік көздері, барлық буынаяқтылардағыдай, көптеген көру сенсиллалардан – омматиялардан құралған. Олардың саны әр түрлі, мысалы, инеліктердің көзіндегі омматиялардың саны 28000, үй шыбынының – 4600–ден аса, жұмысшы құмырсқаның –8000 – 9000–ға, кейбір қоңыздардың – 25000–ға дейін.
Әрбір омматиядияның құрамына оптикалық аппарат, тітіркенуді қабылдайтын сезімтал клеткалар және экрандайтын клеткалар тобы кіреді. Оптикалық аппараты екі жағы да дөңес мөлдір көз жанарынан және көз жанар конусынан тұрады. Бұлар бірігіп оптика жүйесін құрайды, ал одан төмен бірнеше (4-12) сезімтал ретинальді клеткалардан құралған тітіркенуді қабылдайтын немесе торлы қабаты орналасқан. Ретинальді клеткалар бір-бірімен тығыз жанасып рабдом деп аталатын жарық-сезгіш таяқшаларды құрайды, бұлар көздің – негізгісі. Насекомдардың күрделі көздері мозаикалық көруге қабілетті.
Достарыңызбен бөлісу: |