Лекция. Пәнге кіріспе. Жоспары: Қазақстан тарихы курсының мақсаттары мен міндеттері. Қазақстан тарихын дәуірлеу. Қазақстан тарихын оқытудың маңызы



бет20/64
Дата22.09.2022
өлшемі1,18 Mb.
#150329
түріЛекция
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   64
Байланысты:
Қаз тар лек 2013

Қалалары. XVI­-XVII ғасырларда Қазақстан территориясындағы, ең алдымен Сырдария ауданындығы қалалар өмір сүріп, жекелеген реттерде тіпті ұлғая түскен. ХV ғасырдың аяғында ­XVI ғасырда Сығанақ Шығыс Дешті Қыпшақтың ірі экономикалық және саяси орталығы ретіндегі манызын сақтап қала берді. XVI-­XVII ғасырларда Ясы қаласы бүкіл Оңтүстік Қазақстанның, немесе сол заманғы деректемелер бойынша, Түркістан өңірінің аса ірі орталығы болған. Қалалық орталық ретінде Сауран өз маңызын сақтап қалды. XV ғасырдың 80-ші жылдарында Сауранды қазақтың алғашқы хандарының бірі – Жәнібек ханның баласы Еренші сұлтан билеген. Қазақ хандары мен Шайбани әулетінің Түркістан үшін күресінің алғашқы кезеңінде, XV ғасырдың үшінші ширегінде ­XVI ғасырдың басында Отырар өлкенің әлі де болса ірі әкімшілік орталығы болып тұр еді. Отырарды билеу Сырдария бойындағы бүкіл өңірге билік құруға дәмеленуге мүмкіндік берді. Кейінгі орта ғасырларда Сайрам Мауараннахрдан Дешті Қыпшақ пен Жетісуға келетін сауда жолдарының түйіскен жерінде жатқан, халық жиі қоныстанған егіншілікті ауданға айналған.
Деректемелерде Сырдария өңіріндегі егіншілік аймағы бар басқа да қамал-қалалар – Аркөк, Үзкент, Аққорған және басқа қалалар аталады.
Тұрғын үй. XVI-XVII ғасырлардаға Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халқының басым көпшілігі көші-қонға ынғайлы тұрғын үйлерде тұрды. Малшылар «жер үй», «қара там», «шошала» деп аталатын жертөлелер мен жер бетіне салынған үйлерде тұрды. Қазақтардың жазда тұратын үйлері екі типті: киіз үй және арбаға ортылған жылжымалы үй (күйме) болды.
Ақындар, салдар, серілер, жыраулар. XV-­XVII ғасырларда қазақтардың тақырыбы мен жанры жағынан алуан түрлі ауызша творчествасы өрістеді. Халық арасынан шыққан талантты адамдар – ақындар, салдар, серілер, жыраулар болды. Ерлікті, жауынгерлік жорықтарды жырлаған Доспамбет жырау (XVI ғ.), сол кездегі қазақ поэзиясының аса ірі тұлғасы – Шалкиіз жырау болды. XVII ғасырда жырау поэзиясының дәстүрлерін Марғасқа мен Жиембет жалғастырды.
Қазақтар көктемде 22-ші наурызды, күн мен түннiң теңелетiн кезеңiн "наурыз тойы" – деп атап өтудi ертеден әдетке айналдырған. Бұл тойда қазақтар ағайын-тума, ауыл-аймағын аралап, жаңа жылмен құттықтап, молшылық пен егiндiктiң түсiмдi болуына тiлектестiк бiлдiрiп, бата бердi.
ХVI-ХVII ғасырларда қазақтар арасында ислам дiнi кеңiнен тарады. Оны таратуға Сығанақ, Түркiстан, Хорезм, Бұқара, Самарқанд сияқты қалалар айырықша рөл атқарды. Алайда, ислам дiнi еңбекшi халық арасында терең тамыр жайған жоқ. Оған себеп дүркiн-дүркiн жүргiзiлiп отырған қақтығыстар, соғыстар және түрлi саяси қарама-қайшылықтар. Сондықтан халықтың бiр бөлiгi ислам дiнiн көпке дейiн қабылдамай, тәңiрге табынуға негiзделген нанымды ұстады. Қазақтар өмiрiнде отты қасиеттеу үлкен рөл атқарды.
Қазақтың батырлар жыры эпосқа тән аңыз сияқтанғанымен, олардың бәрi дерлiк тарихи оқиғаларға құрылған. Мәселен, Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары тарих шындығымен қабысып жатқан шығармалар. Қазақтың әлеуметтiк-тұрмыстық дастандары да /"Қозы Көрпеш-Баян сұлу", "Қыз Жiбек" т.б./ феодалдық-рулық қоғамның өмiрiн үлкен шеберлiкпен көрсетедi.
Қазақтар жазуда араб әлiп-биiн тұтынды. ХVI-ХVII ғасырларда, негiзiнен алғанда, феодалдық жоғарғы топтың өкiлдерi - хандар, сұлтандар, билер, молдалар және қожалар сауатты болды. Халық арасында ана тiлiндегi жазба әдебиет дiни және тарихи мазмұндағы кiтап түрiнде тарады.
Сонымен, ХV-ХVII ғасырларда қазақ хандығында шаруашылықтың және мәдениеттiң дамуында елеулi iлгерiлеушiлiк орын алды. Оның басты бiр себебi, қазақ халқының бiртұтас мемлекет болып бiрiгуге ұмтылуымен байланысты едi.
Хандыққа Есім хан Шығайұлы (1598-1628 жж.) билік етті. Ол 1598 жылы Бұқарамен бітім шартын жасасты, шарт бойынша өзбектер бұрын тартып алған Сыр бойындағы қалалар мен Ташкент қазақ хандығына бекітіп берді. Сөйтіп, Сыр бойындағы қалалар және Оңтүстік Қазақстанның жерін кеңейту үшін бір жарым ғасырға созылған күрес біраз бәсеңдеді.
Есім хан елді жуасытып бағындыру саясатын жүргізді. Сондықтан ол қанға-қан, кек алу, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, дүре соғу, көп әйел алу, қалың мал төлеу, әмеңгерлікті сақтау, зекет, ұшыр жинау, айып салу, діни патриархалдық ескі салтқа арқа тіреу және т.б. уағыздады. Халық Есім хан заңдарын "Есім хан салған ескі жол" - деп атады.
Қазақтың жаңа ханы, Шығай ханның ұлы Есімнің Аштарханилер өкілдерімен жасасқан келісімі бойынша Қазақ хандығының құрамына қалаларымен бірге Түркістан аймағы, сондай-ақ уәлаятымен қоса Ташкент, бірсыпыра уақытқа Ферғана кірді. Бірақ Ташкентке Аштарханиліктердің тәуелсіздігі қолданылды (бұл әулет ханының есімін хутбада және Ташкентте соғылған тиындарда еске салу, уәлаятта жиналған салықтардың бір бөлігін оған жіберу және т.б.). Қазақ әкімдері келісімнің бұл шарттарын бұзып отырды, мұның өзі XVII ғ. басында қазақ және өзбек хандарының арасындағы ұзаққа созылған талас-тартысқа әкеп соқты.
Оңтүстік Қазақстанның отырықшылықты-егіншілік аудандары үшін, Сырдарияның орта сағасындағы қалалар үшін қазақ хандарының көп жылға созылған күресі осылай аяқталды. Сол уақыттан бастап қазақ мемлекетінің құрамына бұл аймақ және екі жүз жылға Ташкент түпкілікті енді.
Сырдария бойындағы қалалар аймағында болған ұзақ мерзімді соғыстар тұрғылықты халықтарды кедейлендіріп, қала шаруашылығының құлдырауына, суландыру жүйелерінің қиратылуына, егіншілік көлемінің кемуіне әкеліп соқты. Соғыс қимылдары, жауластардың тонаушылық шапқыншылықтары сауда жасауға кесірін тигізді және мал шаруашылығымен айналысатын далалық аудандардың экономикалық жағдайына кері әсер етті. Шаруашылығы мен мәдениеті дамыған аймақ ретінде Оңтүстік Қазақстан біртұтас мемлекет құрамына кіргеннен кейін мұндай теріс құбылыстарды жеңудің мүмкіндігі туды.
XVII ғ. Қазақстандағы ішкі саяси өмір тұрақтылығымен ерекшелене қойған жоқ. Қазақ хандығы барған сайын бөлшектене түсті, феодалдық ала ауыздықтар күшейді. Көшпелі ақсүйектердің әр түрлі топтары өзара бақталастыққа берілді. Оңтүстікте іс жүзінде екі хан бекіді. Табаққұлдың мирасқоры Есім хан Түркістан қаласыи өзінің астанасы етіп алды. Ташкентте Жәлім сұлтанның (шыққан тегі белгісіз) ұлы Тұрсын-Мұхаммед өзін тәуелсіз ханмын деп жариялады. Бірте-бірте үш жүздің әр қайсысында өз алдына жеке хандар пайда болды. Қазақ хандығының барлық, әсіресе, оңтүстік және шығыс шептеріндегі сыртқы жағдай қиындай түсті. Бұхар ханы Иманқұл Ташкентті тартып алуға тырысты, кейбір сұлтандардың бөлініп шығу ниеттерін қолдап отырды. 1612 ж. Қазақ әскерлерінің Бұхара төңірегіне шапқыншылық жасағанына жауап ретінде Иманқұл хан қазақ жерлеріне жорық ұйымдастырып, Түркістан аймағын Ашпара мен Қаратаудың шеткергі шегіне дейін басып өтті, сөйтіп оның бірнеше қалалары мен елді мекендерін тонады. Ташкентте өзінің ұлын уәли етіп қойды. Көп кешікпей ол орнынан түсіріліп, өлтірілді. Бұған жауап ретінде Иманқұл қалада қанды қырғын жасады. Өзінің Ташкентке дәмеленуіне ол казақтың екі ханының өзара жауластығын пайдаланды. 1627 ж. Есім хан Тұрсын-Мұхаммедті өлтірді. Бір жылдан соң Есімнің өзі де қайтыс болды. Бұхар әскерлері Ташкентті қайтадан басып алды. Алайда, Есім ханның мұрагері, оның ұлы Жәңгір Бұхар билеушісін шығыстан келетін ортақ қатер - ойраттар шапқыншылығын тойтару үшін әскери одақ құру қажеттігіне көндіре алды.
1635 ж. Жоңғар хандығының құрылуына байланысты ойраттардың Ертіс маңындағы және Жетісудағы қазақ жерлерін басып алу қаупі арта түсті. Цин империясының ығыстыруынан жаңа жайылымдар және Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияның сауда қол өнері орталықтарына шығу жолдарын іздеген олар қазақ жерлеріне зорлық жасауын бәсеңдетпеді. XVII ғ. 20-жылдары-ақ ойраттардың үлкен тобы Ом, Тобыл, Есіл, Ертіс бойында көшіп-қонып жүрді. Іле мен Талас бойында ойраттар малдарын қыстатуға қалып отырды. Қазақтар оңтүстік және батыс бағытына қарай ығыстырылды, мұнда олар өз жерлерінде тіршілік етіп жатқан өзбектермен, қарақалпақтармен, ноғайлықтармен, башқұрттармен қықтығысқа килікті. 1644 ж. Жалаңтөс батыр басқарған самарқандтық әскерлермен бірге жауға аттанган Жәңгір хан жоңғар қолдарының бірін тас-талқан етіп жеңді. XVII ғ. 30-жылдары қоңтайшы Қалданның қолбасшылығымен жоңғар әскерлері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға басып кірді. Бірнеше қазақ ұлыстары талқандалды, тоғыз қала жаулап алынды; түпкі жазба материалдар солардың арасынан Сайрам, Манкент, Қарааспан, Шымкент, Ташкент және басқа қалаларды атайды. Сайрам тұрғындары жауға табанды қарсылық көрсете білді; Қалдан қалдырған уәли өлтірілді, мұның өзі ойраттар әскерінің Оңтүстік Қазақстанға қайтадан басып кіруіне әкеп соқты. Сайрам күшпен алынып, талқандалды; тұрғындарының бір бөлігі Жоңғария мен Шығыс Түркістанға зорлап әкетілді.
XVIII ғасырда Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы алып жатқан қазақ халқы жерінің жағрафиялық жағдайына қарай үш жүзге бөлініп өмір сүрді. Оның әрбір Жүзінің өзі Еуропадағы әлденеше шағын елдер мен мемлекеттерді сыйдырарлық көлемдегі жерлерді жайлады. Қазіргі Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарын мекен еткен Кіші жүз, Орталық Қазақстанға жататын облыстарда мекендеген Орта жүз, елдің оңтүстік және оңтүстік-шығысын қоныс еткен Ұлы жүздің әрқайсысының өз хандары болды. Кіші жүзде - Әбілхайыр, Орта жүзде — Сәмеке /Шахмұхамбет/, Ұлы жүзде — Жолбарыс, Түркістан қаласын астана еткен Үлкен Орданың ханы Тәуке еді. Бұл хандардың ақылшысы болған, Үш жүздің басын біріктіріп, даулы істеріне билік айтып, береке бастаушы болған Кіші жүздегі Әлім руынан шыққан Әйтеке биді, Орта жүздің биі арғын, Қарақесек руынан шыкқан Қаз дауысты Қазыбек биді, Ұлы жүздің биі үйсін Жаныс руынан шыққан атақты шешен Төле биді, Үлкен Орданың сарай ақыны Бұқар жырауды бүкіл қазақ жұрты, алты алаштың адамдары жақсы білді.
Үш жүздің билеушілері әдетте бас қосып, оқтын - оқтын мәслихат-мәжіліс өткізетін. Ондай мәжілістер Сайрам маңындағы тауларда, Мәртөбе жотасында өтетін. Оларда қыстау жағдайы, қауіп - қатерден сақтану мен қауіпсіздік мәселесі талқыланатын. Бірақ, қазақ жерінде біртұтас бір иелікке бағынған, басқару жүйесі орталықтанған ірі мемлекеттің жоқтығы ылғи да сезіліп тұрды. Мұны қазақ жеріне ертеден көз алартып келе жатқан Қазақстанмен жапсарлас, жерлері шектесіп жатқан елдердің билеушілері пайдаланып қалуға тырысты. Оңтүстік-батыстан Жайық казақтарының қолдап-қолпаштауымен Еділ өзенінің бойындағы башқұрттар, қалмақтар Кіші жүздің халқына тынымсыз шабуыл жасады. Қазақ жеріне солтүстіктен Сібір казактары килікті. Орта Азиядағы Бұхара мен Хиуа хандықтары да қазақ жерінен дәмелі болды. Оларға қазақ жасақтары табандылықпен тойтарыс беріп отырды. Осылардың бәрінен де асып түскен, қазақ халқына мәңгі жойылып, құрып кету қаупін төндірген жау - жоңғарлар еді.
XVII ғасырдың бірінші жартысында ойраттар мен қазақтардың арасындағы әскери қақтығыстар жиілей түсті. Ойрат феодалдарының Шығыс Моңғолияға қарсы ойдағыдай жүргізген соғыстары олардың күшін нығайтты. XVI ғасырдың аяқ шенінде ойраттар басты-басты төрт тайпалық бірлестіктен құралды. Олар: Тарбағатайдан Шығысқа қарай өңірді алып жатқан - торғауыттар, Ертістің жоғарғы ағысын бойлай қоныстанған - дербеттер, қазіргі Дихуа қаласының төңірегіндегі - хошоуыттар және Іле өзенінің жоғарғы жағындағы - шоростар еді.
Қазақ және ойрат әміршілерінің арасында жайылымдық жерлер үшін ірі қақтығыстар XV ғасырдың өзінде басталған болатын. XVI ғасырдың аяғында ойраттардың шағын бір бөлігі сәтсіз шабуылдан кейін қазақ ханы Тәуекелге бағынышты болып шықты. 1635 жылы қоңтайшы Батурдың бастауымен Жоңғар хандығы құрылды. Осыдан соң, егер XVI ғасырдың аяғында XVII ғасырдың басында қазақ хандығына бытыраңқы ойрат тайпалары қарсы болса, XVII ғасырдың екінші ширегінде күштердің ара салмағы жоңғар тайпаларының пайдасына өзгере бастады. Қазақ - жоңғар қатынастары, әсіресе, Батур-қоңтайшы /1634-1654 ж.ж./ билік құрған кезде ерекше шиеленісе түсті. Одан кейін болған жоңғар хандары /Сенге, Ғалдан/ Оңтүстік Қазақстанды, маңызды сауда жолдары өтетін және сауда орталықтары болған қалаларды өздеріне қаратып алуға тырысты.
1680 жылы Қазақстан жеріндегі хандықтардың билігі Жәңгірдің баласы Тәуке ханға (1680-1717 жж.) көшті. Ол өзін жақтайтын феодалдардың, ел сыйлаған билердің қолдауына сүйене отырып, халықтың, елдің бірлігінің туын жоғары ұстады. Тәуке хан 1687-1688 жж. Бұхара ханы Сүбхан-Кулимен Ташкент туралы келіссөз жүргізген, тіпті қаланы алуға әрекеттенген. Сырдария бойындағы Тәукенің хандық өкіметі нығайып, Түркістан қаласы оның астанасы болған. XVII ғ. 90-шы жылдарында, яғни Тәуке ханның тұсында жоңғар феодалдарының қазақтардың жеріне қысымы босаңсыды. Өйткені бұл кезде қазақ, қырғыз, оған қарақалпақтардың бір бөлігі бірігіп қимыл жасады. Тәуке хан феодалдық өзара тартыстарды уақытша тыйып, үш жүздің үшеуінде де тыныштықты қалпына келтіруге тырысты. Осы арқылы ол қазақ руларының қоныстарын сыртқы жаулардан қауіпсіздендіруге күш салды. Тарихи деректерде айтылғандай, Тәуке ханның өз билігінде 80 мыңдай жауынгерлерінің болуы, оған сыртқы және ішкі жаулармен күресте жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді. Тәуке хан өкіметтің беделін көтеруге және оған үш жүздің руларын бағындыруға бағытталған шаралар қолданды. Оның тұсында "Жеті жарғы" деген атаумен қазақ қоғамындағы әдеттегі құқық өлшемдерінің жинағы құрастырылды. Мұнда феодалдық құқық тәртібі мен мемлекеттік құрылымның негізгі шарттары белгіленді. Тәуке хан елдің бірлігін, ынтымағын ойлап, халықты ру-руға, жүзге бөліну саясатын және бет-бетімен әрекет жасауды шектеу үшін аянбай күресті. Осы мақсатта ол қазақ мемлекетінің саяси-құқық жүйесін белгілеп, халықты бірлікке, ынтымаққа шақырды. Тәуке хан өз төңірегіне ұлы жүзден Төле биді, Орта жүзден Қаз дауысты Қазбекті, Кіші жүзден Әйтеке биді кеңесші ретінде қызметке тартты. Сөйтіп, қазақ халқының тарихына ірі құқықтық өзгерістер енгізді. Бұл оның халыққа кең тараған "Жеті жарғысымен" байланысты еді. Ол тек сол заманға сай құқықтық құжат емес, сонымен қатар көшпелі қазақ халқының этникалық, шаруашылықты ұйымдастыру және жағрафиялық ерекшеліктеріне сай келетін аса құнды "Жеті жарғы" көшпелі қазақтардың ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны:

  • қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адам үшін -1000 қой, әйел үшін - 500);

  • ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылыққа өлім жазасы кесіледі, жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады; ^

  • денеге зақым келтірсе, оған сәйкес құн төленеді (бас бармақ - 100 қой, шынашақ - 20 қой);

  • егер әйел ерін өлтірсе өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса, жазадан босатылады);

  • төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді;

  • егер ері әйелін өлтірсе, әйелдің құнын төлейді;

  • ата-анасы өз баласының өлімі үшін жауапқа тартылмайды, ал анасы баласын
    қасақана өлтірсе, өлім жазасына кесіледі;

  • өзіне - өзі қол жұмсағандар бөлек жерленеді;

  • егер екіқабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туса: бес айлық бала үшін — бес ат, 5 айдан 9 айға дейінгі балаға - әр айына 1 түйеден (анықтама үшін 100 түйе — 300 атқа немесе 3000 қойға тең);

  • әйелді ренжіткен адам одан кешірім сұрауға тиіс, сұрамаса арсыздығы үшін айып салынады;

  • қан араластыру (жеті ата ішінде) өлімге немесе ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады;

  • құдайға тіл тигізген (жеті адам куәлік берсе) таспен атып өлтіріледі;

  • кәпір болған адам мал-мүлкінен айырылады;

  • құл өмірі құнсыз, ол қожайынның билігінде;

  • ата-анасына тіл тигізген ұлды мойнына құрым байлаған күйі қара сиырға теріс
    мінгізіп, өзін қамшымен сабап, ауылды айнала шапқылатады, ал қыз қол-аяғы байланып анасының билігіне беріледі;

  • ұрлық жасаған адам үш тоғызымен қайтаруға тиіс;

  • билерге билік айтқаны үшін кесілген малдың оннан бірі тиесілі; .

  • егер айыпкер айыбын төлемесе, оны ру басының рұқсаты арқылы барымтамен алуға болады;

  • ұрлық пен кісі өлтіруді қоса жасаған адам екі бірдей жазаға тартылады.

Тәуке ханның "Жеті жарғысының" әрбір бабы сол заманның талаптарына сай келеді. Онда әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық кұқық елшемдері, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізіліп, ол қазақ қоғамы өмірінің барлық жағын түгел қамтыды. Сондай-ақ, оның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ қоғамында зандылықты, тәртіпті нығайтудағы рөлі де зор.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет