Өзіндік сұрақтары:
1.Құстар миграциясы неге байланысты?
2.Құстар ұяны қалай жасайды?
№30 лекция.
Құстардың шаруашылық маңызы
Жоспар:
1.Құстардың ауыл шаруашылығындағы маңызы
2.Құстардың ауыл шаруашылығына тигізетін пайдалы және зиянды әсері.
Лекция мақсаты: Құстардың ауыл шаруашылығындағы маңыздылығы, оның келтірер пайдасы мен зарары жайында түсінік беру.
Лекция мазмұны: Адамның шаруашылық әрекеттерінде құстардың алуан түрлі және үлкен маңызы бар. Көптеген түрлерін үйретіп, үй құсына айналдырған, бұл әрекетті осы кезге дейін жетілдіріп келеді. Ет, жұмыртқа, мамық алу, байланыс мақсатына, әсемдік үшін құстардың жаңа тұқымдарын шығарады. Жабайы құстардың – ауыл, орман, балық шаруашылығында, аң аулау кәсібінде және денсаулық сақтауда зор маңызы бар. Құстардың экономикалық маңызы өте күрделі, оны механкиалық шеше салатын мәселе емес. Бір түрге жататын құстың өзі бір жағдайда пайдалы болса, екінші бір жағдайда зиянды болып саналады. Шаруашылықтың бір түріне пайдалы болған құс, шаруашылықтың екінші саласына зиянын тигізуі мүмкін. Көпшілік құстар егін, бау-бақша, тоғайлы және далалы жердегі өсімдіктердің зиянкестері – омыртқасыз организмдерді қырып, пайдасын тигізеді. Орман зиянкестерімен қоректенетін құстарға: сары шымшық, пищухалар, шыбын қаққыштар, түрлі сары шымшықтар, қызыл құйрықтар, малиновкалар, көкектер, жағалтайлар, ешкіемерлер, тоқылдақтар, кішкене торғайлар, жорға торғайлар, т.б. жатады. Дала мен шабындық жерлердегі зиянкестермен қоректенетін құстарға: кәдімгі қара торғайлар, түрлі қаратамақ торғай, бозторғайлар, көк қарғалар, ұзақтар т.б. жатады.
Күлгін қара торғай (Pastor roseus) Орта Азияға, Қазақстанға, Кавказда Төменгі Еділде тараған. Олардың ересегі бір тәулікте көптеген жүз насекомдарды жояды. Р.Н. Мекленбурцевтің мәліметі бойынша, Орта Азиядағы қараторғайдың әрбір үйірі, ұялаған кезінде (бір айда) 100 мыңдай шегірткелерді құртады. Сонымен қатар жас балапандары жүзім мен шиені жеп көп зиянын тигізеді. А.Н. Формозов Қазақстанда дала бөктергісінің шегірткелерді жейтінін байқаған. Оның айтуынша безгелдек (Microtus tetrax) таңертеңгі уақытта 250 шегірткені жегенін бақылаған. Самырсын құстар (Nicifraga caryocatactes) самырсын ағаштарының көптеген жаңғақтарын жеп, өндірістік маңызы бар жаңғақтың қорын кемітеді. Сонымен қатар бұл құстар көптеген самырсын жаңғақтарын мүктердің арасына, топыраққа апарып көміп, самырсын ағашының тұқымының тарауына себепші болады.
Құстар ұсақ кемірушілерді жеп, ауыл шаруашылығына үлкен пайда келтіреді. Көптеген күндізгі жыртқыш құстар және жапалақтар көпшілігінде ұсақ кемірушілермен қоректеніп оларды қырады.
Кемірушілер аз болған жылы, бұлардың бірқатары насекомдармен, рептилилермен, құстармен қоректенеді. Кемірушілер көбейіп кеткен жылы ұсақ кемірушілермен тек қана жыртқыш құстар емес, құзғын, сауысқан, құтандар, дегелектер де қоректенеді. Олар кемірушілер көбейіп кеткен жерге топтанып ұшып барып, қырады.
Кейбір құстардың пайдасымен қатар зияны да айтарлықтай. мысалы, ақ тұмсық қара қарғалар көктемде себілген тұқымды қазып жесе, жазда қиярды, қапбыз қауынды, картопты шоқып бүлдіреді. Сонымен қатар ауыл шаруашылғының зиянкес насекомдарын да жеп көп пайда келтіреді. Сол сияқты суық торғайларда балапаны ұшқанша насекомдармен, олардың личинкаларымен, жұлдыз құрттармен қоректендірсе, олар ұшқасын күзде дәнді дақылдармен қоректеніп зиянын тигізеді. Сонымен қатар ементұмсықтар мен қара торғайлар шие жемісін жеп үлкен зиян келтіреді.
Қазақстанда мекендейтін құстар түрі
Қазақстан Еуразия материгінің орталығында орналасқан, оның жер көлемі 2 млн. 715 мың шаршы шақырым. Қазақстанның батысында Каспий теңізінен, шығысында Алтай тауларына дейін 2925 шақырым, солтүстігінде Батыс Сібір жазықытығының оңтүстігі мен Орал тауларының сілемдерінен, оңтүсітігінде Тянь-Шань биік таулы жоталары мен Қызылқұм шөлдеріне дейін 1600 шақырымға созылып жатыр. Осыған байланысты Қазақстанның табиғат жағдайлары да әртүрлі.
Мұнда жазықтық жерлердің сан алуан түрлері солтүстігінде орманды далалардан басталып, оңтүстіктегі шөл-шөлейттерге, құмды, сазды, тасты, сортаңды шөлдерге жалғасады. Қазақстан жерлерінде алуан түрлі жануарлар кездеседі.Мұнда омыртқалы жануарлардың 835 түрі бар. Соның ішінде құстардың – 500-ге жуық түрлері бар.Атап айтар болсақ: барылдауық үйрек, үлкен сұқсыр, көкқұтан, үлкен аққұтан, әупілдек немсе екішкентай көлбұқа, бұйра және қызғылт бірқазандар, ақбас үйрек, тартар, саз құладыны, отүйрек, дегелек немесе ақ ләйлек, мойнақ шағала, қызылқасқа сутатар, қамыс сары торғайы, үлкен су құзғыны, жалпақтұмсық, сұңқылдақ және сыбырлақ аққу, қылаң қарабас шағала, боз шағала, сутартар, сарыала қаз, қоқиқаз немесе қызылқаз т.б.
Барылдауық үйрек – көптеген үй үйректерінің шыққан тегі. Ата үйрек өте ашық түске боялған – басы мен мойнының жоғарғы жағы қою жасыл, ашық қоңыр кеудесі ақ қарғымен бөлінген, құйрығының үстінде жоғары қарай бұралған әшекейлі қауырсындары болады. Маңғыстаудың сусыз жерінен басқа Қазақстанның барлық жерінде кездеседі. Теңіз деңгейімен 2000 м биік тауға көтеріледі. 6-9 жұмыртқаға дейін жұмыртқалайды және 4 апта ішінде басып шығарады.
Үлкен сұқсыр – Қазақстандағы сұқсыр үйрек туысы өкілінің ішіндегі ең ірісі (салмағы 700-1400 г). Бұл дүние жүзінде кең таралған, еліміздің барлық су қоймаларында қоныстанған. Ұсақ балықтармен, сонымен қатар су омыртқасыздарымен – жүзгіш қоңыздар, қандалалары, инеліктер, маса дернәсілдерімен қоректенеді.
Көкқұтан – біздегі құстардың ішіндегі ең ірілерінің бірі (биіктігі 1 метр). Сұр түсті, ақшыл, мойнында қара жіңішке сызықтар және көзінің артында ұзын қара бұрымшалары бар.Бұл құстың ұшқанын көру ерекше қызық: ол мойнын S әрпі тәрізді қаттап, басын иығының ішіне тартып жатқандай көрінеді. Тек артқа бағытталған ұзын аяқтары мен қағылған жалпақ қанаттары анық көрінеді. Жарамды су қоймаларының бәрінде қоныстанған. Бұл керемет құтанды таяз сулардан жиі кездестіруге болады. Бір аяғымен қатып тұрып, жемтігін – балық, бақа және басқа да су жануарларын аңдып ұстайды. Жұмыртқаларын атаана кезектесіп басады. 26-27 күнде балапан ашып шығарады. Қазақстанның оңтүсітік аймақтарында қыстайды.
Достарыңызбен бөлісу: |