Кеңістікті қабылдау
Кеңістікті қабылдау, уақыт пен қозғалысты қабылдау сияқты, өте күрделі процестердің бірі. Бұл қабылдаулар кенеттен тумайды олар адамның өмірлік тәжірибесімен байланысты бірте-бірте пайда болады. Кеңістікті қабылдау деп заттардың үлкендігін, алыстығын, түрін олардың қатынасын, бағытын айтады.
Кеңістік, уақыт сияқты шексіз де шетсіз. Расында да, біз кеңістік ішінде қай жаққа қозғалсақ та және бастапқы шыққан орнымыздан қанша қашық кетсек те, ешқайда, ешқашан да әрмен қарай қозғалуға болмай қалатын шек болмайды. Шексіздік пен шетсіздік -кеңістіктің екі түрлі сипатамасы. Ғылым ілгері қадам басқан сайын әлем кеңістігіне терең бойлап, адам баласының талай табыстарға жетіп отырғанына өзіміз куәміз. Жаңадан жасалған радиотелескоптар жарығы бізге 10 миллиард және одан да көп жылдарда ғана келіп жететін жұлдыз системаларын табуға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай зор қашықтықты көрнекі түрде елестету мүмкін емес болатын. Ал жұлдыз системалары бізден қанша алыс тұрғанмен, олардың ар жағында аспанның тағы да басқа алып денелері бар екендігіне күмән келтірмейтіндей дәлелдеріміз бар.
Кеңістіктегі заттарды қабылдауға тек көру мүшесі ғана емес, кинестезиялық анализатор мен тері түйсігі де белсенді түрде қатынасып отырады. Мәселен, іштен соқыр болып туған баланың көзіне операция жасағанымен, ол шарды жай дөңгелектен, төрт бұрышты нәрсені үш бұрышты нәрседен айыра алмаған. Ал екі нәрсенің арасындағы қашықтықты қойып, «енді ал» деп тапсырма бергенде, ол қолын олай-бұлай созып, дәл ұстай алмай, ақырында қармалап барып, қолын жаңағы нәрсеге әрең дегенде жеткізген. Бала нәрсені қолына алып, сипап байқағаннан кейін ғана оның үлкендігін, формасын, басқа сипаттарын айыра бастаған. Бұл-тәжірибенің арқасында туатын қайталаудың нәтижесі.
Достарыңызбен бөлісу: |