КІРІСПЕ ХХІ ғасырда білім мен ғылым саласында болып жатқан өзгерістер білімді ұрпақ даярлауда мектептің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Осыған орай, оқушының бүгінгі әлеуметтік білім беру кеңістігіне сай білім алуы мен іскерлікті, жеке тұлғалық және кәсіби сапалық қасиеттерді меңгеруі қоғамның негізгі талабы ретінде қарастырылуда. Білімді жас ұрпақтан ғана қоғам мен экономиканың, әлеуметтік және мәдени өркендеуіне үлес қосатын азаматтар шығады.
Жас ұрпақ – еліміздің ертеңі, болашағы. Ендеше, білім беру саласындағы басты міндет ұлттық ерекшеліктерді есепке ала отырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісін жетілдіру, жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Білім – адамзаттың терең және үйлесімді дамуын бекітетін құралдардың бірі, прогрестік, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы.
Оқу-тәрбие үрдісін даралауда оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдау, яғни оқушының өзіндік танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға бағыттау, білім беруде жеке оқытуды дамыту, көзделуі қажет.
«Есептеуіш жүйелер, желілер және телекоммуникация» пәнінен лекция жинағы пән силлабусындағы тақырыптарына сәйкес дайындалған.
Желі – мәліметтерді компьютерлер арасында жеткізу құралдарымен біріктірілген компьютерлердің жиынтығы. Есептеу желісі – бір-бірімен байланысқан желі элементтері арасында мәліметтер жеткізуге арналған программалық және аппараттық құрауыштардың күрделі жүйесі. Аппараттық жабдықтар ішінде әртүрлі типті және класты компьютерлермен қатынастық жабдықтарды атауға болады.
Есептеуіш желілердің даму тарихы, жіктелуі, архитектурасы, телекоммуникацияларға қатысты қолданылатын хаттамаларды, Internet жүйесіне қосылу әдістері: электрондық пошта (E-mail), UseNet, TelNet, FTP технологиялары, TCP/IP хаттамасы мен OSI моделінің ақпараттарды жіберудегі қызметтері қарастырылған.