Мұқағали Мақатаев өмірі мен шығармашылығы


жылы жарияланған «Аманат» атты жыр жинағынан



бет15/16
Дата11.04.2022
өлшемі56,27 Kb.
#138885
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Ақиық АҚЫН Мұқағали

1999 жылы жарияланған «Аманат» атты жыр жинағынан
Мұқағалидың суреткерлік құдіретінің кереметтігі сонша, ол санасына сəуле шашқан белгілі бір жайдың құпиясын басқаның көзіне, сезіміне ілікпеген жағын көбірек тауып, əдемі поэтикалық игілікке айналдырады. Мысалы, «Жүрек арызы» [8; 106] атты жырында ақын тəңірдің өзін таптап кетердей үн сездіреді:
Оу, ием менің.
Өзіңнен бұрын жаралғам.
Алдымен — менмін,
Сонан соң — сенсің жаралған.
Басың мен миың, ақылың, есің, қимылың,
Аяқ пен қолың –
Барлығы менен нəр алған.
Не деген шеберлік! Бұл жырында Мұқағали əр өлеңге дəнекер болған, көзге көрінбейтін, тек жүрекпен ғана ұғылатын рухты терең сезімге, үйлесімді нақышқа бөлейді.
Ақын поэзиясы талай жүрекке от берді. Оның өлеңдері бозбаланың жыры, бойжеткенің сыры болды. Бар қазақтың жүрегіне жол тауып, ұлысымыздың «мəңгі өлмес рухани асыл мұрасына» айналды. Мұқағали философиялық ойларымен жан сарайыңды ашып, ішкі дүниеңді дүр сілкіндіретін жыр күмбезін өз қолымен орнатып кетті:
Батар күн, Келер түн, Атар таң, Шығар күн,
Бəріңе, бəріңе, бəріңе құмармын! Осы мен,
осылай мəңгілік тұрармын,
Осы мен, сірə да, өлмейтін шығармын!
Жақындық сеземін — Жерден де аспаннан,
Жылылық сезінем — Мұздардан, тастардан.
Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сəл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын!
Əулие-ақын осындай керемет дүниелерді («Батар күн» атты өлеңі [8; 127, 128]) бізге қалдырып кету үшін тым асыққан сияқты. Мүмкін, асықпаса мəңгілік жырлары тумас па еді?
Иə, Мұқағали жүрегі тоқтағанымен, сол жүректің қалдырған жырлары мəңгілік. Себебі арқалы ақынның:
Өкінбен, мұңайман да, өксімеймін,
Өмірім, осылай-ақ өтші мейлің.
Алайда, аласапыран тіршіліктің,
Алдында күресе алмай тек сілейдім!
Күнін көріп жүргем жоқ жетім құлдың,
Бірақта не бітірдім, не тындырдым.
Қара саз, қара шалғын өлеңде өстім,
Қырға шығып ырысқа кенелмеспін...
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім! — деген сөздері («Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен» [8; 99]) ойыңа оралғанда, оның жан-жүрегінен ақтарылған ақындық сыры да, өзі жырлаған таулардың асқарындай асқақ жыры да халқымыздың мəңгі өлмес киелі рухы екені есіңе түседі.
Түйін
Сөз соңында айтарымыз, М.Мақатаев — қазақ халқының Фарабиден Абайға, Абайдан Мағжанға, Мағжаннан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жыр көшіндегі өзіндік орны бар біртуар талант иесі.
Өкінішке орай, кезінде Мұқағалидың атақ-даңқын көре алмайтындар орынсыз ақынды кінəлады. Тұрмыс жағдайы да оңбады. Əкесі соғыста қайтыс болып, жартылай жетім өскен Мұқағали бала кезінен қиындықты, қорлау мен мұқатуды көріп өсті. Кейін Алматыға қызметке келгенде біреулерге күнін түсіргісі келмеді. Жағынып, жағымпаздануды жаны сүймеді. Ол Құдай берген қуатты талантына сенді. Ұлы ақын қызметтің құлы, бастықтардың бағыныштысы болған жоқ. Алматыға келгенде алғашқы жұмысын істеп жүрген жері үш күн кешіккені үшін қызметтен босатты. Қазақ радиосында тағы тəртіпке бағынбай қызметті талақ етті. «Жұлдыз» журналында да ұлы дарын ұжымға сыймады.
Мұқағали нағыз шығармашылық шырқау биікке шыққан жетпісінші жылдардың басында алдымен партиядан, содан соң КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарылды. Себебі айтпаса да түсінікті. Райдан қайтпайтын бірбеткейлік мінез бен «ішкіш» деген атақ, қызғаныш, тағы да басқа орынсыз кінəлаулар осыған себеп болса керек [9].
Сондықтан ақынның заманына да, сол заманға сай туған оның адамына да өкпе-назы аз болмағанға ұқсайды. 
Қатыбас өмірдің қатыгездігін көп көрген сөз зергері таланты тау суындай тасқындап, атағы Алатаудай асқақтап тұрған шағында небəрі 45 жасында «ажал деген сұрапылдың аранына» түсіп, кете барды. Бірақ дəл осы кезден бастап М.Мақатаевтың аңызға айналған екінші ғұмыры басталып кетті.
Ақынды ақын оятпаса, болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса, ол — қайғы.
Ақынды ақын сүйемесе, болмайды,
Ақынды ақын күйелесе, ол — қайғы.
Ақынға ақын басынан-ақ жуық-ты,
Барлық ақын бір анадан туыпты.
Ақынға ақын адал болсын əмəнда,
Ақынға ақын арам болса, жаман да...
Ақынға ақын ете көрме пенделік!
Ақын, ақын! Пенделікті жөнделік! — деп Мұқағалидың өзі айтқандай («Ақынды ақын оятпаса, болмайды» деген өлеңі [1; 185]), оның поэзиясы өзінен кейінгі ақындарды оятып кетті. Оларды тегіс ойлантып кетті.
Иə, өмір ешқашан ұлыларды, дарындарды тірі кезінде еркелетпеген. Олардың даңқы қайтыс болғаннан кейін ғана шығады. Содан кейін ғана аялай алмағанымызға өкінеміз. Өкінішті болса да, бұл жай өмірдің жазылмаған заңына айналып кеткендей. Тек соңғы уақытта біз бір кездегі пенделіктен кеткен қатемізді жөндеген сияқтымыз. Өйткені ақынның аманат жырлары бізден осыны тіледі.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Əйтеуір, қазбас былық-шылығымды.
Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз оның бəрін пешенеден.
Əйтеуір, білетінім бір-ақ нəрсе —
Көшеді өлең немесе өшеді өлең! — деп («Жазылар естеліктер мен туралы» атты өлеңі [1; 78, 79]) көзі тірісінде-ақ Мұқағали ақынның өзі айтып кеткендей, күн күнге, жыл жылға ұласып, жылжыған сайын, өнерді құрметтейтін, поэзияның тылсым сырларын түсінетін жаңа ұрпақ өмірге келген сайын ұлы ақын тұлғасы мəңгі алдыңда жаңарып, қасқайып тұрады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет