Бұрынғы қазақ қоғамындағы билер институты
Ел басқару және билік жүйесіне қатысты атаулардың дені қоғамның құқықтық өмірінің әртүрлі буынын бейнелейді және ол атаулардың өзгеруі тілдің ішкі заңдылықтарынан гөрі мемлекеттің, қоғамдағы саяси жүйенің даму бағытына көбірек тәуелді болады.
Сайып келгенде, осы сыртқы факторлардың нәтижесінде тілге жаңа билік институттарының атаулары үздіксіз еніп жатады.
Қазақ хандығында далалық демократияға негізделген сондай билік институтының бірі билер кеңесі деп аталған. Билер институты бұл қазақ қоғамындағы парламентаризм дәстүрлерінің құқықтық негіздерінің тым әріде жатқанын көрсетеді. Көрнекті түрколог Лев Гумилев «Республикалық құрылыс» деп атаған хандық құрылыс кезінде, яғни, қазақ мемлекетінде абсолюттік монархия ешқашан да болған емес. Өйткені, хан биліктің ең жоғарғы тұтқасы болып де-юре есептелгенмен, де-факто билер кеңесі оның шешімдеріне вето қоя алатын.
Лингвистикалық тұрғыдан алғанда, билер кеңесі деген күрделі атаудың құрамына қарап, сол кездегі қазақ әдеби тілінің атаужасам қабілетінің ерте байқалғанын анықтауға негіз бар.
Билер кеңесі бұған дейінгі хан кеңесі деген атаулық тіркестің үлгісінде дүниеге келген деп жорамал жасауға болатын тәрізді. Күрделі атаужасауға негіз болып тұрған модель сөз – кеңес орта түркі кезеңінен бері мемлекеттік ел басқару атауы ретінде қолданылып, кэнеш тұлғасында билеушінің канцеляриясы деген мағына берген. Қазақ хандығы тұсында үлкен ел жиындарын «кеңес» деп атаған. Айталық, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген аталы сөз содан қалған.
Ал би сөзінің мағынасына келсек, қазақ тілінде ол бірнеше мағына беретіні белгілі. Егер бұған дейін би сөзі әлеуметтік категорияны білдіретін бек сөзінен туындап, сол мағынада ұғынылса, алғашқы ұлттық мемлекет құрылған сәттен бастап би сөзінің мән-мағынасы кеңейді. Біріншіден, ол хан кеңесшісі деген мағынаны берді. Екіншіден, Қазақ хандығының басқа елдермен дипломатиялық қарым-қатынасының нәтижесінде елші болып баратын ресми өкілдер билерден құралатын болды. Үшіншіден, би сот билігін жүзеге асырушы адам болып есептелінді. Төртіншіден, бидің алдыңғы міндетін атқаруға қажетті қасиеттердің негізінде оның сөзге ұста, шешен деген лексикалық мағынасы қалыптасты.
Билік айту мен би түрлеріне байланысты атақ-лауазым атаулары. Хан сарайында, ұлыстардың мекемелерінде, ауылда, жиындарда билік айтып, ел арасындағы дау-дамайды шешетін, сөзге шешен, іске шебер, сауатты адамдар. Билер – халық қалауымен, тардың, хандардың ұсынысымен, талабымен, қолдауымен болатын өте көрнекті адамдар. Би лауазымы ауылдан тартып, хан сарайларында сақталып, өз қызметін атқарып келді. Көрнекті орыс ориенталисі, Таяу және Орталық Шығыс халықтарының филологиясы, тарихы, географиясы, мәдениеті және діні хақындағы 400-ден астам көлемді ғылыми еңбектердің авторы, академик В.В. Бартольд бек сөзінің сонау Орхон-енисей жазбаларынан бастап кездесетінін, осы орайда терминнің таза түркі сөзі ретінде кейіннен би сөзіне айналғанын айтады. В.В. Бартольд би термині ХV ғасырдан бері қарай ғана кездесе бастайды дей келе, зерттеушілердің арасында тұңғыш рет қазақтың биі мен қырғыздың манабы ұғымдарының өзара тығыз байланыстылығына көңіл аударады. Іс жүзінде қазақ қоғамындағы ақсүйек, қарасүйек, төре, қараша ұғымдары мен сұлтан, би, батыр, бай, төлеңгіттәрізді әлеуметтік категорияларды алғаш рет талдаған ғалым Е.Бекмахановтың пікірінше, қазақ қоғамындағы билер айрықша құқықтық және экономикалық артықшылықтарға ие болушы топ өкілдері. Ақсүйек тұқымы болып есептелетін сұлтандармен салыстырғанда көшпелі қауымның өз арасынан шыққан ру-тайпаның игі-жақсылары. Аумалы-төкпелі, алмағайып замандарды бастан кешкен халықтың өзіндік басқару жүйесі болды, ел қамын жеген ерлері, күн сайын дерлік бетпе-бет келіп отырған жер дауын, жесір дауын, барымта-сырымта дауларын шешіп беретін би-шешендері болған. Қазақ қоғамындағы билерге жүктелген міндет аса жауапты болған – бұзылған құқықты қалпына келтіруі, дау-таластарды шешу, әділдік орнату, қылмыстың алдын алып, қоғамда тыныштықты қамтамасыз ету, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді уағыздаушы, жауласқан рулар мен қауымдарды елдестіру. Билер неғұрлым көп болса, соғұрлым ел ішінде тәртіп берік болады деп есептелген. Көнеден қалған «Би көп болса елдің құты» осыны меңзейді. Би атағына әркім де терең парасатты ақыл-ой, қиыннан қиыстырар тапқырлық, елдің тарихын, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ата-баба жолын білгендік, асқан шешендік пен қара қылды қақ жарған әділдік тәрізді ізгі қасиеттері арқылы ие болады. Билік кесу кезінде олқылықтар жіберу, би үшін бедел, атақ-абыройдан айырылу – ең үлкен жаза. Қазақ халқы қай кезде де орақ тілді, от ауызды, қара қылды қақ жарған әділ билерін, шешендері мен ақындарын ел билеген хандарынан бетер қадір тұтқан. Олар айтқан кесімді сөздер ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, тұтас бір халықтың даналық мектебіне айналған. «Билер кім?» деген сұраққа мынандай тұжырымдамалармен жауап беруге болады: Би – көсем, шешен, ақын, заңгер, елші, мәмілегер, жүрек жұтқан батыр, саясаткер, қоғам қайраткері, ойшыл ғалым, психолог, әртіс, тәрбиеші.Сондықтан да халықтың билерді өзінше сипаттауы да жиі ұшырасады. Солардың біразына тоқталып өткенді жөн санап отырмыз.
Әділ би. Билікті әділ шешетін, турасын айтатын шыншыл, әділетті билерге халықтың қойған атауы. Сондықтан да қазақтар билердің әрқашан да әділ болғанын қалайды: «Әділ (тура) биде туған жоқ, Әділетсіз (туғанды) биде иман жоқ» деп өсиет айтады. Адам өмірін өте жоғары бағалаған зиялы ойшыл Абай Құнанбаевтың бүкіл өмірі, іс-әрекеті, көзқарас-пікірі – зорлық-зомбылық, әділетсіздікке қарсы тұрған. Сол себепті де өз заманында Абай – дана заңгер, әділ би атанған.
Төбе би. Билер алқасын басқаратын, басқа билерден мәртебесі биік тұрған билердің биі. Төбе билер дауды шешкенде билердің даусы тең түскен жағдайда өзінің даусымен дауды түпкілікті шешкен. Төбе билерді сайлау тәртібі Торғай облысында әскери губернатор Константинович бекіткен «тық және төтенше съездерге дауларды талқылап және шешу үшін орнатылған қағидада» белгіленді. Төбе билерге көмек көрсетіп, даулардың жылдам шешім табуына атсалысқан, дауларды салауатқа беруге келісім жүргізіп отырған әр уездің өз төбебасылары болған. Мысалы, Ұлы жиындарда билер алқасында билік айтушы үлкен би. Асыл ағаң төбе би болды, хайырлы болсын! Өзіңе де, халыққа да хабар айт! – деді
Достарыңызбен бөлісу: |