Лекция тақырыбы: Қазақ лирикасының бүгіні.
Лекция мақсаты: Бүгінгі қазақ жастарының шығармашылығы, олардың поэзияға әкелген жаңалығы және дәстүр.
ХХ ғасырдың соңында поэзия әлемінің есігін ашқан Ш.Мамасерікова, З.Елғондинова, Г.Әбілдаева сияқтылар өз уақытында лайықты бағасын алмады, тіпті осы кезеңнің нағыз модернист ақындары Т.Әбдікәкімов пен Г.Салықбаевалар поэзясы биік мақтауға лайықты болса да, назарға тиісті дәрежеде ілікпеді. Сондай – ақ, Ж.Бөдешев, Н.Бегімхан, Ғ.Жайлыбай, Н.Мәукенұлы, С.Нұржанов, М.Райымбекұлы, О.Біләл, Б.Өтеулиев, Б.Айболатұлы, Т.Сыздықов және тағы басқалар өлең өнерінің жаңа тынысын танытуға үлес қосты. Жас жаңа поэзияның өріс жаюына тың өрнекті, көк қауырсын дүниелерімен әсер еткен Артығали Ыбыраев атында «Жұлдыз» журналы мүшәйра өткізіп келеді. Қазіргі жас поэзиямыздың мифологиялық тарихи ойлау жүйесі ауқымды, лирикалық кейіпкер аспан патшалығындағы алып құбылыстарды бейнелі қиял құдіретімен жердегі тіршілік үрдісіне салып бақылайды. Өлең жолдарында әрбір ақынға тән көркемдік өмір модулі түзілген. Қазіргі ақындарға да қазақ поэзиясы табиғатының негізгі сипатын анықтайтын мұң әлемі жат емес, олар үшін де мұң қалыпты жағдай, олар да мұңмен ғұмыр кешіп келеді. Мұң – әрбір шағармашылық тұлға үшін мәңгілік серік, қазіргі ақындар жырларынан да осы бір ақиқаттың метафоралық сипаттарымен жүз құбылатын сан арман суреттерін көреміз. Олардың өлеңдерінде мифтік – символикалық көріністердің де адамдарға тән уақыт пен кеңістіктегі шындықты жарқылы мол бояумен терең әсірелеп бедерлейтін айшығы қалың. Олардың жан сезімі тіршіліктің лайсаң даңғылынан әуелеп көтеріліп, жай назарға түсе бермейтін, интеллект, рухани өмірбаян жанарымен метатіршілік жағдайын, әдеттегі шалыс ұйқас, он буын мен сегіз буын жолдардың еркін қиылысуы арқылы микросюжетті дүниеге айналдырады. Мысалы, Ж.Әскербекқызы туындыларында жиі кездесетін «жез жүрек», «сорлы арман» эмоционалды қуаты зор тың теңеулер. Ақын өлеңінің ішкі тірегі, бура сан, алпамыс білектері – дәл сондай тапқыр, нақты, әдемі, әсерлі лексикалық тіркестер болып табылады. Бүгінгі поэзияда рухы күшті өлең перісі Райымбекұлы Маралтай еншісіне қазақ өлеңінде қасиетті «Құран» сүрелерін жырға айналдыру бақыты жазылыпты.
Жұлдыз ағып барады,
Жанарыңда жарқылдап.
Жаным көшіп барады,
Қобыз тартып қаңқылдап,
– деп, космогониялық сипаттағы баламаларға қанат байлап ұшатын ақынның символистерге тән сезім нәзіктігі, әуез сәнділігі, ғарышқа қарап бой түзейтін таным талғамы мейлінше табиғи. Ен далада бағусыз өскен тарамыс тораңғыдай шыныққан қалам иесінің назары көктегі айға түссе, жұлдыздар шеруінен қаралы көштің зарын естиді. Олжарқыраған күнге емес, қапастан нұр тамызған сәулетті айдың өзіне ғана ерекше таныс сырына ғашық.
Кермек татып кеткендей таза жасым,
Сұр аспанда саз емес, аза басым,
Шілік біткен шімірікпей оқып жатыр,
Аққайыңның ақ жауып жаназасын.
Қисаймастай қылы оған қала мына,
Аяп кетем.... сүйенем қаламыма.
....сені көзден сүйгендей сүйем сосын,
Кірпігіңді сап қойып шарабыма.
Мұнда да жер басып жүрген пенденің өлшемге сыймас алып көңілі метафора жаңбырының астында тұрып бір масайрап, бір түнереді, зияны бар – жоғы белгісіз қайғыны белдеуге байлап қояды. Қасіретсіз қуаныш қорқынышты тәрізді. Фәни дүниенің қарға тілегі мен абсолютті ақиқаттың көгершін қалпы антитезалық бітім түзсе, махаббат зәмзәмін Омар Хайям, Мағжан Жұмабаев, Сергей Есенин, Поль Верлен, Артюр Рембо сияқты импрессионисттік айшықпен қайталанбас бейне арқылы дәріптейтін ақынның сері сезімі ең соңғы дәрежедегі дәлдікпен безендірілуге бейім. Қиялмен арғы әлемнің мәңгілік бекнісіне көшіп алған масаң жігітке қолы – басын кір шалған мына тіршілік аянышты. Модернизмнің кеуделі бұтағы – символистік дүниетаным идеяның мансұқ етілмеуінен аңғарылса, соңғы екі жол ағайынды Гонкурлердің «Көру, сезіну, жеткізу – бар өнер сол» дейтін импрессионистік қағидасына үйлеседі. Ұлы жаратушының қастерлі өсиетімен сусындаған поэтикалық тұлға тәркі дүниенің өткінші қалін ұғыну нәтижесінде дене суытуды білмейтін қастерлі мұңның жанына жұбаныш әкеледі. Қазірде қазақ поэзиясында марапат сөзге әбден лайық барша талантты жас ақындарының жан сырын жаулаған мәңгілік ақиқат құпиялары, ұлттық өлең өнеріндегі өзгеше жаңа құрылым, болмыс мазмұнына тән ғарыштық тегеурін, ғажайып сұлулық аспандағы жұлдыздармен жарасым іздеуде.
Достарыңызбен бөлісу: |