Кептертәрізділер отряды - Соlumbiformes Отрядқа жер шарының тропикалық және қоңыржай ендіктерінде таралған, басым көпшілігі өсімдікқоректі құстардың 2 отрядтармағы мен 3 тұқымдасқа жататын 310-ға жуық түрі бірігеді. Кептертәрізділердің тегі -ерекшелінген татреңтәрізділер. Салмағы 30 г-н 3 кг-ға дейін жетеді. Танаулары жабық. Жемсауы жақсы жетілген. Бұлшық етті қарынның қабырғасы қалың. Құймышақ безі кішкентай, қауырсынданбаған немесе жоқ. Қалыпты қауырсындардың мамық бөлігі жақсы жетілген, денесінің кейбір учаскелері "опа" өндіреді. Қанаттары ұзарған, үшкір. Жақсы жүреді әрі жүгіреді. Әдетте аталықтары аналықтарына қарағанда ірі. Моногамдар. Жұмыртқасын екеуі бірге шайқайды. Балапандары ширақ немесе шала.
Бұлдырықтар отрядтармағы (Рterocletes) Африка мен Оңтүстік Азияның құрғақ далалы, шөлейтті және шөлді аймақтарында мекендейтін құрамында 16 түр бар осы аттас тұқымдасты біріктіреді. Пайда болған орталығы - Солтүстік Африка деп есептелінеді. Салмағы 300-ден 500 г-ға жетеді. Тұмсығы кішкентай, үстіңгі тұмсығы шамалы томпиған. Балсірі жоқ. Танау тесіктері терілі қатпармен жартылай жабылған. Құйрығы ұзын, сынатәрізді. Жіліншігі қысқа және тығыз қауырсынданған. Аяқтары қысқа, төртсаусақты, сирек үшсаусақты. Саусақтары қысқа. Қалыпты қауырсындарында қосымша өзегі болады. Сирек мамық қауырсындар птерилия мен аптерияда өседі. Ұшуы шапшаң, мәнерлі. Жақсы жүреді, тез жүгіреді. Жерден шөп, тұқым теріп жейді, осылармен бірге құрлық омыртқасыздарымен де қоректенеді. Нағыз құрлық құстары, ешуақытта ағашқа қонбайды.
Аталықтары аналықтарына қарағанда ашық түсті. Шашыраған топ құрып ұялайды. Ұясы жердегі шұңқыр, ол шөппен төселінген. Ұяда әдетте 3 жұмыртқа болады. Балапандары ширақ. Ересектері балапандарын тек қоректендіріп қана қоймайды, сонымен қатар жемсауымен және қауырсындарымен су да әкеледі. Қазақстанда 3 түрі ұялайды. Қылқұйрық не қылаңтөстің (Syrrhaptes раradoxus) салмағы 300 г-дай. Артқы саусағы болмайды. Жіліншігі қауырсынданған. Алдыңғы үш саусағы қауырсынданған және тырнақты буынға дейін бірігіп кеткен, қоянның табанына ұқсас. Қарабауыр бұлдырықтың (Рterocles orientalis) салмағы 550 г-дай. Құйрығы салыстырмалы түрде қысқа. Артқы саусағы дамымаған. Жіліншігі тек алдынан ғана қауырсынданған, саусақтарында қауырсын жоқ. Ақбауыр бұлдырықтың (Р. аlchata) құйрығы қылаңтөстің құйрығындай ұзын және аяғы төртсаусақты. Үшеуі де Қазақстанның Қызыл кітабына (1996) тіркелген.
Кептерлер отрядтармағы (Соlumbае) солтүстік пен оңтүстіктің суық облыстарынан басқа жер шарында кездесетін 2 тұқымдасқа жататын 290-ға жуық түрді біріктіреді. Салмағы 30 г-н 3 кг-ға (тәжілі кептер) дейін жетеді. Тұмсығы үлкен емес, негізі жіңішке, үстіне қарай төмпиген. Танаулары тері қатпарлармен жабылмаған. Тұмсығының негізінде балсірісі болады. Құйрығының ұзындығы орташа, дөңгеленген. Аяғы бұлдырықтарға қарағанда ұзын. Артқы саусағы жақсы дамыған. Саусақтары ұзын, тырнақтары қысқа. Жерде түрлі өсімдіктектес азықпен қоректенеді, сиректе болса қорегінде омыртқасыздарда кездеседі. Моногамдар. Жеке ұялайды, өте сирек топ құрайды. Ұясы - бұтақ арасына, жартасқа, тік жарлардағы індерге, өте сирек жерге майда бұтақтардан салынған бос үйінді. Ұяда 2 жұмыртқа болады. Балапандары қызылшақа, жіптәрізді сирек мамықпен жабылған. Ересектері оларды "құс сүтімен" қоректендіреді. Ол дегеніміз жемсаудың эпителий клеткалары мен лимфа сығындысы.
Дронттар тұқымдасы (Raphidае) Маскарен аралдарында мекендеген және 16-17 ғасырларда жойылып кеткен 3 түрді біріктіреді. Салмағы 10 кг-ға жететін ұшпайтын құстар. Тұмсығы күшті, төмпиген, ұшы ілмек. Балсірісі жоқ. Қанатының барлық бөлімдерінің қаңқасы қысқарған. Коракоидтары мен аша сүйек әлсіз. Артқы аяқтарының қаңқасы мен жамбасы күшті. Бағыттаушы қауырсындары болмаған сияқты. Өкілдері: дронт, немесе додо (Raphus cucullatus). Кептерлер тұқымдасы (Сolumbidае) жер шарының барлық қоңыржай және ыстық ендіктерінде, көптеген мұхит аралдарын қоса, мекендейтін 292 түрді біріктіреді. Тұмсығы жіңішке, аздап төмпиген, ұшы ілмек. Қалыпты қауырсынында қосымша өзек болмайды және оның мамық бөлігі жақсы жетілген. Әдетте нағыз мамық жоқ, бірақ жіптәрізді ұзын мамықшалары болады. Жақсы жүреді, бірақ жүгіре алмайды. Тәжілі кептер (Goura соrопаtа) Жаңа Гвинеяның ормандарында тіршілік етеді. Салмағы 3 кг-дай. Басында желпуіштәрізді кекілі болады. Тотытәрізді кептер (Vinago walia) Солтүстік Шығыс Африканың орманды облыстарында мекендейді. Қорегі -ағаштардың жемісі, оны тұтастай жұтады. Дыркептер (Соlumba palumbus) — қылқан және жалпақ жапырақты ормандардың құсы (салмағы 620 г-дай). Қорегін тек жерде ғана емес, ағаштан да табады.
Қазақстанда 10 түрі кездеседі. Олар: дыркептер, түзкептер (Соlumba oenas), көк кептер (С. livia), құз кептері (С.rupestris), сақиналы түркептер (Streptopelia decaocta), үлкен түркептер (S.orientalis), қоңыр кептер (Соlumba eversmanni) және басқала-ры. Соңғысы Қазақстанның Қызыл кітабына (1996) тіркелген.