Тұлғаның іс-әрекетінемесе белсенділігі деп адамның бүкіл айналысатын, шұғылданатын істерінің барлығын айтады. Адам белсенділігінің табиғатын тани білу, еңбек және моральдық белсенділік дәрежесі бойынша адамның қоғам мен ұжым үшін жарамдылығын жете анықтау мұғалімнің басты міндеті.
4.Жеке тұлға дамуының жас ерекшелігі туралы түсінік, оның табиғи әлеуеті.
Белгілі бір шақтық кезеңге тән анатомиялық-физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді әдетте жас ерекшеліктері деп атайды. Сондықтан педагогика және психология балалардың жас ерекшеліктеріндегі ширақтықты, өзгерімпаздықты айқындайды, тәрбиеленушінің және қоршаған ортамен жасайтын қарым-қатынастар жүйесіне тәуелді болатынын атап көрсетеді. Балалардың өсіп-жетілуінің бір сатысынан екіншісіне көшуі кездейсоқ емес. Әр жастағы кезеңге тән психологиялық ерекшеліктердің ұштасуын жиі байқауға болады.
Сана-сезімнің, дене күш-қуаттарының дамуы адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты. Баланың жасы өскен сайын бойлары өсіп, денелері тұлғаланып, ақыл-саналары дамып, білімдері тереңдей бастайды. Балалардың жас ерекшелігін есепке алу, оқыту мен тәрбие жүйесіндегі негізгі принциптердің бірі. Қоғамда атқаратын рөлі, белгілі құқығы бар адамды жеке адам деп түсінеміз. Ал, қалыптасу дегеніміз - адамның жеке басының дамуы мен тәрбиесінің нәтижесінде жетілуі, саналы өмір сүруге дайын болуы.
Жас ұрпақты қоғамдық өмірге және еңбекке араласуға дайындау міндетін іске асыруда, баланың жеке басын қалыптастыруға әсер ететін тәрбие, қоғамдық, әлеуметтік орта және тұқым қуалаушылық. перзент сүю - ата-ананың бақыты, олардың қоғам алдындағы табиғи борышы. Ұрпақ жалғастыру - бүкіл тіршілік дүниесінің эволюциялық жемісі. Адам табиғат-тан тыс өмір сүрмейді, олай болса, оның табиғи заңына орай дүниеге ұрпақ әкеледі. Адам өзінің баға жетпес ұрпағы үшін бар жағдайды жасайды.
Тәрбие ісінде балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп отыру қажеттігін педагогика ғылымы ерте кезде-ақ көрсеткен еді. Ал белгілі педагогтар Я.Коменский, Ж.Руссо тәрбие беру кезінде бала табиғатын, оның қабылдау, ойлау ерекшеліктерін еске алып отыруға үндеген болатын.
Қазіргі педагогика және психология ғылымдары балалар мен жеткіншектердің дамуындағы биологиялың фактордың рөлін айрықша көрсетеді. Педагогика ғылымы жас ерекшеліктерін анықтауға баланың дамуын үнемі қозғалыс үрдісі ретінде қарастыра отырып, бұл қозғалыстан сан жағынан жинақталу, сапа жағынан елеулі өзгерістер болатынын алға тартады. Мәселеге бұлайша қарау балалардың дене және психикалық дамуының бірқатар кезеңдерін белгілеуге мүмкіндік береді. Осының негізінде мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің өсіп-жетілуін мынадай кезеңдерге бөлу қабылданды:
1) төменгі сынып шағындағы кезең (7 жастан 11 жасқа дейін);
2) негізгі мектеп шағындағы жеткіншектік кезең (12 жастан 15 жасқа дейін);
3) орта мектеп шағындағы жасөспірімдік кезең (15 жастан 18 жасқа дейін).
Соңғы жылдары симпозиумда қабылданған жас кезеңдерінің сызбасына жаңа туған баладан бастап жасөспірімдік шаққа дейінгі өзгерістер кіреді. Олардың сатылары:
1. Жаңа туған бала (туған сәттен бір-екі айға дейін)
2. Нәрестелік шақ (бір-екі айдан бір жылға дейін);
3. Ерте сәбилік шақ (бір жастан үш жасқа дейін);
4. Мектепке дейінгі балалық шақ (төрт жастан 7 жасқа дейін);
5. Бастауыш мектеп жасы (7 жастан 11,12 жасқа дейін);
6. Жеткіншек шақ (11, 12 жастан, 14, 15 жасқа дейін);
7. Жасөспірім шақ (14,5 жарым жастан, 17 жасқа дейін).
Тәрбие мен оқыту осы жас сатыларына сәйкес жүргізілуі керек. Өйткені, адам жасының табиғи негізі - жас сатылары немесе биологиялық жетілу сатылары.
Әрбір жас шағы психикалық дамудың ерекше сапалы кезеңі болып табылады және бала дамуының осы кезеңдегі жеке басының өзіндік құрылымының жиынтығын құрастыратын көптеген өзгерістермен сипатталады. Осыған байланысты әрбір педагог-маман орта мектеп оқушыларының жас кезеңдеріндегі ерекшеліктерге сергек те сезімтал көзқараспен қарап, олардың жан дүниесін түсіне білуі шарт.
Мектепке дейінгі балалық шақта, жас баланың 4 пен 7 жасының аралығындағы өзіне тән ерекшеліктері, оның айналасындағы болып жатқан құбылыстарды жіті аңғарып, көргені мен сезінгендерін зердесіне хаттай жазып ала қоятын зеректігін ала бөтен ескерген жөн. Әрдайым қозғалыс үстінде жетіле дамыған балалардың денесі мен салмағы да бір қалыпты мөлшерді сақтап өсіп отырады.
4-5 жасар балалардың салыстырмалы ойлай алатын қабілеттері ерекшелене түседі. Санамақтарды әжептәуір игеріп, аз және көп сандарды, айдың, күн, жыл мезгілдерін айыра алатын халге жетеді. Бұл жастағылардың ойыны, әрбір әрекеттері мазмұнға айналып, белгілі бір мақсаттарды орындауға ұмтылыс жасайды. Бұл жастағы балалар топ-топ болып, өзара бірігіп ойнағанды жақсы көреді. Балабақшаларының өмірге қанат қақтырар жеткіншектері - 6 жастан өтіп 7-ге толған балалар екені әркімге де аян. Баланың мектепке 7 жасында баруы - негізінен биологиялық және физиологиялық заңдылықтарды басшылыққа алудан деп түсінген жөн. Дендері сау боп дүниеге келген балалар, қашан да алғыр да зерек ұғымталдығышпен ерекшеленеді. Олар айналасындағы құбылыстарды тез байқап қабылдауға да бейімді. Жете түсінген құбылыстарын өмір бойы ұмытпайтындықтары да белгілі.
Бастауыш мектеп жасындағы баланың психологиялық ерекшіліктері баланың бұрынғы дамуында жинақталып, оны өз кезегімен дамудың келесі сатысына көшуге дайындап отырады. Бастауыш мектеп мұғалімі сынып оқушыларының ерекшеліктерін зерттей отырып, сол ерекшеліктерді мектепке дейінгі шағында қалыптасқан ерекшеліктерден бөлек алып қарай алмайды.
Мектептегі оқыту оның бүкіл өміріне түбегейлі, сапалы өзгерістер енгізеді. Алаңсыз балалық шақ аяқталып, баланың өмірінің іс-әрекеттің жаңа түрі - оқу енеді. Оқу міндетті іс болып табылғандықтан, ол баладан белгілі бір жауапкершілікпен еңбек етуді талап етеді. Мектепке бару баланың қоғамдағы және отбасындағы жағдайын өзгертіп, оған бірқатар жаңа міндеттер жүктейді. Осының бәрі баланың қоғамдағы жағдайын өзгертіп, бұл өзгерісті ол біртіндеп сезінеді. Төменгі сынып оқушылары біртіндеп оқу ісіне, мектептің сан-салалы өміріне бауыр басып, өздерінің түсініктерін кеңейтіп, сөздік қоры молайып, оқуға, жазуға, санауға үйренеді. Оқытудың алғашқы сатысында олардың өмірлік тәжірибелері молая түседі. Бірлесіп оқу, жалпы оқу тапсырмаларын шешу, мінез-құлықтың жаңа ережелері мен нормаларын игеру балалар арасында қарым-қатынастардың қалыптасуына жағдай туғызады. Төменгі сынып оқушыларының ойлауын дамытуда екі негізгі саты байқалады. Бірінші сатыда ойлау әрекеті мектеп жасына дейінгі баланың ойлауын еске түсіреді. Екінші сатыда оқушылар заттар мен жағдайларды сыртқы белгісі бойынша бағалайды. Есейе келе ойлау сипаттары өзгереді. Оқушылар білуге әуесқой болғандықтан, олардың табиғат құбылыстары, адамдардың өмірі туралы сұрақтары көбейеді. Шығармашылық ойындар баланың ақыл-ойын дамытады.
Сезімдік көңіл-күйінің көтеріңкілігі - олардың маңызды бір ерекшелігі. Оқушылар ересек адамдармен, өзінің құрдастарымен қарым-қатынаста болғанды жақсы көреді.
Бұл жастағы балалардың негізгі іс-әрекеті - оқу. Бастауыш сынып оқушылары ұзақ уақыт бір қалыпты отыра алмайтындықтан, сабақта жазу мен оқуды алмастырып, сергіту сәттерін өткізіп, сыныптың ауасын тазартып, үзіліс кезінде мектеп ауласында ойындар ұйымдастыру керек.
Мұғалім оқыту процесін жеке бөліктерге бөліп, оқушыларға жеңіл тапсырмалар беріп, оларды бірте-бірте күрделендіріп отырады. Оқыту процесі зейін мәдениетін тәрбиелеуге бағытталуы керек. Оқуға және қоғамдық жұмыстарға байланысты талаптарды жүйелі қойып, оның орындалуын бақылау, өздік жұмыстарды орындату, іс-әрекетті түрлендіру, ойындарды қолдану, балалардың еңбегін жеңілдетіп, балаға тапсырма орындаудың қажет екендігін түсіндіру арқылы, мұғалім оқушының оқуға деген жауапкершілігін тәрбиелейді.
Бала форма, бояу, дыбыс арқылы ойлайды, сондықтан көрнекілік әдістері мен ойындарды жиі қолдану пайдалы.