Болар бала –боғынан 1. Адам болатын бала жастайынан-ақ, ішіп-жеуінен, тіпті табиғи қажеттілікті атқаруынан-ақ (үлкен дәретінен-ақ) байқалады; 2. Ауыс. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жігіт (адам) жас кезінен-ақ, өзінің алғашқы іс-әрекеттерімен, жүріс-тұрысымен-ақ белгілі болады[«Халық даналығы», 252 бет].
Ата балаға сыншы...(«Жапандағы жалғыз үй», 140 бет).
Ата/әке –балаға сыншы, Аға –ініге сыншы іштен шыққан баласының, не қатар өскен інісінің жан сырын, жақсы-жаман қылықтарын, ой-өрісін, қимыл-әрекетін елдің бәрінен де жақсы білетіндер де, әділ сынын айтатындар да ата/әке мен аға екендігін аңғартып тұр[«Халық даналығы», 202-203 бет].
Кісі ақылымен бай болғаннан, өз ақылыңмен жарлы болғаның артық(«Жапандағы жалғыз үй», 147 бет).
Кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол ауыс. Әдетте, бойыңда бар мүмкіншілікті толық ескермей, өзіңе тән ерекшелікті, түсінбей айтылған ақыл-кеңестен адам біраз мал жиып, қоңданса да, өз мақсатына жете алмауы мүмкін. Ойлаған арманыңа, алдыңа қойған мақсатыңа жету үшін өз ақылыңды таныған жөн; байымай-ақ, тіпті жарлы қалпыңда қалсаң да өз ойыңды іске асыру –байлықтан да қымбат дүние демекші[«Халық даналығы», 376 бет].
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген(«Жапандағы жалғыз үй», 204 бет).