М. М. Бисенгалиева, студент К. А. Байдалиев



Дата25.08.2017
өлшемі148,27 Kb.
#25987
УДК 378:37.013.3
М. М. Бисенгалиева, студент

К. А. Байдалиев, п.ғ.к., доцент

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Орал қ., ҚР


КӘСІБИ ПӘНДЕР САБАҚТАРЫ БОЙЫНША ТӨМЕНГІ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ КУРС ОҚУШЫЛАРЫНА КӘСІБИ БІЛІМ МЕҢГЕРТУДІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Аннотация

Бұл зерттеу жұмысымызда төменгі және жоғары курс оқушыларына кәсіби білім мен тәжірибелік іскерліктерін қалыптастырудағы әдістемелік ерекшеліктерін, оқу-танымдық тапсырманың құрылуы теориясын анықтаған. Төменгі және жоғары курс оқушыларына кәсіби білімді меңгертудің әдістемелік ерекшеліктері - төмен және жоғары курс оқушыларына кәсіби білім берудің тиімділігі мен ұтымдылығына ықпал ететін оқытудың формалары, әдіс-тәсілдері және құралдарын талдап, саралап мақсатқа сәйкес іріктеу болып табылады.


Кілт сөздер: оқыту, білім беру, кәсіптік мектеп, кәсіби білім, іскерлік, оқыту құралы, әдіс-тәсіл, құзыреттілік, кәсіби-техникалық пәндер, оқыту формалары, интерактивті оқыту, өндірістік сабақ, өндірістік оқыту шебері, тапсырма.
Кәсіптік-техникалық мектептердің педагогикалық процесінде қолданатын оқыту формалары мен әдіс-тәсілдері басқа деңгейде мамандарды дайындайтын (ЖОО оқу орны, кәсіби арнайы орта) кәсіби білім беретін оқу орындарына қарағанда әле қайда ерекше орын алады. Оның себебі, бастауыш кәсіптік білім беру оқу орнында оқушының кәсіби-техникалық іскерлігі мен дағдысын қалыптастыра дамыту, оның оқу-тәрбие үрдісінің басты міндет болып табылады. Кез-келген кәсіптік мектептің мамандық бойынша жасалған мемлекеттік міндетті білім беру стандарты мазмұны негізінде құрастырылған типті оқу жоспары, басқа оқу нормативті құжаттарда жұмысшы маманды дайындаудың оқу процессіндегі практикалық мәнділігі декларативті және тұжырымды түрде сақталып қалмаған. Ол оқу жоспарында анықталған кәсіби-техникалық пәндердің теориялық және практикалық уақыт мөлшері арасындағы қатынас 1/3 шамасында белгіленген. Ол дегеніміз кәсіби-техникалық пәндер бойынша теориялық сабақтың оқу материалын игеруге берілген уақыт, оқушылардың практикалық сабақта кәсіби-техникалық және технологиялық білімін, іскерлігін және дағдысын қалыптастыруға қарағанда 70% төмен. Мәнді басымдылық уақыт шамасы өндірістік оқыту түріне арналған. Оқушылар өндірістік оқыту формасында кәсіби-техникалық және технологиялық іскерлік қасиетерін меңгеру үшін техникалық және арнайы пәндерде еңбек процессінің жеке приемдарын, әрекеттерін және операцияларын машықтану деңгейіне дейін жеткізгенше әртүрлі практикалық, жаттығу және имитация түрінде тапсырмалар орындай іскерлік қасиеттерін шыңдайды. Мұндай қасиеттегі болашақ жұмысшы маман өндіріс сласында барып нақты материалдық құндылықты сапалы жасауға немесе сапалы қызмет көрсетуге дайын өнім түрінде даярланады.

Олай болса, кәсіптік мектепте жұмысшы маманды кәсіби саласы бойынша кәсіби-техникалық және технологиялық іскерліктерін қалыптастыру үшін теориялық және өндірістік оқыту формалары мен әдіс-тәсілдері қалыптасып, оның жаңа интерактивті, белсенді, іскерлік әдіс-тәсілдері мен құралдары жылдан-жылға өнімді даму үстінде болып келеді.

Солардың бірі, проблемалық оқыту, интерактивті оқыту, жобалап оқыту, модульді оқыту, ұжымдық және топтық оқыту, сыни тұрғыда ойлау, іскерлік ойын, контексті оқыту сияқты оқытудың инновациялық технологиялары кәсіптік білім беру оқу орындарында біршама тәжірибеде қолданылып келеді [1, 2].

Бірақ, біздің зерттеу жұмысымызда төменгі және жоғары курс оқушыларына кәсіби білім мен тәжірибелік іскерліктерін қалыптастырудағы әдістемелік ерекшеліктерін анықтай отырып, оқу курстарында жоғарыда көрсетілген оқытудың инновациялық технологиялары мен дәстүрлі оқыту әдістемесін жеке немесе бір-бірімен ұштастыра жасауды нақты құрылыс пәндерінің білім беру мазмұны аясында жобалауды көздемекпіз.

Олай болса, төменгі және жоғары курс оқушыларына кәсіби білімді меңгертудің әдістемелік ерекшеліктері - төмен және жоғары курс оқушыларына кәсіби білім берудің тиімділігі мен ұтымдылығына ықпал ететін оқытудың формалары, әдіс-тәсілдері және құралдарын талдап, саралап мақсатқа сәйкес іріктеу болып табылады.

«Тас қалаушы» мамандығының мемлекеттік міндетті білім беру стандартында болашақ жұмысшының кәсібі - 1401000 «Ғимарат пен сооружениялардың құрылысы мен пайдалану» аталса, мамандығы -140101 2 «Тас қалаушы», біліктілігі анықталған санаттағы тас қалаушының еңбек мазмұны сәйкес дәрежесі сипатталған [3]. Бұл мемлекеттік нормативтік құжатта болашақ тас қалаушылардың меңгеретін пәндер тізімі мен олардың білім беру мазмұны, оқушылардың кәсіби білімі мен тәжірибелік іскрлікті меңгеру деңгейлеріне талаптар, материалдық-техникалық қамтамасыздық пен оқу процесін ұйымдастыру, жоспарлау және бағдарламаны орындауларға да талаптар көзделген [4].

Төменгі курстарда, яғни, бірінші курста сызу, электротехника, информатика және нарықты экономика пәндері, арнаулы пәндерден жоғарыда анықталған пәндер жүреді. Біздің зерттеуімізде бір теориялық және бір өндірістік оқыту пәндерін таңдадық. Олар жалпы құрылыс өндірістік технология пәні мен өндірістік оқыту пәндері болып табылды.

Жалпы құрылыс өндірістік оқыту пәнін бірінші курста оқыту сабағының мазмұны теориялық түрде ұйымдастырылады. Сабақтың ұйымдастыру бөлімінде оқытушы оқушыларды түгелдеп өткен сабақтың тақырыбын анықтау және оқушыларға сауалдар қою арқылы олардың оқу материалын ұмыт қалмауын айқындайды.

Сабақтың келесі кезеңінде оқытушы жаңа тақырыптың мазмұнын баяндап, көрнекіліктер арқылы оқу материалын оқушыларға әңгімелеп түсіндіреді. Оқу материалын әңгімелеу түсіндіруде, оқытушы кейбір оқу материалдары бойынша түсініктерін анықтауға сұрақтар қойып сұхбаттық әдісті сәтті қолдануға ұмтылады. Сабақтың жүру барысында оқушылар оқытушының әңгімелеген оқу материалын, суреттер мен кестелерді, диаграммаларды конспектілеп, сызып алып отырда.

Сабақтың аяғында оқытушы оқушылардың білімін бекіту үшін дайындаған сұрақтарын баяндап жауап алады. Оқытушы сабаққа белсенді қатысқан, өткен тақырып бойынша дұрыс жауап берген оқушыларды бағалап үйге тапсырма беріледі.

Аталған оқу пәнінде төменгі курсқа сабақ берудің оқыту формасы дәріс түрінде ұйымдастырылса, онда қолданатын оқыту әдістері дәстүрлі түрде сақталған: әңгіме, түсіндіру, сұхбат немесе пікір алыс, көрнекілік, білімді тексеру мен бағалау. Оқыту құралдарына көп жағдайда жұмыс дәптері, презентацияланған слайдтар, видеофильмдер ғана қолданылады.

Осы пән бойынша жоғары, яғни, үшінші курстың жалпы құрылыс өндірістік технология пәнінің сабағына қатысу мен оны талдауда жоғарыдағы төменгі курста қолданылатын оқытудың формасы, әдіс-тәсілдері және оқыту құралдары қолданылып, оқытудың әдістемесінде айрықша ерекшеліктер байқалмады. Ерекшеліктің белгісі тек пәннің оқу бағдарламасында анықталған оқу материалдары мен оның тақырыптарында ғана болды.

Төменгі курстың өндірістік оқыту сабағына қатысу мен талдауда сабақты ұйымдастыру шебер тарапынан біршама жақсы дайындықтан өткені байқалады.

Өндірістік оқыту сабағы арнайы жабдықталған оқу-өндірістік шеберханада жүргізілді. Сабақтың тақырыбы бір және үш қатарлы тас қалау тәсілдері бойынша жүрді. Сабақтың ұйымдастыру бөлімінде шебер оқушыларды түгелдеп, олардың көңіл күйіне назарын аударды. Олардың оқу жұмысына белсенділік танытуын, тәртіп сақтау, техника қауіпсіздіктерін сақтау, өткен сабақта кеткен қателіктерді болдырмауға шықырып, оқушылардан алдыңғы сабақтың тақырыбын сұрап, қандай жұмыс орындағандарын түсіндіруді сұрады. Оқушылар шебер қойған сауалдарға өз еріктерімен белсенді жауап берді. Кейбір сұрақтарға оқушылар толық түсінуін қалыптастыруға түзету, кеңес, нұсқау жасапта өтті.

Шебер келесі сабақтың кезеңде жаңа тақырыпты баяндап, оның мақсатын және міндеттерін түсіндірді, практикалық қандай жұмыс орындау барысын әңгімелеп түсіндіруге кірісті.

Сабақтың барысында шебер көрнекіліктер, өзінің тас қалау ептіліктерін демонстрациялап, тас қалаудың тәсілдері мен приемдарын көрсетті, кейбір оқушылардан түсініктері мен іскерліктерін айқындапта отырды. Шебер жаңа тақырыптың мазмұны мен практикалық жұмысты орындау тапсырмаларын баяндап түсіндіреннен кейін, оқушыларды жеке топтарға бөліп, арасынан бір жетекшісін тағайындап, шеберханадағы басталған кірпіш қалау алаңдарына жіберді.

Оқушылар практикалық жұмыста жеке топ болып бөлінген оқушылар жұмыс участоктарын өзара бөлісіп, қажетті еңбек түрлерін бастап кетті. Жұмыстың барысында шебер топ оқушыларының жұмыстарын бақылап, жұмыс орнын ұйымдастыру, жоспарлау, техника қауіпсіздігін сақтау, қажетті құралдар мен материалдарды дұрыс таңдау, жұмысты орындаудың технологиялық процесін дұрыс жоспарлау және материалдармен жұмыс сияқты әрекеттерін бақылап, нұсқау, кеңестер бере кеткен топтардың жұмыстарын түсзетумен шұғылданды.

Оқушылар алты сағат өндіріс сабағының бес сағаты практикалық жұмыстар жүргізуге бағытталды. Бес сағат ішінде топ оқушыларды алты квадрат шамадағы оқу нысанының үш қатарын, оның бұрыштық және аралық қилыс бөліктерін қамти, цемент ерітіндісін дайындау сияқты технологиялық процестерді орындады.

Сабақтың аяғында шебер топ оқушыларының орындаған жұмысын бақылып, оларды жинады. Жиналған топ оқушылары әрбір жеке топ орындаған тапсырмаларға әрбір басқа топ оқушыларының пікірін тыңдады. Яғни, жұмыс қаншалықты сапалы және дұрыс орындалған туралы пікірлерін айту ұсынылды.

Шебер сабақтың соңында әрбір топ жасаған жұмыстарды түпкілікті бағасын жариялады, кеткен қателіктерді түсіндірді, жақсы орындалған тапсырмалардың авторларын немесе оқушыларды қолдап мадақтады. Жұмыс орындарын жинау тапсырылды. Шебер сабақты қорытындылап, үйге тапсырма берілді.

Жоғары курс оқушыларының өндірістік оқыту сабағының әдістемесіде төменгі курс оқушыларының өндірістік оқыту сабағы мазмұнында жүрді. Өндірістік оқыту сабағының тақырыбы керамикалық және ұсақ блоктардан қалау жұмыстарының технологиясы бойынша өтті. Сабақ тақырыбы бойынша оқушылардың іскерлік және дағды қасиеттерін қалыптастырудың ұйымдастыру, сабақтың жаңа оқу материалын баяндап түсіндіру, практикалық жұмыстарды ұйымдастырып жүргізу, бақылау, нұсқау, қорытындылау жоғарыдағы төменгі курстардың оқыту мазмұнымен бірдей орындалғанын анықтадық.

Олай болса, жалпы құрылыс өндірістік технологиясы және өндірістік оқыту пән сабақтарының оқыту мазмұнындағы сабақтың формалары, әдіс-тәсілдері және оқыту құралдары төменгі және жоғары курс оқушыларының кәсіби білімін қалыптастыруында типті, яғни, бір-біріне ұқсас ұйымдастырылып сабақ жүргізілетіні айқындалды. Төменгі курс пен жоғары курс оқушыларында сабақты ұйымдастыруда қолданылатын оқытудың формалары, әдіс-тәсілдері және құралдары дифференцицияланбайды, оқушылардың жас психологиялық, әлеуметтік, оқу-танымдық ерекшеліктері толық ескерілмейтіні байқалды. Ерекшеліктің бір белгісі оқу материалының мазмұны мен көлемі, оқушыларға берілетін оқу тапсырмаларында және оқу жұмыстарын бағалауда болды. Төменгі курстардың оқу жұмыстары жаттығу түрінде болса, жоғары курс оқушыларына комплексті жұмыстар орындап тапсыруы. Яғни, жоғары курстарда орындалатын оқу жұмыстары өндіріс саласына қойылатын нормаларға сәйкес талаптарға тән жұмыс сапасын орындау болып табылды.

Кәсіби білім беру саласында оқушыларды кәсіпке баулу үшін анықталған психологиялық, педагогикалық теорияларға негізделе төменгі және жоғары курс оқушыларына кәсіби білім беру оқу пәндерінің оқыту әдістемесін құруды қарастырамыз.

Төменгі курс оқушылары оқитын теориялық пән сабақтарында, соның ішінде, жалпы құрылыс өндірістік технология сабағын аралас сабақ түрінде, зертханалық сабақ, проблемалық дәріс, кірспе дәріс, видео дәріс, саяхат формаларында оқуды ұйымдастыру орынды. Алғашқы сабақтарда кіріспе сабақтары мен саяхат сабақтарын кеңінен оқытушы тәжірибесінде қолданып, кейінгі сабақтарда видео дәріс, проблемалық дәріс, зертханалық жұмыс түрінде ұйымдастыру абзал. Бірінші сабақтарда ұйымдастырылатын оқытудың формасы алғаш кәсіптік мектепке мамандық алуға келген төменгі курс оқушылары таңдаған мамандық туралы жалпы ақпарт алып, оған деген кәсіби мотивациясы мен қызығушылығын арттыруға, мамандықтың мәнін түсінуге, құрылыс саласының ерекшеліктері бойынша теориялық білім алуға бағыттаса, осы қасиеттерін дамытуға екінші топтағы сабақтың формалары ынталандырады. Яғни, видео дәрістер арқылы құрылыс нысандарын демонстрациялау, ондағы жұмыс түрлерін, құрылыс еңбек түрінің ерекшеліктері, мамандардың кәсіби еңбек мазмұндары сияқты материалдарды басым қарастыру. Осы кезде оқушылар өзбетімен кәсіби оқу-танымдық іс-әрекеттермен шұғылдануға оқу тапсырмаларын, оқу материалдарын қабылдауы мен меңгеруін қиындық, проблема жағдайында ситуацияларды шешуге бағытталады. сол проблемалық ситуациялар мен тапсырмалар проблемалық дәріс сабағы және зертханалық сабақтарды орын алады. Бұл сипаттағы сабақтың формасы төменгі курстардың жоғары курсқа көшу, сол курстағы оқитын оқу пәндерінің оқу материалын қолжетімді, өзбетімен, дербес меңгерудің алғы шарты болады.

Келесі, оқытудың құралы оқыту әдіс-тәсілдері. Жалпы құрылыс өндірістік технология сабағында оқушылардың кәсіби білімін меңгерту тек дәстүрлі әңгіме, түсіндіру, пікір алысу, көрнекілік, бақылау, тексеру мен бағалау сияқты әдістермен бірге, енді, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерінде қолданып отыруы қажеттіліктен туындап отыр. Яғни, дәстүрлі оқыту әдістері оқушының теориялық білімін қалыптастыруға ғана бағытталу кеңес кезеңіндегі білім берудің теориясы болып келді. Білім берудің жаңа тұрғыларында ескере, оқушыларға пән бойынша кәсіби білім меңгертумен бірге, оларды тұлға, субъект ретінде қабылдау оқу процесінде қажетті шарттардың бірі болып отыр [5, 6]. Оқу материалын оқушылар өзбетімен меңгеруге, оқушылардың ұжымдық және топтық, жұптық формада пікір алыса, пікір талас әдістерін тәжірибеде қолдану орын алады. Бұл оқытудың әдіс-тәсілдері оқушының жұмысын өзбетімен ұйымдастыру, жоспарлау, тәрбиелеу, өзін-өзі бағалау, талдау, оқу тапсырмаларын орындау дәстүрлі түрде емес, өзінің ойы бойынша теориялық білім негізінде тапсырмалардың мазмұнын түрлендіру, жаңа оқу материалын алуға ұмтылатын күшті мотивацияларды қалыптастыруға бағытталады [2, 6].

Оқушылардың теориялық пән сабағында өзбетімен кәсіби білімді меңгертуге тән оқулық, оқу құралы, альбомдар, кестелер мен диаграммалар, бейне кескіндері, ситуациялық тапсырмалар, құрылыс өндірісіндегі проблемалық ситуацияларды бейне таспалармен демонстрациялау, презентациялар жасау арқылы оқу материалдарын шынайы құрылыс нысаны жағдайында өту көзделеді.

Аталған оқытудың формалары, әдіс-тәсілдері мен оқыту құралдарын теориялық сабақта оқытушы бірте-бірте бірізі және жүйелі, әралуан ете түрлендіре қолдануы оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекет мәдениеті жоғары курста шынайы өндірістік еңбек түрлерін орындаудың мәдениетіне үйренеді және жоғары курстағы кәсіби білімді оқушылар толық өзбетімен, дербес тәжірибелі іскерлік пен машықтануға мүмкіндік алады. Бұл педагогикада оқушылардың жоғары курста кәсіби білімді саналы, кәсіби моитвациясы мен қызығушылығы орнықты қалыптасуы мен жоғары курста оқушылар өзбетімен ізденіс, шығармашылық және жоба жұмыстарын өзбетімен орындаудың алғы шарты болып табылады.

Жоғары курс оқушыларына жалпы құрылыс өндірістік технология пәні бойынша теориялық білімдерін қалыптастыруды ұйымдастыру сабақ формасында жүреді, бірақ, ол сабақты ұйымдастыру формаларын біршама жетілдіруге бағытталуы қажет. Пән сабағының оқу материалын меңгеру педагог немесе оқытушы тарапынан интерактивті, проблемалық және ізденіс бағытындағы оқытуды ұйымдастырудың формаларын ұсынуы орын алса, жоғары курс оқушыларының тарапынан өзбетімен тақырып бойынша өзбетіндік жұмыстар, практикалық жұмыстар, ізденіс, жоба, шығармашылық жұмыстар орындалуға бағытталады. Оқытушы өткен тақырыптар немесе сабақта өтетін тақырыптар, оқу бағдарламасынан тыс тақырыптарға реферат, баяндама, эссе, жоба, шығармашылық жұмыстарды дайындап, сол тақырыптарда пән сабағында талқылап бағдарламаның тақырыбындағы оқу материалдарын терең, кең меңгеруіне ықпал етеді. Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетінің жаңа түрлеріне үйрене, өзін-өзі жүзеге асыруды жоспарлау, ұйымдастыру, проблемаларды айқындау, қиындықтарды шешу, жобалау мен құрастыру, шешім таббудың тиімді жолдарын, әдістерін өзбетімен игере кәсіби мәдениетіне жаңа біліктермен жетілдіріледі [1, 7, 8, 9].

Төменгі курс оқитын өндірістік оқыту сабағының әдістемелік ерекшелігі, біріншіден, шынайы құрылыс өндірісінің тас қалау еңбек түрінің технологиялық процестерін операцялық-комплексті жүйеде қайта өндіру формасында меңгеру, екіншіден қажетті материалдар мен аспаптарды ысырап етпей орындауға нұсқаулық-технологиялық карталар арқылы орындауды қамтамасыз ету, үшіншіден, оқушы жұмысының сапасын бағалау нормаларының мөлшері мен жиі бағалауды кең қолданбау. Осындай оқу процесінің ұйымдастырылуы мен танымдық әрекеттерді орындауда қолданылатын оқытудың формалары практикалық сабақ, өзбетіндік жұмыс, зертханалық жұмыс, тренажер сабағы, сынақ сабағы сияқты дәстүрлі оқыту формаларымен бірге [10, 11], дәстүрлі емес оқыту формаларын жетілдіру мен қолдану көзделеді [9]. Солардың бірі, өндірістік оқыту сабағында құрылыс саласының еңбек ардагерлерімен кездесу, озат техникалар мен технологияларды демонстрациялау, оларды оқушылардың өздері өзбетіндік жұмыс формасында даярлап презентациялар жасау, кәсіптік шеберлік бойынша байқау, өндірістік саяхат, нұсқау сабағы және т.б.

Төменгі курстың өндірістік оқыту сабағында қолданылатын оқытудың жаңа әдістеріне проблемалық әдіс, интерактивті әдіс, сыни тұрғыда ойлау, ұжымдық және топтық, жұптық әдістері, деңгейлеп оқыту әдісі, эвристикалық оқыту әдісі түрлерін қолдану кеңіне орын алатын болса, жоғары курстың өндірістік оқыту сабағында қолданатын оқыту әдістеріне іскерлік ойын, дальтон-технология, бизнес-жоспар, кейс-технология, модульді, жобалап оқыту әдістері орын алады [1, 2].

Жоғары курстың өндірістік оқыту сабағын ұйымдастырудың формалары практикалық жұмыс, өзбетіндік жұмыс, емтихан, сынақ сияқты дәстүрлі оқыту формаларымен бірге, жаңа оқыту формалары практикум сабағы, өнертапқыш сабағы, жоба сабағы,шығармашылық сабағы, іскерлік ойын сабағы, есеп беру сабағы, бұйымдарды аукционға қою байқау сабағы түрінде кеңінен өткізу көзделеді.

Қорыта айтқанда, төменгі және жоғары курс оқушыларының жас ерекшелік психологиясы, әлеуметтенуі және танымдық қасиеттері негізінде кәсіби білім алуға көзделген және ғылыми негізделген теорияларға сүйене отырып білім беру мазмұнын, оқытуды ұйымдастырудың формаларын, оқытудың әдіс-тәсілдерін, оқыту құралдарын табиғи үйлесімділікте бірізді, жүйелі, қолжетімді етіп ажыратып бөлуге болады екен.

Жалпы теориялық сабақтарда төменгі курс оқушыларының кәсіби мотивациясы мен қызығушылықтарын оятуға және қалыптастыруға, кәсіби білім беру оқу орнының оқу процесіне әлеуметтенуі (бейімделуі) және кәсіби оқу-танымдық іс-әрекетін қалыптастыра дамытуға бағытталған оқытуды ұйымдастырудың формалары, әдіс-тәсілдері, құралдары олардың кәсіби теориялық білімдерін қалыптастырумен бірге, тұлғалық және іс-әрекеттік тұрғыда оқушылардың өзін-өзі жүзеге асыруға қажетті қасиеттерді қалыптастыруға жаңа құралдарды қолдану көзделеуі қажет екен. Осы пән аясында жоғары курс оқушыларының сабақтарында қолданылатын оқытудың формалары, әдіс-тәсілдері мен құралдары кәсіби білімімен бірге, субъектілік қасиеттерін қалыптастыра, өзінің еңбегін ізденісте, шығармашылықта ұйымдастырып жоспарлайтын кәсіби тұлғаны баулуға бағыттайтын түрлері бар екен.

Олай болса, келесі параграфта жоғарыда төменгі және жоғары курстар үшін қарастырған оқытуды ұйымдастырудың формаларын, әдіс-тәсілдерін және құралдарын теориялық және өндірістік оқыту сабақтарында қолдану үлгілерін қарастырып тәжірибеде ұтымдылығын анықтауға ұмтыламыз.


ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Байдалиев К.А. Оқытудың жаңа технологиялары / К.А.Байдалиев [Мәтін] – Орал, 2011. – 165 б.

  2. Селевко Г.К. «Современные образовательные технологии» / Г. К.Селевко [Мәтін], М., «Народное образование», 2010. - 369 б.

  3. Қазақстан Республикасы техникалық және кәсіптік мамандықтарды жіктеу. https://www.enbek.kz/ru/node [Электронный ресурс]. - 157‎ б.

  4. Қазақстан Республикасы техникалық және кәсіптік білім беру стандарты («Тас қалау» мамандығы). – Астана, 2005. – 39 б.

  5. Хуторский А.В. Современная дидактика: Учебник для вузов/ А.В.Хуторский [Электронный ресурс] – СПб.: Питер, 2001.

  6. Якиманская И.С. Технология личностно-ориентированного обучения в современной школе / И.С.Якиманская [Мәтін]: Сентябрь, 2000. – 176 с.

  7. Якиманская И.С. Технология личностно-ориентированного обучения в современной школе / М.: Сентябрь, 2000. – 176 с.

  8. Өстеміров К. Кәсіптік оқыту әдістемесі: Оқулық / К. Өстеміров. [Мәтін] – Алмты: «РАДиАЛ», 2006. - 240 б.

  9. Кругликов Г.И. Методика профессионального обучения с практикумом / Г.И. Кругликов. [Электронный ресурс ]. – М.: «Академия», 2008. – 288 с.

  10. Фокин Ю.Г.Теория и технология обучения / Ю.Г.Фокин. [Электронный ресурс] – М., 2006.

  11. Эрганова Н.Е. Методика профессионального обучения: Учеб. пособие. – 3-е изд., испр. и доп. / Н.Е.Эрганова [Мәтін] – Екатеринбург: Изд-во Рос. гос. проф.-пед. ун-та, 2003. – 150 б.


ТҮЙІН

Бұл мақалада автор кәсіби пәндер сабақтары бойынша төменгі және жоғары курс оқушыларына кәсіби білім меңгерудің әдістемелік ерекшеліктерін зерттеп, анықтаған. Төменгі және жоғары курс оқушыларының жас ерекшелік психологиясы, әлеуметтенуі және танымдық қасиеттері негізінде кәсіби білім алуға көзделген және ғылыми негізделген теорияларға сүйене отырып білім беру мазмұнын, оқытуды ұйымдастырудың формаларын, оқытудың әдіс-тәсілдерін, оқыту құралдарын табиғи үйлесімділікте бірізді, жүйелі, қолжетімді етіп ажыратып бөлуге болады екен.


RESUME

The author of the article emphasizes the methodological features of the development of vocational education for students of junior and senior courses on specialized studies disciplines. As the results of the study on the basis of age psychology, socialization and cognitive characteristics of students in primary and senior courses on the basis of scientifically based theory, provided for vocational training can be divided into the system and available textbooks, teaching methods, forms of training.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет