Кинестетикалық түйсіктер
Кинестетикалық түйсіктер қимыл мүшелерінің кеңістікте өз қалпын өзгерткенде туып жататын процестеріне байланысты. Бұл түйсіктердің рецепторлары бұлшық еттерде, сүйектерді бір-бірімен байланыстырып тұратын сіңірлер мен тарамыста, екі сүйектің бір-бірімен түйіскен буын аралығында болады. Олардың ұштары мидың орталық қатпарына жетіп орналасқан.
Кинестетикалық түйсіктің табиғаты күрделі келеді, өйткені ол сапалық жағынан айырмасы бар бірнеше рецептордың бір мезгілде тітіркенуінен пайда болады.
Кинестетикалық анализатордың периферияда не болып жатқанын туралы миға тез хабар жеткізіп отыруын кері афферентация деп атайды. Мұның да мәні өте зор. Денесінде өтіп жатқан әр түрлі кері афферентацияға байланысты процестер адамның көздеген мақсатына сай келмесе, бұл процестерді бөгеп, тежеп, мүлдем жойып немесе күшейтіп отыруға мидың шамасы келеді. Айнала қоршаған ортаның ылғи өзгеріп отыратын жағдайына байланысты организмнің бейімделіп отыруын реттейтін кері афферентация-өте керекті шарт. Егерде кинестетикалық анализатордың кері афферентация жасау қызметі нашарлай бастаса, адамның күрделі қозғалыс әрекеті де күйрей бастайды. Оны көру рецепторы арқылы бақылап отырмаса, өзінің жасаған қимылдарын белгілі арнаға түсіріп отыруға адамның шамасы келмей қалады. Егер адам көз жұмғанда, оң қолын сол қолының қалпына келтіре алмаса, мұндай ауруды атаксия деп атайды. Оны эксперемент арқылы да байқауға болады.
Кинестетикалық түйсіктер адамның сөйлеу әрекетінде де үлкен орын алады, өйткені ерін, тіл, дауыс шымылдығы қатынасатын қимылдардың дәлдігінсіз сөйлеу мүмкін емес.
И.П.Павловтың айтуынша, сөйлеу органдарының кинестетиклық тітіркенуі екінші сигналдық системаның негізгі компоненті болып есептеледі. Жазудың да негізі - кинестетикалық түйсіктер. Проприорецепторлары ауруға шалдыққан адам өзі сөйлеп отырмаса (ішінен болса да), жатқа жаза аламайды.
Тек қана сөйлеу, жазу процесінде емес, адамның өмірінде кездесетін толып жатқан басқа дағдыларды да кинестетикалық анализаторсыз меңгеру мүмкін емес. Қимыл дағдыларының барлығы алдымен кинестетикалық түйсікке сүйене отырылып жасалынады.
Достарыңызбен бөлісу: |